Ниса сүресі, 136-шы бөлім, 142-146 аяттар
Ниса сүресі, 136-шы бөлім, 142-146 аяттар
"Ниса" сүресінің 142-ші аяты:
إِنَّ الْمُنَافِقِينَ يُخَادِعُونَ اللّهَ وَهُوَ خَادِعُهُمْ وَإِذَا قَامُواْ إِلَى الصَّلاَةِ قَامُواْ كُسَالَى يُرَآؤُونَ النَّاسَ وَلاَ يَذْكُرُونَ اللّهَ إِلاَّ قَلِيلًا ﴿۱۴۲﴾
"Мұнафықтар шынында, Алланы алдамақ болады. Бірақ, Алла олардың өзін алдауға ұшыратады. Олар намазға тұрғанда адамдарға көз қылып, көңілсіз, жалқау тұрады (сауап үміт қылмайды), Алланы ауызға өте аз алады. (142)"
Мұнафықтардың ерекшеліктері баяндалған соң, осы аят та олардың тағы бірқатар қылықтарына тоқталып, былай дейді: "Жан-тәнімен иман келтірмеген адам намаз бен ғибадат кезінде жалқаулық пен әлсіздік танытады. Намазды уақытында оқымай, кешіктіріп, оның өзін тез оқи салады. Ең жаманы олар намаз оқып тұрған кезде, Алланы ойлаудың орнына, намаз оқып жатқанын көрсету үшін екі жүзділікпен ғана оқиды". "Сонда олар Алланы алдаймыз дей ме? Алланың алдында өздерін мүмін етіп көрсетпекші ме? Бірақ Алла олардың қимыл-әрекеттерін көріп, ниет-мақсаттарын біліп тұрады",-дейді Құран. Алла оларға өздері сияқты қарайды. Оларды мұсылман деп санап, "оларға мұсылман тәрізді қараңдар!" деп бұйырады. Бірақ қияметте оларды кәпірлермен бірге тозақтың азабына тастайды. Өйткені екі жүзділік – Аллаға серік қосудың белгісі. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, намаздағы жалқаулық Алланы еске алудан ғапыл болу, екіжүзділік пен алдау – осының барлығы мұнафықтың белгісі. Сондықтан одан абай болайық.
Екіншіден, Алланың жазасы біздің амалдарымызға сай беріледі. Дүниеде адамдарды алдауға болатын шығар, бірақ илаһи жазадан құтыла алмаймыз.
"Ниса" сүресінің 143-ші аяты:
مُّذَبْذَبِينَ بَيْنَ ذَلِكَ لاَ إِلَى هَؤُلاء وَلاَ إِلَى هَؤُلاء وَمَن يُضْلِلِ اللّهُ فَلَن تَجِدَ لَهُ سَبِيلًا ﴿۱۴۳﴾
"Олар не онда жоқ, не мұнда жоқ (екі ұдай мұсылман мен кәпірдің арасындағылар). Алла адастырған адамды сен дұрыс жолға сала алмайсың. (143)"
Тұрақты ой-пікір, сенім және мақсаттың болмауы осы аятта айтылып өткен мұнафықтардың өзге ерекшеліктеріне жатады. Олар әрдайым мүміндермен қатар жүретіндей олардың қатарына да қосылмайды, көкірегіндегі күпірлігін жариялап, кәпірлердің қатарына қосылуға батылы да бармайды. Олар бағытын күнде ауыстыратындықтан, ауада салбырап тұрған нәрселер тәрізді, жел тұрған жаққа қозғалады. Мұндай жолға түскен адамның адасатындығы сөзсіз. Бұл Алланың оларға осы дүниеде берген жазасы болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, екі жүзділік адамның тәуелсіз ойлауына кедергі келтіріп, оны сергелдеңге салып, тәуелді етеді.
Екіншіден, мұнафық Алланың ашуына ұшырап, Оның жолдауынан құр қалады. Сондықтан үнемі тығырыққа тіреледі.
