Иранға сапар (174)
Иранның оңтүстігінде Парсы шығанағының жағалауында орналасқан Бушер облысы тарихи және табиғи тартымдылықтар, күз бен қыс кезінде жанға жайлы ауа райына ие болуына байланысты көптеген туристерді өзіне тартады.
Облыс Парсы шығанағының жағалауында орналасқандықтан теңіз экспорты мен импорты, балық аулау өнеркәсібі, мұнай мен газ қорлары, егін шаруашылығы мен құрма ағаштарын өсіру және Атом электр стансасының болуына байланысты стратегиялық экономикалық маңыздылыққа ие. Тіпті Иранның «энергетика астанасы» деген лақапқа ие болған.
Иранның оңтүстік-батысында орналасып, 23 мыңнан астам шаршы шақырымды алып жатқан Бушер облысы Парсы шығанағының солтүстігінен орталық бөлігіне дейін созылып жатыр. Бушер облысының Парсы шығанағымен шектесіп жатқан 600 км шекарасы облыс үшін стратегиялық және айтарлықтай экономикалық маңыздылыққа ие.
Облыстағы ең маңызды айлақтардың қатарына Бушер, Ганаве, Дейлам, Риг, Дайер, Кянган, Ассалуйе және Амери айлақтары жатады. Бушер айлағы – осы облыстың орталығы.
Бушер облысы ариялықтар Иранға кірмес бұрын әртүрлі этностық топтар мен тайпалардың мекендеген жері болған. Жергілікті және жерорта теңіздік этностармен бірге сами, эламдық, шумер мен нордик этностары да тіршілік еткен. Айта кету қажет, соңғы жүз жылда Бушер халқының шетелдік күштермен күресі осы облыстың ең маңызды тарихи оқиғаларының бірі саналады.
Бушер облысы жер бедері тұрғысынан ойпатты және таулы болып екіге бөлінеді. Облыстың ойпатты бөлігі Парсы шығанағын жағалай орналасқан және Далаки, Шапур, Ахрам мен Мәнд өзендерінің түзілімдерінен (қабаттарынан) тұрады. Осындай аймақтардың бірі ретінде Бушер мен Баразджан алқабын атауға болады. Бұл алқап облыстың солтүстігіндегі кең аумақты алып жатыр. Бушер облысының қалалары мен елді мекендерінің көбі осы алқапта орналасқан. Облыстың таулы бөлігі бір-біріне қатарлас созылып жатқан Гячторш және Ноуканд биіктіктері деп аталатын екі негізгі таулы сілемнен тұрады. Олар сәйкесінше солтүстікте және шығыста орналасқан.
Бушер облысының тропикалық аймақта орналасуына байланысты ондағы климаттың ең маңызды әрі айшықты құбылысы – ауаның ыстықтығы. Жалпы алғанда Бушердің ауа райы жағалау бойында ыстық әрі ылғалды, ал құрлық ішінде ыстық әрі құрғақ болып келеді. Шын мәнінде Бушер облысында екі ұзақ мезгіл бар: салыстырмалы түрде салқын қыс пен ыстық әрі құрғақ жаз. Бұл облыста көктем мен күз тез өтіп кетеді. Бушер облысында жауын-шашын мөлшері аз әрі өзгермелі. Бушер облысының жергілікті желдері – шын мәнінде Парсы шығанағының дауылдарының бір бөлігі. Олар әртүрлі мезгілдерде Сауд Арабиясының шөл даласы мен Иранның оңтүстігіндегі биіктіктердің арасындағы қысымдардың айырмашылығынан туындайды. Бұл желдер Парсы шығанағының шамамен барлық жағалауларында соғады, бірақ шығанақтың әртүрлі жерлерінде әрқилы аталады. Бұл атаулар пайда болған мезгілі, олардан туындайтын қауіптер мен теңізшілердің қиялына байланысты қойылған.
