Иранға сапар (166)
Шуш көне қаласынан 40 шақырым жерде ең әдемі және ең сирек кездесетін археологиялық ескерткіштердің бірі – «Зигурат Чоғозамбиль» орналасқан.
Ол әлемдік мұра тізіміне енгізілген. Бұл ғибадатхана – ирандық және шетелдік зерттеушілердің назарын өзіне аударған адамның қолымен жасалған таңғажайып өнер туындыларының бірі. Чоғозамбиль – осы күнге дейін танылған ең үлкен ғибадатханалардың бірі. Ол ашылғаннан кейін көне дүние туралы жаңа мағлұматтар табылды. Бұл құрылыс 1979 жылы ЮНЕСКО ұйымы тарапынан әлемдік мұра тізіміне тіркелген Иранның ең алғашқы тарихи ескерткіші болып табылады. Әлемдік қауымдастық оны ерекше құнды деп санайды.
«Зигурат» шумер тілінде «бірнеше қабатты баспалдақты ғибадатхана» деген мағынаны білдіреді. Соңғы зерттеулер бойынша, Чоғозамбиль – Элам дәуірінен қалған ғибадатхана. Оны б.з.д. 1250 жылы Онташ Гал салдырынған.
Архитектуралық стилі тұрғысынан Чоғозамбиль бес қабатты пирамидаға ұқсайды. Бір кездері оның биіктігі 50 метрден асқан, бірақ қазір оның тек жартысы қалған. Чоғозамбильдің қабырғалары шикі кірпіштен салынып, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған.
Жүргізілген қазба жұмыстары көрсеткендей, бұл құрылыстың басым бөлігі тұрмыстық мақсатқа арналған. Оның сыртқы қоршауы Дез өзені жағасында шамамен жүз гектар ауданды алып жатыр. Оның кіреберісі құрылыстың шығыс жағында орналасқан. Ауланың айналасындағы бөлмелердің көбі шаршы пішінде салынып, аспазхана мен монша сияқты мүмкіндіктерге ие. Олардың әрқайсысы бір адамға немесе жанұяға тиесілі болған. Осы ғибадатхананың жанында көңіл аударуға тұрарлық мүмкіндіктердің бірі – реттелген су жеткізу желісі. Оның белгілерін әлі де көруге болады. Бұл су желісінде суды тазартуға және оны ғибадатханаға жеткізуге арналған хауыз нақты есептеулер негізінде салынған. Чоғозамбильді б.з.д. 640 жылы Эламның басқа қалалары сияқты ашуралық жартылай қиратты.
Шуш ауданының тарихи және діни құрылыстарының біріне ақын, әдебиетші, хадисші және шиіт мазхабының үлемі Дебель бен Хазаидің кесенесі жатады. Ол Шуш көне қаласының солтүстік бөлігіндегі осы қаланың көне зиратында имамзада Абдулла бен Әлидің кесенесінің жанында орналасқан.
«Дебель бен Хазаи» деген атпен танымал Хасан бен Әли х.қ.ж.с.б. 148 жылы туып, 246 жылы қайтыс болған. Ол х.қ.ж.с.б. 2-3 ғасырларда Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің жақтастары арасындағы үлкен мәдени тұлғалардың бірі болып саналады. Бұл адам өзінің теңдессіз талантымен шиіт мазхабының таралуына үлес қосты. Ол Бани Аббастың зұлым халифтері елді басқарып тұрған кезде өмір сүрген. Бұл халифтердің көбі өлеңге, әсіресе өздерін мадақтаған өлеңдерді естуге ерекше мән берген. Көптеген ақындар бұл заманда халифтерді мадақтап өлең шығарып, мыңдаған жүлде мен ақшалай сыйлық алған. Осындай жағдайда Дебель бен Хазаи Пайғамбар әулетінің жақсылықтарын мадақтайтын ақын ретінде танылып, іс жүзінде Бани Аббасқа қарсы шыққан.
Ирактың Баас режимінің зымырандық шабуылдарында осы ауданның ер адамдары, әйелдері мен балаларынан тұратын әскери емес бейбіт адамдардың шәһид болғаны туралы естелік Иран халқының көбінің жадында сақталған. Дезфул соғыс жылдарында артиллериялық шабуылдармен қоса, 160 реттен аса зымырандық шабуылға ұшырады. Сол себепті Парсы шығанағы елдері арасында «Балад әс-Сауарих», яғни «Зымырандар қаласы» деген атпен танымал. Соғыстан кейін қарсыласуының құрметіне орай үлгілі қала болып таңдалды. Әлемдік алпауыттар мен олардың қолшоқпары – Саддамның Иран халқына таңған соғысы кезінен Дезфулдың атырабында қалған естеліктер Иранның мүмін жастарының сегіз жылдық Қасиетті қорғаныста басқыншылармен күрестегі ерліктерін еске салады. Бүгінгі бағдарламада сіздерді Дезфул қаһарман қаласымен таныстырамыз.
