Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 1
Мешіт исламдық мәдениет пен ой-тағылымдарда әрдайым қасиетті мәртебеге ие. Бұл қасиетті мекен Құдайға ынтық жандардың биіктейтін мекені болуымен қатар ең төңкерісшіл және ең саяси шешімдер осы жерде қабылданып, тіпті әскери кеңесулер де сол жерде орын алды. Мешіт исламдық мәдениет пен өнер және өркениеттің мұрагері болуымен қатар халыққа әлеуметтік істерде бірлік пен ынтымақ сыйлайтын және олардың арасындағы серіктестіктің орталығы саналады.
Мешіт – Құдайдың үйі, Ұлы Құдайдың алдында құлшылық ететін мекен.
Мешіттің ислам әлеміндегі маңызы мен оның қазіргі замандағы рөліне байланысты «Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені» атты бағдарламалар жиынтығын ұсынып, мешіттің әртүрлі функцияларын Құран аяттары, рауаяттар мен исламның ұлық пайғамбары және бейкүнә имамдардың өмір тәсілдері негізінде қарастыруды мақсат еттік. Сондай-ақ, осы бағдарламалардың жиынтығында сіздерді әлемнің кейбір маңызды да үлкен мешіттерімен таныстырамыз.
Адамзат тарихы басынан осы уақытқа дейін Құдайға табынып, ғибадат ету мәдениетімен араласып кеткен. Ғибадат түрлі қауымдар арасында әр түрлі болып, түрлі кезеңдерде айырмашылықтарға ие болғанымен, жаратылыстың бастауы мен жаратылыс сыйлаудағы абсолютті құдірет ретіндегі Құдаймен байланыстағы жалпы рух бірдей болды.
Алланың ең толық және ең соңғы діні –ислам діні ұлы Құдайға жақындау үшін заңдар мен ерекше құлшылық ғамалдарын ұсынды. Осы қасиетті ғамалдардың арасында намаздың маңыз бен мәртебеге иелігі соншама, оны Құдайға табынудың ең жоғары және ең айқын көрінісі деп атауға болады.
Илаһи және аспандық барлық діндерде, тіпті көптеген адамзаттық, илаһи емес мектептер де арнайы бір мекенді ғибадат ететін, белгілі бір салт-рәсімдерді өткізетін жер ретінде таңдайды. Арнайы рәсімдерді өткізу үшін белгілі бір жердің болуының маңыздылығы сондай, тіпті пұтқа табынушылар да бүкіл ғибадат рәсімдері мен құлшылық етуден бастап, құрбандық шалу, дұға тілеу, мадақтау сынды рәсімдерінің барлығын сол жерлерде өткізген. Әлі солай. Мәсихилер шіркеуді, яһудилер синагоганы, зардуштықтар отханаларды өздерінің ғибадат ететін мекендеріне айналдырды. Бірақ Алланың ең соңғы және ең кемел діні болып табылатын және адамзатқа жетекшілік пен басшылық ету міндетіне ие ислам діні мешітті мұсылмандардың ғидабат мекені етті.
Бұл ерекше мекеннің мешіт деп аталуының себебі пенденің ұлы Құдайдың алдында сәждеге жығылып, мойынсұнатын жер болуына байланысты.
Намаз – оны орындау көп қуатталған исламдық ең маңызды ғибадат. Ғамалдардың арасында намаз бен сәждеге жығылу ерекше маңызға ие. Сәжде – жерге жығылып, құлшылық ету деңгейінің шыңы, бір Құдайдың ұлылығы алдында мойынсұнушылық.
«Нахл» сүресінің 49 аятында: «Көктерде және жерде болған әр жандық әрі періштелер тәкапарланбай, Аллаға сәжде қылады» дейді.
Сәжде – құлшылықтың көрінісі. Сәжде барлық ғибадаттардың арасында, тіпті намаздың басқа бөлімдерімен салыстырғанда шарапат пен ерекше артықшылыққа ие. Сондықтан, мешіт – сәжде мен намаздың мекені. Шын мәнінде, мешіт – ғибадат пен ұлы Құдайды еске алатын орын. Мешіт діни мәдениетте Құдайдың үйі деп те аталады.
Барлық жаратылыс, соның ішінде аспан мен жер де Құдайға тиесілі. Бірақ сырт қарағанда материалды мекеннен артық ештеңесі жоқтай көрінетін мешітті Құдай өзінің үйі деп атады. Осындай атау арқылы Құдай адамдардың сол мекеннің маңызын жақсырақ түсініп, сол жерге жиналып, Алланың берекесі мен рақымына бөленуін қалады. Сол себепті де адам мешітте Құдайға жақындығын көбірек сезінеді. Бірақ мешіттер дәреже-деңгей, мәртебе тұрғысынан бірдей болған жоқ. Кейбір мешіттер көбірек маңыз бен мәртебеге ие. Рауаяттарда әл-Харам мешітінің барлық мешіттерден артық екендігі айтылған. Одан кейін Пайғамбар мешіті, Куфе мешіті, әл-Ақса мешіті мен әрбір қаладағы жамағат мешіті, кейін әрбір аудандар мен базарлардағы мешіттер келеді.
Әл-Харам мешітінің маңыздылығы сондай, мұсылмандар намаздарын осы мешітке, Қағбаның қасиетті үйі жаққа қарап оқуға міндетті. Бір намаздың сауабымен бірге мешіттерде намазға мыңдаған есе сауап беріледі.
Пайғамбар былай деген: «Үйде оқыған намаз бір намаз саналады. Үйдің жанындағы мешітте оқылған намаз 25 намазға, жамағат мешітінде оқылған намаз 500 намазға, әл-Ақса мешітіндегі намаз 50 000 намазға, менің мешітімде (масджеде ан-Наби) 50000 намазға, әл-Харам мешітіндегі намаз 100000 намазға тең».
