Ниса сүресі, 138-ші бөлім, 153-155 аяттар
Ниса сүресі, 138-ші бөлім, 153-155 аяттар
"Ниса" сүресінің 153-ші аяты:
يَسْأَلُكَ أَهْلُ الْكِتَابِ أَن تُنَزِّلَ عَلَيْهِمْ كِتَابًا مِّنَ السَّمَاءِ فَقَدْ سَأَلُواْ مُوسَى أَكْبَرَ مِن ذَلِكَ فَقَالُواْ أَرِنَا اللّهِ جَهْرَةً فَأَخَذَتْهُمُ الصَّاعِقَةُ بِظُلْمِهِمْ ثُمَّ اتَّخَذُواْ الْعِجْلَ مِن بَعْدِ مَا جَاءتْهُمُ الْبَيِّنَاتُ فَعَفَوْنَا عَن ذَلِكَ وَآتَيْنَا مُوسَى سُلْطَانًا مُّبِينًا ﴿۱۵۳﴾
"Кітап иелері (яһудилер, насаралар) сенен өздеріне көктен бір кітап түсіруіңді сұрайды. Расында, олар Мұсадан одан да зорғыны сұрап: "Алланы көзімізге ашық көрсет",-деген болатын. Осы кесірлігіне бола, оларды найзағай соғып, ойран қылды. Ал сонан оларға айқын дәлелдер келгеннен кейін де, олар бұзауға табынды. Мұны да кешірдік. Біз Мұсаға айқын дәлелдер (оның пайғамбарлығын сипаттайтын мұғжизалар) бағыш еттік. (153)"
Өткен аяттарда кітап иелерінің пайғамбарлардың арасында айырмашылық қойып, біреулерін мойындап, біреулерін қабылдамағандығы сыналды. Бұл аят Мәдина яһудилерінің Ислам дінін қабылдау үшін айтқан сылтауына меңзеп былай дейді: "Олар Ислам пайғамбарынан (с) Құранды Тәурат секілді көктен бір заматта түсіруін сұрайды". Бірақ аянды қалай түсіру пайғамбардың емес, Алланың қолында. Бұған қоса илаһи аянның бір заматта түсуі оның ақиқаттығы мен жалғандығында ешқандай рөл атқармайды. Құран "Әнғам" сүресінің 7-ші аятында: "(Мұхаммед) Егер саған қағазда жазулы бір кітап жіберсек те, оны олар қолдарымен ұстаса еді. Әрине қарсы болғандар:
"Бұл ап-ашық сиқырдан басқа емес",-дер еді",-дейді. Сонан соң Құран Ислам пайғамбарын (с) жұбатып: "Яһудилердің мұндай сылтауратқан қылықтарына ренжіме. Өйткені олардың бабалары да Мұсаға (ғ) "Алланы көзімізбен көргенде ғана иман келтіреміз" деген болатын. Сол бұзақылығы мен қырсықтықтарының салдарынан оларға илаһи азап түсті. Хазірет Мұса (ғ) яһуди қауымына дәлелдер келтіргенімен, олар бұзауға табынуға бет бұрып, Алланы ұмытты. Бірақ тәубе еткен соң Алла оларды кешірді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, шындықты қалау сылтау іздеуден басқа. Ақиқат пен шындықтың соңында жүрген адам, оның дәлелдері келгенде қанағаттанады. Ал сылтау іздеуші үнемі жаңа талап қояды.
Екіншіден, бағынбаушылық, қырсықтық пен жоққа шығару осы дүниеде Алланың қаһарына ұшыратады. Ендеше илаһи пайғамбарларға қарсы шықпайық.