Дезфул ауданы 4700 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Ол Ахваздың солтүстігінен 145 шақырым аралықта орналасқан. Бұл ауданның жазы ыстық, қысы қоңыржай-далалық климатқа ие. Дезфул ауданы таулы және далалы-орманды болып екіге бөлінеді. Оның таулы аймағы ауданның солтүстік бөлігінде, далалы-орманды аймақ ауданның орталығы мен оңтүстігінде орналасқан. «Дез» бен «Керхе» – Дезфул ауданының маңызды өзендері. Осы екі маңызды өзен, Дез бөгеті мен көлінің болуы аймақтың ауыл шаруашылығына үлкен көмек болды. Айта кету қажет, механикалық құралдарды пайдаланып, жаңа ауылшаруашылық жобаларын орындау ауданның абадтану жағдайын арттырды. Осы тұрғыдан Дезфул Хузистанның ауылшаруашылық полюстерінің бірі саналады. Дезфул ауданының экономикасы егін шаруашылығы, мал шаруашылығы мен өнеркәсіптік зауыттарға негізделген. Жоғары өнімділікке ие егін шаруашылығы Дезфул тұрғындарының негізгі жұмысы болып саналады. Дезфул ауданында әртүрлі өнімдер, соның ішінде дәнді дақылдар, қант қызылшасы, цитрус өнімдері, күнбағыс, қырыққабат, сәбіз, зейтүн, жүзім, декоративтік гүлдер, қант құрағы, сонымен қатар, тері, жүн, сүт өнімдері мен басқа да өнеркәсіптік өнімдер өндіріліп, артығы Иранның басқа аймақтарына жіберіледі.
Дезфул ауданының орталығы – Дезфул қаласы өзінің көне тарихи бөлігімен кірпіш ғимараттардың мұражайы ретінде танымал. Қала ортасынан әдемі әрі тұнық Дез өзеннің ағып өтуі, қаланың айналасында әдемі цитрус бақтарының болуы, мандарин мен апельсин ағаштары гүлдерінің хош иісі көктемнің басында бұл қаланың әдемілігі мен тазалығын бірнеше еселендіреді. Осы тұрғыдан Дезфул көктемде Иранның ауа райы жағымды қалаларының бірі саналады. Ол көптеген саяхатшыларды қызықтырады. Мұнымен қоса, Дезфул көптеген көрнекті жерлері мен көне ескерткіштерінің болуына байланысты әрдайым жолаушылар мен туристердің назарына алынған.
Дезфулдың атауына байланысты мынадай дерек бар: ол алғашында «Антаблис» деп аталған. Ғасырлар барысында оның аты бірнеше рет өзгерген. Уақыт өте келе Дезфул деп аталған. Осы қаланың мыңжылдық тарихқа ие болуының ең маңызды дәлелі – б.з. 260 жылы Сасанилер заманында салынған көпір. Ол қазір Дезфул мен Андишмак қалаларын байланыстырады. Бұл көпірдің 14 есікшесі бар. Ол қазір көлік қатынайтын әлемнің ең көне көпірі. Бұл көпір өткен дәуірлерде, әсіресе Азададдоуле Дейлами, Сафави мен Қаджарлар заманында қайтадан жөндеуден өткізілген. Көпірдің жанындағы өзенге жақын маңда көне диірмендердің қалдықтары байқалады.
Исламның алғашқы ғасырларына тиесілі Дезфулдың жамағат мешіті мен «Лаб Хандақ» мешіті исламның әдемі архитектуралық стилімен салынған. Сондай-ақ, ондаған құнды тарихи ескерткіштер, соның ішінде «Чұғабанут» төбесі, ирандық сардар – Яғуб Ләйс кесенесі, Сабзқаба қасиетті кесенесі, Мұхаммад бен Джафар, шах Абулқасем, шах Рокнаддин кесенелері – осының барлығы Дезфул ауданының саяхат және зиярат ететін мекендерінің қатарын құрайды. Жыл сайын көптеген қызығушылар жоғарыда аталған мекендерді көріп қайтады.
Археологиялық қазба жұмыстары көрсеткендей, Дезфулдың шығысынан 30 шақырым жерде орналасқан Чұғабанут төбесі қыш дәуірінен бұрынғы заманға тиесілі. Оның шамамен 10 мың жылдан астам тарихы бар. Төбеде жүргізілген қазба жұмыстары барысында тас дәуіріне тиесілі тас пышақтар табылған. Айта кету керек, Дезфулдың әдемі көне архитектуралық құрылысының қасында орналасқан ескі базар көрнекті жерлердің бірі саналады.
Дезфул қаласы мен оның құнды тарихи ескерткіштерімен танысқаннан кейін бұл қаланың ең маңызды қолөнер бұйымдарына қалы кілем, тықыр кілем, джаджим, ағаш және қыш бұйымдарының жататынын біліп жүргендеріңіз жақсы. «Гапубафи» –Дезфулдың ең көрнекті қолөнер түрі. Жыл сайын бұл өнердің мыңдаған өнімі Иранның әртүрлі облыстарына жіберіліп, кейбірі шет елдерге экпортталады. «Гапу» бұйымдарына құрма ағашы мен басқа да жергілікті өсімдіктердің жапырақтарынан тоқылатын кішкентай себеттер, жеміс-жидекке арналған ыдыстар мен кішкентай декоративтік жәшіктер жатады. Кейде көркемдеу үшін жүннен иірілген жіп те қолданылады. Бұл ауданның өнеркәсіптерінің бірі ретінде мельхиордан (мыс пен никельдің күміске ұқсайтын қосындысы) бұйым жасау ісін атауға болады. Дезфул ауданында ас үй ыдыстарын, соның ішінде самауыр, жалпақ табақ пен мангал, сондай-ақ мельхиордан бұйым жасайтын шеберханалар бар. Алтын мен күміс бұйымдарының бетіне ойып өрнек салу мен зергерлік өнері де ауданда кең таралған.