Ниса сүресі, 141-ші бөлім, 171-176 аяттар
Ниса сүресі, 141-ші бөлім, 171-176 аяттар
"Ниса" сүресінің 171-ші аяты:
يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ وَلاَ تَقُولُواْ عَلَى اللّهِ إِلاَّ الْحَقِّ إِنَّمَا الْمَسِيحُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ رَسُولُ اللّهِ وَكَلِمَتُهُ أَلْقَاهَا إِلَى مَرْيَمَ وَرُوحٌ مِّنْهُ فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَلاَ تَقُولُواْ ثَلاَثَةٌ انتَهُواْ خَيْرًا لَّكُمْ إِنَّمَا اللّهُ إِلَهٌ وَاحِدٌ سُبْحَانَهُ أَن يَكُونَ لَهُ وَلَدٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَات وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلًا ﴿۱۷۱﴾
"Ей, кітап иелері! Діндеріңде шектен шығып кетпеңдер, Алла жөнінде хақ сөзден басқа сөз сөйлемеңдер (Аллаға шек келтірмеңдер). Мәсих Иса Мәриям ұлы – Алланың бір елшісі, Алланың Мәриямға арнаған бір ауыз сөзі (онымен әкенің қатысы жоқ, Алланың "Бол" деген бір ауыз сөзімен пайда болған) және Алладан келген бір Рух. Аллаға және оның пайғамбарларына сеніңдер! (Алланы) үшеу деп айтпаңдар (Иса мен Мәриямды қосып)! Бұдан (қате иғтиқаттан) тиылыңдар, бұл сендерге қайырлы. Бұл жаратушы - бір ғана Алла, ұрпақты болудан пәк Алла. Аспан әлемі мен жер бетіндегілердің күллісі Алланікі. Алла – жеткілікті қорғаушы. (171)"
Христиандардың ежелден келе жатқан және осы күнге дейін жалғасып отырған нанымдарының бірі – "троицаға" сену. Яғни Алланы "құдай ата", Исаны "құдай ұлы" және "қасиетті рухты" осы екі құдайдың арасындағы дәнекер деп санау. Біздің, мұсылмандардың көзқарасы бойынша бұл Аллаға серік қосу болып есептеледі. Өйткені хазірет Иса Мәсіх (ғ) Алланың жаратылысы, яғни пендесі. Аталмыш пенденің дүниеге келуі басқа адамдарға қарағанда ерекше болғанымен, оның дәрежесі ешқашан құдайдың дәрежесіне жете алмайды. Егер тұрмысқа шықпай жүкті болған анасы Мәриямнан Исаның (ғ) дүниеге келуін құдайшылықтың белгісі десек, ендеше Алланың әмірімен ата-анасыз пайда болған хазірет Адам Исадан гөрі құдай болуға жақынырақ емес пе? Бұған қоса хазірет Иса (ғ) Алланың ұлы, әрі "құдай ұлы" болатындай Алланың жұбайы да, теңдесі де жоқ. Ол Алланың құдіретінің белгілеріне жатады. Ол өзінің анасы Мәриямнан Алланың қалауымен дүниеге келді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дінде шектен шығу және діни тұлғалар мен жетекшілерді әсіре мадақтау адамды ақиқаттың шеңберінен шығарып, фанатизмге душар қылады.
Екіншіден, пайғамбарлар Алланың алдындағы барлық мәртебесіне қарамастан адам болып табылады және ешқашан құдайлық дәрежеге жетпейді.
