Иран ертегілері мен аңыздары (134)
Өткен бірнеше бағдарлама барысында «Мың бір түн» кітабында әртүрлі мазмұндардың барл екендігін айтып, ондағы ең маңызды мазмұн, яғни ғажайыптарды мысалдар келтіріп талдап шықтық. Сонымен қатар «Мың бір түн» кітабында құбылмалы әлемге қарама-қарсы қойылған тұрақты да өзгермейтін кейіпкерлерге сараптама жасадық.
Өзгерісті қалайтын Харун әр-Рәшидті ережеден тыс кейіпкер ретінде атап өттік. Харун әр-Рәшид «Мың бір түн» кітабында адамдарға өздерін тануға себеп болатын және барлық ісі жемісті болатын жалғыз кейіпкер болып табылады. «Мың бір түн» кітабындағы көптеген ертегілерде істері адамдардың ұжданын оятып, қырағылығын арттыру болып табылатын құпияға толы тылсым тіршілік иелері бар. Бұл тылсым тіршілік иелері қоғамды сылбырлық пен күнделікті өмірдің күйбеңінен сақтайды.
Адамның қиялынан тыс білімге ие, үстіне көнетоз киім киген қария кенеттен ертегіде пайда болып, барлық нәрсені жаңартады. Ол өз істерімен әдет пен қайталаудан пайда болған және өмірдің таңғажайыптарын көруге кедергі болған қоршауларды бұзады. Осы тылсым тіршілік иелерінің барлығы – мұсылмандар.
Құран Кәрімде бұл тұлға – хазірет Қызыр. Ол хазірет Мұсаға жол көрсетеді. Ол кеменің капитанын кемесін суға батыру арқылы құтқарып қалады. Ол ата-ананы олардың балаларын өлтіру арқылы қолдайды. Ол жетімдерді байлық пен рахат өмірге жеткізеді. Сүлеймен пайғамбар отты бағындырып, құстармен сөйлеседі, адамдардың қатып қалған әлемі мен табиғи күштер арасында байланыс орнатады. Осы тылсым күшке ие кейіпкерлер адамның болмыстық құндылықтарын сақтау үшін кейде қоғамда орнаған әлеуметтік құндылықтарды бұзады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Өтірікші нөкер» атты ертегінінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, түндердің бір түнінде Харун әр-Рәшид өз уәзірі Джафар Бармакимен бірге киімдерін ауыстырып, Бағдадты аралап келе жатып, бір балықшы шалмен танысады. Сол күні ол ештеңе аулай алмаған екен. Харун әр-Рәшид оған: «Қармағыңды Тигр өзеніне лақтыр. Не ауласаң да, 100 динарға сатып аламын»,-дейді. Балықшы қармақ лақтырып, қақпағы жабық ауыр сандықты алып шығады. Халиф балықшыға 100 динар беріп, сандықты сарайға алып келеді. Сандықтан қанға бөккен қыздың денесін көреді. Біреу оны өлтірген екен. Қатты қамыққан халиф уәзірі Джафар Бармакиге өлтірген адамды табуға 3 күн мұрсат береді. Болмаса, уәзір мен оның ағаларының балаларын дарға асатынын айтады.
