Иран ертегілері мен аңыздары (133)
Өткен бірнеше бағдарлама барысында «Мың бір түн» кітабында әртүрлі мазмұндардың барл екендігін айтып, ондағы ең маңызды мазмұн, яғни ғажайыптарды мысалдар келтіріп талдадық. Сонымен қатар, бұдан бұрын айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» кітабында тұрақты да өзгермейтін кейіпкерлер құбылмалы әлемге қарама-қарсы қойылған.
«Мың бір түн» ертегілеріндегі адамдар қаз қалпында мәңгілікке сақталып қалады. Кейбіреулер шығыстың ертегілерінде психологиялық күрделілік жоқ деп санап, мұны бір осал тұс ретінде қарастырады. «Мың бір түн» кітабын зерттеушілердің көбінің пайымдауынша, бұл кітаптағы ертегілер ислам өркениетінен алынған. Онда адамға болмысты анықтау арманы берілген. Мұндай өркениетке психологиялық күрделіліктің қажеті қанша? Шығыстың ертегілерінде кейіпкерлер уақыт өте келе қуаттана түспейді және өз тағдырларын өздері жасамайды. Олар басқа кейіпкерлермен ерікті түрде байланыс жасап немесе тіпті олармен қатынасын ерікті түрде үзе алмайды. Бұл ертегілердің кейіпкерлері қиындықтар мен жағымсыз оқиғалармен бетпе-бет келгенде бір сәтте өздерінің тұрақтылығы мен беріктігіне ие болады. «Мың бір түн» кітабының кейіпкерлері кез-келген оқиғаның соққысымен әуре-сарсаңға түскендерімен бұрынғыдай тұрақты қала береді.
«Мың бір түн» кітабындағы тұрақты да өзгермейтін кейіпкерлермен қатар Харун ар-Рашид сияқты ерекше кейіпкерлер де бар. Харун ар-Рашид күндіз ел басқарады, түнде киімін ауыстырып, өз халқының өмірімен танысу үшін Бағдадтың көшелерін аралайды. Түнде қыдыратын бұл сұлтан кез-келген нәрсеге таң қалады. Ол «Мың бір түн» кітабындағы қадірді білетін ең жақсы адам. Ол өмірдің маңыздылығын түсінеді, сондықтан басқалардың өмірін білуге қызығады. Ол таң қалумен шектелмейтін жалғыз адам, керісінше сиқырланып қалып, өзін мадақтауға итермелеуді қалайды. Харун ар-Рашид адамдар мен заттарды аты және атауларымен емес, сапасымен таниды. Жындар мен перілер өңін өзгертсе де, анықтай алады. Харун ар-Рашид кезіккен адамға сұрақ қойып, одан дертімен бөлісуді сұрайды. Осылайша бір сәтке болса да, оған көмектесуді қалайды.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Өтірікші нөкер» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Кештердің бірінде халиф Харун ар-Рашид өзінің уәзірі Джафар Бармакиге: «Қалада қыдырып, қолбасшыларым, шенеуніктерім мен жандаралдарымның жұмыстарынан хабардар болғым келеді. Халық арыз айтып, жұмысын ұнатпаған басшыны орнынан алып тастаймын»,-дейді. Джафар: «Мақұл, тақсыр»,-дейді. Сөйтіп халиф, Джафар Бармаки мен қылышшы Масрурмен бірге қаланы аралап келе жатып, базарға жетеді. Көшелердің бірінде бір шалға кезігеді. Шал ау мен себетін басына қойып, қолына балдақ ұстаған екен. Оның әлі құрып, әрең тыныстап отырғаны мәлім еді. Халиф оның алдына барып: «Қария, кәсібіңіз не?»-деп сұрайды. Шал: «Мен балықшымын. Бала-шағам бар. Өте кедеймін. Түстен бері жанұяма тіске басарлық ештеңе аулай алмадым. Өмірден түңіліп, өзіме өлім тілеп отырған кезде сендерді көрдім»,-деп жауап береді. Халиф: «Жүр, бірге Тигр өзенінің жағасына барайық. Менің бақытыма сеніп, өзенге ауыңды лақтыр. Не ұстасаң да, сенен 100 динарға сатып аламын»,-дейді.
