Ниса сүресі, 140-шы бөлім, 162-170 аяттар
Ниса сүресі, 140-шы бөлім, 162-170 аяттар
"Ниса" сүресінің 162-ші аяты:
لَّـكِنِ الرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ مِنْهُمْ وَالْمُؤْمِنُونَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنزِلَ إِلَيكَ وَمَا أُنزِلَ مِن قَبْلِكَ وَالْمُقِيمِينَ الصَّلاَةَ وَالْمُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَالْمُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ أُوْلَـئِكَ سَنُؤْتِيهِمْ أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۱۶۲﴾
"Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға, саған және сенен бұрынғыларға түскен кітаптарға сенетін имандыларға, намаз оқитындарға, зекет берушілерге, Аллаға және ақырет күніне сенетіндерге – әне соларға зор сауап бағыштаймыз. (162)"
Өткен аяттарда яһудилердің бұзақылығы мен күнәларына меңзелген еді. Бірақ яһудилердің арасында да нағыз мүміндер секілді Алланың нұсқауларына толық бойсұнған жақсы адамдар да бар. Құран бұрынғы халықтардың жағдайын баяндаған кезде, ынсапты сақтай отырып, осындай адамдарға да тоқталып: "Аллаға жүрегімен иман келтірген яһудилер де, мүміндер де Алла тарапынан түскен нәрсеге сенеді. Олар намаз оқып, ғибадат етеді, зекет беріп, кедей-кепшіктерге қарайласады. Алла олардың сауабын толық береді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Алла мен ақиқатқа деген сенімнің шегі жоқ. Қандай ұлт пен ұлыс болмасын, Аллаға иман келтірген кімде-кім оның ерекше мейірімі мен ілтипатына бөленеді.
Екіншіден, намаз бен зекет барлық илаһи діндерде болған. Ғибадатсыз қызмет тәкәппарлыққа апаратын болғандықтан, қызметсіз ғибадат та мағынасыз болады.
"Ниса" сүресінің 163-ші аяты:
إِنَّا أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ كَمَا أَوْحَيْنَا إِلَى نُوحٍ وَالنَّبِيِّينَ مِن بَعْدِهِ وَأَوْحَيْنَا إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأَسْبَاطِ وَعِيسَى وَأَيُّوبَ وَيُونُسَ وَهَارُونَ وَسُلَيْمَانَ وَآتَيْنَا دَاوُودَ زَبُورًا ﴿۱۶۳﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Біз Нұхқа, онан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да уахи еттік, сондай-ақ Ибраһимге, Исмаилге, Исхаққа, Яғқұбқа және оның ұрпақтарына, Исаға, Айюбке, Жүніске, Һарұнға, Сүлейменге уахи еттік, Дәуітке Забурды бағыш еттік. (163)"
Бұл аят тарих бойында пайғамбарларға пайғамбарлық міндеттің берілуі үдерісіне тоқталып былай дейді: "Яһудилер мен христиандар өздері кітап иелері бола тұра, саған Құран түскеніне неге таңданады? Олар адамзат тарихында Алланың көп адамды, соның ішінде Мұса мен Исаны пайғамбарлыққа таңдап, оларға кітап бергенін білмей ме? Ендеше саған түскен аянды қабылдап, пайғамбарлығыңды неге мойындамайды?". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, барлық илаһи діндердің мақсаты мен мазмұны бірдей. Өйткені олардың барлығы Алла тарапынан.
Екіншіден, пайғамбарлықтың тарихына шолу жасау Ислам пайғамбарын (с) мойындауға жағдай жасайды.
