Иранға сапар (176)
Дəштестан ауданы – Бушер облысының маңызды аудандарының бірі.
Оның орталығы – Боразджан. Айта кету қажет, Дəштестан ауданы облыстың егін шаруашылығының полюсі саналады. Облыстың басты өнімдері осы ауданда өндіріледі. Егін егу мен құрма ағашын өсіру – ауыл тұрғындарының басты жұмысы. Құрма, темекі мен көкөністер осы ауданның маңызды өнімдері саналады. Олар Иранның басқа аймақтарына жіберіледі.
Бушер облысында бірегей ғимараттар мен ескерткіштердің бар екенін біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл Иранның кең байтақ жеріндегі осы аймақтың маңыздылығын көрсетеді. Əсіресе Дəштестан ауданы мен Боразджанның айналасынан бағзы замандардан қалған ежелгі ескерткіштер мен төбелерді көруге болады. Бұлар осы аймақ халқының мəдениеті мен тарихының айғақтары.
Ең əйгілі ескерткіштердің бірі – қаланың ортасында орналасқан Боразджан қамалы («Мошир ул-Молк» керуен сарайы). Бұл ғимараттың сəулетшісі – Мошир көпірі мен Далаки керуен сарайын салған қажы Мұхаммад Рахим Ширази. Ол қамалды Зандие сəулет стилі негізінде өте шебер салған. Бұл керуен сарайды салуда қолданылған құрылыс материалдары – тас, алебастр мен сарудж қоспасы. Оның еденіне қашалған үлкен тастар төселген. Ғимараттың жалпы ауданы – 7000 шаршы метр. Инфрақұрылымының ауданы – шамамен 4200 шаршы метр. «Мошир ул-Молк» керуен сарайы жалпы 68 бөлме мен құжырадан тұрады. Кейінгі дəуірлерде оның қолданыс аясы өзгергендіктен бөлмелердің саны өзгерді. Бұл ғимарат х.ш.ж.с.б. 1300 жылға дейін керуен сарай ретінде қолданылған. Боразджан қаласы Шираздан Бушерге баратын сауда жолының бойында орналасқандықтан керуеншілердің демалуы үшін қолайлы мекен болған. Мошир керуен сарайы əртүрлі дəуірлерде əртүрлі мақсатта қолданылған. Аталмыш ғимарат 1377 жылы құндылығы мен маңыздылығына байланысты босатылып, бұл тарихи ескерткішті мəдени мақсатта қолдану үшін қажетті жөндеулер жүргізілді. «Мошир ул-Молк» керуен сарайы х.ш.ж.с.б. 1362 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.
Боразджанның атырабында Мадтар, Сасанилер мен Ашканилер дәуірлеріне тиесілі құнды тарихи ескерткіштердің анықталғанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Шапур Далаки өзенінің жағасындағы «Туз» немесе «Тудж» археологиялық ауданы – осындай құнды аудандардың бірі. Туз бұрынғы замандарда зығырдан жасалған маталар және кестелі маталарымен танымал сауда қаласы болған. Ауданның атырабынан ескі Туз ескерткіштерін, тас, қыш пен алебастрдан қалған үйінділерді көруге болады. Бұлардың барлығы Туз ауданының кеңдігі мен тарихи тереңдігінен хабар береді.
«Қырық үй» тарихи үңгірі де Боразджанның атырабында қалған құнды тарихи ескерткіштердің бірі. «Қырық үй» тарихи үңгірі шын мәнінде Шапур өзенінің екі жағалауындағы тас жартастарды ойып жасалған. Ондағы бөлмелердің алдында террасалар мен бөлмелерді бір-бірімен байланыстырып тұратын дәліздер бар. Айғақтар көрсеткендей, бұл ескерткіштер Мадтар мен Сасанилер дәуірлеріне тиесілі. Мұнымен қоса, Боразджанның атырабынан ирандық археологтар тарапынан Ахеменилер дәуіріне тиесілі үлкен екі сарайдың қалдықтары табылған. Бұл сарайлар Иранның Парсы шығанағы жағалауында орналасқан Ахеменилер дәуіріне тиесілі маңызды орталықтардың бірі болған.
Дәштестанның шығысында Бушер облысының тағы бір ауданы – Тангестан орналасқан. Бұл ауданның орталығы – Ахрам қаласы. Тангестан ауданы тұрғындары негізінен халыққа қызмет көрсету саласындағы жұмыстармен, егін және балық шаруашылығымен айналысады. Тангестанның тұрғындары әрдайым, әсіресе соңғы дәуірлерде ержүректік пен отансүйгіштігімен танымал болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Тангестанның қайратты тұрғындарының батылдығы мен жаужүректігі, ағылшындардың Иранның оңтүстігі мен Шираз қаласына жасаған шабуылдарына қарсы табандылығы туралы халық арасында көптеген аңыз-әңгімелер қалған.
Ахрам ауданы да Бушер облысының ауылдық жерлерінің бірі. Ахрам тарихи, діни және табиғи тартымдылықтар тұрғысынан туристік маңыздылыққа ие. Ахрам қаласының атырабындағы цитрус өсімдіктерінің бақтары мен көптеген бұлақтары оның табиғи тартымдылықтарының қатарын құрайды. Аудандағы екі әскери қамалдың қалдықтары Отанды шетелдік дұшпандардан қорғау жолында жанын қиған Радамраниді еске түсіретін болғандықтан маңызды. Бұл қамалдар осы ауданның тарихи ескерткіштерінің бірі саналады. Ахрамның атырабында көптеген діни және тарихи ескерткіштер орналасқан. Аймақ пен басқа қалалардың тұрғындары осы жерлерге көңіл аударып, зиярат етеді.
