Жел 12, 2016 12:26 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (90)

ИИР президенті осы аптада алдағы жылға арналған елдің бюджет жобасын Ислам кеңесі мәжілісіне тапсырды.

ИИР президенті осы аптада алдағы жылға арналған елдің бюджет жобасын Ислам кеңесі мәжілісіне тапсырды. Бағдарламамызды осы хабарға жасалған шолумен бастаймыз.

Қарастырылып, бекітілуі үшін мәжіліске тапсырылған келесі жылға арналған жалпы бюджеттің сомасы 320 триллион тұман (шамамен 300 миллиард доллар) деп жарияланды.

Иран президенті Мәжіліске тапсырған бюджет жобасын түсіндіруде үкіметтің инфляцияны азайтудағы рөліне тоқталып: "Иран үкіметі үш жылға жуық уақыт ішінде 40 пайыздан жоғары инфляцияны 10 пайыздан төмен деңгейге жеткізе алды" деді. 8 пайыздық экономикалық өсуге қол жеткізу Иранның даму бағдарламасының жалпы саясаттарының бір бөлігі болып табылады. Үкімет 320 триллион тұманды құрайтын жалпы бюджеттің 60 триллион тұманын, яғни оның шамамен бестен бір бөлігін құрылыстық жобаларға арнаған. Елде құрылыстық жобаларға алғаш рет осындай мөлшерде бюджеттен ақша бөлініп отыр. 1396 жылдың құрылысқа арналған бюджетінде үкімет, жеке сектор, банк пен даму қоры төртжақты серіктестік арқылы ұлттық тиімді жобаларды жүзеге асыру үшін әріптестік жасайтын болады. Бұл елдің дамуы үшін жақсы жағдай тудыра алады. Мұнайға тәуелділікті азайту және салықтан түсетін табыстарды арттыру Иранның алдағы жылға арналған бюджетін реттеудегі  екі басты өзек болды. Иран "Ортақ қадам" бағдарламасы жүзеге асырылғаннан кейінгі кезеңде пайдалы қазбалардың экспортын жақсарту және бұл бөлімнің кірісін 1 миллиард 500 миллион доллардан 6 миллиард долларға арттыру үшін он жылға стратегиялық жоба қабылдамақ. Оған қоса, 2025 жылдың соңына дейін барлық кедергілер жойылатын жағдайда мұнай-химиялық өнімдерден басқа өнеркәсіптік өнімдер экспортының мөлшері 15 миллиард доллардан 60 миллиард долларға артады деп күтілуде.

Мұнайға тәуелділікті алтыншы даму бағдарламасының жалпы саясаттары шеңберінде азайтуға болады. Алайда мұнайды Иранның экономикасынан алып тастаудың ұзаққа созылатын, күрделі әрі орта мерзімді және ұзақ мерзімді бағдарламаларды қажет ететін іс екені мәлім.

ОПЕК мүшелері өткен аптада өзінің Венадағы 171-ші отырысында осы ұйымның мұнай өндірісін күніне 32,5 миллион баррель деңгейіне жеткізу үшін өз мұнай өндірісінен 1 миллион 200 мың баррельді азайтуға шешім қабылдады. ОПЕК-ке мүше елдер бұдан бұрын күніне 33,64 миллион баррель мұнай өндіретін. ОПЕК Вена отырысында Иранның өз өндірісін күнін 3,9 миллион баррель деңгейіне жеткізуін қабылдады. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы ОПЕК Венада келісімге келгеннен кейін Солтүстік теңізінің Брент шикі мұнайының бағасы 7 пайызға қымбаттады.

Зангане осы отырыстан кейін Ресейдің ОПЕК-тің тұрақты емес мүшесі ретінде өзінің мұнай өндірісін азайту туралы шешіміне тоқталып: «Бұл шешім екі тараптың жоғары дәрежелі басшыларының кеңесулерінен кейін жасалды. Ресейдің осы аяда ОПЕК-пен бағыттасуы маңызды қадам болды» деді. Зангане ОПЕК-ке мүше елдердің ортақ мүдделері бар екенін баяндап: «Мұнай нарығы саясатпен байланыстырлмауы керек. Сонда қисынды шешімдер қабылдауға болады» деді.

