Нұрлы жол. 922-бөлім. "Ахқаф" сүресінің 6-10 аяттары
Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 922-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.
"Ахқаф" сүресінің 6-аятына құлақ түріңіздер:
«وَإِذَا حُشِرَ النَّاسُ کَانُوا لَهُمْ أَعْدَاءً وَکَانُوا بِعِبَادَتِهِمْ کَافِرِینَ»
Аяттың аудармасы:
Адамдар жиналған кезде, оларға табынғандары дұшпан болып, олардың өздеріне құлшылық қылғандықтарына қарсы шығады. (6)
Өткен бағдарламада мүшріктердің пұттарға табынғаны туралы айтылды. Олар Құранды пайдасыз деп санайды. Қиямет күніне дейін қиыншылықтарыңды шешу үшін немесе істеріңде табысқа жету үшін пұттарға қанша табынсаңдар да, олар сендерді тыңдамайды да, сендерге ештеңе істей алмайды.
Мына аятта былай делінген: Бұдан бөлек, бұл құдай-сымақтар қиямет күні сендерге қарсы сөйлеп, алдарыңнан шығады. Әрине табыну объектісі болған кейбір періштелер мен адамдар сияқты ақыл-парасаты бар құдай-сымақтар ресми түрде дұшпандық танытады. Мысалы, Иса Мәсіх пен періштелер ғибадат етушілерінен кешірім сұрайды. Пұтқа айналған ақымақтарды Алла тілге келтіріп, өздеріне табынғандарға жиреніш білдіртеді.
Бұл аяттан үйренетініміз:
Бұ дүниеде Құдайдың орнына кімге құлшылық етсе, қиямет күнінде оған шапағат етудің орнына дұшпандық жасап, оның үстінен шағымданады.
"Ахқаф" сүресінің 7-8-аяттарына құлақ түріңіздер:
«وَإِذَا تُتْلَى عَلَیْهِمْ آیَاتُنَا بَیِّنَاتٍ قَالَ الَّذِینَ کَفَرُوا لِلْحَقِّ لَمَّا جَاءَهُمْ هَـذَا سِحْرٌ مُّبِینٌ»، «أَمْ یَقُولُونَ افْتَرَاهُ قُلْ إِنِ افْتَرَیْتُهُ فَلَا تَمْلِکُونَ لِی مِنَ اللَّـهِ شَیْئًا هُوَ أَعْلَمُ بِمَا تُفِیضُونَ فِیهِ کَفَى بِهِ شَهِیدًا بَیْنِی وَبَیْنَکُمْ وَهُوَ الْغَفُورُ الرَّحِیمُ»
Аяттардың аудармасы:
Оларға ап-ашық аяттарымыз оқылған кезде, сондай өздеріне келген шындыққа қарсы болғандар: “Мынау ашық бір сиқыр” дейді. (7)
Немесе олар: “Оны өзі жасады” дей ме? (Мұхаммед Ғ.С.): “Мүбада өзім жасаған болсам, сонда мені Алладан еш қорғай алмайсыңдар. Алла, ол жөнде не көкігендеріңді жақсы біледі. Сондай-ақ Ол, мені мен сендердің арамызға куәлікте жетіп асады. Және Ол, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді” де. (8)
Бұл аяттарда Мекке мүшріктерінің пайғамбарға жөнсіз уәждер телігеніне тоқталып, былай делінген: Олар пайғамбарды кейде сиқыршы деп атап, Құранды халықты аяттарымен баурап алатын сиқыр сөз деген. Бір жағынан олар Құранның таңғажайып тартымдылығын және оның жүректерге терең әсерін жоққа шығара алмады. Ал басқа жағынан олар оның ақиқатына, ұлылығына берілуге дайын емес еді. Сондықтан қоғамдық пікірді басқа жаққа бұру үшін оны сиқыр деп атады. Әрине бұл олардың Құранның жүректерге ерекше әсер ететінін үнсіз мойындауы болып саналады. Адамдардың Құранға ықыласы және оның жүрек түкпірінде орын алуының шынайы себебі – оның аяттарының шынайылығы.
Кейде былай дейтін: Бұл кісі "Өз сөзін Аллаға таңып, өзін Алланың пайғамбары" деп таныстырып отыр. Пайғамбар оларға: "Егер сендер айтып отырғандай, мен Құдайдың пайғамбары болмасам, бұл сөздерді жалған түрде Құдайға жатқызатын болсам, адамдар адаспау үшін Алланың өзі мені әшкерелеуі керек. Бұл жағдайда ешкім Құдайдың еркіне қарсы тұра алмайды және мені Құдайдан қорғай алмайды",-деді.
Алланың азабынан сендер қорқуларың керек. Өйткені сендер оның елшісіне қарсы тұрып, адамдарды тура жолдан тайдырып отырсыңдар. Сендер менің дұрыс сөз айтып отырғанымды, маған өз дұрыстығымды дәлелдеуге ештеңе керек емес екенін білесіңдер. Өйткені Алла тағала менің бұл сөзіме куә және оның хабарын жеткізудегі күш-жігерімді көріп отыр. Басқа жағынан Ол сендердің өтіріктеріңді, жала жабуларыңды, бұра тартқандарыңды көріп отыр. Мұның өзі маған жеткілікті.
