Мәида сүресі, 143-ші бөлім, 3-ші аят
Мәида сүресі, 143-ші бөлім, 3-ші аят
"Мәида" сүресінің 3-ші аяты:
حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالْدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللّهِ بِهِ وَالْمُنْخَنِقَةُ وَالْمَوْقُوذَةُ وَالْمُتَرَدِّيَةُ وَالنَّطِيحَةُ وَمَا أَكَلَ السَّبُعُ إِلاَّ مَا ذَكَّيْتُمْ وَمَا ذُبِحَ عَلَى النُّصُبِ وَأَن تَسْتَقْسِمُواْ بِالأَزْلاَمِ ذَلِكُمْ فِسْقٌ الْيَوْمَ يَئِسَ الَّذِينَ كَفَرُواْ مِن دِينِكُمْ فَلاَ تَخْشَوْهُمْ وَاخْشَوْنِ الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإِسْلاَمَ دِينًا فَمَنِ اضْطُرَّ فِي مَخْمَصَةٍ غَيْرَ مُتَجَانِفٍ لِّإِثْمٍ فَإِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۳﴾
"Сендерге: "Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа. Және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған мал, әрі оқтар арқылы тала сынауларың (бал ашуларың) да арам етілді. Бұларың бұзықтық. Бүгін кәпірлер діндеріңнен (тосудан) күдер үзді. Олардан қорықпаңдар. Менен қорқыңдар. Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым. Кім аштықтан шарасыз қалса, күнәға ауытқымаса (жеуге болады). Шәксіз Алла тым жарылқаушы, ерекше мейірімді. (3)"
Осы оқылған аятта бір-бірінен толық айырмашылығы бар екі бөлек мәселе баяндалады. Аяттың бірінші бөлімі бұрынғы аяттың тақырыбын жалғастыра келе харам етілген азықтарға тоқталып, харам етілген еттің он түрін атап өтеді. Мұның кейбіреуі табиғи түрде немесе бір оқиғаның салдарынан өлген немесе бауыздалмаған мал болғандықтан, оның еті арам саналады. Бірақ кейбір жануар бауыздалып, оның еті халал болғанымен, Алладан басқаға арналып бауыздалғандықтан бұл ет те харам болады. Алланың халалы мен харамы, оның адамның денесіне пайдалы немесе зиянды болғандығынан ғана емес екендігін көрсетеді. Біріншіден, Алланың атымен немесе Алладан басқаның атымен бауыздалған еттің айырмашылығы жоқ. Бірақ ол адамның рухына әсер ететін болғандықтан, Алла мұндай жануардың етін жеуге тыйым салады. Әрине Құранның басқа аяттарында айтылғандай, әрқашан адам аштыққа тап болса, өлімнен аман қалатындай қажетті мөлшерде ғана харам етілген тағамнан жеуге рұқсат етіледі. Бірақ адам күнә жасау үшін мұндай төтенше жағдайды өзі тудырмауы тиіс. Бұрын айтқанымыздай бұл аят екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімдегі мәселені талқыладық. Алайда толығымен тәуелсіз екінші бөлім мұсылмандар тарихындағы тағдырды шешуші бір күнмен таныстырады. Құранның сипаттауынша сол күні кәпірлер мұсылмандарға үстем жүргізуден үмітсізденіп, Ислам діні кемеліне жетіп, мүміндерге Алланың нығметі тәмәмдалды. Бұл қандай күн? Ислам тарихындағы немесе пайғамбардың (с) өміріндегі қай күн мұндай ерекшелікке ие? Діннің кемелге жеткен күні пайғамбарға пайғамбарлық берілген маңызды күн бе? Әлде пайғамбардың (с) Меккеден Мәдинаға һижрат еткен күні ме? Бұл сұрақтарға жауап беру мен оның қандай күн екендігін анықтау үшін осы аяттың қай кезде түскенін білуіміз керек. Барлық тәпсіршілердің пікірінше, бұл аят хижра жыл санауы бойынша 10-шы жылы, яғни пайғамбар (с) өмірінің соңғы кезіндегі қажылыққа ақырғы сапарда түскен. Бірақ кейбіреулер оны 9-шы зи-хаджемен байланыстырады. Ал енді біреулер оны 18-ші зи-хадже күні Ғадир деген жерде болған оқиғаға қатысты деп санайды. Нақты рауаяттар бойынша, Алланың үйін зиярат етушілерге пайғамбар (с) ұзақ құтпа оқып, біраз мәселелерді айтқан. Соның ең маңыздысы – өзінен кейінгі "орынбасарды" таныстыру болды. Пайғамбар (с) осы сөздерін айтқан кезде, иманы мен барлық соғыстарда пайғамбардың (с) серігі болу тұрғысынан басқа мүміндерден алдыңғы қатарда болған Әли ибн Әбу-Талебтің (ғ) қолын жоғары көтеріп: "Ей, мүміндер! Мен кімге жетекші болсам, Әли де соған жетекші!",-деді. Осыдан кейін "Мәида" сүресінің аталмыш аяты түсіп: "Бүгін өзінен кейін орынбасар ретінде қалдыратын ұлы да, тағайындап кеткен ізбасары да жоқ пайғамбар кетсе, мұсылмандарды жеңіп, Исламды түбірімен жоямыз деп ойлаған кәпірлердің арманы үмітсіздікке айналды",-дейді. Келесі жағынан илаһи заңдар мен ережелердің кешені болып табылатын дін әділ жетекшісіз толық болмай қалған еді. Бірақ пайғамбардан кейін орынбасар тағайындалып, толықты. Пайғамбар мен Құран келген соң халыққа тура жол нығметін берген Алла, Әли ибн Әбу-Талебті (ғ) тағайындау нұсқауын беру арқылы оны тәмәмдады. Осылайша ол Алланың қалаған діні болды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әділ әрі илаһи жетекшінің болуы өте маңызды. Тіпті ол болмаса дін толық болмайды. Өйткені лайықты жетекші болмаса, барлық нығметтер мен күштер зая болады.
Екіншіден, Ислам діні мықты және ғұмыры ұзақ болуы үшін дұрыс жетекшілікті, яғни пайғамбардан кейінгі он екі имамның велаятын қабылдау керек. Олардың ең соңғысы – қазіргі таңда ғайып болып отырған имам Мехди (ғ).