Жел 27, 2016 20:11 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 139-шы бөлім, 156-161 аяттар

"Ниса" сүресінің 156-157-158 аяттары:

وَبِكُفْرِهِمْ وَقَوْلِهِمْ عَلَى مَرْيَمَ بُهْتَانًا عَظِيمًا ﴿۱۵۶﴾ وَقَوْلِهِمْ إِنَّا قَتَلْنَا الْمَسِيحَ عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ رَسُولَ اللّهِ وَمَا قَتَلُوهُ وَمَا صَلَبُوهُ وَلَـكِن شُبِّهَ لَهُمْ وَإِنَّ الَّذِينَ اخْتَلَفُواْ فِيهِ لَفِي شَكٍّ مِّنْهُ مَا لَهُم بِهِ مِنْ عِلْمٍ إِلاَّ اتِّبَاعَ الظَّنِّ وَمَا قَتَلُوهُ يَقِينًا ﴿۱۵۷﴾ بَل رَّفَعَهُ اللّهُ إِلَيْهِ وَكَانَ اللّهُ عَزِيزًا حَكِيمًا ﴿۱۵۸﴾

"Сондай-ақ олардың (Исаға (ғ)) күпірлігі және Мәриямға үлкен жала жапқандығы үшін де. (156) Әрі "Алланың елшісі – Мәриям ұлы Исаны рас өлтірдік" дегендіктері үшін де (қарғысқа жолықтырдық). Олар Исаны өлтіре де алмады, шарбаққа да кермеді. Бәлкім, шарбаққа тартқан адамы Исаға ұқсап көрінді. Расында (Иса туралы) талас-тартыста қалғандар оның өлтірілгені хақында шүбәлі. Олар іштің шын сырын білмейді, тек ойжота жорамалдайды. (Олар Исаны) Сөзсіз өлтіре алмады. (157) Жоқ, Алла оны өз тарапына көтеріп әкетті (яғни жаудан құтқарып, тірідей аспанға шығарып кетті). Алла – жеңімпаз, хикмет иесі. (158)"

Өткен аяттарда Исраил қауымының илаһи азап пен қаһарға ұшырауының себептері баяндалды. Бұл аяттар да сол мәселені жалғастыра келе: "Яһудилер пәк Мәриямға ауыр жала жапты. Олар хазірет Исаға "зинақор әйелден тудың" және "пайғамбарлыққа лайық емессің" деген жала жапты. Осы жаланың салдарынан олар Исаға иман келтірмеді",-дейді. Олар әлгіндей сұмдық айып тағып қана қоймай, тіпті хазірет Исаны (ғ) өлтірудің жоспарын құрып, соңында оны шарбаққа керіп өлтірдік деп ойлап, сол істеріне мақтанып: "Исаны біз өлтірдік",-десті. Бірақ Құран: "Олар қателесіп, Исаға ұқсас біреуді шарбаққа керді. Өйткені Алла тағала Исаны аспанға көтеріп, олардың қастандықтарынан сақтады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, кейде ең пәк адамдарға тым ауыр жала жабылады. Мәриям өз халқының арасындағы ең пәк, әрі тақуа жан еді. Әйел адамға тағылатын ең сұмдық айып – зинақорлық.

Екіншіден, адамның кейде арсыздыққа салынатындығы соншама, тіпті Алланың пайғамбарын өлтіргеніне де мақтанады.

Үшіншіден, хазірет Исаның (ғ) дүниеге келуі әдеттегідей болмағандай, аспанға көтерілуі де солай болды.