"Ниса" сүресінің 172-ші аяты:
لَّن يَسْتَنكِفَ الْمَسِيحُ أَن يَكُونَ عَبْدًا لِّلّهِ وَلاَ الْمَلآئِكَةُ الْمُقَرَّبُونَ وَمَن يَسْتَنكِفْ عَنْ عِبَادَتِهِ وَيَسْتَكْبِرْ فَسَيَحْشُرُهُمْ إِلَيهِ جَمِيعًا ﴿۱۷۲﴾
"Мәсих та, Аллаға жақын періштелер де Алланың құлы болудан әсте бас тартпайды. Кімде-кім Аллаға құлшылық қылудан бас тартып, әспенсіп кетсе Алла оларды (қияметте есеп алып, жазалау үшін) өз алдына жинап алады. (172)"
Бұл аят христиандарға: "Сендер неге Исаны құдайдың дәрежесіне дейін ұлықтайсыңдар? Исаның өзі Аллаға құлшылық етуден және илаһи періштелер де Алланың алдына жақын болғанына қарамастан, ешқашан пенде болудан бас тартқан емес. Негізінде Алланың ұлылығы алдында кім өзін үлкен деп санап, Оған құлшылық етуден бас тарта алады?",-дейді. Тарихи рауаяттарда айтылғандай имам Реза (ғ) өз ғасырындағы христиандардың жетекшісіне: "Исаның барлық жері жақсы болған. Бірақ ол ғибадатқа құштар емес еді",-дегенде, әлгі кісі ренжіп: "Ол өте көп ғибадат ететін",-дейді, сонда хазірет одан: "Ол кімге ғибадат етті?",-деп сұрағанда, христиан үндемей қалады. Өйткені ол, имамның: "Пенде ешқашан құдай бола алмайды",-деп айтпақшы болғанын түсінді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, діни істерде шариғаттың иесінен артық білеміз демейік. Өзін Алланың құлымын деп санаған Исаны (ғ) неліктен біз "құдай ұлы" деп аталуы керек?
Екіншіден, тәкәппарлық пен менменшілдік Аллаға құлшылық ету мен табынуды тастауға себепші болады. Мұндай жағдайда адам барлық рухани берекеттен айрылып, көптеген қауіп-қатерлерге ұшырайды.
"Ниса" сүресінің 173-ші аяты:
فَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ فَيُوَفِّيهِمْ أُجُورَهُمْ وَيَزيدُهُم مِّن فَضْلِهِ وَأَمَّا الَّذِينَ اسْتَنكَفُواْ وَاسْتَكْبَرُواْ فَيُعَذِّبُهُمْ عَذَابًا أَلُيمًا وَلاَ يَجِدُونَ لَهُم مِّن دُونِ اللّهِ وَلِيًّا وَلاَ نَصِيرًا ﴿۱۷۳﴾
"Ал иман келтіріп, түзу іс істегендерге сауабын толық, кеңшілік-рақыметін асыра арнайды. Ал (құлшылықтан) бас тартып, әспенсігендерді қатты азаптап жазалайды. Олар Алладан өзге ешбір ие де, медеткер де таба алмайды. (173)"
Христиандардың хазірет Иса (ғ) жөніндегі бұрыс нанымдарын баяндаған аяттардан кейін, осы аят былай дейді: "Кітап иелерінің ішінен иманды болып, ізгі амал жасаған адамдар Алланың сауабын толық алып, құтылады. Алайда ақиқатты мойындамай, Алланың алдында тәкәппарлық еткендер қияметте қатты азап шегеді. Өйткені қияметте иман мен ізгі амалдар ғана пайда береді. Өзін ешқандай дін немесе пайғамбарға байланыстыру құтқармайды". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, амалдан бұрын дұрыс иман керек. Ал имансыз амал – ақшалай құны жоқ қағаз ақша тәрізді.
Екіншіден, Алланың пайғамбарлары шапағат ете алғанымен, иман мен ізгі амалсыз шапағатқа үміттенбейік.
