Ақп 29, 2016 17:51 Asia/Almaty

Қолда бар құжаттар көрсеткендей, Бушер аймағы теңіз базасы мен кемежай салуға қолайлы стратегиялық жағдайына байланысты б.з.д. үшінші мыңжылдықтан бастап абадтандырылып, Элам империясының ең маңызды орталықтарының бірін құраған.

Иран жері 20 сатрапқа (облысқа) бөлінген Ахеменилер заманында Бушер Загрос пен Парстың батыс етегінде орналасқан уалаяттардың бірі болған. Ардашир Бабаканның кезінде «Рам Ардашир» қаласы қазіргі Бушерден 8 шақырым жерде салынған. Қазір оның үйінділері «Рейшахр» деген атпен сақталып қалған. Рейшахр Сасанилер заманында абадтандырылған маңызды айлақ болған. Ол жерді «Риу шахр» деп атаған. Рейшахр Исламнан кейінгі бірнеше ғасыр бойы бұрынғыдай қарқынды болып тұрған. Тіпті құжаттар бойынша,  Рейшахр 16-17 ғасырларда да үлкен сауда  орталықтарының бірі саналған. Рейшахр көне қаласы мен ауданы х.ш.ж.с.б. 1310 жылы Иранның ұлттық мұраларының тізіміне енгізілді.

Парсы шығанағы стратегиялық жағдайы мен сауда-экономикалық тұрғыдан маңыздылығына байланысты тарих бойында ғылым, байлық пен күш-қуатты арттыру үшін әрдайым  елдер мен үкіметтердің назарында болғанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Еуропалық мемлекеттердің Парсы шығанағы жағалауына алғашқы басқыншылығы португалдықтар тарапынан 1506 жылы мысырлық және венециялық саудагерлер алдындағы өздерінің мүдделерін қорғау сылтауымен жасалды. Шах Аббас Сефеви х.қ.ж.с.б. 1031 жылы португалдықтарды Парсы шығанағынан қуып шықты. Бірақ Сефевилер дәуірінің соңында Иранның оңтүстігі қайтадан еуропалық бөгделер мен кейбір көрші елдердің шабуылына ұшырады. Надершах Афшар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Парсы шығанағындағы аралдар мен жағалауларды байланыстыру мақсатымен  теңіз күштерін қамтамасыз етуді көздеді. Х.қ.ж.с.б. 1147 жылы, сәйкесінше 1735 жылы  Абдуллатиф хан Дәштестани «Дариабегі» деген лақаппен Дәштестан аймағының  оңтүстігіндегі бүкіл жағалаулар мен айлақтарға билік жүргізе бастады. Латифхан сол заманда бір абадтандырылған жағалаулық елді-мекен болған Бушер қаласының бүгінгі  орнын өзінің әкімшілігін орналастыру үшін таңдады. Сол заманнан бастап Бушер Парсы шығанағының маңызды айлақтарының бірі ретінде қарастырылды.

Кәрімхан Зендтің заманында ағылшындардың Парсы шығанағы жағалауы мен аралдарына, әсіресе Бушерге ықпалы арта түсіп, олар Бушерде сауда үйін ашуға рұқсат алады. Иранда Зендтерден кейін билікке келген Қаджарлар әулетінің Парсы шығанағында аса ықпалы болмағандықтан ағылшындардың шығанақтағы құзыры біртіндеп арта түсті. Тіпті х.қ.ж.с.б. 1227 жылдан, сәйкесінше 1812 жылдан бастап Бушерде Англияның Бас консулдығы билік жүргізген. Англияның өкілі аймақта өзін сол жердің халқы мен мүлкін билеуші деп санаған. Насыреддин шахтың кезінде (х.қ.ж.с.б.1273/1857 жылы) Англия үкіметі өзінің Герат пен Ауғанстандағы заңсыз мүдделеріне Иран тарапынан қатер төнгенін сылтауратып, Иранның оңтүстігіне шабуыл жасап, Харак аралын жаулап алды.  Содан соң ағылшын күштері Бушерді басып алды. Тангестан, Дәштестан мен Бушерден шыққан ержүрек жауынгерлер ағылшын күштерімен қасық қандары қалғанша шайқасты.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Англия үкіметі Бушер аймағына тағы шабуыл жасады. 1913 жылы ағылшын күштері мен аймақтың ержүрек халқы арасында кескілескен шайқас болды. Осы соғыс барысында басшы Әли Делвари және Тангестан мен Дәштестанның халқы көрнекті рөл атқарды.  Басшы  Әли  (Раисали) Делвари  мен Бушер аймағы халқының шетелдік отарлаушыларға қарсы күрестері Иранның ержүрек азаматтарының отаршылдықпен күрестегі қарсыласу тарихында алтын парақ болып саналады. 

