Қар 06, 2016 13:56 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (87)

Теһран өткен аптада еуропалық елдерден келген делегациялардың кеңесулері мен келіссөздерінің орталығына айналды.

Финляндия президенті Саули Нийнистё екіжақты қарым-қатынастар, әсіресе, экономикалық және банк істері ынтымақтастықтарын кеңейту жолдары туралы ирандық қайраткерлермен сұхбаттасып, пікір алмасу үшін өткен аптада жоғары дәрежелі делегацияны бастап, Теһранға келді.

ИИР президенті Хасан Рухани Теһранда Финляндия президенті Саули Нийнистёмен өткізген ортақ ақпарат отырысында екі елдің арасында экономикалық, энергетикалық, байланыс және ақпарат құралдары бөлімдері бойынша құжаттарға қол қойылғанына тоқталып: "Түрлі салалар, соның ішінде, энергетика, тасымал, өнеркәсіп, қоршаған орта, тау-кен өндірісі және орман шаруашылығы екі ел арасындағы ынтымақтастықтарды кеңейту үшін лайықты бағыттар бола алады" деді.

Рухани Иран мен Финляндияның екі елдің сауда-экономикалық байланыстары жолдарындағы банктік кедергілерді жою мақсатындағы талпыныстарды арттыру туралы шешіміне тоқталып: "Иран мен Финляндияның ғылыми, академиялық және дамыған технологиялар бөліміндегі байланыстарын кеңейту үшін жағдай жасалды" деді. Финляндия президенті Саули Нийнистё осы ортақ ақпарат отырысында өзімен бірге келген ірі сауда делегациясының Иранның сауда-экономикалық саласындағы белсенділерімен өткізген келіссөздеріне қатысты ризашылығына тоқталып:  «Екі ел түрлі салаларда, соның ішінде, энергетика, жаңа технологиялар, тіпті орман шаруашылығында ортақ мүдделерге ие. Сол себепті екі ел осы бөлімдер бойынша тиімді ынтымақтастықтар жасай алады» деді.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи Финляндия президенті Саули Нийнистё және онымен бірге келген делегациямен кездесуінде екі ел қайраткерлерінің екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту туралы өткізген келіссөздеріне тоқталып, Финляндия үкіметімен әріптестіктерді арттыруды құптаумен қатар: «Екі үкімет арасында қол қойылған келісімдер жүзеге асырылуы керек. Олардың жүзеге аспауы адамдардың санасында жаман әсер қалдырады»деді.

Осы сапар барысында Иранның Энергетика министрі Хамид Читчиан мен Финляндияның Сыртқы сауданы дамыту министрі Кай Мюккяненнің қатысуымен жаңартылатын энергияларды дамыту және технологияларды жөнелту жөніндегі келісімге қол қойылды. Финляндияның Сыртқы сауданы дамыту министрі де осы отырыста екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту үшін жасалып жатқан ынтымақтастықтарға қатысты ризашылық білдірумен қатар, Иранға жаңа технология экспорттаған кейін Иранның аймақтағы су және электр қуаты өнеркәсібі саласындағы жаңа технологияларды жөнелту орталығына айналатындығына үміт білдірді.

Иранның Мұнай министрінің халықаралық және кәсіпкерлік істері жөніндегі орынбасары Амир Хосейн Заманиниа да Финляндияның Сыртқы сауданы дамыту министрінің орынбасары Питер Эстлундпен Теһранда кездесуінде: «Мұнай тазарту зауыттарын салу және жөндеу, сұйылтылған табиғи газ өндіру зауыттары мен теңіз инфрақұрылымдары салаларында жақсы технологияларға ие финляндиялықтар осы бөлім бойынша бәсекелестік кеңістігінде Иранмен ынтымақтастық жасай алады» деді.

Иранның Сауданы дамыту ұйымы мен Бельгияның үш аймағының экспортты және инвестицияны дамыту агенттігі осы аптада Теһранда 9 ынтымақтастық құжатына қол қойды.

Бұл келісімге Бельгияның Фландрия, Валлония және Брюссельмен сауда және инвестицияны дамыту ұйымдарының жоғары деңгейлі делегациясы мен Иранның Сауданы дамыту ұйымының делегациясы қатысқан Иран мен Бельгияның сауда-экономикалық форумында қол қойылды.

Иранның Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Моджтаба Хосроутадж келісімдерге қол қойылғаннан кейін: «Бұл келісімдердің жасалуы ирандық компаниядардың Еуропа құрлығына кіруі үшін жақсы мүмкіндік тудырады. Иран мен Бельгияның сауда айналымының мөлшері 200 миллион долларды құрайды. Алдағы 5 айда екі елдің сауда айналымының мөлшері 400 миллион долларға жетеді деп болжануда» деді.

«Алтылық» елдері арасында Иран мен Қытай көбірек қарым-қатынастарға ие. Сол себепті бұл ел Иранның нарығын жақсырақ таниды.

