Мәида сүресі, 158-бөлім, 60-63 аяттар
Мәида сүресі, 158-бөлім, 60-63 аяттар
"Мәида" сүресінің 60-шы аяты:
قل هل انبئكم بشر من ذلك مثوبه عندالله من لعنه الله و غضب عليه و جعـل منهم القرده و الخنازير و عبدالطاغوت اولئك شرمكانا و اضل عن سواء السبيل
"Айтып қой: "А...-ның қасында сендерге болатын, бұдан да қиын жазаны айтып берейін бе? А...-ның қарғысына қалып, кәріне жолыққандарды А... маймылға, шошқаға айналдырып, сайтанға табындырып қояды. Ондайлардың орны өте жаман. Олар – түзу жолдан адасып лағып кеткендер". (60)"
Өткен бағдарламада кейбір кітап иелері мұсылмандардан гөрі пұтқа табынушылармен жақынырақ байланыста болғанын және тіпті намаз оқып, ғибадат етіп жатқан мұсылмандарды масқара еткенін айтқанбыз. Осы аят былай дейді: "Мұсылмандардың дінін масқаралап, тіпті оларды мазалайтындар өздерінің ата-бабаларының күнәларына неге қарамайды? Олар А...-ның нұсқауларына бойсұнбай, оны ойын қылғандықтан А...-ның азабына ұшырап, олардың бет-әлпеті мен қылықтары маймылдар мен шошқаларға тартты. Олар неге содан сабақ алмайды?". Әрине жүздері маймыл немесе шошқаға айналғандар пайғамбар (с) заманындағы Исраил қауымы емес. Алайда яһудилер өздерін ерекше діни тегі бар, бірегей қауым деп санап, тарихымен мақтанғандықтан Құран олардың негізсіз тәкәппарлығын басып, оларды рәсуа қылмақ болды. Илаһи лағынет пен ашу дегеніміз – күнәһар адамның илаһи жарылқау мен кешірімнен құр қалып, азапқа душар болуы. Азап пен жаза адамның қылмысы мен күнәсіна сай беріледі. Мұндай адам хақ А...-ға табынудан шығып, залым биліктердің бұйрығын орындаушыға айналады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамгершілік қасиеттерден айрылып, хайуан іспеттес біреуге айналу - илаһи жазалардың бірі болып табылады.
Екіншіден, А...-ның қаһары мен лағынетіне ұшыраған кісілерге мүміндердің арасында орын жоқ.
"Мәида" сүресінің 61-62 аяттары:
و اذا جاوء كم قالوا آمنا و قد دخلوا بالكفر وهم قد خرجوا به والله اعلم بما كانوا يكتمون و تري كثيرا منهم يسارعون في الاثم و العدوان و اكلهم السحت لبئس ماكانوا يعملون.
"(Екі беткейлер) Жандарыңа келгенде: "Біз иман келтірдік",-дейді, іс жүзінде (жаныңа) күпір күйінде кіріп, күпір күйінде шығып кетті. А... олардың жасырғанын (арам ниетін) әбден біледі. (61) Олардың (яһудилердің) көбінің күнә қылуға, дұшпандыққа, арамды жеуге ентелегенін көресің. Олардың қылықтары неткен жаман. (62)"
Кітап иелерінің мұсылмандарға қатысты қылықтары баяндалған соң, осы аят былай дейді: "Осындай қылықтарына қарамастан олар "біз иман келтірдік" деп айтып, өздерін мүмін деп санайды. Ал шын мәнінде олар ешқашан иман келтірген емес, олардың көкіректері күпірлік пен азғындыққа толы. Мүміндердің қасына іштегі күпірлікпен кіріп, күпірлікпен шығады. Олар өздерінің осы күйін жасырғанымен, А... олардың ішіндегісін біледі. Олардың күпірлігінің ең айқын белгісі – күнә жасауларын қоймай, харамды жеп, зұлымдық пен қылмыс жасауы болып табылады. Ал бұл, имандылыққа жатпайды". Әрине Құран барлық кітап иелері мен яһудилерді бұзақы деп санамайды және : "Олардың көбісі осындай болғанымен, кітап иелерінің арасында иманды және ізгі амал істейтіндер бар",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ауызбен ғана иман келтірдім деу жеткіліксіз. Нағыз иманның белгісі – ізгі амал.
Екіншіден, нәпсіқұмарлық, байлық және биліктен шығатын ахлақтық, әлеуметтік және экономикалық азғындықтың жайылуы діни қоғамды құлдыратады.
Үшіншіден, исламдық қоғамның ерекшелігі – ізгі істерді атқаруға ынталандыру, ал кәпірлер қоғамының ерекшелігі – күнә мен азғындықта жарысу болып табылады.
Төртіншіден, күнәнің өзінен де жаманы оған әдеттеніп, оны жұртқа көрсету болып табылады.
"Мәида" сүресінің 63-ші аяты:
لولا ينهاهم الربانيون و الاحبار عن قولهم الاثم و اكلهم السحت لبئس ما كانوا يصنعون .
"Олардың ашық ойлылары мен ғұламалары, не үшін оларды жалған сөзден, арамды жеуден тыймайды? Олардың қылықтары неткен жаман. (63)"
Бұл аят қоғамдағы данышпандар мен тәрбиешілердің зор жауапкершілігіне тоқталып былай дейді: "Олар бәрін біліп, түсіне тұра күнәһар халықты неге түземейді? Олар тіпті сөзбен де қарсылық білдірмейді". Күнәдан аулақ болудың бір өзі жеткіліксіз. Сондықтан күнәһарды да күнә жасаудан тыю керек. Өйткені күнәға үндемей шығу, оны қолдаудың бір түрі болғандықтан, адам оған жауапты болып саналады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күнәға қатысты үндемей, оған немқұрайлық таныту күнәнің жайылуына және күнәһардың арсыздығына себепші болады.
Екіншіден, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю ең алдымен діни ғұламаларға арналған.
Үшіншіден, білім мен даналықтың қадірі оны халыққа жеткізіп, надандық қылықтардың алдын-алған кезде ғана болады.