Мәида сүресі, 145-ші бөлім, 7-11 аяттар
Мәида сүресі, 145-ші бөлім, 7-11 аяттар
"Мәида" сүресінің 7-ші аяты:
وَاذْكُرُواْ نِعْمَةَ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَمِيثَاقَهُ الَّذِي وَاثَقَكُم بِهِ إِذْ قُلْتُمْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ عَلِيمٌ بِذَاتِ الصُّدُورِ ﴿۷﴾
"Алланың сендерге берген нығметін, өз кезінде: "Естідік, бойсұндық",-деп Аллаға берген серттеріңді еске алыңдар. Алладан қорқыңдар. Алла шынында көңілдегінің бәрін білуші. (7)"
Өткен аяттарда Алла тағала бірқатар тамаққа қатысты үкімдер мен отбасы мәселелері және намаз бен ғибадат үкімдерін баяндаған соң, осы аятта былай дейді: "Осы илаһи жолдау – Алланың мүміндерге берген ең үлкен нығметі болып табылады. Осы нығметтерді әрдайым біліп, еске алып жүріңдер". Аталмыш сүренің 3-ші аятында хазірет Әлидің (ғ) халифа болып тағайындалуымен діннің кемелдікке жетіп, нығметтердің тәмәмдалғандығы жайлы оқиға баяндалған болатын. Осы аят мүміндерді илаһи жетекшіліктің зор нығметіне шүкір етуге шақырады. Осы аят сондай-ақ: "Сендер Ғадир Хұмда Әли ибн Әбу-Талебтің (ғ) велаяты туралы пайғамбардың (с) айтқанын естіп, қабылдадыңдар. Сондықтан абайлаңдар, осы илаһи сертті бұзушы болмаңдар!",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам мен илаһи жетекші нығметі барлық материалдық нығметтерден жоғары. Оған әрқашан көңіл аударып, естен шығармау керек.
Екіншіден, Алла тағала барша мұсылмандардан Өзінің нұсқауларын орындауға қатысты ақыл мен табиғат және тіл мен сөз арқылы уәде алды. Сондықтан бұл саладағы кез-келген олқылық сертті бұзу болып саналады.
"Мәида" сүресінің 8-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُونُواْ قَوَّامِينَ لِلّهِ شُهَدَاء بِالْقِسْطِ وَلاَ يَجْرِمَنَّكُمْ شَنَآنُ قَوْمٍ عَلَى أَلاَّ تَعْدِلُواْ اعْدِلُواْ هُوَ أَقْرَبُ لِلتَّقْوَى وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ ﴿۸﴾
"Ей, мүміндер! Алла үшін әділдікпен куәлік беріңдер. Бірер елге болған өшпенділіктерің (оларға) әділ болмауға мұрындық болмасын, (дұшпанға да) әділ болыңдар. Мұның өзі тақуалыққа жақынырақ. Алладан қорқыңдар, Алла расында істеген істеріңнен толық хабардар. (8)"
Осыған ұқсас, бірақ сәл айырмашылық ететін мәселе "Ниса" сүресінің 135-ші аятында қозғалды. Алайда сол аятта Алла тағала "өздеріңе немесе жақындарыңа зиянды болса да әділетпен куәлік етіңдер" деп бұйырады. Ал осы аятта былай делінген: "Тіпті дұшпандарыңмен де әділ болыңдар. Ақиқат пен әділеттен таймаңдар. Өшпенділіктерің мен дұшпандықтарың кек алуға ұмтылып, басқалардың құқығын бұзуға мұрындық болмасын". Достармен де, дұшпандармен де әлеуметтік қарым-қатынастарда өздеріңді емес, Алланы ойлаңдар. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұратынын және сауап пен жазаны әділет негізінде беретінін естен шығармаңдар. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлеуметтік әділетке тек Аллаға иман мен Оның нұсқауларын дұрыс орындау арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Екіншіден, әділет - тек бір ахлақтық құндылық емес, қайта отбасы мен қоғамда, дос және дұшпанмен қарым-қатынас секілді өмірдің барлық салаларында орындауға берілген Аллланың нұсқауы болып табылады.
