Иранға сапар (171)
Бехбахан ауданы Хузистан облысының орталығы Ахваз қаласынан 225 км қашықтықта орналасқан.
Бехбахан ауданының орталығы Бехбахан қаласының теңіз деңгейінен биіктігі – 320 метр. Бехбахан өзінің табиғи ерекшеліктеріне байланысты ыстық әрі жартылай шөлді ауа райына ие. Сондықтан бұл ауданда жазда аптап ыстық болады. Бехбахан ауданын таулар қоршаған. Бехбахан ойпатының солтүстігінде Хаиз таулы сілемі мен Хатам тауы орналасқан. Хаиз таулы сілемінің ең биік нүктесі – 1885 метр. Хатам тауының ең биік нүктесі 2100 метрден асады. Бұл ойпаттың оңтүстігінде Пазнан тауы мен Даризе тауы орналасқан. Олардың ең биік нүктесі – 600 метр. Ойпаттың батысында максималды биіктігі 785 метрді құрайтын Алкух тауы мен Зард тауы орналасқан. Ойпаттың шығысында максималды биіктігі 700 метрді құрайтын Рамечар тауы орналасқан. Бехбахан ауданының ең маңызды өзендерінің қатарына Марун (Джарахи) және Хейрабад өзендері жатады. Бұл екі өзен де Бехбаханның бір бөлігін суарғаннан кейін соңында Парсы шығанағына барып құяды.
Бехбахан ауданының өнеркәсібі қолөнер және автоматты өнеркәсіп болып екіге болады. Автоматты өнеркәсібі тамақ, ағаш, машина жасау сияқты жеңіл өнеркәсіп пен мұнай, қазба байлықтарының кен орындары және құрылыс тастары сияқты ауыр өнеркәсіптен тұрады. Цемент, кірпіш, меламин жасау, алюминий ыдыстары мен асхана сөрелерін жасау және қант зауыттары осы ауданның ең маңызды кәсіпорындарының қатарын құрайды. Ауданның қазба байлықтарынан мұнай, әктас, алебастр, қызыл балшық, құм мен қиыршық тас және цемент өндіруге қажетті шикізатты атауға болады. Құнарлы егіс алқаптарының болуы, мал шаруашылығына қажетті мүмкіндіктер мен жерасты байлықтарының мол болуы, қолөнер, жеңіл және ауыр өнеркәсіптердің гүлденуі бұл ауданның саудасы мен экономикасына қарқындылық сыйлады. Аудан халқының бір бөлігі саудамен айналысады.
Бехбахан ауданы ыстық ауа райына ие болуы, Джарахи мен Хейрабад өзендері мен егін шаруашылығына жарамды жерлерінің болуына байланысты егін шаруашылығын дамытуға қажетті мүмкіндіктерге ие. Қажетті азық-түлік пен өнеркәсіп өнімдері осы ауданда өндіріледі. Бұл ауданның ең маңызды өнімдеріне бидай, арпа, күріш, мақта, қант қызылшасы, күнжіт, көкөністер, мандарин, өрік, жүзім, ащы алма, тұт және зейтүн сияқты өнімдер жатады. Ауданда мал шаруашылығы да кең таралған. Ол дәстүрлі тәсілмен жүргізіледі. Кохкилуйе мен қашқайлық түрік тайпалары мал шаруашылығымен айналысады. Бұл тайпалардың қыстауы үнемі Бехбахан болған. Бағзы замандардан бері бұл қала осы тайпалардың сауда-саттықпен айналысатын жері болған.
Бехбахан Хузистан, Кохкилуйе мен Буер Ахмад, Фарс облыстары арасында орналасып, байланыс жолдары, маңызды егіс алқаптары мен әскери позиция тұрғысынан стратегиялық маңыздылыққа ие болғандықтан үнемі назарда болған. Сол себепті ол жерде тарихи ғимараттар мен ескерткіштер көп.
Бехбаханның тарихы жайында мына жайтты айтсақ жеткілікті: бұл қала бұрын Сасанилер дәуірінде Фарстың үлкен қалаларының бірі Аржаннан бірнеше шақырым жерде орналасқан кішкентай ауыл болған. Аржан қиратылғаннан кейін Бехбахан абадтандырылды. Эстахри, ибн Хаукал, Мұқаддаси, Насыр Хосроу Құбадиани сияқты мұсылман тарихшылар өздерінің еңбектерінде «Аржан» мен оның қолайлы географиялық жағдайы жайлы сөз қозғаған. Мұқаддаси Аржанды сипаттағанда оны «Фарс пен Ирактың қазынасы», «Хузистан мен Исфаханның жүк жинайтын жері» деп атаған.
Бехбахан қаласының тарихына байланысты оның құрылысы мен архитектуралық тәсілі қазіргі тәсілдерден қатты ерекшеленеді. Бехбахан қаласының ескі ғимараттары көбінесе дәстүрлі исламдық қала құрылысының архитектуралық тәсілінен алынған. Оның ескі аудандары ыстық жерлердегі басқа қалалар сияқты ашық алаңға барып тірелетін ирелеңдеген тар көшелер мен биік дуалдардан тұрады. Бұл алаңдардағы мешіт, хұсейние, монша сияқты қоғамдық орындармен қоса, ескі стильмен салынған әртүрлі жергілікті дүкендер қаланың аудандарына ерекше көркемдік сыйлайды.
