Ниса сүресі, 132-ші бөлім, 125-128 аяттар
Ниса сүресі, 132-ші бөлім, 125-128 аяттар
"Ниса" сүресінің 125-126 аяттары:
وَمَنْ أَحْسَنُ دِينًا مِّمَّنْ أَسْلَمَ وَجْهَهُ لله وَهُوَ مُحْسِنٌ واتَّبَعَ مِلَّةَ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا وَاتَّخَذَ اللّهُ إِبْرَاهِيمَ خَلِيلًا ﴿۱۲۵﴾ وَللّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَكَانَ اللّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ مُّحِيطًا ﴿۱۲۶﴾
"Ізгі істер істеп, өзін бүкілдей Аллаға тапсырып, дін жөнінен Ибраһимнің дініне кіршіксіз ілескен адамнан өтер жақсы адам бола ма? Алла Ибраһимді өзіне дос тұтты ғой. (125) Аспан әлемі мен жер жүзіндегілердің барлығы Алланікі (Алланың мүліктері, пенделері, мақлұқтары). Алла – барлық нәрсені толық білуші. (126)"
Өткен аяттардан илаһи сауапқа ие болудың шарты – иман мен ізгі амал екенін түсіндік. Осы аят мүмін әрі шыншыл адамның ниетіне тоқталып: "Сөз жүзінде айтып, жүрегінде Аллаға бойсұнбаған иман емес, қайта Аллаға шын ықыласы бар иманның ғана қадірі болады",-дейді. Адам ізгі істерді жұрттың көзіне түсу немесе материалдық пайда көру үшін жасағанда емес, қайырымдылық ниетімен істегенде ғана сауапқа кенеледі. Осыған байланысты Құран Кәрім мұндай кәміл тұлға ретінде хазірет Ыбырайымды (ғ) келтіреді. Құранда жазылғандай "Хәлилулла" яғни "Алланың досы" мәртебесіне жеткен осындай адамдарға еру бақытқа жеткізеді. Ыбырайым (ғ) Алланың алдында зор мәртебе мен құрметке ие болғандықтан, Ислам пайғамбарына (с) да оның ақиқат жолын ұстануы тапсырылған. Сол себептен де Ислам діні Ыбырайым дінінің жалғасы деп есептеледі. Осы аяттарда ол ең абзал дін деп аталған. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи діндер Аллаға бойсұну мен халыққа жақсылық жасауға негізделген.
Екіншіден, иман мен ізгі амалдар бірін-бірі толықтырады.
Үшіншіден, Алла тағала адамдарды имандылық пен ізгі амалдарға шақырғанымен, оған зәру емес. Өйткені Ол көктер мен жердің иесі және барлығы Оның бақылауында.
"Ниса" сүресінің 127-ші аяты:
وَيَسْتَفْتُونَكَ فِي النِّسَاء قُلِ اللّهُ يُفْتِيكُمْ فِيهِنَّ وَمَا يُتْلَى عَلَيْكُمْ فِي الْكِتَابِ فِي يَتَامَى النِّسَاء الَّلاتِي لاَ تُؤْتُونَهُنَّ مَا كُتِبَ لَهُنَّ وَتَرْغَبُونَ أَن تَنكِحُوهُنَّ وَالْمُسْتَضْعَفِينَ مِنَ الْوِلْدَانِ وَأَن تَقُومُواْ لِلْيَتَامَى بِالْقِسْطِ وَمَا تَفْعَلُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ بِهِ عَلِيمًا ﴿۱۲۷﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Сенен әйелдер жайлы пәтуа сұрайды. Оларға былай деп айт: "Сендер тиісті мирасын қолына бермей, некелеп қоюды қаламаған жетім-жесір әйелдер, ұсақ балалар жайлы және жетімдерге әділдік пен қамқорлық жасау жайлы Алла пәтуа берді, сендерге оқылатын Құранда да (мирас аяттары сияқты) бұл пәтуалар жазылған. Сендер қандай бір жақсылық істесеңдер де Алла оны сөзсіз біліп тұрады". (127)"
"Ниса" сүресінің алғашқы аяттары әйелдердің тұрмысқа шығуы мен олардың мирастан үлесі жайлы үкімдерді баяндаса, осы аяттар: "Ерлерге былай деп айт: "Әйелдердің құқығына байланысты үкімдердің барлығы Алла тарапынан түсірілді. Мен пайғамбар болғаныммен оған ешқандай қатысым жоқ"",-дейді. Құранның түрлі аяттарындағы әйелдердің неке мен мирас туралы жалпы үкімдері ғана емес, қайта жесір әйелдер, қыздар, жетім және қамқоршысыз балалар жөніндегі үкімдері де Алла тарапынан түсірілген. Осы аят барлық қарым-қатынастар, әсіресе жетімдер мен кедейлерге қатысты байланыстар әділет негізінде болуы тиіс дейді. Сол үшін әйелдер мен балалардың қаржылай және отбасылық құқықтарын орындау керек. Алланың өсиеті бойынша олардың құқықтарын орындаумен қатар, оларға жақсы қарау керек. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, отбасы мен қоғамда әйелдердің ешқандай құқығы болмаған заманда Ислам әйелдер мен балалардың және жетім-жесірлердің құқығын қорғаушы болды.
Екіншіден, исламдық заңдар мен ережелер Алла тарапынан берілді және пайғамбардың міндеті оны жеткізіп, түсіндіру болып табылады.
"Ниса" сүресінің 128-ші аяты:
وَإِنِ امْرَأَةٌ خَافَتْ مِن بَعْلِهَا نُشُوزًا أَوْ إِعْرَاضًا فَلاَ جُنَاْحَ عَلَيْهِمَا أَن يُصْلِحَا بَيْنَهُمَا صُلْحًا وَالصُّلْحُ خَيْرٌ وَأُحْضِرَتِ الأَنفُسُ الشُّحَّ وَإِن تُحْسِنُواْ وَتَتَّقُواْ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا ﴿۱۲۸﴾
"Егер бір әйел өз күйеуінің зауықсыз болуынан немесе бас тартуынан қауіптенсе, онда ер-әйел екеуі өзара келісімге келсе, еш оқасы жоқ, отасқан ең жақсы. Сараңдық адамдар табиғатына сіңіп кеткен. Егер (әйелдеріңе) жақсылық істесеңдер, (зұлымдықтан) сақтансаңдар, Алла істеген істеріңді біліп тұрады. (128)"
Осыған дейінгі аяттар ерлерді әйелдердің құқығын сақтауға шақырған соң, осы аят әйелдерге: "Әрине отбасының құқықтық мәселелері орындалуы тиіс. Бірақ жанұяның негізін сақтау одан да маңызды. Кейбір мәселелерге көбірек көңіл бөлудің салдарынан отбасының ыдырауына қауіп төнсе, тараптар өзара татуласып, жанұяның негізін сақтағаны жөн",-дейді. Осы аят: "Отбасындағы кикілжіңдер ажырасуға ұласпай тұрып оның алдын алыңдар. Қарама-қайшылықтарыңды татулықпен шешіңдер. Сараңдық пен надандық секілді жағымсыз қасиеттердің сендерді - әйел мен ерді ажырастыруына жол бермеңдер. Қайта бір-біріңе жақсылық істеп, сүйіспеншілік байланыстарыңды нығайтыңдар",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жанұяның негізін сақтау үшін әйел мен ердің кешірімді болу сезімдерін күшейту керек.
Екіншіден, Ислам - отбасылық мәселелер басқалардың араласуынсыз және ерлі-зайыптылардың өзара татуласуы арқылы шешілуі тиіс деп қуаттайды.
Үшіншіден, Исламның құқықтық жүйесі оның ахлақтық жүйесімен бірге жүреді. Сондықтан жанұяның құқықтарымен қатар ізгі іс істеу туралы айтылған.