Жел 27, 2016 20:05 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 144-бөлім, 4-6 аяттар

"Мәида" сүресінің 4-ші аяты:

يَسْأَلُونَكَ مَاذَا أُحِلَّ لَهُمْ قُلْ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ وَمَا عَلَّمْتُم مِّنَ الْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ اللّهُ فَكُلُواْ مِمَّا أَمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَاذْكُرُواْ اسْمَ اللّهِ عَلَيْهِ وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ سَرِيعُ الْحِسَابِ ﴿۴﴾

"(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен өздеріне нелердің халал етілгендігін сұрайды. (Сен оларға айт) "Сендерге таза нәрселер халал етілді, Алланың өздеріңе үйреткені бойынша аң аулауға үйретілген (бүркіт, тазы сияқты) жыртқыштардың сендерге ұстап бергендерін жеңдер және (аңшы хайуанды аңға жібергенде) "Бисмиллә" айтыңдар. Алладан қорқыңдар. Шынында Алланың есеп алуы өте тез. "(4)"

Өткен аяттарда харам етілген тағамдар баяндалды. Осы аят та былай дейді: "Сендерге осыдан бұрын айтылғаннан басқа өздерің ұстап, бауыздаған немесе иттерің ұстап әкелген кез-келген жануардың еті халал етілді". Бұл арадағы қызықты жайт, Алла осы аятта жануарларды, әсіресе аң аулайтын итті үйрету мәселесіне тоқталып: "Жануарға аң аулауды үйрету әдісін сендер білмедіңдер. Шын мәнінде оны сендерге үйреткен Алла. Сендердің айтқандарыңды орындап, қызмет ету үшін итті берген Алла",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, тамақ жөніндегі жалпы қағида бойынша, оның харамдығы белгілі түрде айтылғаннан басқа кез-келген таза әрі жарамды нәрсе халал болып табылады.

Екіншіден, тағамдарда тақуалықты сақтап, харам етілген нәрседен аулақ болу керек. Алла харам етілген нәрсені жейтіндердің сазайын тез тарттырады.

"Мәида" сүресінің 5-ші аяты:

الْيَوْمَ أُحِلَّ لَكُمُ الطَّيِّبَاتُ وَطَعَامُ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ حِلٌّ لَّكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلُّ لَّهُمْ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الْمُؤْمِنَاتِ وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ إِذَا آتَيْتُمُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ مُحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ وَلاَ مُتَّخِذِي أَخْدَانٍ وَمَن يَكْفُرْ بِالإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ ﴿۵﴾

"Бүгін сендерге таза нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің де (яһудилердің де, насаралардың да) тамағы (бауыздағандары) сендерге халал қылынды. Сендердің тамақтарың оларға халал. Мүміндерден арлы әйелдермен, сендерден ілгергі кітап берілгендер ішіндегі арлы әйелдермен мәһірін беріп және зинақорлық істемей, астыртын көңілдес болмай некелессеңдер олар сендерге халал. Кім иманнан тайса, оның еңбегі зая кетеді, ақыретте зиян тартады. (5)"

Бұл аят кітап иелеріне қатысты екі мәселеге меңзеп, былай дейді: "Біріншісі – олардың тамағын жеу, ал екіншісі – олардың әйелдеріне үйлену. Кітап иелерінің тамағын пайдалануға қатысты айта кететін жайт, бұрынғы аяттардағы малдың еті туралы берілген үкімдерге назар аударсақ, олардың ет тағамдарын жеуге рұқсат етілмейді. Бірақ олардың басқа тамақтарын пайдаланудың оқасы жоқ". Үйлену мәлесесінде де аятта айтылғандай, олардан әйел алуға болғанымен, оларға қыз беруге болмайды. Мұның себебі әдетте әйелдің сезімталдығы мен күйеуінің ықпалында болуы шығар. Дәл осылай мұсылманға күйеуге шыққан кітап иелерінің қызы, жұбайы арқылы Исламмен танысып, осы тіршілік сыйлаушы дінге иман келтіруі мүмкін. Бұл аят сондай-ақ мұсылмандарды тұрмыс құруға ынталандырады, тіпті: "Егер ұнататын қыздарың христиан болса, онымен жасырын және заңсыз байланыс орнатқанша оған үйленіңдер. Алла мұны көбірек құптайды. Оған жетемін деп иман мен діндеріңді тастап, кәпір болып жүрмеңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, әйелдің пәктігін кез-келген дін қадір тұтады. Сондықтан еркектер де тақуа болып, азғындықтан сақтануы тиіс.

Екіншіден, Құранның көзқарасы бойынша жұбайды оның иманы мен пәктігі бойынша таңдау керек.

"Мәида" сүресінің 6-шы аяты:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلاةِ فاغْسِلُواْ وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ وَامْسَحُواْ بِرُؤُوسِكُمْ وَأَرْجُلَكُمْ إِلَى الْكَعْبَينِ وَإِن كُنتُمْ جُنُبًا فَاطَّهَّرُواْ وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مَّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُم مِّنْهُ مَا يُرِيدُ اللّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُم مِّنْ حَرَجٍ وَلَكِن يُرِيدُ لِيُطَهَّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ﴿۶﴾

"Ей, мүміндер! Сендер намаз оқымақшы болсаңдар, жүздеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар, бастарыңа және екі аяқтарыңа тобыққа дейін мәсіх тартыңдар, егер бой дәретсіз болсаңдар, (шомылып) тазаланыңдар. Егер, науқас немесе жолаушы болсаңдар, не дәретке отырсаңдар немесе әйелге жұғысқан болсаңдар, ондайда су таба алмағанда таза жерге (жер жынысымен) тәямүм соғыңдар, онымен жүздеріңді, екі қолдарыңды сипаңдар. Алла сендерге машақат келтіруді қаламайды. Бірақ шүкіршілік етулерің үшін сендерді пәк қылуды, сендерге бағыштайтын нығметін тәмәмдауды қалайды. (6)"

Өткен аяттағы халал және харам тағамдар мәселесінен кейін осы аят былай дейді: "Сендерге осыншама нығмет беріп, табиғи мұқтаждықтарыңды қамтамасыз еткен Аллаға шүкір етіп, намаз оқыңдар. Алайда Алланың алдында тұрудың шарты – жан мен тәннің тазалығы. Намаздан бұрын денелеріңді тазарту үшін бет-қолдарыңды жуып, бастарыңа мәсіх тартып дәрет алыңдар. Әйелмен жақындассаңдар немесе жүніб болсаңдар ғұсыл алыңдар". Сонан соң аяттың жалғасы былай дейді: "Әдетте сендерге дәрет пен ғұсыл алу парыз етілгенімен, Алла сендерге шамадан тыс міндет артпайды. Науқастанып, не сапарда болғанда сендерге су зиянды болса, немес табылмаса, судың орнына таза топырақпен мәсіх етіп, кішіпейілдікпен намазға тұрыңдар. Топырақтан шығып, топыраққа оралатындарыңды біліңдер". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дене мен рухтың таза болмауы Аллаға жақындауға кедергі болады. Алланың пендесі болудың шарты – тазалық.

Екіншіден, Ислам дінінде тығырық жоқ. Діни үкімдер жеңілдетіледі, бірақ тоқтатылмайды.

Үшіншіден, сумен дәрет және ғұсыл алу, топырақпен таямум алу, таңның атуы және күннің батуымен намаз уақытын анықтау, күн мен жұлдыздар арқылы қыбланың бағытын табу тәрізді шариғаттың үкімдері табиғатпен тығыз байланыста.