Үшіншіден, тақуа болу үшін ұлттық фанатизмнен аулақ болу керек. Өйткені ол өшпенділік пен жеккөрушілікке себеп болады.
"Мәида" сүресінің 9-10 аяттары:
وَعَدَ اللّهُ الَّذِينَ آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ لَهُم مَّغْفِرَةٌ وَأَجْرٌ عَظِيمٌ ﴿۹﴾ وَالَّذِينَ كَفَرُواْ وَكَذَّبُواْ بِآيَاتِنَا أُوْلَئِكَ أَصْحَابُ الْجَحِيمِ ﴿۱۰﴾
"Иман келтіріп, жақсылық іс істегендерге Алла кешірім және үлкен сауап уағда қылды. (9) Кәпір болып, аяттарымызды өтірікке ұйғарғандар – тозаққа түсетіндер. (10)"
Басқа да көптеген аяттарға ұқсас осы екі аят, илаһи жаза мен сауаптың күпірлік пен иманға, жаман-жақсы істерге сәйкес берілетінін ескертеді. Алланың біреулерді жәннатқа кіргізіп, дұшпандарды тозаққа тастайтындай ешбір халық немесе топпен туысқандық байланысы жоқ. Бұрынғы аяттарда әділетті сақтап, тақуа болуға бірнеше рет өсиет етілді. Осыған байланысты бұл аят: "Осы екі мәселені орындасаңдар нағыз мүмін болып, жәннатқа кіресіңдер. Әйтпесе сендер де кәпірлермен қоса тозаққа түсесіңдер",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, жәннат пен тозақты Алла тағала мүміндер мен кәпірлерге уәде етті. Алланың уәдесі міндетті түрде орындалады.
Екіншіден, ізгі істер һәм бұрынғы қателіктердің есесін толтыру мен кешірілуге, һәм илаһи сауапқа бөленуге жағдай жасайды.
"Мәида" сүресінің 11-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اذْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ هَمَّ قَوْمٌ أَن يَبْسُطُواْ إِلَيْكُمْ أَيْدِيَهُمْ فَكَفَّ أَيْدِيَهُمْ عَنكُمْ وَاتَّقُواْ اللّهَ وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ ﴿۱۱﴾
"Ей, мүміндер! Алланың сендерге берген жақсылығын еске алыңдар, кезінде бір топ адам сендерге (суық) қолын созбақ болған еді, бірақ Алла олардың қолын тосты. Алладан қорқыңдар. Мүміндер Аллаға сүйенсін. (11)"
Ислам тарихында дұшпандардың соғыс пен қастандықтар арқылы Исламның атын өшіруді көздеген көптеген оқиғалар болған. Алайда Алла тағала әрқашан өзінің ілтипаты және рақымдылығымен мұсылмандарды қорғап, дұшпандардың жоспарларын залалсыздандырды. Осы орайда бұл аят былай дейді: "Ей, мүміндер! Алланың осы жарылқауын мәңгі естен шығармаңдар. Осы нығметтерге шүкірлік етудің жолы – тақуалық пен имандылық. Ол осы ғайып көмектердің түсуінің жалғаса беруіне себеп болады". Мүміндер адамның күшіне сеніп, одан қорқудың немесе оның уәделеріне алданудың орнына, тек Алланың шексіз құдіретіне сеніп, тек одан ғана қорқу керектігін білгені жөн. Осындайда ғана Аллаға тәуекел етіп, адамдардың кез-келген күшіне тойтарыс беретін зор күшке ие боламыз. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Алланың нығметтері мен ілтипатын ойлаған адам тәкәппарлық пен өзімшілдікке душар болмайды. Оның жаратушыға деген сүйіспеншілігі ұлғаяды.
Екіншіден, илаһи нығметтердің ең маңыздысы – дұшпанды жойып, мұсылмандарды сансыз дұшпаннан құтқару болып табылады. Бұған тіл мен де, жүрекпен де шүкірлік ету керек.