Рухани жетекшінің Батыстың барлық жастарына арнап жазған жолдауын сараптау
Иран Ислам революциясының жетекшісі екінші рет Батыс жастарына өзінің достық хатын жолдады. Аятолла Хаменеи осыдан шамамен 10 ай бұрын Батыста Исламнан үркіту толқыны артқан кезде Батыс жастарына хат жолдап, оларды азат ойланып, ешбір делдалсыз Исламды зерттеп, тануға шақырды.
Ол өзінің тарихи хатында олардан Ислам дінінің негізі – Құран Кәрім мен Исламның ұлық пайғамбарының тағылымдары сынды асыл дереккөздерін зерттеп, ақпарат құралдарының Ислам мен мұсылмандар туралы таратып отырған мәліметтерімен шектелмеуді сұрады. Францияда таяуда орын алған келесі лаңкестік әрекеттен кейін аятолла Хаменеи әлемнің ең танымал діни басшыларының бірі ретінде дүниежүзінің ақпарат құралдарының негізсіз мәліметтерінен ада Исламның шындық пен еркін ойлануды талап ету хабарын жеткізу мақсатында Батыс жастарына өзінің екінші хатын жолдады.
Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өзінің таяуда жазған хатында Париж бен әлемнің басқа жерлеріндегі лаңкестік әрекеттерге тоқталып: «Бұлар Францияда орын алады ма, жоқ әлде Палестина да ма, я болмаса Ирак пен Сирияда болады ма, бәрібір, мейірім мен адамгершілік қасиеттері бойында бар адамдар мұндай көріністерді көріп, жандары ауырып, өкінішті күйге душар болады. Шәксіз, бір жарым миллиард мұсылман осы сезімге ие. Олар жиіркенішті апаттың себепкерлерін жек көреді. Алайда, мәселе мынада: бүгінгі күннің қиындықтары егер жарқын әрі қауіпсіз ертеңді құру үшін себеп болмаса, тек ащы да нәтижесіз естеліктерге ұласады. Мен тек сіздер, жастар ғана бүгінгі тауқіметтерден сабақ алу арқылы болашақты жасау үшін жаңа жолдар тауып, Батысты қазіргі жағдайға жеткізген жолсыздықтарға бөгет бола аласыздар деп сенемін»,- деді. Ағымдағы 2015 ж. 13-ші қарашада орталық Еуропаның жергілікті уақыты бойынша 21:16-де Париж қаласында 130 адамның құрбан болып, 368 адамның жарақат алуына себеп болған, ұйымдастырылған лаңкестік әрекет орын алып, сол оқиғадан кейін Франияда төтенше жағдай жарияланды. Бұл лаңкестік әрекет Францияда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қанқұйлы екінші оқиға болды. Оқиғадан кейін ДАИШ (ИСИМ) бұл лаңкестік әрекеттің жауапкершілігін өз мойынына алған соң Батыстың ақпарат құралдары бұл лаңкестік топтың негізгі болмысы туралы еш нәрсе айтпай, Исламнан үркіту дабылдарын соғуды бастап, айыптауларын мұсылмандарға қарсы бағыттады. Негізінде мұсылмандар жылдар бойы исламдық мемлекеттердегі тәкфіршіл лаңкестіктің негізгі құрбандары болып, бүгінде олардың дауыстары екіқырлы саясат үстемдік еткен дүниеде естілмей отыр. Батыс қоғамы 13-ші қараша күн Францияда құрбан болғандарды аза тұтты, бірақ Батыс ақпарат құралдарында АҚШ пен Батыс үкіметтерінің ДАИШ (ИСИМ) лаңкестеріне қолдау көрсетулері туралы хабарлар жарияланып айтылмайды. Аятолла Хаменеи жолдауының жалғасында осы күні лаңкестіктің Батыс пен Шығыстың ортақ түйткілі болуына тоқталып: «Бірақ таяуда сіздер бастан өткерген бейберекеттік пен алаңдаушылық Ирак пен Йемен, Сирия мен Ауғанстан халықтары ұзақ жылдар бойы көріп жатқан қиындықтар мен басты екі ерекшелікке ие: біріншісі, ислам әлемі кеңірек аспектілер мен үлкенірек көлемде және өте ұзақ уақыт бойы қорқыныш пен қатігездіктің құрбаны болып келді. Екіншіден, өкінішке орай, бұл қатігездіктер әрдайым кейбір үлкен алпауыт елдер тарапынан әртүрлі тәсілдер мен әсерлі түрдегі демеушілікке ие болды»,- деп жазды. Ол содан соң АҚШ-ның әл-Қаиданы, Талибан мен солар сияқты сұм топтарды қалыптастырып, соларды күшейтіп, қаруландыруына тоқталып, Батысты тәкфіршіл лаңкестіктің аймақтағы айқын да танымал қолдаушыларымен бірігуіне байланысты сынады. Аятолла Хаменеи Палестина мәселесін Батыстың ислам әлеміндегі ояну қозғалысымен екі қырлы қатынас жасауы және Батыстың саясаттарындағы қайшылықтарды көрсететін айқын үлгісі деп атап: «Егер Еуропа халқы қазір бірнеше күн ғана өз үйлерінен шыға алмай, халық көп жиналатын орталықтар мен орындарға барудан бойтартып отырса, палестиналық бір отбасының сионистік режимнің өлтіріп, қирататын машинасынан қауіпсіз болмай отырғанына ондаған жыл болды. Қазір сионистік режимнің қалашық құрылысын жүргізу қатігездігін қатігездіктің қай түрімен салыстыруға болады? Бұл режим өзінің өте ықпалды одақтастарының немесе сырттай тәуелсіз болып көрінетін халықаралық ұйымдар тарапынан шынайы да әсерлі түрде айыпталмастан күн сайын палестиналықтардың үйлерін қиратып, олардың бау-бақшалары мен егістік алқаптарын жойып жатыр. Тіпті оларға тұрмыс-тіршілік құралдарын тасымалдау немесе ауылшаруашылық өнімдерін жинап алуға да мұрсат бермейді. Осылардың барлығы көбінесе үрейлері ұшып, көздері жасқа толған, өз отбасы мүшелері соққыға жығылып, жараланып, кейбір кездерде олардың қорқынышты азаптау орталықтарына тасымалдануына куә болып тұрған әйелдер мен балалардың көз алдарында орын алады»,- деді. Ислам революциясының жетекшісі мұндай қатыгездікке үнсіздік танытқан ұждандарды айыптады. Аятолла Хаменеи АҚШ пен Батыс үкіметтерінің Ислам дүниесіне қарсы соғыстар ашып, жүздеген мың бейкүнә адамды құрбан етіп, халықтардың экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылымдарын қиратуларын Батыстың қайшылыққа толы қисынының келесі үлгісі деп атап: «Бір елді қирандыға айналдырып, оның қалалары мен ауылдарын жермен-жексен етіп, содан кейін оларға «сендерден өтініш, өздеріңді жапа шегуші санамаңдар» деп сұрауға болады ма? Апаттарды ұмытуға шақырудың орнына олардан риясыз түрде кешірім сұраған артық емес пе? Осы жылдары ислам әлемінің шапқыншылардың екіжүзділігі мен көзбояушылықтарынан көрген қиындықтары материалды шығындардан аз емес»,- деп сөзін жалғады. Күмәнді 11-ші қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ әл-Қаидамен күресуді сылтауратып, Ауғанстан мен Иракқа шабуыл жасап, 14 жылдың ішінде бір жарым миллионнан артық әскери емес қарапайым халықты өлтіріп, бұл елдердің инфрақұрылымдарын қиратты. Алайда әл-Қаида қалай пайда болды? АҚШ-ның бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Конгресте сөйлеген сөзінің бірінде: «Біздің әл-Қаидамен өткеніміз ортақ. Осы кезде Ауғанстан мен Пәкістанда