Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау
Өздеріңіз білетіндей, Иран Ислам Революциясының жетекшісі батыс жастарына арнаған өзінің екінші хатында лаңкестіктің шыққан тамырлары мен Батыстың екіұшты саясаттарының лаңкестіктің нығаюындағы рөлін сараптады.
Хазірет аятолла Хаменеи лаңкестікті Батыс пен әлемнің ортақ түйткілі деп атап, Батыстың мұсылмандарға қарсы лаңкестікті қолдауын сынады. Хазірет былай деді: «Батыстың саясатында екіұшты өлшемдер үстемдік еткен уақытта, терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан жақсы-жаман деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ».
Иран Ислам Революциясының жетекшісі лаңкестік пен әсірешілдіктің идеологиядан бастау алмайтынын қуаттап: «Егер түйткілдің шынымен-ақ идеологиялық негізі болса, бұдан бұрын да отаршылдық заманында осыған ұқсас құбылыстар ислам әлемінде орын алуы тиіс болды, бірақ тарих оған керісінше жайттарды көрсетіп отыр. Айқын тарихи айғақтар отаршылдық түсінігінің бір бәдәуи тайпасындағы бір экстремистік оймен аймаққа радикализмнің дәнін қалай сепкенін анық көрсетеді. Болмаса, әлемнің ақлақ пен адамгершілікке негізделген ең гуманизмді мектептерінің бірінен ИСИМ сияқты қоқыс қалай шығады?» деп жазады.
Хазірет аятолла Хаменеи сөзінің осы бөлігінде батыстың ақпарат құралдарының барлығы оны жасыруға тырысып жатқан шындықты қуаттады. Батыстың үгіт-насихаттық құралдары жалған сараптамалар ұсыну арқылы исламдық ой-пікірді қатыгездік пен әсірешілдіктің тамыры ретінде көрсетуге тырысады. Батыстың ақпарат құралдары ИСИМ-ді «исламдық үкімет» деп атағандықтан, тыңдармандар ИСИМ лаңкестік тобының барлық қылмыстарын Исламмен байланыстырады. Бірақ ИСИМ мен оның зұлым әрекеттерінің Исламға қандай қатысы бар? Ислам әлемінде тәрбиеленіп, адамның ар-абыройы, оның жаны, мал-мүлкі мен азаттығының құндылығын Құран тағылымдары арқылы таныған адамның бұл сұраққа айқын жауабы бар: «ИСИМ лаңкестерінің Исламнан еш хабары жоқ».
Тарих илаһи және адами ағымдармен қатар әрдайым әсірешілдік жолын таңдаған топтардың да болғанын көрсетеді. Ислам да бұл қағидадан тысқары болған жоқ. Бірақ Исламның басқа мектептерден айырмашылығы, бай мазмұн мен бұрмаланбаған қайнар көздің, яғни, қасиетті Құранның арқасында әсірешілдік әрдайым төменгі қатарға орналасатын. Хазірет аятолла Хаменеи осы хатында тарихтың отаршылдықтың бір бәдәуи тайпасындағы экстремистік оймен араласуы арқылы аймаққа радикализмнің дәнін қалай сепкеніне сілтеме жасайды. Осы мәселені талқылау арқылы лаңкестіктің шығу тамырын да таба аламыз.
Тәкфіршіл ваххабилік ағымның қалыптасу тарихына шолу жасау осы мәселені зерттеуге көмектеседі. Ислам келгеннен кейін шамамен 400 жылдан соң Ибн Таймия есімді адам мұсылмандардың діннен шығуына себеп болған иман мен күпірлік туралы анықтама ұсынды. Оның әсірешілдік ойлары пәк Ислам мен пайғамбардың тағылымдарына қайшы келгендіктен көп ұзамай мұсылмандар мен исламдық түрлі мазхабтардың үлемдерінің қарсылығына байланысты әрі қарай өрістеген жоқ.
Бірақ 400 жылдан кейін Британия отаршылдығы исламдық елдерді басып алуға талпыныс жасаған кезде бұл ағым қайта бой көтеріп, мұсылмандардың арасына іріткі салды. Британия исламдық бірлікті өзінің басқыншылық мақсаттарына жету жолындағы басты кедергі санағандықтан, мұсылмандардың арасындағы бірлікті бұзудың жолдарын іздеді. Тарих көрсеткендей, Ұлыбритания осы кезде өзінің тыңшыларын исламдық елдерге жіберіп, Ислам үмбетінің арасына іріткі салу үшін қажетті мағлұматтарды жинап, уақыт өте келе алауыздық тудыру және Ислам үмбетін әлсірету үшін ағым тудыруды көздейді.
Көптеген мұсылмандарды өлтіруге лайық деп санаған Ибн Таймияның бүлдіргі ой-пікірлері төрт ғасырдан кейін отаршылдардың назарын өзіне аударды. Мұхаммад бен Абдолваххаб ол кезде тәкфіршілдік ағымына жақын болған қайырымсыз әрі сауаты аз жастардың бірі еді. Оның дін мәселесіндегі дөрекілігі, сауатсыздығы мен қыңырлығы ұлыбританиялық тыңшылардың оны Ұлыбританияның отаршылдық мақсаттарын жүзеге асыратын ең жақсы құрал санауына себеп болды. Олар түрлі тәсілдермен Мұхаммад бен Абдолваххабтың белсенділіктеріне қолдау көрсетіп, Ислам дінінің тағылымдарына қайшы келетін осы экстремистік ой-пікірді нығайту арқылы мұсылмандардың арасында алауыздық отын жағуға тырысты.
