Жел 27, 2016 19:34 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 171-ші бөлім, 106-108 аяттар

"Мәида" сүресінің 106-шы аяты:

يا ايهاالذين آمنوا شهاده بينكم اذا حضراحدكم الموت حين الوصيه اثنان ذوا عدل منكم اواخران من غيركم ان انتم ضربتم في الارض فاصابتكم مصيبـه الموت حسبونهما من بعد الصلوه فيقسمان بالله ان ارتبتم لايشتري به ثمنا و لو كان ذا قربي و لا نكتم شهاده الله انا اذا لمن الاثمين .

"Ей, мүміндер! Араларыңда біреу өлерінде өсиет айтса, оған сендерден екі әділ кісі куә болсын. Егер сендер сапарда жүрген кезде бастарыңа өлім қаупі келсе, басқа діндегілерден екі адам куә болсын. Бұл куәлардан күмәндансаңдар, намаз соңында, ол екеуін алып қалыңдар. Сонда олар: "Жақындарымыз болса да, антымызды ақшаға сатпаймыз, А... үшін куәлікті жасырмаймыз, егер оны жасырсақ, әлбетте күнәкар боламыз",-деп А...-ның атымен ант ішсін. (106)"

Исламдық заңдар бойынша бір кісі дүниеден озғанда, мал-мүлкінің үштен екі бөлігі оның еркінсіз және белгіленген мөлшерде артында қалған мұрагерлері, яғни жұбайы, бала-шағасы мен ата-анасына тиеді. Сондықтан ол өзінен қалатын мал-мүліктің тек үштен бір бөлігін ғана қалауы бойынша өсиетке қалдыра алады. Кісі өлгеннен соң мұрагерлер оның түгел дүниесін алуға ынталы болғандықтан, Ислам өлімнен кейін кикілжің пайда болмауы үшін бір адамды өсиет жазуға тағайындап, өсиет жазатын кісі мен өсиетке екі әділ тұлғаны куә ретінде алуды тапсырады. Осы аятта өсиетке куә алуға ерекше мән беріліп: "Егер сапарда болып, қастарыңда мүмін адамдар табылмаса, жолдағы серіктеріңнен екі адамды куә ретінде таңдап алыңдар және олардан ақиқатты туыстарына да сатпауға және оны бұзбауға ант ішуін сұраңдар",-делінген. Не болса да өсиет пен оған қатысты үкімдер фиқһ кітаптарында толық түсіндіріліп, жазылған. Сондықтан әркім құқығының сақталуын қаласа, сол бойынша амал етуі тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, барлығы "адамдардың құқығы" болып табылатын - мұрагер мен өсиетте айтылған адамдардың құқығын сақтау үшін мұқият болу керек. Мұның жолдарының бірі – өсиетке екі әділ куәні алу болып табылады.

Екіншіден, адамның ақиқаттан адасу факторларының бірі – ақша құмарлық пен туысқандық. Сондықтан қасиетті мезгіл мен мекенде А...-ны еске алу мен А...-ның атымен ант ішу мұндай әрекеттің алдын алуы мүмкін.

"Мәида" сүресінің 107-ші аяты:   

فان عثر علي انهمااستحقا اثما فاخران يقومان مقامهما من الذين استحق عليهم الاوليان فيقسمان بالله لشهادتنااحق من شهادتهما و مااعتديناانا اذا لمن الظالمين. 

"Егер, ол екі айғақтың (жалған куәлік беріп, не мұраға қиянат қылып) күнәкар болғаны білінсе, олардың орнына мұра алуға әбден қақылы болған мұрагерден және өз жақындарынан екі адам куә болып: "Біздің куәлігіміз әлбетте олардың куәлігінен де анығырақ. Біз шариғаттан шығып кетпедік, егер өйтсек, залым болған боламыз",-деп А...-ның атымен ант ішсін. (107)"

Өткен аятта айтқанымыздай, өсиетті мұқият орындау үшін екі куә қажет. Бұл аят былай дейді: "Бұл екі куәнің жасырғаны немесе қиянат жасап, өтірік ант ішкені анықталса, марқұмның мұрагерлері арасынан тағы екі адамды куә ретінде алыңдар. Әлгі куәлардың өтірігі олардың өздеріне зиян болмақ. Мұрагерлерден шыққан куәлар марқұмның мал-мүлкі мен өсиетін білсе де, олардың куәсі шындыққа жақынырақ. Оны ешкімге бұзуға болмайды. Осылайша бұл екеуінің куәлігі негіз болып, алғашқы екі адамның куәлігінің күші жойылады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, басқалардың сөзі мен антының өтірік екендігі анықталмайынша қабылдап, орындау керек. Оны қазбалап, тергеудің қажеті жоқ. Осы аяттағы "уср" сөзі тергеусіз-ақ "мәселенің өзінен-өзі айқындалуы" мағынасын білдіреді.

Екіншіден, өтірік айтқан кісі ақша немесе байлыққа кенелмесе де, өтірік куәлік – адамдардың құқығына қол сұғу мен зұлымдық болып саналады.

"Мәида" сүресінің 108-ші аяты: 

ذلك ادني اين ياتوابالشهاده علي وجهها اويخافوا ان ترد ايمان بعد ايمانهم واتقوالله واسمعوا والله لايهدي القوم الفاسقين .

"Мұның өзі айғақтардың ең тура куәлік беруіне, берген антының тойтарысқа ұшырауынан қорқатын етуге неғұрлым жуық амал. А...-дан қорқыңдар, әмірді тыңдаңдар. А... пасық қауымды оңғармайды. (108)"

Өткен екі аятта өсиет жазған кезде куә алу керектігі баяндалған соң, бұл аят былай дейді: "Куәлік дұрыс орындалып, ешкімнің хақы зая болмауы үшін куәлік мәселесіне мұқият болу қажеттілігіне соншалықты баса айтылған". Осы аяттың соңында былай делінген: "Бұл нұсқауларды қабылдап, оған амал ету өздеріңе пайдалы. Негізінде А...-дан қорқу дегеніміз – осындай нұсқаулар мен бұйрықтарды орындау болып табылады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, әдетте ерекше тәсілдермен өткізілетін ант ішу рәсімі адамдардың құқығын сақтау үшін бағалы.

Екіншіден, күнәнің жария болуынан қорқу да, күнәға кедергі жасайтын факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан бұл мәселені қуаттап отыру керек.