Жел 27, 2016 20:01 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 147-ші бөлім, 15-17 аяттар

"Мәида" сүресінің 15-ші аяты:

يَا أَهْلَ الْكِتَابِ قَدْ جَاءكُمْ رَسُولُنَا يُبَيِّنُ لَكُمْ كَثِيرًا مِّمَّا كُنتُمْ تُخْفُونَ مِنَ الْكِتَابِ وَيَعْفُو عَن كَثِيرٍ قَدْ جَاءكُم مِّنَ اللّهِ نُورٌ وَكِتَابٌ مُّبِينٌ ﴿۱۵﴾

"Ей, кітап иелері! Сендерге кітаптан (Інжіл мен Тәураттан) өздерің жасырған нәрселеріңнің көбін ашық баяндайтын, оның көбін кешіретін (әшкерелеп сендерді ұялтпайтын) елшіміз келді. Сендерге Алла жағынан нұр (Мұхаммед (с)) және әйгілі кітап (Құран) келді. (15)"

Өткен аяттарда яһуди мен христиан ғұламаларына: "Неліктен қасиетті кітап аяттарын бұрмалап, жасырдыңдар. Аллаға берген уәделеріңді ұмыттыңдар ма?",-делінген еді. Осы аят оларға былай дейді: "Сендер өздерің кітап иесі болып, илаһи аяттармен таныс болғандықтан Ислам пайғамбарына (с) иман келтіріңдер! Оның болмысы нұр, ал кітабы бұрын сендер жасырып, айтуға батылдарың бармаған ақиқатқа жолдаушы болып табылады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам – әлемдік әрі мәңгілік дін. Сондықтан ол бұрынғы дінге ерушілердің барлығын Алланың мәңгілік кітабына, яғни Құранға шақырады.

Екіншіден, илаһи тәлімдер – нұр болғандықтан, онсыз әлем қараңғы болмақ.

"Мәида" сүресінің 16-шы аяты:

يَهْدِي بِهِ اللّهُ مَنِ اتَّبَعَ رِضْوَانَهُ سُبُلَ السَّلاَمِ وَيُخْرِجُهُم مِّنِ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ بِإِذْنِهِ وَيَهْدِيهِمْ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ ﴿۱۶﴾

"Алла өзінен ризалық тілегендерді сол кітап арқылы есендік жолдарына (Алланың шариғатына және оның үкімдеріне) жетектейді, өз еркімен оларды қараңғылықтан жарыққа шығарады әрі түзу жолға салады. (16)"

Құран өзін "ақиқатқа жолдаушы" деп атағаннан кейін, осы аят былай дейді: "Әрине тура жолға түсудің шарттары бар. Оның ең маңыздысы – шыншылдық пен ақиқатты сүю болып табылады. Дүниенің мал-мүлкі, мансаптары мен нәпсілік құмарлықтарын емес, ақиқат пен шындықты және Жаратушының ризалығын көздеген адам ғана Құранның жолдауын қабылдайды. Осындай шарттарға ие болған адамды Алла тағала күнә мен адасушылық қараңғылығынан шығарып, иман мен ізгі амалдардың жарығына жолдайды". Осы жолдаудың арқасында адамның жаны мен ой-пікірі, отбасы мен жақындары қауіпсіздікке тап болып, қияметте де илаһи пейішке бөленеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қауіпсіздік пен сақтыққа жету үшін Алланың жолымен жүру керек. Сондықтан Құран - бұл мақсатқа жету жолындағы дәнекер болып саналады.

Екіншіден, адамзат тек илаһи діндер арқылы ғана өзара тату-тәтті тұрмыс кеше алады.

Үшіншіден, адамды Аллаға жолдайтын істер әртүрлі. Әрқашанда әркімге ізгі істер айырмашылық етеді. Бірақ Алланың ризалығын көздейтін болсақ, барлығы тура жолға ұласады.

"Мәида" сүресінің 17-ші аяты:

لَّقَدْ كَفَرَ الَّذِينَ قَآلُواْ إِنَّ اللّهَ هُوَ الْمَسِيحُ ابْنُ مَرْيَمَ قُلْ فَمَن يَمْلِكُ مِنَ اللّهِ شَيْئًا إِنْ أَرَادَ أَن يُهْلِكَ الْمَسِيحَ ابْنَ مَرْيَمَ وَأُمَّهُ وَمَن فِي الأَرْضِ جَمِيعًا وَلِلّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَا بَيْنَهُمَا يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ وَاللّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۷﴾

"Мәриям ұлы Мәсихты (Исаны) Аллаға балайтындар шынымен кәпір болды. (Ей, Мұхаммед!) "Егер Алланың Мәриям ұлы Мәсихты, оның шешесін (Мәриямды) және жер жүзіндегі күллі адамзатты типыл қылғысы келсе, Алланың (әмірінен) берер нәрсені тосуға кімнің шамасы келеді",-деп айт. Жер мен көктің және екеуінің арасындағы нәрселердің патшалығы Аллаға тән. Алла қалағанын жаратады, Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. (17)"

Кітап иелерін Исламға шақырған аяттардан кейін осы аят былай дейді: "Христиандар хазірет Мәсихты (ғ) неліктен құдай деп санайды және оны әлем істерінде Аллаға серік қосады? Мәсих өзінің анасы Мәриямнан тумады ма? Ендеше ол қалай құдай болмақ? Оның анасы – Мәриям да өзге адамдар секілді дүниеге келмеді ме? Неліктен оны да құдайлардың бірі деп санайды? Алла қаласа хазірет Мәсихты да, хазірет Мәриямды да жоя алады ғой? Өлімге ұшырайтын бұл қандай құдай?". Негізінде мұндай наным нақты зерттелсе, күпірліктің бір түрі болмақ. Өйткені бір адамды құдайға теңеу, құдайылық дәрежені адамның деңгейіне дейін төмендету болып саналады. Осы аяттың соңғы бөлімінде былай делінген: "Құдай болу үшін абсолюттік күш пен құдірет қажет. Ал хазірет Мәсих пен оның анасы мұндай нәрседен мақрұм еді. Барлық нәрсеге ие және барлығына күші жететін Жаратушы ғана құдай болуға лайық". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Исламның бағдарламаларының бірі – илаһи діндердегі бұрыс сенімдермен күресіп, оны кез-келген қоспа мен адасудан тазарту болып табылады.

Екіншіден, илаһи пайғамбарлардың мәртебесі қанша жоғары болса да, олар адам болып табылады. Пайғамбарға қатысты шектен шығу тәухид сезіміне сәйкес келмейді.

Үшіншіден, егер Мәсих құдай болған болса, қарсыластары оны қалайша шарбаққа керіп өлтірді? Жаратылған біреу құдайға зиян тигізе ала ма?