Мұхаммад ибн Абдолваххаб бүлдіргі әрі тәкфіршіл наным-сенімдерге ие болғандықтан дін үлемдері, тіпті өзінің отбасы да одан бас тартқаннан кейін, ұлыбританиялықтардың қолдауымен Хиджаздағы Дарайаға барады. Дарайя аймағында түйе мен қой өсіретін тайпа өмір сүретін. Олар кедейшілік және қиыншылықпен арпалысып жатқан еді. Дарайяның билеушісі Мұхаммад ибн Сауд тәкфіршіл ой-пікірлердің көмегімен басқа мұсылман тайпалар мен олардың кереуендерін тонай алатындықтарын түсінген кезде Мұхаммад ибн Абдолваххабты қарсы алған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Ұлыбритания Дарайя билеушісіне ақша беріп, оны ибн Абдолваххабпен одақтасуға ынталандырған.
Осыдан кейін ибн Абдолваххаб ибн Саудпен бірігіп, Ұлыбританияның қаржылай және қару-жарақтық көмегімен мұсылмандарға қарсы көптеген қылмыстар жасаған әскер құрды. Кербалаға шабуыл жасау және жарты күннің ішінде оның тұрғындарынан кем дегенде 2000 адамды өлтіру, имам Хосейннің (ғ.с.) кесенесін тонау және қирату, Мединеге шабуыл жасау, Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті мен Ислам дінінің ұлы ғұламаларының кесенелерін қирату, мұсылмандарды өлтіру және оларды тонау, мұның барлығы Ислам жерлерінде үрей-қорқыныш тудырған ваххабилік Сауд әулеті қылмыстарының қатарына жатады. Осы қылмыстардан кейін Осман империясы 1818 жылы ваххабилік-саудиялық билікке шабуыл жасап, жеңіске жетті.
Қатыгез ваххабилік 1818 жылы жойылғанымен, көп ұзамай Ұлыбритания отаршылдығының көмегімен қайта жанданды. 1866 жылы ваххабилік-саудиялық билік Британиямен достық шартына қол қойды. Британия ол кезде өзінің отаршыл қылмыстарымен барлық мұсылмандардың арасында өзіне қатысты жеккөрініш сезімін тудырған еді. Ваххабилік-саудиялық билік ақша мен қару-жарақ алуының орнына Ұлыбританияның отаршыл қайраткерлерімен аймақта әріптестік жасауға келісті. 1891 жылы Осман империясы екінші рет Риядқа шабуыл жасап, ваххабилік Сауд әулетінің көзін жойды. Арабстанда содан кейін Рашид әулетінің мүшелері билік жүргізе бастады.
20-шы ғасырдың бас кезінде Британияның Арабия түбегіндегі отаршылдық стратегиясы өзгеріске ұшырады. Британия Осман империясын толығымен құрту үшін саудиялық-ваххабилік биліктің Кувейтке қашып кеткен қалған мүшелерін бұрынғыдан бетер қолдауды ұйғарды. Британияның қаржылық және қару-жарақтық қолдауымен 1902 жылы ваххабилік Абдолазиз Риядты басып алу күшіне ие болды. Олардың Риядты басып алғаннан кейінгі алғашқы мейірімсіз әрекеттерінің бірі қаланың орталық алаңында қарсыластардың басын кесіп, қан төгу арқылы тұрғындардың арасында үрей мен қорқыныш тудыруы болды. Әсірешіл ваххабилер сол жердің 1200 тұрғынын өртеп, өлтірді.
Бұл кезде ибн Саудтың есімі Батыста танымал болды. Ваххабилік Абдолазиз патша ұлыбританиялық басшылардың арасында дәріптелді. Британия қайраткерлері мен олардың Парсы шығанағының араб аймағындағы елшілері көбінесе осы патшамен кездесіп, сонымен іс жүргізіп, оны ақша мен қару-жарақ түрінде ашық қолдап, кеңестерін де берді. Сэр Перси Кокс, капитан Придакс, капитан Шекспир, Гертод Бел мен Гари Сент Джон Филби Абдолазиз үкіметін орнату және оны кеңейту үшін әрдайым қажетті көмекті жеткізіп отырған Британия қайраткерлері мен кеңесшілерінің қатарын құрады. Ұлыбританияның ақшасы, қару-жарағы мен кеңесшілерін пайдаланып, Абдолазиз Арабия түбегінің басым бөлігін мейірімсіз тәсілдермен саудиялық-ваххабилік тудың астына жинады. Бұл мемлекет бүгінде Сауд Арабиясы атауымен танымал.
Осылайша, отаршылдық түсінігі бәдәуи тайпасындағы экстремистік ой-пікірмен араласқаннан бері Исламның барлық мазхабтарына қарсы әсірешілдік пен қатыгездік бір бүлдіргі ағымға айналды. Бұл ағым бір кездері отаршылдық мақсаттарға қызмет етті. Ваххабилік – Ислам мазхабтарының бірі емес, керісінше, Ислам пайда болғаннан сегіз ғасырдан кейін белгілі бір мақсаттар үшін құрылып, өсірілген бүлдіргі секталардың бірі. Қазір бұл қауіпті ағым ғасырлар бойы Ислам әлеміне қарсы жасаған қылмыстарынан кейін тағы да Ислам бейнесін қаралау және мұсылмандарды жаппай қыру үшін АҚШ пен батыс үкіметтердің айқын қолдауларымен адам сенгісіз қылмыстар жасап отыр. Ал батыс үкіметтері лаңкестік топтардың мұсылмандарға қарсы барлық қылмыстарына көзжұмбайлықпен қарап, Батыстағы лаңкестік оқиғаларға қатысты алаңдаушылық білдіреді.