"Ниса" сүресінің 144-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَتَّخِذُواْ الْكَافِرِينَ أَوْلِيَاء مِن دُونِ الْمُؤْمِنِينَ أَتُرِيدُونَ أَن تَجْعَلُواْ لِلّهِ عَلَيْكُمْ سُلْطَانًا مُّبِينًا ﴿۱۴۴﴾
"Ей, мүміндер! Мүміндерді қайырып қойып, кәпірлермен достаспаңдар, сендер мұны зияндарың үшін Алланың алдында айқын айғақ етпексіңдер ме? (144)"
Осыдан бұрынғы аяттарда мұнафықтардың міндері баяндалды. Осы аят мүміндерге былай деп ескертеді: "Сендер де мұнафықтар секілді кәпірлерді дос тұтып, оларға тәуелді болып жүрмеңдер. Сендермен дос болуға және басшылық етуге тек мүміндер ғана лайық. Мүміндерді былай қойып, кәпірлермен байланыс орнату имандылыққа жатпайды. Егер олай істейтін болсаңдар Алланың алдында не деп жауап бересіңдер? Осы үшін Алла сендерді жауапқа тарта алады". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кәпірлердің исламдық қоғамға үстемдік жүргізуіне ұласатын кез-келген шара қабылдауға жатпайды. Соңында кәпірлердің билігіне әкеліп соғатын кез-келген келісімшарттан бас тарту керек.
Екіншіден, мүміндермен дос болып, кәпірлерге жоламау - имандылықтың шарты болып табылады.
"Ниса" сүресінің 145-146 аяттары:
إِنَّ الْمُنَافِقِينَ فِي الدَّرْكِ الأَسْفَلِ مِنَ النَّارِ وَلَن تَجِدَ لَهُمْ نَصِيرًا ﴿۱۴۵﴾ إِلاَّ الَّذِينَ تَابُواْ وَأَصْلَحُواْ وَاعْتَصَمُواْ بِاللّهِ وَأَخْلَصُواْ دِينَهُمْ لِلّهِ فَأُوْلَئِكَ مَعَ الْمُؤْمِنِينَ وَسَوْفَ يُؤْتِ اللّهُ الْمُؤْمِنِينَ أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۱۴۶﴾
"Мұнафықтар сөзсіз тозақтың астыңғы қабатында болады. Оларды құтқаратын ешбір медеткер таба алмайсың. (145) Бірақ тәубе қылып, өзін түзелткен, Аллаға тәуекел етіп, дінде Аллаға ықыласты болғандар – міне осылар мүміндермен бірдей. Алла тез арада мүміндерге (жәннатты негіз еткен) үлкен сый арнайды. (146)"
Осы аяттардан Исламның көзқарасы бойынша "екіжүзділік" күпірліктің ең жағымсыз түрі және мұнафықтардың Алладан ең алыс адамдар екендігін және олардың тозақта оттың ең түбінде болатынын түсінеміз. Солай болуы тиіс. Өйткені олар иман келтіргендей түр танытқандарымен, дұшпанның тыңшылары тәрізді арттан қанжар салады. Сондықтан олар қауіпті дұшпан болып саналады. Олар дос кейпінде келеді. Дегенмен Алланың ілтипаты барлық адамдарға, тіпті осындай кісілерге де ашық. Егер олар бұрынғы қылықтарынан бас тартса, өзгертуге болатын әрекеттерін өзгертсе және сенімдері мен амалдарында екіжүзділікті доғарса, Алла оларды мүмін ретінде қабылдап, оларға да сауап жазады. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, қияметте құтылудың жолы жоқ. Егер азаптан құтыламыз десек, осы дүниеде тәубе етіп, амалдарымызды түзейік.
Екіншіден, тәубенің жолы баршаға ашық. Алланың алдында үмітсіздікке жол жоқ.
Үшіншіден, тәубе дегеніміз өкінішті ауызбен айту ғана емес, барлық істерді қайта қарау.
Төртіншіден, мүміндер тәубе етушілерді жылы қарсы алып, олардың өткенін ұмытуы тиіс.