ИИР президенті Хасан Рухани да Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының жиналысында жасалған келісімге ризашылық білдіріп: «Иранға қарсы барлық қастықтарға қарамастан, Иранның күніне 1 миллион баррель мұнай және 300 мың баррель газ конденсаттарының экспорты қазір 2 миллион баррель мұнай және 500 мың баррель газ конденсаттарына жетті» деді.

АҚШ Сенаты бейсенбі күні Иранға қарсы санкцияларды тағы да 10 жылдық кезеңге ұзарту заңын бекітті. Бұдан бұрын АҚШ-тың Өкілдер палатасы осы санкцияларға оң дауыс берген еді. Бұл мәселе көптеген реакция тудырды.

ИИР президенті Хасан Рухани жексенбі күні Ислам кеңесі мәжілісінің ашық отырысында Иранның еш уақытта «Ортақ қадам» бағдарламасын бұзбайтынын баяндап: «Теһран «Ортақ қадам» бағдарламасын бұзу әрекетіне лайықты жауап қайтарады. Себебі АҚШ Конгресінің жуырдағы заңы аталмыш бағдарламаны бұзды» деді.

Рухани АҚШ президентінің Иранға қарсы санкцияларды бекіту және оны ұзартуға тосқауыл қою үшін өзінің өкілеттігін пайдалануға міндетті екенін баса айтып: «Иран халықаралық байланыстарын кеңейтуді өзінің құқығы санайды. Бұл жөнінде ешбір елден рұқсат сұрамайды. «Ортақ қадам» бағдарламасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тарапынан бекітілген халықаралық құжат болып табылады. Оны нақты жүзеге асыру барлық тараптарды жақсы табыстарға жеткізеді» деді.

Ислам революциясының жетекшісі өткен аптада ИИР теңіз күштерінің күніне орай жасаған баяндамасында: «Жаңа санкцияларды салудың мерзімі аяқталған санкцияларды қайтадан ұзартудан еш айырмашылығы жоқ. Екіншісі де қарсы тараптың бұрынғы міндеттерін бұзушылық болып саналады» деді.

«Ортақ қадам» бағдарламасын бұзу ИИР оған немқұрайдылық танытатын мәселе емес. Бұл әрекетті мәжіліс пен жүйе басшылары қарастырып, тиісті шара қолданады.

Осы аптада Иранның Сыртқы істер министрі сауда-экономикалық делегацияны бастап, Үндістан, Қытай және Жапония қайраткерлерімен сұхбаттасу үшін осы үш азиялық елге сапар шекті.

Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Нью-Делиде ирандық және үндістандық кәсіпкерлердің ортақ отырысында екі елдің қарым-қатынастарын кеңейтуді қуаттап: «Иран мен Үндістанның экономикалары энергияны өндіруші және тұтынушы ірі елдер ретінде бір-бірін толықтырады» деді.

Зариф Иранның оңтүстік-шығысындағы Чабаһар портын Үндістанмен ортақ ынтымақтастық жасау үшін лайықты сала деп атап: «Чабаһарға инвестиция салу тек Иран мен Үндістан үшін ғана емес, сондай-ақ, аймақ үшін де маңызды болып табылады. Чабаһар Үндістанды Ауғанстан, Орталық Азия, Ресей мен Еуропаға қоса алады» деді.

Үндістанға екі күндік сапар барысында «Азияның жүрегі – Ыстамбұл үдерісі» конференциясына қатысқан Зариф Қытай сапарынан кейін сейсенбі күні Жапония астанасы Токиоға сапар шекті.

Иран мен Арменияның ортақ комиссиясының 14-ші отырысы осы аптада Иранның Энергетика министрі Хамид Читчиан мен Армения Республикасының Энергетика инфрақұрылымдары және табиғи ресурстар министрі Ашот Манукянның қатысуымен Теһранда өтті.

Осы отырыстың соңында Иран мен Армения арасында энергетика, электр қуатымен алмасу, табиғи газ, Арас өзенінің экологиялық мәселелері, банк ісі және сақтандыру саласындағы әріптестіктер, Армения жерінде еркін сауда аймағын құру және екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейту салаларында жан-жақты ынтымақтастық жасау құжатына қол қойылды.

