Әнғам сүресі, 183-ші бөлім, 37-39 аяттар
Әнғам сүресі, 183-ші бөлім, 37-39 аяттар
"Әнғам" сүресінің 37-ші аяты:
"Олар: "Ол пайғамбарға бір мұғжиза түсірілсе еді?",-деді. (Мұхаммед с.ғ.с): "Шәксіз А...-ның мұғжиза түсіруге күші жетеді. Бірақ олардың көбі білмейді",-де. (37)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, құрайыштың мүшрік басшылары Құранмен қарсыласуға шамасы келмеген соң: "Құран мұғжиза емес. Егер шын айтсаң хазірет Мұса (ғ) мен Исаның (с) мұғжизаларындай керемет көрсет. Сонда біз қабылдаймыз",-десті.
Әрине олардың бұл сөзі ақиқатты қалағандықтарынан айтылған жоқ. Қайта Құран мен А... елшісінің (с) пайғамбарлығын мойындаудан қашқан сылтаулары болды. Егер А...-ның елшісі (с) өзінен бұрынғы пайғамбарлар тәрізді мұғжиза келтірсе, олар тағы басқа мұғжизаны талап етер еді. Өйткені олардың мақсаты ақиқатты түсіну емес еді. Сол пайғамбарлар заманындағы жұрт тәрізді, мұғжизаны сиқыр деп есептеп, пайғамбарды сиқыршы дер еді. Мысалы ұйықтап жатқан біреуді дауыстап, шақырса, ол оянады. Ал кейде біреу өзін ұйықтап жатқан сияқты көрсетеді және оны қанша оятса да тұрмайды. Адамдар да ақиқаттың үніне қатысты екі түрлі болады. Біреулер ақиқаттың үнін ести сала, оянып, жолға шығады. Ал өтірік ұйықтап жатқандарға, шындықты қандай түрде көрсетсең де, оны мойындағысы келмейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мұғжизаның мақсаты қырсық адамдардың таусылмайтын талаптарына жауап беру емес, бір тұлғаның пайғамбарлығын дәлелдеу мен халыққа дәлел-дәйектерді жеткізу болып табылады.
Екіншіден, А...-ның барлық іске күші жетеді. Бірақ Оның күші хикметіне сәйкес. Ол халықтың сұраған мұғжизасын келтіре алады, бірақ бұл хикметке сәйкес емес. Тарих көрсеткендей, мұғжизалар қайта-қайта көрсетілсе де қырсықтар тура жолға түспеді.
"Әнғам" сүресінің 38-ші аяты:
"Жер жүзіндегі ұшқан құс, жүгірген аңның баршасы өздерің құсаған үмметтер (А... жаратқан махлұқат). Лаухулмахфузда ешнәрсені қалдырмадық (толық жаздық), кейін олардың бәрі де А...-ның алдына жиналады. (38)"
Бұл аят адамға: "Жаратылыстағы басқа тіршілік иелерінің сана-сезімі жоқ деп ойламаңдар. Барлық жануарлардың, соның ішінде жер бетінде бауырымен жорғалап жүретін жәндіктер мен көкте ұшып жүретін құстарда да адамдардікі сияқты сананың бір түрі бар ",-деп ескертеді. Құранда хазірет Сүлейменнің (ғ) әңгімесінде құмырсқа мен бәбісектің сөйлегені айтылған. Әрине сана-сезімнің түрлі дәрежесі бар. Сондықтан адам сананың ең жоғары дәрежесіне, ал жануарлар оның ең төменгі дәрежесіне ие. Адамдар арасында бір жастағы нәрестенің санасы төмен болады. Сол себепті халық әдетте "нәрестенің ақыл-санасы жоқ" деп санайды. Тіршілік иелерінің санасы мәселесін баяндаған соң, осы аят олардың қияметте қайта тірілетіндігіне меңзеп былай дейді: "Олар да қайта тіріліп, қияметте жиналады". "Тәкуир" сүресінің 5-ші аятында:
"Жабайы аңдар иірілген кезде. (5)",-деп айтылған.
Исламдық рауаяттарда да жануарлардың қайта тірілуіне меңзеліп, олардың бір-біріне зұлымдық жасағаны үшін қияметте жазаланатындығы туралы айтылған. Әрине жануарлардың санасының мөлшері оларға тапсырма жүктейтіндей адамның санасының мөлшеріндей емес. Яғни бұл аят әркім санасының мөлшеріне байланысты жауапқа тартылады дейді. Мысалы кісі өлтірудің жамандығын білетін 12 жасар жасөспірім әдейі кісі өлтірсе, әлемнің барлық қылмыстық заңдары бойынша, сана-сезімінің деңгейі бойынша жазаланады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлеуметтік өмірдің жүйесі тек адамдарға ғана тиесілі емес. Жануарлар да әлеуметтік топтардың бір түріне ие.
Екіншіден, жануарларға қорлық көрсетіп немесе жәрдем бермей жүрмейік. Олар да біз сияқты тіршілік етуге құқылы санасы бар тіршілік иелері.
Үшіншіден, жаратылыс А...-дан басталып, А...-ға аяқталады. Барлық тіршілік иелері А...-ға қарай қозғалады. Бұл А...-ның құдайлығының көрінісі.
"Әнғам" сүресінің 39-шы аяты:
"Аяттарымызды өтірікке шығарушылар саңырау (ақиқатты естімейді), мылқау (ақиқатты сөйлемейді). Олар – тастүнекте қалғандар. А... қалаған адамын адастырады, қалаған адамын оңдайды. (39)"
Бұл аят илаһи аяттарды өтірікке шығарудың негізгі себебін жоққа шығарушылардың қырсықтығы мен қарсылығы деп біледі. Осы қырсықтық ақиқатты естіп, қабылдауға мүмкіндік бермейді. Өзімшілдік оларды қараңғылыққа батырып, ақиқатты көру мүмкіндігінен айырған. Аяттың жалғасы тура жол мен адасудың А...-ның қолында екендігін айтады. А... тағала тура жолдың құралдары болып табылатын ақыл мен пайғамбарлықты барлық адамдарға қол жетерлік еткен. Бірақ кімде-кім осы бастапқы жолдаудан бас тартып, қабылдамаса келесі жолдаудан құр қалады. Былайша айтқанда, адамның күнә жасап, оны қайталай беруі ақиқатты қабылдауына кедергі келтіреді. Ал жақсы істер жасау ақиқатты қабылдап, оны мойындауға жол ашады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күпірлік пен қарсылық - адамның ақиқатты түсінуіне кедергі келтіретін қараңғылық.
Екіншіден, илаһи аяттарды өтірікке шығарудың дүниедегі жазасы осы өмірде адасу болып табылады.