Мәида сүресі, 142-ші бөлім, 1-2 аяттар
Мәида сүресі, 142-ші бөлім, 1-2 аяттар
Құранның бесінші сүресі "Мәида" деп аталады және ол Ислам пайғамбары (с) өмірінің соңғы жылдарында түскен. Осы сүренің 114-ші аятында хазірет Иса (ғ) аспаннан дастархан түсірілуін тілеп, дұға оқығандықтан "Мәида" деп аталады.
"Мәида" сүресінің 1-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَوْفُواْ بِالْعُقُودِ أُحِلَّتْ لَكُم بَهِيمَةُ الأَنْعَامِ إِلاَّ مَا يُتْلَى عَلَيْكُمْ غَيْرَ مُحِلِّي الصَّيْدِ وَأَنتُمْ حُرُمٌ إِنَّ اللّهَ يَحْكُمُ مَا يُرِيدُ ﴿۱﴾
"Әй, мүміндер! Уәделеріңді орындаңдар. Сендерге ыхрамда аңды халал санамау шартымен, сендерге түсіндірілетіндерден басқа хайуандар халал қылынды. Күдіксіз Алла не тілесе оны әмір етеді. (1)"
Осы аят пайғамбардың (с) қажылық сапарынан бұрын түскендіктен, мұсылмандарға қажылық туралы бірқатар үкімдерді ескертеді. Бұл аят ыхрам киген кезде саятшылық харам дейді. Бірақ осы аяттың басында және сүренің бірінші аятында қозғалған маңызды мәселе – келісімдерге берік болуға шақыру болып табылады. Ол көпшілік түрде болғандықтан барлық келісімдерді қамтиды. Ол мықты немесе әлсіз адамдармен, дос немесе дұшпанмен жасалған ауызша және жазбаша келісімдер, Алламен жасаған діни келісімдер, халықпен жасалған экономикалық келісімдер, отбасылық немесе әлеуметтік келісімдер болуы мүмкін. Өзге де діни жазбалар бойынша мүшріктер және бұзақылармен жасалған келісімдерге де берік болу міндетті болып саналады. Егер келісім жасаған тарап оны бұзатын болса, оған берік болу қажет емес. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мұсылман әркіммен және әр топпен жасаған барлық келісімдеріне берік болуы тиіс. Бұл іс Аллаға иманның шарты болып табылады.
Екіншіден, Мекке аймағында және қажылық күндері қажылар ғана емес, жануарлар да қауіпсіздікте болады. Ол кезде жануарларды аулау харам болып есептеледі.
"Мәида" сүресінің 2-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُحِلُّواْ شَعَآئِرَ اللّهِ وَلاَ الشَّهْرَ الْحَرَامَ وَلاَ الْهَدْيَ وَلاَ الْقَلآئِدَ وَلا آمِّينَ الْبَيْتَ الْحَرَامَ يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِّن رَّبِّهِمْ وَرِضْوَانًا وَإِذَا حَلَلْتُمْ فَاصْطَادُواْ وَلاَ يَجْرِمَنَّكُمْ شَنَآنُ قَوْمٍ أَن صَدُّوكُمْ عَنِ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ أَن تَعْتَدُواْ وَتَعَاوَنُواْ عَلَى الْبرِّ وَالتَّقْوَى وَلاَ تَعَاوَنُواْ عَلَى الإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُواْ اللّهَ إِنَّ اللّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ ﴿۲﴾
"Әй иман келтіргендер! Алланың белгілеріне (хаж амалдарына), құрметті айға, құрбандықтарға, мойындарына тағылған белгілерге және Раббыларының ризалығын, ілтипатын іздеп, ардақты үйге (Қағбаға) келуші хажыларға құрметсіздік етпеңдер. Және қашан ыхрамнан шықсаңдар аң аулай аласыңдар. Және сендерді Месжіт Харамнан тосқан елдің кегі, шектен шығуларыңа сылтау болмасын. (Сендерді Қағбадан тыйған болса да, кек сақтамаңдар) Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты. (2)"
Қажылық үкімдерін баяндаған аятан кейін, осы аят былай: "Қажылыққа байланысты мәселелердің құрметі мен қасиеті бар болғандықтан, оны сақтау керек. Құрбандыққа шалынатын жануарлар, Алланың белгілері болып саналатын қасиетті орындар, харам айларына жататын қажылық рәсімінің уақыты және Алланың ризалығы үшін қажылықты өтеуге келген қажылар, осылардың барлығы құрметті болғандықтан, құрметтелуі тиіс",-дейді. Осы аяттың жалғасы хижри қамари жыл санағы бойынша 6-шы жылы болған бір тарихи оқиғаға тоқталады. Сол жылы мұсылмандар қажылықты орындау үшін пайғамбармен (с) бірге Мәдинадан Меккеге қарай жолға шығады. Бірақ Мекке мүшріктері оларды кіргізбейді. Осылайша екі тарап қақтығыстың алдын-алу үшін Худайбие деп аталатын аймақта бейбітшілік келісімін жасайды. Алайда мұсылмандар Меккені басып алған соң, олардың кейбіреуі кек алмақшы болады. Сонда осы аят түсіп, кек алуға тыйым салып былай дейді: "Кек алуды ойлап, біреуге күш көрсетудің орнына бір-біріңе көмектесіп, әріптестік ету арқылы оларды да Аллаға және ізгі істерге шақырыңдар. Оларға қарсы жұмылып, бұрынғы өштеріңді алуға ұмтылып, қоғамда зорлық пен басқыншылықтың орнына жақсылықты жайыңдар". Бұл аятта "көмектесу" мәселесі қажылыққа байланысты айтылғанымен, тек оған ғана арналмайды. Көмектесу – Исламдағы маңызды қағидалардың бірі. Ол барлық әлеуметтік, отбасылық және саяси мәселелерді қамтиды. Осы қағида бойынша, мұсылмандар зұлымдық пен күнә жасау үшін емес, ізгі істерді жаю үшін бір-бірімен әріптестік етулері тиіс. Көптеген қоғамдар "досыңды, ағайының немесе отандасыңды тіпті ол залым болса да, жапа шеккен кезде қолда" дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи сипаты бар әр нәрсе қасиетке ие. Сондықтан тіпті құрбандыққа шалынатын жануар болса да оны құрметтеу керек.
Екіншіден, бір кездегі дұшпандық басқа уақытта зорлық-зомбылыққа себеп болмауы тиіс.
Үшіншіден, әлеуметтік шешімдер мен халықаралық ынтымақтастықтар бір ұлтты немесе тілді қолдауға емес, әділет, ізгілік пен тақуалықты орнатуға негізделуі тиіс.