Шіл 01, 2024 18:04 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 923-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ахқаф" сүресінің 11-аятына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ الَّذِینَ کَفَرُوا لِلَّذِینَ آمَنُوا لَوْ کَانَ خَیْرًا مَّا سَبَقُونَا إِلَیْهِ  وَإِذْ لَمْ یَهْتَدُوا بِهِ فَسَیَقُولُونَ هَـذَا إِفْکٌ قَدِیمٌ»

Аяттың аудармасы:

Сондай қарсы келгендер, иман келтіргендер үшін: “Егер (бұл дінде) игілік болса еді, олар бізден озбас еді. (Алдымен біз Мұсылман болар едік)” деді. Онымен де тура жол таппағандықтан: “Бұл көне бір өтірік” деседі. (11)

Ислам пайғамбарының таухидке шақыра бастаған кезде кедей-кепшіктер немесе құлдар пайғамбарға басқалардан ерте иман келтірген. Өйткені оларда қатерге ұшырайтын ешбір заңсыз дүние-мүлік және пайғамбарға қарсы тұрарлықтай мақтан мен тәкаппарлық болмаған.  

Қоғамның әлсіз топтарының исламды қабылдауы Меккенің ақсүйектері мен байларының реакциясын тудырып: "Бұлар бейшара, ақылсыз, надан адамдар. Бұл дін дұрыс болса, түсінігі жоғары, күш-қуаты мен байлығы молырақ біз алдымен соған сенер едік",-деді.

Бұл сөздер кәпірлердің тәкаппарлығы мен қыңырлығынан айтылды. Ал негізі қарсылықтың себебі исламда емес, олардың өздерінде. Егер олардың жүректеріне менмендік пен тәкаппарлық перделері түспесе, ақшаға, мәртебеге, нәпсіге мас болмаса, егер олар өздерінің артықшылығы мен амбицияларынан бас тартып, таза жүректі, ізгі ниетті және әділетті талап етуші пақырлар сияқты болса, олар да тез арада ислам дініне бет бұрар еді.

Аяттың жалғасында былай делінеді: Өйткені олар Құранның нұсқаударын қабылдамағандықтан,  "Құран Алланың сөзі емес және басқа ескі аңыздар сияқты жалған әрі негізсіз сөз" дейді. Олар өздерінің имансыздықтарын жасыру үшін Құранға жала жапты.

Бұл аяттан үйренетініміз:

Кәпірлер өздерін мұсылмандардан ақылдырақ санайды және өздерінің мектебі мен дінін Исламнан жақсырақ деп есептейді.

Құран мен Ислам пайғамбарына деген әділетсіз көзқарас логика мен дәлелді пайымдаудан емес, тәкаппарлық, қыңырлық пен қырсықтықтан бастау алады.

 

"Ахқаф" сүресінің 12-аятына құлақ түріңіздер:

«وَمِن قَبْلِهِ کِتَابُ مُوسَى إِمَامًا وَرَحْمَةً  وَهَـذَا کِتَابٌ مُّصَدِّقٌ لِّسَانًا عَرَبِیًّا لِّیُنذِرَ الَّذِینَ ظَلَمُوا وَبُشْرَى لِلْمُحْسِنِینَ»

 

Аяттың аудармасы:

Құраннан бұрын жолбасшы әрі игілік түрінде Мұса (Ғ.С.) ның кітабы бар еді. Міне осы Құран зұлымдық қылғандарға ескерту, жақсылық істеушілерді қуанту үшін арап тіліндегі растаушы бір Кітап. (12)

 

Мекке мүшріктері Құран мен Ислам пайғамбарының атына жала жауып, қасиетті кітапты негізі жоқ аңыз деп санағандықтан, мына аяттарда былай делінген: Бұл кітаптың шынайылығының бір белгісі мынау: Ислам пайғамбарының есімі мен сипаттары Тауратта аталған. Құран аяттары да Таурат аяттарымен үндесіп, бірін-бірі растайды. Бұл аталмыш кітаптардың бір бастаудан түскенін көрсетеді.

