Ниса сүресі, 137-ші бөлім, 147-152 аяттар
Ниса сүресі, 137-ші бөлім, 147-152 аяттар
"Ниса" сүресінің 147-ші аяты:
مَّا يَفْعَلُ اللّهُ بِعَذَابِكُمْ إِن شَكَرْتُمْ وَآمَنتُمْ وَكَانَ اللّهُ شَاكِرًا عَلِيمًا ﴿۱۴۷﴾
"Егер иман келтіріп (Алланың бергеніне) шүкірлік қылсаңдар, Алла сендерді жазалап не қылмақшы? Алла – шүкірлікті сыйлаушы, бәрін білуші. (147)"
Осыдан бұрынғы аяттардан мұнафықтарды ауыр жаза күтіп тұрғанын білгенбіз. Бұл аят былай дейді: "Алла тағала күнәһарларды кек алу немесе күшін көрсету үшін жазалайды деп ойламаңдар. Негізінде барлық жазалар өздеріңнің іс-әрекеттеріңнің нәтижесі. Аллаға сендерді жазалаудың қажеті жоқ". Сонымен қатар аяттың жалғасы: "Алла тағала шүкірлік сыйлаушы және сендердің ізгі істеріңе сауап беруші болғандықтан, сендер сол нығметтерге шүкір етіңдер. Оның берген нығметтерін Оның ризалығы үшін қолданыңдар. Нығметке шүкір етулерің иман және ізгі амалдармен бірге болса, сендерге ешқашан азап тимейді",-дейді. Осы аяттың бірінші жолдауы – Алланы мойындамаудың белгісі оның нығметтеріне шүкір етпеу тәрізді, Аллаға иман келтірудің шарты оның нығметтеріне шүкір ету болып табылады. Келесі жолдау, шүкірлік - илаһи жазадан құтылуға да, көбірек мейірімге бөленуге де себепші болады.
"Ниса" сүресінің 148-149 аяттары:
لاَّ يُحِبُّ اللّهُ الْجَهْرَ بِالسُّوَءِ مِنَ الْقَوْلِ إِلاَّ مَن ظُلِمَ وَكَانَ اللّهُ سَمِيعًا عَلِيمًا ﴿۱۴۸﴾ إِن تُبْدُواْ خَيْرًا أَوْ تُخْفُوهُ أَوْ تَعْفُواْ عَن سُوَءٍ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ عَفُوًّا قَدِيرًا ﴿۱۴۹﴾
"Алла зұлымдық көрген адам болмаса, (әрқандай адамның) әшкере жаман сөз сөйлеуін құп көрмейді (зұлымға ұшыраушылардың шағым айтуына, бәддұға оқуына болады). Алла барлығын естіп, біліп тұрады. (148) Сендер бір жақсылықты әшкере немесе құпия істесеңдер де немесе жамандықты кешірсеңдер де (сауапқа ие боласыңдар), Алла шынында кешірімшіл, тым құдіретті. (149)"
Бұл аят бір маңызды әлеуметтік мәселеге меңзеп: "Қоғамда басқалардың жамандығы мен кемшілігін жаюдың орнына, олардың жамандығын кешіруге тырысыңдар. Оның орнына жақсылығын айтыңдар. Алла тағаланың "Сәттар-ул-ғуюб" яғни "кемшіліктерді жабушы" болғаны тәрізді болыңдар",-дейді. Әрине егер біреу зұлымдыққа ұшырап, өзінің құқығын қайтару үшін сол зұлымдықты айтудан басқа шарасы болмаса, оның жөні басқа. Мұндай жағдайда ол шағымданып, құқығын қорғай алады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, зұлымдықтың алдын-алу немесе қорлық көргенді қорғау үшін болмаса, басқалардың кемшілігін жаюға болмайды.
Екіншіден, Алла тағала барлық адамдарға үстемдік жүргізе ала тұрып көптеген күнәһарларды кешіргені сынды, адам да біреуді жазалау күшіне ие бола тұра кешіргені абзал.
