Шіл 23, 2016 12:43 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада Теһран қаласында көптеген алаңдардың бар екіндігін айттық. Кейбір алаңдардың тарихы тереңнен басталады. Олар ғасырлар бойы көптеген саяси-әлеуметтік және тарихи оқиғаларды бастан өткерген. Кейбір алаңдар көне тарихқа ие болмаса да, өзінің ерекшелігімен танымал. Мұндай алаңдардың бірі – «Азади» алаңы. Бұл алаң мен мұнараны жобалап салуда нақтылық пен нәзіктікке ерекше көңіл бөлінген. Ол ирандық-исламдық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі.

50000 шаршы метр ауданды алып жатқан «Азади» алаңы – Исфаханда 89600  шаршы метр ауданды алып жатқан «Нақш-е жаһан» алаңынан кейінгі Ирандағы ең үлген алаң. Ол Теһранның батыс жағында негізгі жолдардың қиылысында орналасқан. Алаң эллипс пішінде жобаланған. Оның ортасында "Азади" мұнарасы орналасқан. 45 метрлік бұл мұнара – Теһранның ең танымал символдарының бірі.  

Алаңның баққа ұқсайтын 4 төбесінің үстіндегі жасыл кеңістікке әртүрлі өсімдіктер егілген. Алаңның іші мен айналасында баспалдақ түріндегі үздіксіз субұрқақтың орналасуы, мұнараның батыс жағындағы үлкен хауыз бен айналадағы биіктіктерге ағаштардың отырғызылуы – осының барлығы ирандық бақ жасау өнері мен ондағы субұрқақтардан шабыт алып жобаланған.

Алаңның жаяу жүргінші жолдары алыстан қарағанда араның ұясын еске салады. Алаң "Азади" мұнарасының шығыс жағында салынған жерасты жолы арқылы айналадағы жолдармен байланысып жатыр. Бұл кеңістік дәстүрлі сәулет өнерінен шабыт алған, ал қабырға мен төбенің сүйірлене  бітуі ирандық базарлардың аркасын еске түсіреді. Бұл жерасты жолы көрмелер өткізіп, жарнамалық плакаттар ілуге арналған. Бұл алаңның Иран халқы үшін ұлы естеліктерге толы екенін біліп жүргендеріңіз жақсы.  Х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 12 бахманда "Азади" алаңы Иран Ислам революциясының ұлы жетекшісі  имам Хомейниді (р.) қарсы алуға шыққан  ең үлкен халықтың жиындарының біріне куә болды.

Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейінгі жылдарда да "Азади" алаңы әрдайым Ислам революциясының жеңісі жылдығын тойлайтын орын ретінде Иранның мұсылман халқының миллиондап жиналуының, Ислам революциясы мен оның армандарына тілеулестікті жариялауының куәсі болды. Иран Қарулы күштерінің әскери парады мен миллиондаған адамдық шерулер жыл сайын осы алаң куә болатын естеліктердің қатарын құрайды.

Иран сәулет өнерінің бай мұрасын пайдаланып салынған "Азади" мұнарасы –  ирандық сәулетшілер мен өнерпаздардың мақтауға тұрарлық шеберлігінің белгісі. Бүгінде ол бір мәдени-өнер орталығы ретінде қолданылады. "Азади" мұнарасының тарихы  х.ш.ж.с.б. 1345 жылы (1966 жылы)  басталған. Бұл жылы Иранды танытатын бір символдың жобасын жасау үшін  ирандық сәулетшілер арасында сайыс өтті. Ақырында Теһран университетінің эстетикалық өнерлер факультетінің  түлегі  24 жастағы инженер Хосейн Аманаттың жобасы жеңіп шығып, салынуға таңдалды. "Азади" мұнарасын салу жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1348 жылы 11 абанда (1969 жылы)  басталып, 28 айдан кейін х.ш.ж.с.б. 1350 жылы (1971 жылы) қолданысқа берілді.

"Азади" мұнарасының архитектуралық құрылысы Ахеменилер мен Сасанилер дәуірлерінің сәулет өнері мен исламдық және қазіргі заманғы сәулет өнерінің  қосындысынан тұрады. Аталмыш құрылыс теңдессіз жоба мен ерекшелікке ие. Ал оның сыртқы бетін қаптауға 15 мыңға жуық күрделі де арка пішіндес формадағы 25 мыңға жуық тас бөлшегі қолданылған. Тастар белгілі бір үлгілермен ірі-ірі кесілген. Кейбіреулерінің ұзындығы 6 метрге, қалыңдығы 40 сантиметрге жетеді. Ғимараттың негізгі қаңқасы арматураланған бетоннан жасалған. Бетін Исфаханның Джушқан кен орнынан алынған қалың ақ тастар қаптаған.  

Таспен қаптау жұмыстары материалды өндіруден орнатқанға дейін ирандық талғамы жоғары шеберлер тарапынан атқарылды. Мұнараның негізгі кіреберіс есіктері Хамаданның әртүрлі гранит тастарынан жасалған. Оның салмағы 7 тоннаға жуық. Сонымен қатар, еден мен субұрқақтың тастары Иранның батысындағы Күрдістанның кен орындарынан алынған. Мұның өзі Ирандағы кен орындардың байлығын көрсетеді. Ғимаратттың негізгі бағандары 42х62 метрлік тік төртбұрышты іргетастың үстінде орналасып, тың геометриялық үлгіде бір-біріне қабыса салынған. Осылайша негізгі арканың берік тұруы  қамтамасыз етілген.  