Бушер облысының тарихымен танысқаннан кейін енді Бушер портты қаласымен де қысқаша таныстырып өткенді жөн көріп отырмыз. Бушер – өте көне қала. Кейбіреулер оның салынған уақытын Сасанилер дәуіріне тиесілі деп санайды. Бушердегі имамзада кесенесі орналасқан жерден Сасанилер заманына тиесілі тиынның табылуы осы сөзімізге дәлел бола алады. Бушердің жанында орналасқан Рейшахр қамалының үйінділеріне жүргізілген ғылыми-археологиялық қазба жұмыстарынан табылған ескерткіштер де осы сөзімізді растай түседі.  Бушер де Иранның басқа да көптеген қалалары сияқты әртүрлі дәуірлерде көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды басынан өткерген. Бірақ Кәрімхан Зендтің кезінде бұл портты қала ерекше маңыздылық пен қарқындылыққа ие болды. Тіпті Ирактағы Басра айлағы үшін күшті бәсекелес болған. Бұл айлақ шарықтап тұрған кезінде Парсы шығанағының басты сауда орталықтарының бірі саналған. Бушер саудагерлері Парсы шығанағы мен Үнді мұхитындағы сауданың басым бөлігін өздерінің қарамағына алған  еді. Бушер – тас баспа ашылған алғашқы қалалардың бірі. Иранның көптеген маңызды қалаларынан бұрынырақ мұнда жаңа өнеркәсіптер, атап айтқанда мұз жасау өнеркәсібі мен электр қуаты қалыптасты. Бушер айлағының ерекше саяси-экономикалық жағдайына байланысты шетелдік компаниялардың өкілдіктері мен әртүрлі елдердің консулдықтары осы қалада жұмыс істеген.

Қазіргі Бушер – Иранның жағалаудағы маңызды әрі дамыған қалаларының бірі. Онда теңіз экономикасы мен өндеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Бұл портты қалада жүк тасымалдаушы кемелердің жүк түсіру және артуына арналған көптеген кемежайлар бар. Бушер айлағында көптеген тарихи ғимараттар мен көне ескерткіштер бар. Олардың ең маңыздысы ретінде ескі үйлерді, Қавам су қоймасын, Рейшахрдің қирандыларын, шейх Сағдунның мешіті мен басқа да көптеген зиярат орындарын атауға болады.

Бушер облысының кейбір маңызды әрі көне үйлерімен таныстыру мақсатында Иранның кең байтақ жерінің осы бөлігіндегі жергілікті сәулет өнерімен қысқаша таныстырып өтейік. Жалпы осы облыста үйлердің құрылысы ондағы ауа райымен жақсы үйлесім тапқан. Үйлердің жалпы формасы қарапайым әрі Парсы шығанағы жағалауындағы Иранның басқа қалаларының сәулет стиліне ұқсас.

Үйлердің көбінің алдында көптеген бағандардан тұратын дәліз бар. Ол бір жағынан бөлмелердің есіктерімен, ал екінші жағынан ауламен жалғасып жатыр. Бөлмелердің төбесі көбіне ши тоқыма, орман ағаштары және тақтаймен жабылған. Үйдің төбесі жазық. Ол шарбақ пішінді қысқа қабырғалардың үстіне салынған. Ауланың ішінде хауыз бен су қоймасы орналасқан. Үйлердің көбі әктас, маржан тастар мен алебастр қоспасынан салынған.  Олардың кіреберіс есіктері көбінесе орман ағашынан жасалған және әдемі өрнектермен безендірілген. Тарихи тереңдігі мен архитектуралық ерекшеліктері тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық және Бушер облысының көрнекті жерлерінің бірі саналатын Бушердің көне үйлерінің бірі ретінде Қазы үйі мен басшы Әли Делваридің үйін және Малек ғимаратын атауға болады.

Малек ғимараты – Бушердің оңтүстігіндегі аудандардың бірінде орналасқан ғимараттар жиынтығы. Ол шамамен 1 ғасыр бұрын салынған. Құрылыстың архитектуралық стилі Зендтер мен Қаджарлар дәуірінің бас кезіндегі сәулет өнерінің ықпалында болған Парсы шығанағы жағалауындағы соңғы 2 ғасырдағы құрылыс салу стилінен әсер алған. Бұл жиынтық алдымен тұрғын үй ретінде қолданылған, кейіннен әртүрлі мақсатта пайдаланылғандықтан, Қаджарлар дәуірінде және Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен одан кейінгі кездері  ағылшындар тұрғандықтан оған өзгерістер енгізілді. Бір-бірімен байланысып жатқан әртүрлі бөліктерден құралған ғимарат күзет бөлімі, мұнара мен қонақ күту залы, бірнеше терраса мен тұрғын бөлмелерден тұрады. Айта кету қажет, бұл ғимарат х.ш.ж.с.б. 1377 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.

Басшы Әли Делваридің үйі де Бушер облысының құнды үйлерінің бірі.  Ол Бушерден 45 шақырым жерде Делвар қаласында орналасқан. Бұл ғимарат қайта жөндеуден өтіп, жаңартылғаннан кейін мәдени кешенге айналды. Қазір Бушер облысының Этнографиялық мұражайы ретінде және басқа да ауылдық дәстүрлі белсенділіктер үшін пайдаланылады. Әли Делвари Иранның оңтүстігіндеі күрескерлердің бірі болған. Ол Англияның отаршылдығына қарсы күрестерімен Иран халқының жадында мәңгілік өшпес естелік қалдырды.

Бушерде көптеген тарихи ғимараттармен қоса, су қоймалары да көрнекті жерлер болып саналады.  Бушердегі Қавам су қоймасы – ең танымал су қоймаларының бірі. Оның ғимараты қаланың негізгі көшелерінің жанында орналасқан. Ғимараттың 150 жылдан астам  тарихы бар. Ол Қаджарлар заманында жергілікті құрылыс материалдарынан салынған. Оның негізгі қаңқасы мен төбесі өте берік шөгінді тастардан салынып, үш есікшелі бағандардың үстіне орнатылған 4 аркамен жабылған. Су қоймасының 2 метрі жер  бетінде, 2 метр 60 сантиметрі жер астында орналасқан. Су қоймасының іші өте берік сарудж қоспасымен сыланған. Құрылыстың сыртқы бетінде  белгілі бір аралықта  120х90 см көлеміндегі терезелер салынған, ал ішкі жағын тас шарбақпен жабылған.