Хамид Читчиан Иран президентінің Арменияға сапары қарсаңында қол қойылған құжатқа сәйкес екі тараптың жақын болашақта екі елдің электр қуатын алмасу мүмкіндігін төрт есе арттыру туралы келісімге жеткенін мәлімдеді.

Иран президентінің бірінші орынбасары Исхақ Джаһангири Армения Республикасының Энергетика инфрақұрылымдары және табиғи ресурстар министрі Ашот Манукянмен кездесуінде екі елдің жақсы қарым-қатынастарына тоқталып: «Армения ИИР-ның сыртқы саясатында ерекше орынға ие. Теһран Ереванмен қарым-қатынастарды кеңейтуге ешқандай кедергі келтірмейді» деді. Иран президентінің бірінші орынбасары сонымен қатар Қара теңізді Парсы шығанағына қосу үшін қажетті инфрақұрылымдарды салуды Иран мен Арменияның ынтымақтастықтарын кеңейту үшін лайықты мүмкіндік деп атады.

Армения Республикасының Энергетика инфрақұрылымдары және табиғи ресурстар министрі Ашот Манукян осы кездесуде Иран, Армения мен Грузия арасында энергетика және электр қуатын жөнелту желілері құрылысы саласындағы аймақтық ынтымақтастықтардың  байланыстар деңгейін бұрынғыдан көбірек арттыруға көмектесе алатынын айтты.

Иран мен Армения келесі бір отырыста жаңа технологиялар бөліміндегі ынтымақтастықтарды кеңейту жөнінде келісім жасады.

ИИР-ның нанотехнологияларды дамыту ұйымының төрағасы Саид Саркар өткен аптада бір делегацияны бастап, Армениямен ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтарды кеңейту үшін Ереванға сапар шекті.

Ол осы сапарда Арменияның Білім және ғылым министрі Левон Мкртчянмен кездесіп, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастықтарды кеңейту жөнінде сұхбаттасты. ИИР-ның нанотехнологияларды дамыту ұйымы төрағасының Арменияның Қоршаған орта министрі Арцвик Минасянмен кездесуінде екі елдің түрлі салаларда, соның ішінде, қоршаған ортаны сақтау және екі елдің ортақ шекарасындағы Аракс өзенінің мониторингі салалары бойынша ынтымақтастықтарды кеңейту  қажеттігі қуатталды.

Иранның Байланыс министрі әрі Иран мен Әзірбайжан Республикасының ортақ экономикалық комиссиясының төрағасы Махмұд Ваези Бакуге жасаған үш күндік сапарында Әзірбайжан Республикасының қайраткерлерімен банк ісі, сауда байланыстарын кеңейту және алдағы бір ай ішінде Бакуде фармацевтикалық зауыттың құрылысын бастау мәселелері жөнінде сұхбаттасты.

"Bakutel-2016" көрмесіне қатысу үшін Әзірбайжан Республикасына сапар шеккен Махмұд Ваези бұл сапардың байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктерін баяндап: «Иранның жеке секторының байланыс саласында Әзірбайжан Республикасының нарықтарымен ынтымақтастықтары үшін жағдай жасалды» деді.

Ваези Әзірбайжан Республикасының Экономика министрі Шахин Мустафаевпен кездесуінде "Bakutel-2016" көрмесіне қатысып жатқан ирандық компанияларды таныстырып, Иранның байланыс және ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктері туралы баяндап, ирандық компаниялардың Әзірбайжан Республикасының компаниялармен әріптестік жасап, осы елдің нарығында белсенді түрде жұмыс жасауына әзірлігін мәлімдеді.

ИИР мен Индонезияның ортақ экономикалық ынтымақтастықтары комиссиясының он екінші отырысы осы комиссияның ирандық төрағасы  Иранның байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Махмұд Ваезидің қатысуымен  Джакартада өтті.