Дәстүрлі архитектуралық стильмен салынған үйлердің ортасында бір аула болады. Ауланың айналасына бөлмелер салынған. Оның екі жағында алебастр жапсырмаларымен көмкерілген үлкен бағандары бар кең террасалар орналасқан. Олар үйге ерекше әдемілік сыйлайды. Көптеген үйлердің ортасында үлкен су бассейні орналасқан. Бехбаханның ескі үйлерінің көбінде салқын жерасты бөлмелері бар. Бұл бөлмелер жаз маусымында өте қолайлы.
Жалпы алғанда дәстүрлі сәулет өнерінде қолданылған барлық тәсілдер құрылыс материалдарына, аймақтың діни, әлеуметтік, географиялық және әскери қажеттіліктеріне сәйкес келеді. Бүгінде қаланың кейбір бөліктерінде жаңа архитектуралық тәсілдер қолданылған. Онда Иранның үлкен қалаларының жаңа сәулет өнерімен ұқсастықтар бар.
Бехбаханның солтүстік-шығысынан 5 шақырым жердегі Аржан қаласының археологиялық ескерткіштері бұл ауданның тарихи тартымдылықтарының бірі саналатынын біліп жүргендеріңіз жақсы. Х.ш.ж.с.б. 1361 жылы (1982 жылы) Аржан аумағынан б.з.д. 7 ғасырға тиесілі эламдық кесене табылды. Бұл кесенеге үлкен мәдени қазына да кіреді. Оның көркемдік және материалдық құндылығы зор.
Сасанилер дәуірінен қалған Бехбаханның тарихи жерлеріне «Чахартақи» отқа табыну орны, Аржан көпірі мен бөгеті және монша жатады. Ашкани дәуіріне тиесілі Сурак тас жазбалары, Сафави дәуіріне тиесілі Хейрабад медресесі, Орган қамалы, Наджафхан үйі – Бехбаханның тарихи ескерткіштері. Ашкани дәуіріне тиесілі Сурак тас жазбалары Бехбаханның солтүстік-батысынан 50 шақырым жерде орналасқан. Бұл тас жазбаларда бүркіт, патша, отқа табыну орнының суреттері мен басқа да көптеген нақыштар бар.
Ұлттық мұра тізіміне тіркелген Бехбаханның танымал базары бүгінде осы қаланың ең көне базары саналады. Бұл базар ертеде қала мен оның атырабындағы сауда орталығы болған. Қаджар дәуіріне тиесілі бұл кешен бірнеше қатардан тұрады. Әрбір қатарда әртүрлі кәсіп иелері жұмыс істеген. Бірақ қазіргі таңда одан тек бір қатар ғана қалған. Осы қатардың қабырғасына екі жазба тақташасы ілінген. Бұл базардың ерекшеліктерінің бірі ретінде құжыралардың күмбезді төбелерін атауға болады.
Бехбаханның көне діни қалалардың бірі болып табылатынын біліп жүргендеріңіз жақсы. Оның халқы бағзы заманнан бері діни құрылыс саласында талпыныс, қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісі болып келеді. Бехбахан қаласындағы 80-нен астам мешіт пен хұсейние, исламдық дәстүрмен салынған ондаған әдемі күмбез бен мұнара, ауылдар мен олардың аймақтарындағы 70-тен астам мешіт осы аудан халқының діни талпынысы мен діндарлығы тарихының куәсі бола алады.
Бехбаханның ең көне мешіттерінің бірі – х.қ.ж.с.б. 782 жылы салынған қаланың жамағат мешіті. 2000-ға жуық шаршы метрді құрайтын жамағат мешіті ауданның ең үлкен мешіті болып табылады. Мешітте бір тақташа бар. Онда салық төлеуге қатысты хабарлама ойылып жазылған. Бұл тақташа мешітте саяси және билік саласындағы істердің атқарылғанын көрсетеді.
Бехбаханның тарихи ескерткіштерімен қысқаша танысып өткеннен кейін бағдарлама соңында Иранның осы аймағының өте әдемі табиғатына тоқталып өтейік. Наркес, күнбағыс, түймедақ және раушан – Хузистанның осы ойпатында өсетін әдемі гүлдер.
Бехбахан қаласынан 3 шақырым жерде желтоқсан мен ақпан айлары арасында бірнеше гектарға жуық кеңістікте мыңдаған нәркес гүлдейді. Шын мәнінде бұл мезгілде Бехбаханның солтүстігіндегі алқап нәркес гүліне толып кетеді. Бұл кезде алқап өте ұзын ақ матадай көрінеді. Алыстан-ақ гүлдің иісі жақсы сезіледі. Жыл сайын бұл ауданның нәркес гүлдері Иранның басқа қалаларынан жіберіледі. Бұл табиғи тартымдылық бұрын 700 га ауданды алып жатқан. Мұхаммад шах Қаджардың билігінің соңында Иранға келген англиялық саяхатшы әрі тарихшы Генри Лиарад өзінің сапарнамасында Бехбаханның нәркес гүлінің алқабын жанға жайлы аудан ретінде сипаттаған.