"Ниса" сүресінің 154-ші аяты:
وَرَفَعْنَا فَوْقَهُمُ الطُّورَ بِمِيثَاقِهِمْ وَقُلْنَا لَهُمُ ادْخُلُواْ الْبَابَ سُجَّدًا وَقُلْنَا لَهُمْ لاَ تَعْدُواْ فِي السَّبْتِ وَأَخَذْنَا مِنْهُم مِّيثَاقًا غَلِيظًا ﴿۱۵۴﴾
"(Тәуратты қабылдамағандықтан) Олардан уағда алмаққа, олардың басына Тур тауын төндіріп тұрып: "(Бейтулмұқаддас) Қақпасынан сәжде қылып кіріңдер!",-дедік. Оларға тағы да: "Сенбі күні шектен шықпаңдар (балық ауламаңдар)!",-деп бұйырдық. Сөйтіп олардан мықтап уазда алдық. (154)"
Осы аят Бақара сүресінің 63-ші және 93-ші аяттарында айтылғандай Алланың Исраил қауымынан серт алуы оқиғасына тоқталып: "Алланың қалауымен Тұр тауы орнынан жұлынып, олардың үстіне әкелінді. Сол кезде хазірет Мұса (ғ) Алланың серттерін баяндады. Бұл қауым да оны қабылдады",-дейді. Сол серттердің біразы мыналар: бір Аллаға құлшылық ету, ата-анаға жақсылық жасау, кедей-кепшіктерге қарасу, намаз оқу мен зекет беру. Бұл серттер жайлы Бақара сүресінің 40-шы аятынан бастап әрі қарай және 83-ші аятынан бастап әрі қарай толық баяндалған. "Ниса" сүресінің осы аяты соның екеуіне тоқталып: "Олар күнәларына тәубе ету үшін Бейтулмұқаддас қаласына кірген кезде кішіпейіл түрде, сәжде етіп кіріп және сенбі күндері жұмыстарын қойып, Алланың сенбі күні балық аулауға салған тыйымын құрметтеуі тиіс еді",-дейді. Бірақ Алла тағала олардан мықты уәде алса да, илаһи нұсқауды орындамады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, дінді ақыл және жүрекпен ғана қабылдамайды. Сондай-ақ илаһи үкімдер мен уәделерге де берік болу керек.
Екіншіден, қасиетті орындардың, атап айтқанда мешіттердің белгілі бір ережелері бар болғандықтан, оның құрметін сақтау үшін оны орындау керек.
Үшіншіден, ғибадатқа арналған уақытта басқа істермен шұғылдану илаһи үкімді бұзудың бір түріне жатады.
"Ниса" сүресінің 155-ші аяты:
فَبِمَا نَقْضِهِم مِّيثَاقَهُمْ وَكُفْرِهِم بَآيَاتِ اللّهِ وَقَتْلِهِمُ الأَنْبِيَاء بِغَيْرِ حَقًّ وَقَوْلِهِمْ قُلُوبُنَا غُلْفٌ بَلْ طَبَعَ اللّهُ عَلَيْهَا بِكُفْرِهِمْ فَلاَ يُؤْمِنُونَ إِلاَّ قَلِيلاً ﴿۱۵۵﴾
"Олардың уағданы бұзғандықтары, Алланың аяттарына қарсы келгендіктері, пайғамбарларды нахақ өлтіргендіктері, (Мұхаммед пайғамбарға (с)): "Діліміз перделенулі",-дегендіктері себепті (қарғысқа ұшыраттық). Олай емес, күпірлігі себепті. Алла олардың жүректерін де мөрлеп қойған. Сондықтан аз сандыларынан басқасы иман келтірмейді. (155)"
Исраил қауымының үстіне Тұр тауын ұстап тұрып, олардан мықты илаһи уәде алу жөніндегі өткен аяттардан соң, осы аят былай дейді: "Алланың осыншама белгілері бола тұра, олар сонда да серттерін бұзды. Олар Алланың нұсқауына аяқ басумен қатар, мұғжизаларды жоққа шығарып, Алланың пайғамбарларын да өлтірді. Олар өздерінің қылықтарын ақтамақшы болып: "Көңілдерімізді шел басты. Біз қателік жасағанымызбен, ерік-жігеріміз өз қолымызда болмады",-деді". Құран оларға жауап қайтарып: "Сендердің көңілдеріңді басып, құтылу мен бақыттың жолын жапқан – күпірлік, бұзақылық пен қырсықтық",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, нығметке шүкірлік етпеудің салдарынан кейде пайғамбардың қолымен құтқарылған кісі, пайғамбарды өлтірушіге айналады.
Екіншіден, илаһи жазалар біздің ниеттеріміз бен істеріміздің салдары. Ерікпен жасалған іске міндетті түрде жауап қайтарылады.