"Ниса" сүресінің 174-175 аяттары:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءكُم بُرْهَانٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَأَنزَلْنَا إِلَيْكُمْ نُورًا مُّبِينًا ﴿۱۷۴﴾ فَأَمَّا الَّذِينَ آمَنُواْ بِاللّهِ وَاعْتَصَمُواْ بِهِ فَسَيُدْخِلُهُمْ فِي رَحْمَةٍ مِّنْهُ وَفَضْلٍ وَيَهْدِيهِمْ إِلَيْهِ صِرَاطًا مُّسْتَقِيمًا ﴿۱۷۵﴾
"Ей, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан (қасиетті мұғжизалармен қуаттандырылған Мұхаммед пайғамбар сынды) ашық дәлел келді. Сендерге айдан анық нұрды (Құранды) түсірдік. (174) Аллаға иман келтірген және оған (Құранға) жабысқандарға келсек, Алла оларды өз рақыметіне және кеңшілігіне бөлейді. Оларды дұрыс жолға салады. (175)"
Осы аят тағы да барлық адамдарға, әсіресе кітап иелеріне арнап былай: "Алла тағала хазірет Мұхаммедті (с) жіберу арқылы сендерге дәлелдерін тәмәмдады",-дейді. Өйткені надан қоғамнан шығып, сабақ оқымаған адамның осындай тәлімдер әкелуі, оның кітабының илаһи болуына нақты дәлел болып табылады. Сендердің жолдарыңа жарық түсіріп, Оған қарай жолдайтын нәрсе - кітап. Сондықтан осы кітапта айтылған мәселелерді пайдаланып, илаһи нұсқауларды орындаған адамдар ғана Алланың ерекше ілтипаты мен рақымдылығы аясындағы бақытқа жетеді. Бұл кітап адамды осы дүние мен ақыретте Аллаға қарай жолдайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Исламның жолдауы барша әлемге арналған және ол барлық ғасырлар мен ұрпақтардың адамдарымен сөйлеседі.
Екіншіден, Алланың сыйлықтары – біздің Алладан тілегеніміз бен лайық болуымыз емес, Оның жомарттығы мен рақымдылығы болып табылады.
"Ниса" сүресінің 176-шы, ең соңғы аяты:
يَسْتَفْتُونَكَ قُلِ اللّهُ يُفْتِيكُمْ فِي الْكَلاَلَةِ إِنِ امْرُؤٌ هَلَكَ لَيْسَ لَهُ وَلَدٌ وَلَهُ أُخْتٌ فَلَهَا نِصْفُ مَا تَرَكَ وَهُوَ يَرِثُهَآ إِن لَّمْ يَكُن لَّهَا وَلَدٌ فَإِن كَانَتَا اثْنَتَيْنِ فَلَهُمَا الثُّلُثَانِ مِمَّا تَرَكَ وَإِن كَانُواْ إِخْوَةً رِّجَالًا وَنِسَاء فَلِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ الأُنثَيَيْنِ يُبَيِّنُ اللّهُ لَكُمْ أَن تَضِلُّواْ وَاللّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ ﴿۱۷۶﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен (ата-анасы, баласы жоқ өлгеннің мирасы туралы) пәтуа сұрасады. Оларға былай деп айт: "Ата-анасы, баласы жоқ адам туралы Алла пәтуа береді. Бір адам қайтыс болып, оның баласы болмай, тек бір ғана қарындасы не әпкесі қалса, оған мирастың жартысы беріледі. Егер өлген адам әйел болып, баласы болмаса, оның мирасын өзімен бір туысқан аға-бауыры иеленеді. Егер өлгеннің бір туысқан екі қарындасы (немесе әпкесі) болса, ол екеуіне мирастың үштен екісі тиеді. Егер мұрагерлер туысқан бір ер, бір әйел болса, екеуінен ер адамға екі әйелдің сыбағасы беріледі. Жаңылмауларың үшін Алла сендерге (осылай) даналап түсіндіреді. Алла барлық істі біліп тұрады." (176)"
Бұл сүре әйелдердің мұрасы жөніндегі тағы бір үкіммен аяқталады. Ол қарындасқа ағасынан қалған мирас. Оның бауырлары мен сіңлілері болған жағдайда, мирастың мөлшерінде айырмашылық болады. Аталмыш сүренің он бірінші аятында айтып өткеніміздей, Алла тағала мұрагерлердің қыз болсын, ұл болсын құқықтарын сақтауға бұйырып, мүміндерден мирас пен өсиетке қатысты үкімдерді нақты орындауды талап етеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дін - тек ақыреттің бақытына ғана емес, халықтың дүниедегі өміріне де бағдарлама құрған. Мирас бір жағынан экономикалық, ал екінші жағынан отбасылық мәселе. Сондықтан Ислам оған екі тұрғыдан да үкімдерін баяндаған.
Екіншіден, мирастан ер адамның үлесі әйелдің үлесінен екі есе артық болуының себебі, әйелдер нашар жағдайда болған пайғамбар (с) заманындағы ерекше әлеуметтік жағдайға емес, илаһи білімге негізделген. Ендеше Алланың үкіміне бойсұнайық.