Мәида сүресі, 157-ші бөлім, 55-59 аяттар
Мәида сүресі, 157-ші бөлім, 55-59 аяттар
"Мәида" сүресінің 55-56 аяттары:
انما وليكم الله ورسوله والذين آمنواالذين يقيمون الصلوه ويوتون الزكوه و هم راكعون ومن يتول الله و رسوله والذين آمنوا فان حزب الله هم الغالبون.
"Шындығында сендердің достарың – А... және оның пайғамбары әрі шын пейілімен намаз өтейтін, зекет беретін, рукуғ қылатын мүміндер. (55) Кімде-кім А...-ны, оның пайғамбарын, мұсылмандарды дос тұтса, (олар А...-ны жақтаушы болады), А...-ны жақтаушылар расында жеңіске жететіндер. (56)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, бір кедей мешітке кіріп, халықтан қайыр сұрайды. Бірақ оған ешкім ештеңе бермейді. Сонда хазірет Әли (ғ) намазын оқып жатып, рукуғта тұрған жағдайда әлгі кедейге қолындағы сақинасын береді. Сол кезде А...-ның елшісіне (с) Әлидің (ғ) осы әрекетін мақтаған аят түседі. Пайғамбардың (с) маңызды жолдастарының бірі Аммар Ясер былай дейді: "Осы аят түскен оқиғадан кейін А...-ның елшісі (с): "Мен кімге жетекші болсам, Әли де соған жетекші!",-деді". Бұл жерде "уәли" деген сөз "мейірімділік пен достық" деген мағынада емес, қайта "жетекші мен басшы" деген мағынада қолданылған. Өйткені "достық" сөзі намаз оқып, рукуғта тұрғандарды ғана емес, барлық мұсылмандарды қамтиды. Ал бұл аят Әли ибн Әбу-Талебтің (ғ) өзі туралы. Өйткені мұндай оқиға тек онымен қатысты ғана болды. "Иман келтіргендер" деген сөзі оны құрметтеп, оның маңыздылығын көрсету үшін көпшілік түрде қолданылған. Құранда көпшілік түрде айтып, бірақ бір адамға арналған жағдайлар көп кездеседі. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам діні кәпірлердің басшылығын қабылдауға тыйым салып, А... мен оның пайғамбарының және ерекше мүміндердің жетекшілігіне бойсұнуға шақырады.
Екіншіден, иманы әлсіз, намаз оқымайтын және зекет бермейтін адамдар мүміндерге басшылық пен жетекшілік ете алмайды.
Үшіншіден, кедей-кепшіктерге жәрдемдесу үшін тіпті намаз да кедергі болмайды. Жоғарыдағы аятта намаз бен зекет бір-бірімен үйлескен.
Төртіншіден, қоғамдағы кедей-кепшіктер мен жетімдерге немқұрайлық танытқан адам, исламдық қоғамды басқара алмайды.
Бесіншіден, мүміндер А... мен пайғамбардың және пәк тұлғалардың жетекшілігін қабылдаған жағдайда ғана кәпірлерді жеңе алады.
"Мәида" сүресінің 57-58 аяттары:
يا ايها الذين آمنوا لاتتخذواالذين اتخذوا دينكم هزوا و لعبا من الذين اوتواالكتاب من قبلكم والكفار اولياء واتقوالله ان كنتم مومنين واذا ناديتم الي الصلوه اتخذوها هزوا ولعبا ذلك بانهم قوم لايعقلون.
"Ей, мүміндер! Сендерден ілгергі кітап берілгендерден (яһудилер мен насаралардан) діндеріңді мазақтап, ойыншық ететіндерді және кәпірлерді дос қылып алмаңдар. Мүмін болсаңдар, А...-дан қорқыңдар. (57) Сендер намазға шақырған (азан айтқан) сәттеріңде, олар намазды (және сендерді) мазақтап, ойыншық етеді, өйткені олар (намаздың маңыз-мақсатын) түсінбейтін адамдар. (58)"
Осы аяттар, кәпірлер мен кітап иелеріне тез иланатын және олардың қол астына кіруге ұмтылатын иманы әлсіз мұсылмандарға арналған. Сондықтан бұл аяттар олардың мұндай әрекетіне қатаң тыйым салады. Бұл аяттар: "Кәпірлер сендердің сенімдеріңді мойындамай, діндеріңнің тірегі болып саналатын намаздарыңды масқара етіп отырғанда, оларға қалай ересіңдер?",-дейді. Былайша айтқанда, олар сендерге ақыл мен қисын тұрғысынан қарамайды, қайта өздерінің надандығы бойынша діндеріңді масқаралайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, имандылықтың шарты – дінді надандар мен масқаралаушылардан сақтау болып табылады.
Екіншіден, пайдакүнемдік немесе қорқыныштың себебінен кәпірлермен дос болуға ұмтылмайық. Тек А... мен оның жазасынан қорқу керек.
Үшіншіден, кәпірлер мұсылмандардың жамағат намазынан үрейленгендіктен оны масқара етеді. Ендеше бұл намазды күшейтейік.
Төртіншіден, масқара қылу надандықтың белгісі. Ақылды әдістерге қисын мен нақты дәлелдер жатады.
"Мәида" сүресінің 59-шы аяты:
قل يا اهل الكتاب هل تنقمون منا الا ان آمنا بالله وماانزل الينا وما انزل من قبل وان اكثركم فاسقون.
"(Ей, Мұхаммед!) Былай деп айт: "Ей, кітап иелері! А...-ға, А...-ның өзімізге түсірген кітабына және одан ілгері (пайғамбарларға) түсірген кітаптарына сенгендігіміз үшін, бізді сөгемісіңдер? Шынында көбің бұзақысыңдар". (59)"
Бұл аят Ислам пайғамбары (с) мен мұсылмандарға былай дейді: "Кәпірлер масқаралауды қоймаса, оларға: "Біздің иманымыз бен дінімзді масқара қыласыңдар ма? Біз Құранға да, сендердің Тәурат пен Інжілдеріңе де иман келтірдік. Бірақ сендер өз кітаптарыңа да берік болмай, оның нұсқауларынан қашасыңдар",-деңдер". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қарсыластармен де татулықпен айтысу керек. Олардың қателіктерін тура бетіне айтпай, сұрақ түрінде қозғаған жөн. Дұшпанмен де әділ болайық.
Екіншіден, діннің дұрыстығына күмән келтірмейік. Өйткені кәпірлердің дұшпандығы олардың надандығының белгісі.