Әнғам сүресі, 187-ші бөлім, 53-56 аяттар
Әнғам сүресі, 187-ші бөлім, 53-56 аяттар
"Әнғам" сүресінің 53-ші аяты:
""А...-ның жақсылығына бөлеген арамыздағы адамдары осылар ма?",-десін деп, оларды осылайша бір-бірімен сынадық (кедей-кепшік, әлсіздерге иман келтіріп, ауқаттыларды, шонжарларды сынадық). А... шүкір қылушыларды әбден біледі емес пе?! (53)"
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, адамдардың көбісі пайғамбарлар періште немесе адамдардың тамақтану мен ұйықтау және үйлену тәрізді істеріне зәрусіз періштелер секілді болуы тиіс деп ойлады. Олардың ойынша пайғамбар сәуегей тәрізді халықтың өткені мен болашағынан хабар беріп, үнемі ғажайып әрі керемет істер жасауы тиіс. Бұл аят та адамдардың тағы бір талабына тоқталып, былай дейді: "Қоғамда ерекше жағдайы бар кейбір ауқатты және мансапқа ие адамдар пайғамбардың салтанатсыз әрі қарапайым тұрмысын көрген кездерінде: "Біз тұрғанда А... осындай адамға уахи жібереді ме? Уахи түсетін болса, біз одан артығырақпыз!",-дейтін". Мұндай түсініктерге Құран былай деп жауап береді: "Өздеріңді лайықтырақ деп санайтындай, адамға уахи түсірудің шарты - мал-мүлік, мансап пен атақ емес. Оған жарамды әрі лайық болу керек. Мұндай істерде А... тағала өзінің пенделерін басқалардан жақсы біледі. Бұл міндетке кімнің лайық екендігін Ол жақсы біледі". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлеуметтік айырмашылық сынаудың бір түрі. Байлар кедейлермен, кедейлер байлармен сыналады.
Екіншіден, А...-ға шүкір еткендері үшін Оның ілтипатына бөленген кедейлер де, байлығына мақтанып, шүкір етпегендері үшін лағынетке душар болған байлар қаншама.
"Әнғам" сүресінің 54-55 аяттары:
"Аяттарымызға иланғандар сенің қасыңа келген кезде: "Сендерге есендік болсын! Раббыларың (пенделеріне) рақым қылуды өз үстіне алды. Сендерден кімде-кім білместікпен бірер жамандық істеп қойып, одан кейін тәубе қылып түзелсе, А... расында оны кешіреді, есіркейді",-деп айт. (54) Күнәһарлардың жолы айқын болуы үшін, аяттарымызды осылайша ашалап баяндаймыз. (55)"
Бұл аят пайғамбарға (с) олар күнәһар болса да иманы бар адамдарды өзінің қасынан қумай, қайта оларды құшақ жая қарсы алып, есендік тілеуді және тәубеге келсе, А... тағаланың кешірімімен сүйіншіле деп бұйырады. Негізінде исламдық қоғамда халықтың бір-бірімен және өз жетекшісімен байланысы татулық пен мейірім негізінде болуы тиіс. А... тағала пенделеріне рақымшыл және тіпті күнәһарларды кешіріп, тәубесін қабылдайтындығын да айтады. Пайғамбар халыққа аман-саулық тілеп, оларды жылы қарсы алуға міндетті. Сол сияқты халық та әрқашан өз пайғамбарына есендік тілеп, оны жақсылықпен еске алулары тиіс.
Әрине үммет пен имам арасында осындай байланыстың орнауы, қоғамды кез-келген өшпенділік пен реніштен алшақтатып, тіпті бұзақылық жасағандар да қоғамнан шеттетілудің орнына, тәубесі қабылданып, түзелген жағдайда кешірімге ие болады. Әрине олар біле тұра әдейі күнә жасап, істерін қоймайтындар емес, қайта білместіктен және нәпсіге ерудің салдарынан күнә жасағандар. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарды (с) зиярат ету – А...-ның ілтипатына бөленудің жолы болып саналады. Әркім пайғамбарға (с) жолықса, оның ерекше сәлеміне бөленеді.
Екіншіден, егер күнә қырсықтықтан емес, қайта білместік пен ақылсыздықтан жасалса, оны кешіруге болады.
Үшіншіден, бұрынғы қателігінің есесі қайтарылып, түзелген адамның тәубесін ғана А... кешіреді.
Төртіншіден, рақымдық А...-ның өзіне ғана тән болғандықтан, оған бөлену үшін күнә жасамау керек немесе тәубеге келу шарт.
"Әнғам" сүресінің 56-шы аяты:
"(Ей, Мұхаммед! оларға): "Мен сендердің А...-ны қайырып қойып табынғандарыңа сиынудан тыйылдым",-де. Сендердің зауық-нәпсілеріңе бой ұрмаймын. Егер оған бой ұрсам, адасып, оң жол таппаған боламын",-деп айт. (56)"
Пайғамбардың (с) тәухид пен бір А...-ға табынуға шақыруына қарсы мүшріктер де пайғамбарды (с) пұттарға табынуға үндеп, одан өз сөзінен бас тартып, бабалары мен құрайыш ақсақалдарының дініне оралуын сұрайды. Осы аят пайғамбарға (с): "Мен сендердің діндеріңе оралмаймын. Сендердің табынатындарыңа ешқашан табынбаймын. Талаптарыңды қабылдамаймын. Өйткені бұл істерің тура жолдан адасу",-деп ашық жариялауды тапсырады.
Құран осы аятта пұтқа табынуды бір елес деп санайды. Өйткені пұтқа табынудың ешқандай қисынды дәлелі жоқ және ақылға сай емес. Адамның бір нәрсені өз қолымен жасап, өзінен ешқандай артықшылығы жоқ затты "пұт" деп атап, оған құрмет көрсетіп, табынуы мағынасыз. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қарсыластармен кез-келген татулыққа жол бермеу үшін, олардың қисынсыз талаптарына айқын түрде теріс жауап қайтарып, олармен ымыраға келмеушілікті жариялау керек.
Екіншіден, дін уағыздаушы халықты өзіне қарату үшін олардың қисынсыз талаптарын орындамауы тиіс.