Үш күн өтеді. Өлтірген адамды таппаған Джафар Бармаки халифтің алдына барады. Халиф уәзір мен оның ағаларының 40 баласын сарайдың алдында дарға асуға бұйрық береді. Жаршылар халыққа хабар береді. Халық жиналып, Джафар Бармаки мен оның туысқандарының өлтірілетіндігіне қамығып тұрады. Сол кезде жас жігіт пен оның артынан бір қарт адам уәзірдің жанына барып, әрқайсысы қызды өлтіргенін мойындайды. Уәзір әлгі екеуін халиф Харун әр-Рәшидтің алдына апарады. Сол жерде әлгілер өз сөздерін қайталайды. Ашуланған халиф екеуін де дарға асуға бұйрық береді. Джафар келіспейді. Бір адам кінәлі болғанда екі адамды өлтіру – зұлымдық. Жас жігіт: «Жер мен аспанды жаратушының атымен ант етемін, мен қызды өлтірдім. Оның мынадай белгілері бар еді...»,-деп, халифке белгілерді санамалап береді. Халиф сандықты ашқан кезде өз көзімен көрген нәрселерді есіне түсіріп, жас қызды осы жігіттің өлтіргеніне көзі жетеді. Қатты таң қалып, одан: «Қызды не үшін нақақтан өлтірдің? Енді ешбір азапсыз өз қылмысыңды қалайша мойындап тұрсың?»,-деп сұрайды. Жігіт сонда былай деді: «Ей, халиф, бұл қыздың менің әйелім әрі ағамның қызы екенін біл. Мына қарт адам – оның әкесі. Мен бұл қызға үйленген едім. Үш ұлым болды. Әйелім мені жақсы көрді. Маған мейірімі мен қайырымын аямайтын. Осы айдың басында ауырып қалды. Мен оған дәрігер алып келдім. Жазылды. Моншаға баратын кезде маған: «Хош иісті алманы иіскеп, жегім келеді»,-деді. Бірнеше сағат қаланы аралап, алма іздедім. Қымбат болса да, бір алма сатып алайын деп бармаған жерім болмады. Бірақ таппадым. Сол түні қамыққаннан таңға дейін ұйықтай алмадым. Ертеңінде үйден шығып, жеміс бағына барып, барлық бағбандардан сұрадым. Алайда таба алмадым. Бағбандардың бірі маған: «Саған керек алма Бағдадтан табылмайды. Тек Басрадағы халифтің бағынан табылады, өйткені бағбан халифке сақтап қояды».-деді. Әйелімді қатты жақсы көретіндіктен сапарға дайындалдым. 15 күн жолда болдым. Ақырында бағбаннан 3 динарға 3 алма сатып алып, үйге қайтып оралдым. Үйге келіп, алмаларды әйеліме бердім. Мүлде қуанбады. Алмаларды бір бұрышқа лақтыра салды. Ол тағы да ауырып қалған еді. Қызуы көтеріліп, мазасы кеткен екен. Ол жазылған соң мен үйден шығып, өз дүкенімді ашып, сауда-саттыққа кірістім. Бір күні түсте дүкеннің алдында отыр едім, бір қара нөкердің алманы ұстап, оны жоғарыға лақтырып ойнап тұрғанын көрдім. Одан: «Мына алманы қайдан алдың?»-деп сұрадым. Ол: «Мұны мені қатты жақсы көретін әйелден алдым. Ол өз күйеуіне жау. Оны көрмегелі біраз болған. Бүгін барсам, ауырып қалыпты. Төсегінің басында үш алма жатыр екен. Ол күйеуінің осы алмалар үшін Басраға барғанын және оларды 3 динарға сатып алғанын айтты»,-деді. Ей, халиф, мұны естігенде басыма жай түскендей болып, көзім қарауытып сала берді. Дүкенді жаптым. Ашуланғаным соншалықты, ақылымнан адасқан едім. Үйге келгенде алмалардың бірінің жоқ екенін көрдім. Әйелімнен: «Үшінші алма қайда?»-деп сұрадым. Қайда кеткенін білмейтінін айтты. Нөкердің сөзіне сеніп қалдым. Өткір пышақ әкеліп, оны өлтірдім де, бөлшектеп, себетке салып, шадраға орап, сандыққа тықтым. Сандықтың қақпағын жаптым да, қашырға артып оны Тигр өзеннің жағасына апарып, суға лақтырып жібердім. Мұсылмандардың халифі! Мені тезірек дарға асуыңды сұраймын. Өйткені қиямет күні есеп беруден қорқамын. Әйелімнің денесін суға лақтырғаннан кейін үйге қайтып келдім. Не болғанын білмейтін үлкен ұлым жылап отыр. «Неге жылап отырсың?» деп сұрадым. «Алмалардың бірін шешемнің рұқсатынсыз алып, бауырларыммен ойнау үшін сыртқа шыққан едім. Ұзын бойлы қара нөкер алманы менен тартып алып: «Мұны қайдан алдың?»-деді. «Әкем Басраға барып, үш динарға үш алма сатып әкеліп, сыртқаттанып жатқан шешеме берді»,-дедім. Қара нөкер алманы маған қайтармады. Ол мені бір тартып, кетіп қалды. Енді шешем мені осы ұрланған алма үшін ұра ма деп қорқамын»,-деді. Ұлымнан осыны естігенде нөкердің өтірік айтқанын, ал өз әйелімді зұлымдықпен өлтіргенімді түсіндім».