"Ниса" сүресінің 164-165 аяттары:
وَرُسُلًا قَدْ قَصَصْنَاهُمْ عَلَيْكَ مِن قَبْلُ وَرُسُلًا لَّمْ نَقْصُصْهُمْ عَلَيْكَ وَكَلَّمَ اللّهُ مُوسَى تَكْلِيمًا ﴿۱۶۴﴾ رُّسُلًا مُّبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ لِئَلاَّ يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ وَكَانَ اللّهُ عَزِيزًا حَكِيمًا ﴿۱۶۵﴾
"Көп пайғамбарларды жібердік, оның арасында бұрын саған айтқандарымыз да, айтпағандарымыз да бар. Алла Мұсамен төте сөйлесті. (164) Алланың алдында адамдарға сылтау болмауы үшін, біз пайғамбарларды (бойсұнушыларға) шаттық хабарын жеткізуші, (қасарысқандарға) ескертуші етіп жібердік. Алла – аса жеңімпаз, хикмет иесі. (165)"
Бірнеше пайғамбардың есімін атап өткен осыдан бұрынғы аяттардан кейін, осы аяттар былай дейді: "Пайғамбарлық осы санаулы тұлғалармен ғана шектеледі деп ойламаңдар. Кейбір пайғамбарлардың есімдері тіпті Құранда да айтылмаған. Олардың кейбіреуінің оқиғасы ғана атап өтілген". Сонан соң пайғамбарлардың міндетіне тоқталып былай дейді: "Пайғамбарлардың негізгі ісі – сүйінші беру мен ескерту болып табылады. Олар алдағы қауіп-қатерге байланысты ескерту жасап, жақсылық пен сауаптан сүйінші беріп, содан үміттендіреді. Сондықтан әркімге сүйінші мен ескерту туралы хабар жетсе, қияметте Алланың әділ сотында: "Оған амал ететіндей жақсы мен жаманды ажырата алмадым",-деп айта алмайды". Әрине ақыл да Алланың дәлеліне жатады. Бірақ ол дүниедегі құбылыстарды сезумен ғана шектеледі. Сондықтан Алла тағала қияметте оған пайғамбардың насихаты жеткен адамды ғана жазалайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, тарихи оқиғалардың барлығын естіп-білуге адамның һәм ғұмыры жетпейді, һәм барлық тарихты білудің қажеті де жоқ. Ақыл иесіне бір ғибраттың өзі жеткілікті. Сол себепті Құран тарихты түгелімен баяндамай, пайғамбарлар тарихынан қысқаша үзінді ғана келтіреді.
Екіншіден, ақиқат айқын. Пайғамбарлардың ісі ескерту мен үміттендіру болып табылады.
Үшіншіден, Алла барлық пайғамбарларға аян беріп, олармен тілдесті. Бірақ Перғауынмен күресудегі хазірет Мұсаның (ғ) міндеті ауыр болғандықтан, Алла онымен көбірек және тікелей сөйлесті. Сондықтан да оған "Кәлим" деген есім берілді.
"Ниса" сүресінің 166-шы аяты:
لَّكِنِ اللّهُ يَشْهَدُ بِمَا أَنزَلَ إِلَيْكَ أَنزَلَهُ بِعِلْمِهِ وَالْمَلآئِكَةُ يَشْهَدُونَ وَكَفَى بِاللّهِ شَهِيدًا ﴿۱۶۶﴾
"Алайда Алла саған түсіргенін біле тұра түсіндіргеніне куәлік етеді және періштелер де куә болады. Негізінде Алла куәлікте жеткілікті. (166)"
Кәпірлер мен кітап иелері бойсұнбаушылық пен жеккөрушіліктің салдарынан Ислам діні мен Ислам пайғамбарының (с) шындығын мойындағысы келмеді. Осы аят пайғамбарды (с) жұбатып былай дейді: "Мына жамағат сенің пайғамбарлығыңды жоққа шығарса, ештеңе етпейді. Өйткені Алла тағала Құранды өзінің шексіз білімі бойынша түсірді. Оның мазмұны, бұл кітаптың адамның ойынан шықпағанының айқын дәлелдейді. Осының өзі бұл кітаптың Алла тарапынан екендігіне куәлік". Негізінде Аллаға серік қосу мен ырымдар кең жайылған аймақтағы сауатсыз адамның халыққа ұсынған тәлімдеріне он төрт ғасыр өтсе де, қазіргі заман адамына қалайша оның құндылығы мен маңыздылығы ой салады? Бұл тәлімдердің аясында халық өзгеріп, араздықтан бірлікке, серік қосудан тәухидке, надандықтан білімге, қорлықтан беделге жетіп, ұлы Ислам үмметін құрды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, аян Алланың шексіз білімінен бастау алады. Сондықтан ғылым дамыған сайын оның даналығының жаңа беттері ашылады.
Екіншіден, дін уағыздаушының ең басты тірегі мен үміті – Алла болуы тиіс. Сондықтан халықтың оны мойындамауы тура жолдан тайдырмауы тиіс.