Таурат тілі – иврит, Құран тілі араб тілі болғанымен, екеуінің де мазмұны – адамдарды Аллаға және Оның әмірін орындауға шақыру. Екеуінің де мақсаты – залымдармен күресіп, оларға ескерту, ізгі адамдарға жеңіс пен береке болатынын сүйіншілеу.

Бұл аяттан үйренетініміз:

Иләһи кітаптарды түсіру тарих бойында адамзатты тура жолға бағыттайтын илаһи дәстүрлердің бірі болды. Бұл кітаптар бірін-бірі теріске шығармайды, керісінше бірі-бірін толықтырып, бір-біріне сәйкес келеді.

Илаһи кітап – Алланың мейірімінің көрінісі. Егер илаһи кітап жолбасшы болса, қоғам илаһи мейірімге бөленеді.

Аллаға иман келтіру басқаларға қатыгездік жасаумен үйлеспейді. Қайырымдылық пен ізгілікке бастайтын иман ғана тиімді.

"Ахқаф" сүресінің 13-14-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ الَّذِینَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّـهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا فَلَا خَوْفٌ عَلَیْهِمْ وَلَا هُمْ یَحْزَنُونَ»، «أُولَـئِکَ أَصْحَابُ الْجَنَّةِ خَالِدِینَ فِیهَا جَزَاءً بِمَا کَانُوا یَعْمَلُونَ»

Аяттардың аудармасы:

Күдіксіз сондай: “Раббымыз Алла” деп, сосын тұп-тура кеткендер, оларға; қауіп-қатер жоқ. Әрі олар күйінбейді. (13)

Міне осылар жаннаттық. Амалдарының бодауы түрінде онда мәңгі қалады. (14)

Бұл аяттарда пайғамбарлар мен қасиетті кітаптардың осындай адамдарды тәрбиелеу үшін келгені айтылып, шынайы мүміндердің бейнесін суреттеліп, былай делінген: "Сол бір Құдайға сенушілер (таухидшілер) Раббымыз Алла деп айтып, осы жолда табанды болды.  Аллаға иман келтіру үшін тек Құдайға сену немесе кейбір сөздерді айту жеткіліксіз екені анық. Керісінше біз ұлы Құдайдың бізден талап еткеніне сүйене отырып әрекет етуіміз керек және осы жолда берік болуға тиіспіз. Кейбір қиыншылықтар мен күйзелістер бола қалғанда иманның негізін жоғалтып, Алланың жолын тастап, байлық жинап, нәпсі қалауларымызды қанағаттандыруға ұмтылмауымыз керек. Әсіресе арамдық, арсыздық пен күнәға ластану көп болған заманда иманды сақтау қиын. Тіпті табандылықсыз мүмкін емес".

Әрине Алла шынайы иман келтіргендерге дүние мен ақыретте де сый-сауап беріп, бұ дүниеде оларға сенімділік пен тыныштық сыйлайды. Мұндай адамдарда болашақта болатын оқиғалардан қорқыныш та, өткенге өкініш те болмайды.  

Екінші жағынан қаншалықты бай әрі күшті болып, физикалық жайлылыққа ие болса да, кейбір адамдарда рухани тыныштық жоқ. Кейде олар күйзеліс пен уайымды жеңілдету үшін әртүрлі таблеткаларға, ауырсынуды басатын дәрілерге және тіпті есірткіге жүгінеді.

Бұл дүниеде шынайы мүміндердің сыйы болып табылатын жан тыныштығынан басқа, таухид жолында жүріп, осы жолда табандылық танытқандарды Алла ақыретте жәннатқа кіргізеді. Жәннат кеңістігінің көлемі мен ұзақтығын адам түсіне алмайды. Онда жәннаттықтар мәңгілік өмір сүріп, бейіштің шексіз нығметтеріне бөленеді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

Иман келтіргенін айтып, таухидті мойындау жеткіліксіз, бірақ одан да маңыздырағы – оның жолында табандылық пен тұрақтылық таныту.

Аллаға иман келтірген адам Алладан басқа ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайды.

Адасып, қателік жасап, соған өкінетін адамдар ғана өткенге қайғырады.  Бірақ ақиқат жолында үздіксіз қадам басқандар өткеніне өкінбейді және қайғырмайды.

 

Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.