Кянган ауданы да Бушер облысының оңтүстік-шығыс шетінде, Парсы шығанағының жағалауында орналасқан. Оның орталығы – Кянган айлағы. Бұл аудан Парсы шығанағындағы әдемі жағалаудың болуына байланысты Бушер облысының көрнекті жерлерінің бірі саналады. Мұнымен қоса, Кянган табиғи газ өңдеу зауытының болуы бұл ауданды Бушер облысының маңызды өнеркәсіп орталықтарының біріне айналдырды. Бұл зауыт Иранның ең шалғай жерлерін газбен қамтамасыз етумен қоса, өз өнімдерін басқа елдерге экспорттайтын болғандықтан маңызды әрі ерекше құнды. Газ өңдеу зауытының болуына байланысты бұл аудандағы жұмыс орындарының басты бөлігі өнеркәсіп саласына тиесілі. Кянган портты қаласы балық аулайтын айлақ саналады.
Осы ауданға жататын Тахери айлағы х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда сауда-саттық тұрғысынан өте маңызды болғанын біліп жүргендеріңіз жақсы, өйткені Сироф көне әрі үлкен қаласы да Тахери айлағының жанында орналасқан. Сироф қаласынан бүгінде тек қирандылар қалса да, ол Сасанилер заманында Парсы шығанағындағы маңызды айлақтардың бірі болған және Исламның алғашқы ғасырларында стратегиялық тұрғыдан маңызды айлақтардың бірі саналған. Х.қ.ж.с.б. 3-4 ғасырларда Парсы шығанағында сауда-саттық өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде Сироф аймақтағы ең маңызды сауда орталығы болған. Теңіз арқылы Иранға енетін барлық тауарлар осы айлақтан таратылатын еді. Қалай болғанда да, тарихи ауылдардың болуы Кянган ауданының стратегиялық, тарихи және сауда тұрғысынан маңызды болғанын көрсетеді. Тарихи қирандылармен қоса, Кянганның солтүстігінде орналасқан Мианлу гейзерлік су бұлағы осы ауданның көрнекті жері саналады.
Ассалуйе ауданы – Бушер облысының жаңа аудандарының бірі. Оның орталығы – Ассалуйе айлағы. Ол 1391 жылдың дей айында жаңа аудан ретінде Кянган ауданынан бөлініп шыққан. Иранның оңтүстігіндегі ең қиырда орналасқан Ассалуйе айлағы Иранның ең маңызды экономикалық орталығы және әлемде қуат өндіретін ең үлкен орталық саналады. Ол соңғы 12 жылда қарқынды дамыды. Ассалуйе ауданының орталығы Бушердің оңтүстік-шығысынан 276 шақырым жерде, Бандар-Аббастың батысынан 570 шақырым жерде орналасқан. Ол Парсы шығанағының солтүстігіндегі Оңтүстік Парс газ кенішіне ең жақын жер болып табылады.
Ассалуйе айлағының тарихы тереңде жатыр. Ол Парсы шығанағының алғашқы айлақтарының бірі саналады. Қақтығыстар, әртүрлі оқиғалар мен дұшпандықтардың салдарынан оның тарихи ескерткіштері, соның ішінде қамалдары мен көптеген мешіттері қиратылып, жойылған. Деректер көрсеткендей, Ассалуйе айлағы Сасанилер заманында пайда болған. Айлақ Бушер қаласының шығысынан 300 км жерде, Парсы шығанағының ортасындағы Оңтүстік Парс газ кенішінен шамамен 100 км қашықтықта орналасқан.
Көгілдір сулы Парсы шығанағының жағалауынан 100-120 км қашықтықтағы теңіз түбінде үлкен Парс кен орны орналасқан. Оның бір бөлігі (Солтүстік Парс) толығымен Иран жерінде, ал басқа бір бөлігі (Оңтүстік Парс) Катар елімен ортақ территорияда жатыр. Кейбір мәліметтер бойынша Солтүстік Парс газ кеніші х.ш.ж.с.б. 40 жылдардың басында табылған деп саналса да, көптеген мамандардың сенімінше, кеніштегі қордың нақты көлемі әлі күнге дейін анықталмаған. Бушердің оңтүстік-шығысынан 120 шақырым жерде және Парсы шығанағында 2-30 метрлік тереңдікте орналасқан бұл кен орнында шамамен 7 триллион текше метр газ бар. Бұл кеніште барлау жұмыстары х.ш.ж.с.б. 1342 жылы тербелісті тексеру тәсілімен басталды. Ондағы алғашқы барлау ұңғымасы х.ш.ж.с.б. 1345 жылы жасалды. Осы кенішті пайдалануға арналған алғашқы жоба 1977 жылы бекітілді. 17 ұңғыма қазылып, 26 теңіз платформасы орнатылғаннан кейін революция болып, таңылған соғыс басталғандықтан жобаны орындау жұмыстары тоқтап қалды. Соғыс аяқталып, қайта жөндеу жұмыстары басталғаннан кейін осы салаға қатысты басшылар өз назарын Катармен ортақ Оңтүстік Парс газ кенішіне көбірек аударды.
Оңтүстік Парс газ кенішінің ауданы – 9700 шаршы метр. Иранға тиесілі бөлігінің ауданы – 3700 шаршы метр. Бұл кеніш Парсы шығанағының 3000 метрге жуық тереңдігінде 250 метрлік қалыңдықтағы жер қабатында орналасқан. Газ кенішінің осы бөлігінде 14 триллион текше метр газ бен 18 млрд газ конденсаты бар. Бұл көлем Иран газ қорының 50 пайызын құрайды. Оңтүстік Парс газ кенішін дамыту табиғи газға деген күн сайын артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету, оны экспорттау және мұнай-химия саласының шикізаты ретіндегі газ конденсатын пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.