Мәида сүресі, 156-шы бөлім, 51-54 аяттар
Мәида сүресі, 156-шы бөлім, 51-54 аяттар
"Мәида" сүресінің 51-ші аяты:
ياايهاالذين آمنوا لاتتخذوا اليهود و النصاري اولياء بعضهم اولياء بعض و من يتولهم منكم فانه منهم ان الله لايهدي القوم الظالمين.
"Ей, мүміндер! Яһудилермен, насаралармен дос болмаңдар, олар өздерімен өздері дос. Сендерден кім олармен дос болса, ол даусыз солардан саналады. Залым қауымды А... шынында оңғармайды. (51)"
Исламдық қоғамның әлеуметтік және саяси істеріне байланысты аяттарды Құранның басынан бастап көп кездестіріп келеміз. Ал бұл, адамдардың тұрмысын басқарудағы және оның осы дүние мен ақыреттегі бақытын қамтамасыз етудегі Құранның зор қамтуын көрсетеді. Осы аятта А... тағала адамның өміріндегі бір маңызды қағидаға меңзеп: "Мүміндер кәпірлерге сүйеніп, оларды басшылыққа алмауы тиіс. Сендер оларға қызығушылық танытқандарыңмен, олар сендерді ұнатпайды. Олар өз діндестерін ғана ұнатады",-дейді. Сонан соң аяттың жалғасы былай дейді: "Кәпірлердің қандайда болмасын басшылығын қабылдаған, олардың қатарына қосылған болып саналады. Ал бұл, адамның бойында күпірлік пен екіжүзділік сезімін тудырғандықтан, қоғам мен оның өзіне үлкен зұлымдық болып есептеледі". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, исламдық елдердің сыртқы саясаты мен байланыстарында кәпірлердің мұсылмандарға үстемдік жүргізуіне ұласатын кез-келген істерді атқаруға тыйым салынады.
Екіншіден, кәпірлердің басшылығын қабылдау арқылы адам илаһи басшылықтан шығып, А...-ның жолдауынан мақрұм қалады.
Үшіншіден, Ислам діні кітап иелерінің үстемдігінде емес, олармен татулықта өмір сүруге шақырады.
"Мәида" сүресінің 52-53 аяттары:
فتري الذين في قلوبهم مرض يسارعون فيهم يقولون نخشي ان تصيبنا دائـره فعسي الله ان ياتي بالفتح اوامرمن عنده فيصبحوا علي مااسروا في انفسهم نادمين و يقول الذين آمنوا اهولاء الذين اقسموا بالله جهد ايمانهم انهم لمعكم حبطت اعمالهم فاصبحوا خاسرين.
"Көңілдерінде (мұнафықтық) дерті барлардың; (заман өзгеріп кәпірлер үстемдік тапса) "Өзімізге бір пәлекет келуінен қорқамыз" деп олармен жақындаспаққа ентелегенін көресің. А... (пайғамбарға және мұсылмандарға) бәлкім жеңіс берер немесе өз қасынан бір әмір берер. Сонда, олар көңілге бүккендері (дін дұшпанын дос тұтқаны) үшін өкінер. (52) Ал иман келтіргендер: "Сендермен шын бірге боламыз деп А...-ның атымен мықтап ант ішкендер осылар ма?",-дейді. Олар (екі беткейлер) қылған барлық еңбектері зая кетіп, өз бастарына кесір жасаушылар болады. (53)"
А... тағала кәпірлердің үстемдігіне ұласатын кез-келген достық байланыстарға тыйым салғанына қарамастан, кейбір иманы әлсіз және екіжүзді адамдар кәпірлермен дос болуға құштарлық танытады. Осы орайда Құран былай дейді: "Ислам құдірет пен жеңіске жеткен күні А... тағала мүміндерді абырой мен құрметке жеткізеді. Сол күні, кәпірлердің жеңісінен қорқып, оларға үміттенген адамдар өз істерінен өкініп, көңілдегілерін жария етеді. Сол кезде нағыз мүміндер таңғалып: "Сөз жүзінде ғана иман келтіріп, ант бергендер, бүгін неліктен бәрінен айрылып, рәсуа болып қалды?",-дейді". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кәпірлермен дос болуға құштарлық танытып, олардың жәрдеміне сену – екіжүзділік пен иманның әлсіздігінің белгісі.
Екіншіден, иманның әлсіздігі күштердің алдындағы қорқынышқа себеп болады.
Үшіншіден, саяси абырой мен экономикалық күш және әскери жеңіс осының барлығы А...-ның қолында. Ол үшін мүміндер имандарына берік болулары тиіс.
Төртіншіден, екіжүзділіктің ақыры – абыройсыздық пен өкініш.
"Мәида" сүресінің 54-ші аяты:
يا ايها الذين آمنوا من يرتد منكم عن دينه فسوف ياتي الله بقوم يحبهم و يحبونه اذله علي المومنين اعزه علي الكافرين يجاهدون في سبيل الله و لايخافون لومه لائم ذلك فضل الله يوتيه من يشاء والله واسع عليم.
"Ей, мүміндер! Сендердің іштеріңнен кімдер діннен шықса, А... (олардың орнына) өзі сүйетін, олар да А...-ны сүйетін, мүміндерге ибалы, кәпірлерге қатал, А... жолында күрес жүргізетін, жазғырушылардың айыптауынан тайсалмайтын бір қауымды әкеледі. Міне, бұл – А...-ның мол рақметі, А... мұны қалаған адамына нәсіп етеді. Өйткені А... – аса кең, (барлығын) білгіш. (54)"
Өткен аяттар мүміндерге кәпірлердің үстемдігіне ұласуы мүмкін кез-келген әріптестікке тыйым салды. Осы аят былай деп ескертеді: "Байқаңдар! Мұндай істер сендердің діннен шығуларыңа себеп болмасын. Қауіп-қатерден аман боламыз деп кәпірлерден пана іздесеңдер, А...-ның діні жойылмайды. Өйткені А...-ға имандары мықты адамдар бар, олар дінді қорғауға дайын және ешнәрседен қорықпайды". Бұл арадағы қызықты жайт, А... тағала мүміндерді сипаттағанда: "Олар дұшпанға қатаң қарсы тұрады және өздерінің арасында мейірбан әрі қарапайым",-дейді. Рауаяттарда жазылғандай, осы аят түскен кезде қасиетті Ислам пайғамбары (с) қолын Салман Фарсидің иығына қойып: "А...-ның осылай сипаттаған адамдары сенің жерлестерің мен парсылар",-деген екен. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, діннен шығып қалу қаупі кез-келген мүмінге төніп тұрады. Сондықтан әр ісіміздің салдарын ойлайық.
Екіншіден, А...-ға саналы түрде иман келтірмеген адам діннен шығып қалуы мүмкін. Ақыл-ой мен санаға негізделмеген дінге үнемі қауіп төніп тұрады.
Үшіншіден, А... тағала бізге де, біздің көмегімізге де зәру емес. Оның дінін қорғап, қолдайтын адамдар бар.
Төртіншіден, мұсылмандар бір-бірімен мейірімді, ал дұшпанға қарсы қатал болуы тиіс. Сондықтан ешбір жағдайда шектен шықпау керек.
Бесіншіден, А...-ның жомарттығы тек мал-мүлік пен мансапта ғана емес. Дінге берік болып, А... жолында күресу де Оның жомарттығына жатады.