"Ниса" сүресінің 167-168-169 аяттары:
إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَصَدُّواْ عَن سَبِيلِ اللّهِ قَدْ ضَلُّواْ ضَلاَلًا بَعِيدًا ﴿۱۶۷﴾ إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَظَلَمُواْ لَمْ يَكُنِ اللّهُ لِيَغْفِرَ لَهُمْ وَلاَ لِيَهْدِيَهُمْ طَرِيقًا ﴿۱۶۸﴾ إِلاَّ طَرِيقَ جَهَنَّمَ خَالِدِينَ فِيهَا أَبَدًا وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللّهِ يَسِيرًا ﴿۱۶۹﴾
"Күдіксіз, сондай қарсы болғандар және Алланың жолынан тосқандар, расында ұзақ адасумен адасты. (167) Шәксіз сондай қарсы шығып, зұлымдық қылғандарды тура жолға да салмайды. (168) Бірақ тозақтың жолына ғана салады да, олар онда мәңгі қалады. Осы, Аллаға оңай. (169)"
Өткен аяттарда имансыз адамдар мен олардың Исламға қатысты қылықтары жайлы сөз қозғаған болатынбыз. Осы аяттар өздері адаса тұра, басқаларды да адастыруға ұмтылған кәпірлерге меңзейді. Олар өздеріне ғана зұлымдық жасап қана қоймай, тарихта талай адамдардың адасуына ықпал етеді. Сондықтан олардың адасқан жолдарынан бас тартып, қайта оралуы екіталай. Сондықтан оларға Алланың жарылқауы да, құтылар жол да жоқ. Олар өздері тұтатып, лаулатқан тозаққа кіреді. Әрине кәпірлердің басым бөлігі илаһи ескертулерді әншейін деп санап, оған мән бермейді. Қиямет күні олар осы ауыр жазаның Аллаға оңай екендігін көреді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күпірлік еткен адам өзі мен басқаларға зұлымдық жасайды. Өзің мен қоғамға жасаған мәдени және ой-пікір тұрғысындағы зұлымдықтан асқан зұлымдық бар ма?
Екіншіден, әр зұлымдық адамды илаһи жарылқау мен кешірімнен құр қалдырып, оның тозаққа кіруіне себепші болады.
"Ниса" сүресінің 170-ші аяты:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءكُمُ الرَّسُولُ بِالْحَقِّ مِن رَّبِّكُمْ فَآمِنُواْ خَيْرًا لَّكُمْ وَإِن تَكْفُرُواْ فَإِنَّ لِلَّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَكَانَ اللّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۱۷۰﴾
"Ей, адам баласы! Рас сендерге пайғамбар, Раббыларыңнан хақиқатты келтірді. Сондықтан иман келтіріңдер, сендер үшін жақсы. Егер қарсы келсеңдер, сонда күдіксіз көктердегі және жердегі барлық нәрсе Алланікі. Алла аса білуші, хикмет иесі. (170)"
Тарихи құжаттар бойынша, кітап иелері, әсіресе яһудилер өздерінің кітаптарындағы сүйінші хабарлар арқылы араб қауымынан пайғамбардың шығатынын күтті. Сол себепті олардың бір тобы Мәдинаға қоныс аударды. Осы жөнінде естігені бар мүшріктер де оның келуін күтті. Сондықтан Құран осы аятта былай дейді: "Сендер күткен дәл сол пайғамбар сендерге ақиқат сөзбен келді. Егер оған иман келтіріп, оның айтқандарына амал етсеңдер, өздеріңе пайдалы. Ал егерде күпірлік етсеңдер, оған және оның Құдайына ешқандай зиян тимейді. Өйткені Алла - барлық көктер мен жердің иесі. Ол сендердің намаздарың мен ғибадаттарыңа мұқтаж емес. Әрине Ол сендерге өзінің нұсқауларын шексіз білімі мен хикметі бойынша және сендерге жақсы қылу үшін берді". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарлар тәлімдерінің ең маңызды ерекшелігі – оның ақиқат екендігі болып табылады. Сондықтан да олардың уағыздары осынша кең таралған.
Екіншіден, мүміндер иман келтіргені үшін Аллаға міндетсінбеуі тиіс. Қайта бізді тура жолға салған Алла бізге міндетсінеді.
Үшіншіден, адамдардың күпірлігі Аллаға зиян тигізбейді және иманы да Оған пайда бермейді. Иман келтіру халықтың өзіне тиімді.