"Ниса" сүресінің 159-шы аяты:

وَإِن مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ إِلاَّ لَيُؤْمِنَنَّ بِهِ قَبْلَ مَوْتِهِ وَيَوْمَ الْقِيَامَةِ يَكُونُ عَلَيْهِمْ شَهِيدًا ﴿۱۵۹﴾

"Кітап иелерінің әрқайсысы өлерінде (Исаға) әрине иман келтіреді. Қиямет күні Иса оларға (яғни Исаны шарбаққа керіп шегеледік, Иса "Алланың ұлы" дегендерінің жалғандығына) куә болады. (159)"

Исламдық рауаяттар бойынша, Алланың әмірімен аспанға көтерілген хазірет Иса (ғ) ақыр заманда аспаннан түседі. Ол жер бетінде зұлымдықпен күресіп, әділет пен қауіпсіздік орнату үшін көтеріліске шыққан Ислам пайғамбарының ұрпағы имам Мехдидің (ғ) артына намазға тұрады. Сол кезде барлық христиандар оған иман келтіріп, яһудилер оның пайғамбарлығына куәлік береді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өлім – әркімнің, тіпті пайғамбарлардың басына да міндетті түрде келетін құбылыс. Ғасырлар бойы аспанда өмір сүрген Иса (ғ) да жерге түскен соң, өлімнің дәмін татады.

Екіншіден, пайғамбарлар өзінің үмметіне куә және қияметте өзінің куәлігін білдіреді.

"Ниса" сүресінің 160-шы аяты:

فَبِظُلْمٍ مِّنَ الَّذِينَ هَادُواْ حَرَّمْنَا عَلَيْهِمْ طَيِّبَاتٍ أُحِلَّتْ لَهُمْ وَبِصَدِّهِمْ عَن سَبِيلِ اللّهِ كَثِيرًا ﴿۱۶۰﴾

"Сонда яһудилердің зұлымдықтарының және көптеген адамдарды Алланың жолынан тосуларының салдарынан оларға халал етілген көптеген жақсы нәрселерді оларға арам қылдық. (160)"

Қазіргі Тәуратта жазылғандай, яһуд қауымының күпірлігі салдарынан Алла тағала бірқатар халал етілген нәрселерді оларға харам еткен болатын. Бірақ хазірет Иса (ғ) келген соң, бұл шектеулердің күшін жояды. Яғни бұл, адамдар мен қоғамның іс-әрекеті олардың илаһи нығметке ие болуына әсер ететіндігін көрсетеді. Құранның басқа да аяттарынан оқитынымыздай, кейбір нығметтерден айрылудың себебі – қоғамдағы кедей-кепшіктер мен жетім-жесірлерге көңіл аудармау болып табылады. Дегенмен Аллаға иман келтіріп, ізгі істер атқару илаһи берекенің оралуына жағдай жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла кейбір шектеулерді, ол зиянды болғандықтан емес, жазалау үшін қояды.

Екіншіден, басқаларға зұлымдық жасау илаһи нығмет пен мейірімнен құр қалдырады.

"Ниса" сүресінің 161-ші аяты:

وَأَخْذِهِمُ الرِّبَا وَقَدْ نُهُواْ عَنْهُ وَأَكْلِهِمْ أَمْوَالَ النَّاسِ بِالْبَاطِلِ وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ مِنْهُمْ عَذَابًا أَلِيمًا ﴿۱۶۱﴾

"Және де оларға тыйым салынған бола тұра өсім алулары әрі адамдардың малдарын орынсыз жеулері, сондай-ақ олардан қарсы келгендер үшін; күйзелтуші азап әзірледік. (161)"

Осы аят Исраил қауымына Алланың қаһары мен азабының түсуі себебін баяндаған бұрынғы аяттарды жалғастыра отырып: "Оларға өсім алу тыйым салынғанына қарамастан, осы илаһи үкімді бұзып, халықтың мал-мүлкін орынсыз жегендіктен, Алла тағала осы дүниеде оларға кейбір халал етілген нәрсені харам етті. Бірақ нағыз жаза қияметте",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өсім алу барлық илаһи діндерде харам саналады. Сондықтан қаржы мәселесінде барлық илаһи діндер адами құқықтарды сақтауға сезімтал болған.

Екіншіден, сырттай қарағанда өсім алу көп пайда көру мен байлыққа кенелудің жолы болып көрінгенімен, шын мәнінде азап пен қарғысқа себепші болады.