Шал қуанып, олармен бірге өзеннің жағасына барады. Ауды суға лақтырып, сәл күткен соң жібін тартып, оны алып шығады. Торға қақпағы кілтпен жабылған ауыр сандық түсіпті. Халиф оны бажайлай қарап, ауыр деп бағалайды. Балықшыға 100 динар береді. Масрур сандықты алып, бәрі сұлтанның сарайына қайтып оралады. Гам жағып, сандықтың қақпағын сындырып, ішінен пальманың бұтақтарынан тоқылған себетті көреді. Оның бетіне қызыл жүннен тоқылған мата жабылған екен. Матаны жыртқанда ішінен жайылғыны көреді, жайылғының ішінде шадра бар екен. Оны ашқанда ішінен қанға бөккен қыздың денесін көреді. Оны біреу өлтірген екен. Қыздың қанға бөккен денесіне көзі түскен халиф көзіне жас алып, Джафар Бармакиге: «Ей, уәзірлердің ең пасығы, менің халифатым кезінде бір адамды өлтіріп, суға лақтырып, оның күнәсі менің мойныма артылуы тиіс пе? Құдай атымен ант етемін, мына қызды өлтірген адамды қысаспен өлтіру керек. Ата-бабаммен ант етемін, егер мына қызды өлтірген адамды тауып, сазайын бермесең, сені мен ағаларыңның 40 баласын осы сарайдың есігінің алдында асып өлтіремін»-дейді.
Халифтің ашуын көрген Джафар Бармаки: «Маған үш күн мұрсат бер»,-дейді. Халиф оған мұрсат береді. Джафар Бармаки халифтің алдына түсіп, көңілі түсіп, қайғырып: «Халифтің алдына ертіп апаратындай бұл қызды кімнің өлтіргенін қайдан білемін? Егер басқа біреуді апарсам, оны дарға асады ғой. Оның қаны менің мойныма артылады. Не істерімді білмеймін»,-деп ойланып келе жатады. Джафар үш күн үйінде қалады. Төртінші күні халиф оны шақыртып алады. Ол келгенде халиф: «Қызды өлтірген адам қайда?»-дейді. Джафар Бармаки: «Өлтірген адамды анықтайтындай менің ғайыптан хабарым жоқ»,-дейді. Халиф ашуланып, Джафарды сарайдың есігінің алдында дарға асуға бұйрық береді. Жаршылар Бағдадтың көшелерін аралап, кімде кім халифтің уәзірі әрі ағасының баласы Джафар Бармакидің дарға асылғанын көргісі келсе, сарайдың есігінің алдына жиналсын деп жар салады. Халық көру үшін көшелер мен үйлерінен шығып, сарайға қарай ағылады, алайда Джафар мен оның туыстары не үшін дарға асылатынын білмейді. Сол кезде халифтің бұйрығымен дар ағашы құрылады. Содан соң Джафарды дар ағашының түбіне апарады. Жандайшаптар тек халифтің бұйрығын күтіп тұрады. Халық Джафар Бармаки мен оның туыстарының халін ойлап жылайды. Кенеттен үстіне жақсы киім киген келбетті жас жігіт халықтың арасынан шығып, уәзірдің алдына барып: «Ей, уәзірлердің ұлысы әрі кедейлердің панасы, басың орнында болсын. Денесін сандықта тапқан қызды мен өлтірдім. Сондықтан қысас ретінде мені өлтіріңдер»,-дейді. Мұны естігенде Джафар өзінің аман қалғанына қуанып, ана жігіттің қиындыққа душар болғанына қайғырады. Осы аралықта кенеттен халықтың арасынан бір қарт адам шығып, уәзір мен әлгі жас жігіттің жанына барып: «Уа, уәзір! Оның сөзіне сенбе. Ол қызды менен басқа ешкім өлтірген жоқ. Мені қысас қылу керек»,-дейді. Жас жігіт уәзірге: «Бұл қария қартайғандықтан ақылынан алжасқан. Ол өзінің не айтып тұрғанын білмейді. Қызды мен өлтірдім. Мені жазалауыңыз керек»,-дейді. Қария: «Перзентім, сен әлі өміріңнің ағашыңның жемісін теріп үлгерген жоқсың. Өмірді жақсы көресің. Ал мен кәрімін, өмірден тойдым. Сені мен уәзірдің және оның ағаларының балаларының құрбаны болып кетейін. Қызды мен өлтірдім. Құдайдан сұраймын, мені тезірек жазалаңыздар»,-дейді. Мұны естіген уәзір қатты таң қалады. Жас жігіт пен қарияны халифтің алдына апарып: «Ей, халиф, қызды өлтірген адам табылды»,-дейді. Халиф жас жігіт пен қарияға қарап: «Кім өлтірді?»-дейді. Джафар: «Мына жігіт қызды мен өлтірдім дейді. Ал мына қария оны өтірікші деп атап, қызды мен өлтірдім деп отыр»,-деп жауап береді. Халиф: «Шындығын айтыңдар, ана қызды кім өлтірді?»-дейді. Жас жігіт: «Мен өлтірдім»,-дейді. Қария: «Менен басқа оны ешкім өлтірген жоқ»,-дейді. Халиф: «Екеуін де дарға асыңдар».-дейді. Джафар келіспейді. Бір адам кінәлі болғанда екі адамды өлтіру – зұлымдық.