соғысып жатқан лаңкестерді осыдан 20 жыл бұрын өзіміз тәрбиелеп, Кеңес Одағына қарсы соғыста пайдаландық» деп мойындаған болатын. Аятолла Хаменеидің хатының бір бөлімінде «Терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан «жақсы», «жаман» деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ» деп айтылған. Иран Ислам революциясының қазіргі жетекшісі Батыстың басқа мәдениеттерге жасырын әрі жұмсақ шабуыл жасауын сынап: « Мен Батыстың басқа ұлттарға өз мәдениетін таңуы мен тәуелсіз мәдениеттерді менсінбеуін жасырын әрі өте зиянды қатігездік деп санаймын. Бай мәдениеттерге құрметсіздік көрсету, олардың ең қадірлісін қорлау елдердің өз мәдениеттерін басқамен алмастыруды қажет етпейтін жағдайда орын алып отыр. Батыс мәдениетінің негізгі сипаттарына айналған дөрекілік пен ақлақтық бейбастақтық бұл мәдениеттің өзге емес, өз жерінде де орны мен құрметін төмендетті. Егер біз кекшіл, адамгершілікке жат әрі мағынасыз мәдениетті қабылдағымыз келмесе, күнәһар болғанымыз ба?»- деген сауал қойды. Иран Ислам революциясының жетекшісі мәдени байланыстарды құрметтеу қажеттілігін қуаттап: «Сырттан таңылған үйлесімсіз байланыстар сәтсіз әрі зиянды болады»,- деп ескертті. Аятолла Хаменеи: «ИСИМ сияқты қараниетті топтардың келімсек мәдениетпен осындай сәтсіз байланыстан туындағанын өкінішпен айтуым керек. Егер түйткілдің шынымен-ақ идеологиялық негізі болса, бұдан бұрын да отаршылдық заманында осыған ұқсас құбылыстар ислам әлемінде орын алуы тиіс болды, бірақ тарих оған керісінше жайттарды көрсетіп отыр. Әлемнің ақлақ пен адамгершілікке негізделген және өзінің ең негізгі мәтіндерінде бір адамның жанын алу бүкіл адамзат баласын өлтірумен теңестірілген ең гуманизмді мектептерінің бірінен ИСИМ сияқты қоқыс қалай шығады?»- деп баса айтты. Аятолла Хаменеи хатының соңында Батыс жастарына: «Мен, жастар, сіздерден дұрыс таным негізінде терең ой және ащы тәжірибелерден сабақ ала отырып, ислам әлемімен дұрыс та шарапатқа толы әріптестіктің негізін қалауға шақырамын. Сонда ғана сіздер жақын болашақта осындай іргетас үстіне салынып, сәулетшілерге сенім саясын жайған құрылыстың әлемге қауіпсіздік пен тыныштықтың жылуын сыйлап, жарқын болашаққа деген үміт отын тұтататынын көресіздер»,- деп жазды.
Иран Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісінің бұл хаты бұдан бұрынғы хаты сынды дүниежүзінің ақпарат құралдарында кең ауқымды реакцияға ие болды. «Твиттер» асығып, бұл хатты басқаларға таратқан адамдардың жеке парақшаларын жапқанымен, мұндай әрекет жастарды көбірек қызықтырды. Батыс жастарының бұл хатқа білдірген пікірлері оның сөйлемдерінің құдыретін көрсетеді. АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы өнерпаз және саяси белсенді Крис Эльдридж жолдауды оқып: «Бұл хат өте мықты тілмен жазылған. Бұл хат жаңа дәлелдерді баяндап, қырып-жоюды тоқтатуды мақсат етеді. Сондықтан барлық жерге таралуы керек. Бірақ халық оңай түсінбеуі мүмкін. Бұл хатта бейбітшілік пен халықтарға құрмет көрсетудің мұсылмандардың діни сенімдерінің бір бөлімі екендігі айқын көрінеді»,- деп жазды.