Ғимараттың бір бөлігі жер астында орналасқандықтан мұнараның жалпы биіктігі 63 метрді құрайды. Алайда мұнара Теһранның Меһрабад әуежайына жақын орналасқандықтан оның алаң бетінен биіктігі 45 метр деп есептелді. Мұнараның шығыс және батыс жағындағы келбеті – Хосроу тағы мен Сасани аркаларынан үлгі алып салынған. Ол ежелгі Иранның сәулет өнерін еске түсіреді. Аталмыш мұнараның басында михраб пішіндес арка орналасқан. Оның беті тауыстың қанаты жобасындағы керамикалық тақташалармен әрленіп, ерекше геометриялық стильдің көмегімен көне аркаға жалғанған. Бұл жоба мен оның солтүстік және оңтүстік беттері де ислам дәуіріндегі  сәулет өнерін еске түсіреді. Екі арканың ортасы Исфаханның Шейх Лүтфолла мешіті сияқты Иран мешіттерінің күмбезіне ұқсатып салынған. Бұл құрылыс үш қабаттан тұрады. Бірінші қабаттан басталатын 4 лифт пен 286 сатыдан тұратын 2 баспалдақ басқа қабаттар мен төбеге апарады. Мұнараның төменгі қабатында бірнеше кинозал, сурет галереясы, кітапхана мен мұражай орналасқан. Мұнараның төрт жағында орналасқан көгілдір ақық түсті вертикалды науашалар оның бойын ұзартып, әдемілігін арттыра түскен. Мұнараның іші мен сыртқы кеңістігін, төбесі мен қабырғаларын салуда  әдемі жобалар қолданылған. Шын мәнінде олар дәстүрлі сәулет өнері мен қазіргі заманғы архитектуралық стильдің қосындысынан туындаған.  

Мұнараның төбесі болып табылатын үшінші қабатта Теһран қаласын  биіктен көруге арналған есікшелер салынған. Ирандық өнерпаздардың талғамын көрсететін сырлы кірпішпен әрленген күмбез оның келесі бір ерекшелігі болып табылады.

Мұнараның төменгі қабатында орналасқан "Азади" мәдени кешені мұражай, кітапхана, диорама салоны, аудио-видео бөлім, сурет галереясы, конференц-зал мен концерт залынан тұрады.  Бағдарламаның жалғасында мұнараның бөлімдеріне қысқаша тоқталып өтеміз.

Археологиялық кешенді қалыптастыру мақсатында «Өткендердің өткелі» және «Көне зал» деген екі бөліктен тұратын мұражай жобаланған.  Бұл кешеннің заттары археология және мәдениеттану тұрғысынан өте маңызды. Олар әртүрлі тарихи дәуірлерде Иранның байтақ жеріндегі халықтың тарихы, мәдениеті мен өнерін көрсетеді. «Өткендердің өткелі» 4 үлкен қабырға витринасы сияқты туннель жолдан тұрады. Бұл бөлімде б.з.д. мыңжылдықтарға тиесілі сирек кездесетін көне заттар сақталынады. «Көне зал» да ауқымды кеңістікті алып жатыр. Бұл залдың көптеген витриналарында Иранның сирек кездесетін антикалық заттары жұрт назарына ұсынылған. Бұл мұражайдағы ең көне зат б.з.д. алтыншы мыңжылдықтың соңына тиесілі. Ал оның ең жаңа экспонаты Қаджар дәуіріне жатады. Мұражайдан кейін тамашалаушылардың жолында "Қозғалмалы сахна" деп аталатын үлкен зал орналасқан. Бұл залдың екі жағында 12 бұрыш бар. Онда соңғы жылдардағы Иранның әртүрлі салалардағы жетістіктері түрлі түсті слайдтар мен суреттер түрінде  көрсетілген. Жобалар мен суреттер мәдениет пен орман шаруашылығындағы жетістіктер, Парсы шығанағының ерекшеліктері, индустриалдық даму, қоршаған ортаны сақтау, білім және тәрбие, қалаларды қайта қалпына келтіру, Қасиетті қорғаныс, шәһидтердің жанпидалығы, спортты дамыту, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да тақырыптарды қамтиды.

Ирантану салоны – 21х29 метр көлемдегі тік төртбұрышты жобаны қамтитын кеңістік.  Тамашалаушылар "u" пішіндес жолда конвейердің үстінде тұрып, Иран елі макетінің үстінен ақырын жүріп өтіп, географиялық жағдайға байланысты макеттен оның көрнекті ескерткіштері мен ерекшеліктерімен таныс болады. Тарихи, діни, өнеркәсіп және экономикалық орталықтар,  климаттық ерекшеліктер мен кейбір ауылшаруашылық өнімдері, тіпті Иранның әртүрлі облыстарының киімдері мен қолөнер бұйымдарының бейнелері де осы картаның бетінде нақышталған.

17х9 метр көлемде тік төртбұрышты жобамен салынған "Қонақ күту" залы ресми қонақтарды қабылдауға арналған. Ондағы архитектуралық ерекшеліктерден бетон қабырға бетіне салынған әдемі суреттер мен төбенің безендірілуін айтуға болады.

Арнайы  кітапхана  да "Азади" мәдени кешенінің ерекшеліктерінің бірі. Бұл кітапхана ирантану ғылымын дамыту, ирандық және шетелдік  зерттеушілерге көмектесу мақсатында шамамен 212 шаршы метр ауданда 15 мың кітапқа арналып жобаланып, салынған. Кітапханада парсы, ағылшын, француз және неміс тілдеріндегі кітаптар бар. "Азади" мәдени кешенінің бөлімдеріндегі мүмкіндіктердің сұлулық пен тартымдылылықпен қоса, ақпарат тарату және хабар беру тұрғысынан да көрерменге ерекше әсер ететінін айта кету қажет.