Өткен бір жыл ішінде Иран мен Индонезияның электр қуаты және энергетика комитетінің, сонымен қатар энергетика, мұнай және мұнай-химия ынтымақтастықтары комитетінің бірінші отырысы өткізілді. Индонезияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі де өткен жылы Иранға үш рет сапармен келіп, IPG газын Ираннан сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Индонезияның Ұлттық мұнай және газ компаниясы Иранның Ұлттық мұнай компаниясымен Иранның екі мұнай блогы туралы бастапқы келісімге қол қойды. Бұл келісім алты айдан соң зерттеу жұмыстарынан кейін қорытындыланады.

Ортақ комиссияның он екінші отырысында өзара түсіністік меморандумы мен бірнеше құжат қорытындыланды. Бұл құжаттарға Индонезия президентінің Теһранға сапары кезінде қол қойылады. Иранның мұнайдан тыс экспорты өткен алты айда былтырғы жылмен салыстырғанда 39 пайызға артып, Иранның Индонезиядан импорты 25 пайыздық өсімді көрсетті.

Индонезияның Сабағаттық мәжілісінің төрағасы Зулкифли Хасан дүйсенбі күні Теһранда Иранның Мұнай министрі Бижан Занганемен кездесуінде Индонезияның Ұлттық мұнай және газ компаниясының Иранның мұнай өнеркәсібінің өндіруші жобаларына атсалысуға қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Ол сонымен қатар өз елінің Иранмен Абтимур және Мансури мұнай алаңдарында (Иранның оңтүстік-батысы) зерттеу жұмыстары бойынша әріптестік жасауға әзір екенін айтты.

Иранның Мұнай министрі Бижан Зангане осы кездесуде Иранның шикі мұнай және сұйық газды Индонезияға сатуға әзірлігін хабарлады.

Осы аптада Теһранда сонымен қатар Иран мен Жаңа Зеландияның экономикалық делегацияларының келіссөздері өтті. Бұл келіссөздер Жаңа Зеландияның Сауда министрі Тод МакКлэй мен Иранның Сауда палатасы төрағасының орынбасары Педрам Солтанидің қатысуымен өтті. Жаңа Зеландияның Сауда министрі осы елдің 18 компаниясының өкілдерінен құралған жоғары дәрежелі бір делегацияны бастап Теһранға сапармен келді. Жаңа Зеландияның ауылшаруашылық, азық-түлік өндірісі, жаңа энергия түрлері және туризм салаларындағы экономикалық белсенділері Теһранда ирандық экономикалық белсенділермен отырыстар өткізді.

Иран мен Жаңа Зеландияның сауда-экономикалық алмасуларының мөлшерінің деңгейі соңғы жылдары төмендеп, 200 миллион долларға түсті. Екі елдің басшылары мен экономика саласының белсенділері қолда бар мүмкіндіктерді назарға ала отырып, жақын болашақта сауда айналымының деңгейін 1 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Иранның Орталық банкінің төрағасы Валиолла Сейф Теһранда Жаңа Зеландияның Сауда министрі Тод МакКлэймен кездесуінен кейін ақпарат отырысында екі тараптың қарым-қатынастарды нығайту және екі елдің банктері арасындағы байланыс үшін жағдай жасау туралы келіссөздер өткізгенін хабарлады.

Иранның ауылшаруашылық және мал шаруашылығы салаларындағы жоғары мүмкіндіктері негізінде нидерландылық инвесторлар Иранның ауылшаруашылығын кеңейту саласында әріптестік жасауға қызығушылық танытып отыр.

Нидерланды қайраткерлерінің шақыруымен ресми түрде осы елге сапармен барған Иранның Ауылшаруашылық министрі Махмұд Ходжати Нидерландының Экономикалық істер жөніндегі министрі Хэнк Кэмппен кездесуінде: «Иран кейбір бау-бақша өнімдерінің өндірісі бойынша әлем елдерінің арасында бірінші орын алады. Сондай-ақ, Иран өз өнімдерінің жаңа базарларға экспортын арттыруды жоспарлап отыр» деді.

Ол сонымен қатар Нидерландының ауылшаруашылық және мал шаруашылығы бөлімдеріндегі мүмкіндіктеріне тоқталып, екі елдің ауылшаруашылық бөлімдерінің түрлі салалар бойынша бір-бірін толықтыра алатынын айтты.

Осы кездесудің соңында екі тарап арасында ауылшаруашылық, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы салалары бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.