"Ниса" сүресінің 150-151 аяттары:
إِنَّ الَّذِينَ يَكْفُرُونَ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَيُرِيدُونَ أَن يُفَرِّقُواْ بَيْنَ اللّهِ وَرُسُلِهِ وَيقُولُونَ نُؤْمِنُ بِبَعْضٍ وَنَكْفُرُ بِبَعْضٍ وَيُرِيدُونَ أَن يَتَّخِذُواْ بَيْنَ ذَلِكَ سَبِيلًا ﴿۱۵۰﴾ أُوْلَئِكَ هُمُ الْكَافِرُونَ حَقًّا وَأَعْتَدْنَا لِلْكَافِرِينَ عَذَابًا مُّهِينًا ﴿۱۵۱﴾
"Аллаға және пайғамбарға қарсы тұрып, Алла мен пайғамбардың арасын айырмақшы болғандар және (пайғамбарлардың) кейбіріне сеніп, кейбіріне сенбейміз деп аралық жолмен (мұсылман мен кәпірдің арасында) жүрмекші болғандар. (150) Міне, осындайлар нақ кәпірлер. Кәпірлерге қорлық азаптарымызды дайындап қойдық. (151)"
Бұл аят барлық илаһи діндерді ұстанушыларға төніп тұрған қауіпке тоқталып: "Құдайға құлшылық етушілердің бір тобы өздерінің пайғамбарын ғана дұрыс, ал басқа илаһи пайғамбарлады бұрыс деп санап, оларды мойындамайды. Алайда барша пайғамбарлар Алла тарапынан келген. Бұл жағынан олардың арасында айырмашылық жоқ",-дейді. Ендеше солардың ең соңғысына иман келтіріп, соған ғана еру керек. Бұл аят алдымен хазірет Иса Мәсіхке (ғ) иман келтірмеген яһудилерге, сонан соң Ислам пайғамбарын (с) жоққа шығарып, пайғамбарлығын мойындамаған яһудилер мен христиандарға арналған. Иманның негізі менменшілдік емес, Аллаға құлшылық болып табылады. Сондықтан діни ақиқаттардың кейбіреуін мойындап, ал кейбіреуін жоққа шығаратын адам шын мәнінде Алланың нұсқауларын орындауды емес, өзінің жеке мүддесін көздейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, барлық пайғамбарлардың шындығына иман келтіру керек. Сондықтан олардың өздерін және олардың кітаптарын түгел құрметтеу керек.
Екіншіден, дін дегеніміз бірыңғай кешен. Оның бір бөлігін мойындап, басқа бөлігін қабылдамай тастауға болмайды.
Үшіншіден, кейбір діни істерді мойындамаудың өзі күпірлік пен дінсіздікке әкеліп соғады.
"Ниса" сүресінің 152-ші аяты:
وَالَّذِينَ آمَنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَلَمْ يُفَرِّقُواْ بَيْنَ أَحَدٍ مِّنْهُمْ أُوْلَئِكَ سَوْفَ يُؤْتِيهِمْ أُجُورَهُمْ وَكَانَ اللّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۱۵۲﴾
"Аллаға және оның пайғамбарларына сеніп, олардың арасын айырмағандарға – міне осыларға Алла (тиісті) сыйлығын арнайды. Алла – жарылқағыш, әрі есіркегіш. (152)"
Бұл аят нағыз мүміндердің сипаттарына тоқталып, былай дейді: "Нағыз мүмін дегеніміз кейбір пайғамбарларды қабылдап, ал кейбіреуін жоққа шығаратын емес, олардың барлығына иман келтірген адам". Мұндай адам өзін ғана мүмін деп санап, басқа діндегілерді кәпір демейді. Сондықтан осындай адамдардың ғана Алланың жарылқауына бөленіп, дүниеде де, ақыретте де ерекше құрметке кенелетіні сөзсіз.