Иранның Орталық банкінің директоры бұл мәселені Теһранда Қытай банкінің директоры Чен Сингингпен кездесуінде көтеріп: «Алтылық елдері «Ортақ қадам» бағдарламасынан кейін экономикалық қатынастарды арттыруды мақсат етіп, аймақтық нарыққа кіру үшін Иранның инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделі» деді.

Орталық банктің директоры Иран мен Қытайдың қарым-қатынастарын  стратегиялық әрі ұзақ мерзімді деп атап, Иранның барлық кезеңдерде Қытайды өзінің стратегиялық серіктесі санағанын еске салды.

Сейф Қытай президентінің Иранға сапарын еске салып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту туралы: «Бұл сапарда экономикалық ынтымақтастықтарды кеңейту қуатталды. Бұл ынтымақтастықтарды кеңейту банктік қарым-қатынастарды қажет етеді» деді.

Қытай банкінің директоры бұл кездесудің мақсатын екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықтарды кеңейту деп атап: «Біз ынтымақтастықтарды арттыру мақсатында Иранда өкілдігімізді ашуды көздеп отырмыз. Келесі кезеңде бөлімше ашу үшін әрекет жасаймыз» деді.

Чен Сингинг ынтымақтастықтардың кеңеюін екі ел үшін де пайдалы деп бағалап: «Иран мен Қытайдың экономикалық мүмкіндіктері банктік қарым-қатынастарды кеңейту үшін лайықты жағдай тудырады. Иран – халқының саны көп әрі экономикасы мықты ел. Бұл мәселенің көптеген оң әсерлері болады» деді.

Иран мен Украинаның Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары осы аптада Киевте кездесіп, екі елдің банктік және қаржы саласындағы ынтымақтастықтарын кеңейтудің жолдарын қарастырды. Киев қаржы және банк саласындағы  байланыстарды Теһранмен қарым-қатынастарды кеңейту жоспарына енгізген.

Иран Сыртқы Істер Министрінің Азия және Тынық мұхиты елдері жөніндегі орынбасары Ибрахим Рахимпур жұма күні Киевте Украинаның Сыртқы Істер Министрінің орынбасары Сергей Кислицамен кездесуінде: «Екі ел өзара ынтымақтастықтарды кеңейту шеңберінде банктік және кедендік қатынастарын нығайтуы керек» деді.

Рахимпур  Иранның экономикалық және кәсіпкерлік байланыстарын кеңейту үшін жағдайдың жасалғанын айтып, өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, энергетика, транзит және туристік бөлімдердің екі елдің ынтымақтастықтарды кеңейту үшін қолайлы мүмкіндіктері болып табылатынын мәлімдеді.

12-ші Халықаралық жағалаулар, порттар мен теңіздік құрылыстардың ғылыми конференциясы 30 елдің мамандарының қатысуымен 31 қазан күні Теһранда өз жұмысын бастады.

Осы үшкүндік ғылыми конференцияның өткізілуінің мақсаты  Ирандағы жағалаулар, порттар мен теңіздік құрылыстардың ғылыми-инженерлік деңгейі мен сапасын жоғарылату болып табылады.

12-ші Халықаралық жағалаулар, порттар мен теңіздік құрылыстардың ғылыми конференциясы аясында әлемге жаңа энергия түрлері мен экологиялық ұлттық жобалар, теңіз түбінің мониторингіне қатысты ірі жобалары ұсынылып, Иранның ғылыми жетістіктері  таныстырылды.

Иранның Порттар және кеме жүргізу ұйымының директоры Махмұд Саидинежад осы аяда Иранның 40 теңіз конвенциясына мүше екенін айтты.

Иран мен Сербия арасында туристік  бағдарламалар мен сауда кеңейтілетін болады.

Сербия мен ИИР соңғы жылдары түрлі салаларда, әсіресе, туризм мен ауылшаруашылық салаларында үлкен қадамдар жасады. Енді екі елдің ынтымақтастары көбірек кеңейтілетін болады.

Сербия премьер-министрінің орынбасары әрі Туризм, сауда және байланыстар министрі Расим Ляич өткен жұма күні Иранның Белградтағы елшісі Маджид Фахимпурмен кездесуінде өз елінің ынтымақтастықтарды кеңейтуге мүдделі екенін айтып, осы ынтымақтастықтарды, әсіресе, туризм және ауылшаруашылық салаларында жалғастыруды қуаттады.

Сербия мен Иранның 15-ші ортақ комиссиясы 2017 жылы ақпан айында Белградта өтетін болды.

Өткен жылы Теһранда өткен екі елдің 14-ші ортақ комиссиясында екі ел арасында 4 ынтымақтастық құжатына қол қойылды.

Мұнайдың әлемдік нарықтарының жағдайы әлі белгісіз күйде қалып отыр.

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің басшылары өткен аптада Венада Ресей және осы ұйымға мүше емес басқа да елдермен әлемдік ұсыныс мөлшерін арттыру үшін мұнай өндірісін азайту жобасын жүзеге асыру және бағаларды нығайту жолдары туралы сұхбаттасты.