Әрине оларға қайтар жолды көрсету және қарсылықты тоқтатып, иман келтіру үшін Алла былай дейді: Алла өте кешірімді және мейірімді. Ол тәубе етушілерді кешіреді және оларды Өзінің кең мейіріміне бөлейді.
Бұл аяттардан үйренетініміз:
Пайғамбар миссиясының белгілері айқын. Бірақ кейбір адамдардың проблемасы – олардың иман келтіруіне кедергі болатын қыңырлығы мен қырсықтығы.
Тіпті қарсыластар да Құран аяттарының жүректерді тартудағы таңғажайып күшін мойындайды, бірақ оны сиқыр деп санайды.
Дін атын жамылып, жеке талғамымыз бен пікірімізді Аллаға жатқызудан сақ болайық, өйткені артынан ауыр жаза келеді.
Тәубе жолы барлық адамдарға, тіпті кәпірлер мен қарсыластарға да ашық. Мейірімді Алла олардың тәубесін қабыл етеді.
"Ахқаф" сүресінің 9-аятына құлақ түріңіздер:
«قُلْ مَا کُنتُ بِدْعًا مِّنَ الرُّسُلِ وَمَا أَدْرِی مَا یُفْعَلُ بِی وَلَا بِکُمْ إِنْ أَتَّبِعُ إِلَّا مَا یُوحَى إِلَیَّ وَمَا أَنَا إِلَّا نَذِیرٌ مُّبِینٌ»
Аяттың аудармасы:
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Мен елшілердің тұңғышы емеспін. Сондай-ақ маған әрі сендерге не істелетінін де білмеймін. Өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Және ашық бір ескертуші ғанамын” де. (9)
Бұл аятта ислам пайғамбарына мынадай тапсырма берілді. Ол Мекке мүшріктерінің сылтауларына былай деп жауап беруі керек: Менің басқа илаһи пайғамбарлардан айырмашылығым жоқ. Басқа пайғамбарлар сияқты мен де адаммын. Мен адамдарды таухидке шақырған алғашқы пайғамбар емеспін. Менен бұрын талай пайғамбарлар келген, бәрі адам болған, киім киген, ас ішкен. Менің сендерден айырмашылығым – Алла маған уәһи етіп, жаман істер мен олардың ауыр зардаптарын ескерту үшін мені тағайындады. Менің ғайып туралы білімім өзімнен емес, мен Алланың маған үйрететін ғайып нәрселерін білемін. Мен Құдайдың маған не істейтінін де, сендермен не істейтінін де білмеймін. Сондықтан өз келешегімді немесе сендердің болашақтарыңды болжайды деп күтпеңдер.
Бұл аяттан үйренетініміз:
Тарих бойында пайғамбарлардың мақсаты мен жоспары бір болған. Бір-бірін қолдап, жолдарын жалғастырған.
Қоғам басшылары халыққа адал сөйлеп, өз ықтиярында жоқ нәрсе туралы халыққа орынсыз талап қойып, уәде бермеуі керек.
Пайғамбарлар адамдарға мейірімділік пен жанашырлық танытып, оларды дүние мен ақыреттерін бұзатын істерден сақтандырған.
"Ахқаф" сүресінің 10-аятына құлақ түріңіздер:
«قُلْ أَرَأَیْتُمْ إِن کَانَ مِنْ عِندِ اللَّـهِ وَکَفَرْتُم بِهِ وَشَهِدَ شَاهِدٌ مِّن بَنِی إِسْرَائِیلَ عَلَى مِثْلِهِ فَآمَنَ وَاسْتَکْبَرْتُمْ إِنَّ اللَّـهَ لَا یَهْدِی الْقَوْمَ الظَّالِمِینَ»
Аяттың аудармасы:
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Көрдіңдер ме? Егер де Құран Алланың қасынан болып, сендер оған қарсы болсаңдар; сондай-ақ Израил ұрпақтарынан бір куә, осы сияқты (Тәурат) ға куә болып, кейін иман келтірсе де сендер менменсісеңдер, күдіксіз Алла залым елді тура жолға салмайды.” (10)
Тәпсірлерде келтірілгендей, Хижаздағы әйгілі еврей ғалымдарының бірі болған Абдулла бен Салам ислам пайғамбарына иман келтіріп: "Ол Таурат пен Інжілде уәде етілген пайғамбар",-деп мәлімдеді.
Бірақ көптеген яһуди ақсақалдары оны қабылдамай, айыптады. Олар Мұхаммедтің пайғамбарлығын қабылдаудан бас тартты. Мұның себебі менмендік пен мақтаншақтықтан басқа ештеңе болмағаны сөзсіз.
Бұл аяттан үйренетініміз:
Қарсыластармен әңгімелесуде өз пікіріңізге табандылық танытып, оны нақты да кесімді түрде білдірудің орнына "Cендер тексеріңдер. Айтқанымыз рас болса, оны қабылдаңдар. Әрине егер сендер шындықты түсініп, оны қабылдамасаңдар, арты жаман болады" деп айтыңыздар.
Күпірліктің негізгі тамыры – надандық пен салақтық емес, ақиқатқа қарсы қыңырлық пен тәкаппарлық.
Уәһи мен Құран ақиқатына қарсы тұру – адамзатқа жасалған үлкен әділетсіздік.
Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.