Сонымен қатар имам Бағер осы қасиетті мешіттің берекесі туралы: «Құдай уәжіп намазды әл-Харам мешітінде оқыған адамға басынан сол адамға уәжіп етілген намаздар мен оның өмірінің соңына дейін оқитын намаздарды қабылдайды» деген болатын.
Берекеге толы бұл мешіттерден басқа «Ғодси» хадисінде айтылған басқа да мешіттер берекеге ие.
Ұлы Құдай былай дейді: «Жұлдыздардың жер тұрғындары үшін жарқырайтындығы сынды, аспан тұрғындары үшін жарқырайтын жердегі менің үйлерім – мешіттер. Мешіттерді өз үйлеріне айналдырған адамдарға қандай жақсы! Өз үйінде дәрет алып, мені менің үйімде зиярат еткен құлыма қандай жақсы! Сол кезде зиярат қабылдаушы өзінің зияратшысын рақымына бөлеп, оған мейірімін төгетіндігенен хабардар болыңдар! Түн қараңғылығында мешіттер жаққа жолға шыққан адамды қиямет күнгі жарық нұрмен сүйіншілеңдер».
Бағдарламаның осы бөлімінен бастап, сіздерді әлемнің маңызды да атақты мешіттерімен таныстырамыз. Еш күмәнсіз, олардың ең маңыздысы – қасиетті Мекке қаласында орналасқан әл-Харам мешіті. Әл-Харам мешіті – ислам тарихындағы ең көне әрі ең танымал мешіт. Қасиетті Қағба «Бейт Аллаһ әл-Харам» деп аталғандықтан, бұл мешіт те әл-Харам мешіті деп аталған. Әл-Харам мешіті Мекке қаласында орналасқан. Бұл мешіт әрдайым ерекше құрметке бөленген. Хадистерде жаратылыстың басында жер бетін су басып жатқаны айтылған. Жер бетінде пайда болған алғашқы құрғақ жер Қағбаның жері болған. Құдай жерді осы аймақтан бастап кеңейткендіктен, Мекке Құранда «Умм әл-Кура», яғни «өркендеудің анасы, орталығы» деп аталған.
Имам Бағер былай дейді: «Құдай жерді жаратпақ болған кезде төрт бағыттың желіне судың бетінде желпіп, есуге, толқын үйіріп, оның көбігін осы үйдің мекенінде жинап, одан төбе тұрғызуды бұйырды. Жерді осы таудың түбінен жайды».
«Әли-Ғымран» сүресінің 96 аятындағы: «Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол» деуі осыған меңзейді.
Жер бетінде жаратылған алғашқы ғимарат Қағба болды. Сол жерден бастап жер созылды. Имам Садық та былай деді: «Жер бетіндегі ең сүйікті жер – Мекке. Құдай үшін Меккенің жерінен артық ешбір жер, Меккенің тасынан сүйікті ешбір тас, Меккенің ағашынан сүйікті ешбір ағаш, Меккенің тауынан артық ешбір тау, Меккенің суынан артық ешбір су жоқ».
Исламның ардақты пайғамбары осы үй туралы: «Құдайдың атымен ант етемін, сен Құдайдың ең жақсы жері, Құдай үшін ең сүйікті жер саналасың. Егер мені сенен шығармағанда, ешқашан өзім шықпас едім» деген. Егер адам бұл үйді көргенімен оның илаһи жағдайы мен нұры артпаса, Құдайдың берекесінен оған ештеңе бұйырмағаны. Себебі бұл үй – Құдайдың берекесі мен жетекшілігінің қазынасы.
Исламдық рауаяттарға сәйкес, ең бірінші хазірет Адам Қағбаны тұрғызуға әрекет жасады. Ол ғимарат қираған соң хазірет Ыбырайым ұлы Ысмайылдың көмегімен Құдайдың үйін қайтадан жөндеп, тұрғызды. Хазірет Мұхаммедтің пайғамбарлығынан бұрын да Қағба құрайыш тайпасының қолымен және хазіреттің жетекшілігі және серіктестігімен қайтадан жөндеуден өткізілді. Сол уақыттан бері әл-Харам мешіті сан рет жөндеуден өткізіліп, ол жерде кеңейту жұмыстары жүргізілді. Кеңейту жұмыстары ол жерде әлі жалғасуда.
Намаз кезінде пайдаланылатын әл-Харам мешітінің тас төселген артқы бетін қосқандағы қазіргі ғимараты үш қабатты. Егер Қағбаның айналасындағы жаңа жертөлелерді де санасақ, төрт қабат болады. Бірақ мына жайтқа да назар аударған жөн: Қағбаның ұлылығы мен салтанаты оның қарапайымдылығында. Себебі, Қағбаның қасиеттілігінің сыры илаһи бұйрық пен Ибраһим мен Ысмайылдың құрылысында, хазірет Әлидің Қағбаның ішінде дүниеге келуі мен Ысмайылдың хиджрында Һаджер мен Ысмайылдың және Алланың көптеген әулиелерінің жерленуінде. Бірақ, өкінішке орай, дәл қазір осы қасиетті мекенге жауапты адамдар шектен тыс әрі қалыптан тыс құрылыс жұмыстарын жүргізуімен әл-Харам мешітіндегі рухани кеңістіктің кемуіне себеп болуда. Бұл аймақта қазір салтанатты, аспанмен таласқан мұнаралар мен туристік, сауық-сайран орындарына ұқсас көптеген бассейндер бар.
Бұл істер маңызды діни ғимарат немесе көне ескерткіш бар жерде одан биік ғимарат салуға рұқсат берілмейтін жағдайда жасалып жатыр.