Жұма күні ОПЕК-ке мүше елдер қараша айының аяқ шеніндегі отырысынан бұрын жобаның егжей-тегжейін анықтау үшін отырыс өткізді. ОПЕК өткен айда күтпеген жерден бір жоба бойынша келісімге келді. Бұл жобаның мақсаты осы ұйымның мұнай өндірісінің мөлшерінен 750 мың баррельді азайтып, өндіріс деңгейін күніне 32,5-33 миллион баррельге жеткізу болды. 2008 жылы жасалған осыған ұқсас келісімнен кейін бағалар көтерілген болатын.

ОПЕК-тің бас хатшысы Мұхаммад Баркиндо осы отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде: «Жақсарту үдерісі ұзаққа созылды. Біз нарықты реттеуді кейінге қалдыра алмаймыз. Нәтижесінде біз ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдерден осы мәселеге қатысты міндеттерін барынша орындауды сұрауымыз керек. Бұдан артық күтуге болмайды. Себебі біз тек мүше елдердің алдында ғана емес, бүкіл әлемнің алдында жауаптымыз» деді.  

ОПЕК мүшелері мен әлемдегі мұнай өндіруші ірі елдердің бірі Ресей өткен айда бағалардың ауытқуын азайту мақсатында ынтымақтастықтарды нығайту туралы келіссөздер өткізді. Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак жуырда Венада өткен отырыстардың бірінде мұнай нарығында тұрақтылық орнату үдерісін жылдамдатудың қажеттілігі сезілетінін айтты.

Қазір әлемдік мұнай бағасы әр баррель үшін 50 долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш мұнай табыстарына тәуелді елдер үшін әлі де төмен. Бірақ жаңа келісімдер жасау жолында кедергілер бар.

Иран ОПЕК-тің жуырдағы отырысында өндіріс деңгейін азайту жобасынан босатылды. Себебі  өз үлесіне сәйкес мұнай өндірісінің мөлшерін санкцияларға дейінгі деңгейге, яғни күніне 5 миллион баррельге дейін жеткізе алады.

Ирак жақында өндіріс деңгейін төмендету жобасына қосылмауы керектігін мәлімдеді. Себебі бұл ел ДАИШ-пен соғысып жатыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Бағдадтың ұстанымы ОПЕК-тің келісімінің жүзеге асырылуын сәтсіздікке ұшыратуы мүмкін.

ОПЕК-тің төрағасы әрі Катардың Энергетика және өнеркәсіп министрі Мұхаммад Салех Абдолла әс-Сада Сауд Арабиясының астанасы Рияд қаласында Парсы Шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерден келген өзінің әріптестерінің қатысуымен өткен отырыстан кейін өткізген баспасөз маслихатында: «Болашақта біз ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің арасында өзара түсіністікті нығайту үшін қарым-қатынасты арттыруымыз керек» деді. ОПЕК-ке мүше елдер 30 қараша күні осы ұйымның Венада өтетін отырысында мұнай өндірісінің көлемі жөнінде келісімді қорытындылайтын болады. Мұнай нарығының жағдайын жақсарту үшін ОПЕК-ке мүше емес елдер, соның ішінде Ресейден осы келісімді қуаттау күтілуде.

Әлемдік банктің экономика жөнінде жоғары лауазымды маманы Джон Бавис өткен аптада жасаған бір мәлімдемеде: «Біз алдағы жыл үшін отын, әсірсе мұнай үшін бағаның жоғарылауын болжап отырмыз. Алайда болашақ туралы біраз күмәндар әлі де бар. Біз Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК-тің жарлығының жүзеге асырылуы мен оның егжей-тегжейін күтіп отырмыз. Осы келісімнің баптарының жүзеге асырылуы мұнай нарығына оң әсер ететін болады» деді.

Әлемдік банктің болжамына сәйкес, мұнай, табиғи газ және тас көмір сияқты отын түрлерінің бағасы алдағы жылы 25 пайызға қымбаттайды. Ағымдағы жыл үшін мұнай бағасы қазіргі деңгейде, яғни әр баррельге 43 доллар болып қалмақ.

Иранның мүмкіндіктері Қазақстанның энергетика көрмесінде таныстырылды.

Қазақстанның Алматы қаласында «Энергетика өнеркәсібінің әлемдік экономикадағы рөлі» деген тақырыпта  өткен Халықаралық Энергетика және электр құрал-жабдықтар көрмесінде 13 ел, соның ішінде Германия, Ресей, Италия, Финляндия, Иран, Қытай, Түркия мен Қырғызстан энергетика өнеркәсібі саласындағы өздерінің соңғы жетістіктерін жұрт назарына ұсынды.

Қазақстанда өткен 3-ші Халықаралық Энергетика және электр құрал-жабдықтар көрмесіне ИИР-нан сым және кабель өндірісі мен трансформаторларды жасау бөлімдеріндегі екі компания қатысып, Иранның энергетика өнеркәсібі мүмкіндіктерінің бір бөлігін таныстырды.