Бушер облысының экономикасы егін, мал, балық шаруашылықтары мен әртүрлі өнеркәсіпке негізделген. Облыстағы егін шаруашылығы өнімнің түрлері мен өндіру тәсілдері тұрғысынан егіс өнімдері мен бақ өнімдері болып екіге бөлінеді. Ондағы ең маңызды егіс өнімдеріне бидай, арпа, темекі, пияз, күнжіт, тағамдық шөптер, көкөністер мен жем-шөп жатады. Бау-бақша шаруашылығы тұрғысынан бұл облыс Иранның құрма өндіретін ең маңызды облыстарының бірі саналады. Сондай-ақ, цитрус жемістерінің шектеулі әрі шағын бақтары да облыста шашырай орналасқан. Даштестан және Тангестан аудандары жылдық құрма мен цитрус жемістерін өндіру бойынша облыста бірінші және екінші орынды иеленеді.
Облыстың ең маңызды экономикалық белсенділіктерінің бірі – балық шаруашылығы. Бушер облысының барлық айлақтары мен жағалауларында көп адамдар балық және асшаян аулаумен айналысады.
Бушер облысы климаттық жағдайына байланысты Ирандағы түйе өсірілетін ең маңызды орталықтардың бірі болып табылады, онда 3000 бас түйе тіркелген. Бұл түйелер барлық дерлік аудандарда бар және дәстүрлі тәсілмен бағылады. Бушер облысындағы барлық түйелер бір өркешті. Түйелердің дәшти (забе), түрік, араб және аралас тұқымды 4 түрі бар. Дәшти тұқымы облыстың ең маңызды тұқымдарының бірі және Иранның көп жүн беретін ең жақсы тұқымы болып табылады. Түйенің жүнінен аба-жамылғылар тоқылады. Олар Иранның ішінде және Парсы шығанағы жағалауы елдерінде ерекше сұранысқа ие. Бушер облысындағы аба тоқу өнеркәсібі – түйеге тәуелді өнеркәсіптердің бірі. Дәшти ауданының Кордуван ауылындағы шектеулі шеберханалар аба матасын өндірумен айналысады.
Бушер облысы өнеркәсібінің қолөнер және автоматтандырылған өнеркәсіп болып екіге бөлінетінін біліп жүргендеріңіз жақсы. Қолөнер кәсібі бағзы замандардан-ақ бұл облыстағы ауыл тұрғындарының күнделікті өмірінде ерекше рөл атқарған. Қазіргі таңда Бушер облысы қолөнер кәсібінің сауда-саттық және экспорттық құндылығы жоқ, көбіне жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін өтеуге арналған. Аймақтың ең маңызды қолөнер кәсіптері – шағын кемелер мен қайықтар жасау, ау тоқу, кілем тоқу, габбе тоқу, тықыр кілем тоқу, киіз илеу, аба тоқу және қыш бұйымдарын жасау. Облыстың жаңа өнеркәсіптеріне теңіз өнеркәсібі, атом электр стансасы, тамақ және дәрі өнеркәсіптері мен машина жасау жатады.
Бүгінде Бушер облысының стратегиялық жағдайы, мұнай мен газ сияқты әртүрлі қуат көздері мен өнеркәсіптердің болуына байланысты, әсіресе Ассалуйе мен Канганда Оңтүстік Парс газ кен орындары, Дайер, Бардехун мен Дәшти ауданында Солтүстік Парс газ кен орындарының болуына байланысты әлем бойынша ең ірі тәуелсіз газ көзі болып саналады. Мұнымен қоса, Джамда ірі газ өңдеу зауытының болуы, Харак аралында әлемге шикі мұнай экспорттайтын ең маңызды терминалдардың бірінің болуы, сондай-ақ, ірі өнеркәсіптік жобалар, соның ішінде Бушер АЭС-ін салу жобасын орындау бұл облысты әлемнің ең маңызды индустриалдық және экономикалық аймақтарының біріне айналдырды.
Өсімдік жамылғысының шектеулілігі және ауа райының ыстықтығы мен құрғақтығы бұл облыста тек оның табиғи жағдайына бейімделе алатын жануарлардың тіршілік етуіне себеп болды. Бушер облысының шөл далалары мен тау бөктерлері, ішкі биіктіктері, бұлақтары мен бұғаздарының маңы мен жасыл кеңістікте әралуан жабайы жануарлар тіршілік етеді. Бұл облыстың ең маңызды жануарлары ретінде бөкен, жабайы ешкі, қой мен арқарды атауға болады. Аталған жануарлармен қоса, Парсы шығанағының сулары мен осы облыстың құрамына кіретін аралдарда теңіз жануарлары көптеп кездеседі. Олардың кейбіреулері жергілікті, ал кейбіреулері көшпенді, анда-санда аймақтан жүзіп өтеді. Ең маңызды теңіз жануарлары ретінде асшаян, акулалардың түр-түрі, дельфин, тасбақа, таңқы шаян, әртүрлі медузалар, сепия мен тұтасқанатты атауға болады. Бушер облысында, әсіресе жағалауларда көптеген құстарды көруге болады. Олардың ең маңыздысына шіл, сұр шіл, бөдене, қараторғай, қарлығаш, бұлбұл, құтан, тырна мен көкек жатады. Кейбір құстар тек қыс мезгілінде балық аулау үшін Үндістан мен Африкадан Парсы шығанағына ұшып келіп, біраз уақыт облыс аумағындағы жағалау мен аралдарда тұрақтап, содан соң өз отандарына қайтып кетеді.
Бушер облысында «Мәнд» қорғалған аймағы, «Халле тоғаны » қорғалған аймағы, «Найбанд» қорғалған аймағы және «Кух сиах» аң аулау аймағы деп аталатын 4 қорықтың бар екенін біліп жүргендерінің жақсы. Бұл аймақтардың әрқайсысы өте әдемі табиғи тартымдылықтарымен көптеген қызығушыларды өзіне тартады. «Мәнд» қорғалған аймағы Мәнд өзенінің айналасында орналасқан және кейбір маңызды жануарларды қорғау және көбейту жөнінен көңіл аударуға тұрарлық. «Найбанд» қорғалған аймағы жабайы жануарлардың әралуандығы жөнінен теңдессіз. Онда жабайы қой, арқар, бөкен, жабайы ешкі, марал, қабылан мен джабир паналайды (джабирді үнді маралы, шөл маралы деп те атайды). «Кух сиах» қорығы және аң аулау аймағы Баразджанның оңтүстік-шығысынан 83 км қашықтықта теңіз деңгейінен 1691 м биіктікте орналасқан. Бұл қорық көшпелі тайпалардың қыстайтын жер саналады. Бұл аймақта мыңдаған бас бөкен, жабайы ешкі, қой, арқар тіршілік етеді. Қоршаған ортаны қорғау ұйымының рұқсатымен мұнда белгілі бір мезгілде аң аулауға болады.
«Халле тоғаны» қорғалған аймағы да ерекше маңыздылыққа ие. Бұл аймақ Бушердің солтүстік-шығысында 20 мың га ауданды алып жатыр. Ерекше табиғи жағдайына байланысты әлемде сирек кездесетін әртүрлі құстар мен теңіз жануарлары, соның ішінде мәрмәр үйрек, ақ бас үйрек пен сұр тырна мекендейтін жер болып табылады. Халықаралық тоғандардың бірі ретінде тіркелген «Халле тоғаны» ащы сулы Шапур мен тұщы сулы Далаки өзендерінің қосындынан түзілген. Халықаралық «Халле тоғаны» көптеген өсімдік түрлері, атап айтқанда суда өсетін құрма ағашы, қамыс және басқа көптеген өсімдіктердің болуына байланысты аймақтың температурасын тұрақтандыруда және Ираннның оңтүстігіндегі ыстық аймақтарда көшпелі құмды тоқтатуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан бұл тоған өсімдіктің жүздеген түрі мен су жануарларының түрлерін көбейтуге, сондай-ақ, мыңдаған құстарды қабылдауға қолайлы мекен болып табылады. Жыл құстары мыңдаған шақырымдық Сібірдің даласы мен Каспий теңізін кесіп өтіп, өздерін осы тоғанға жеткізеді. Айта кету қажет «Халле тоғаны» қорғалған аймағында сирек кездесетін құстармен қоса, басқа жабайы жануарлар, соның ішінде қорқау қасқыр, түлкі мен қасқыр да тіршілік етеді.