Ниса сүресі, 129-ші бөлім, 110-114 аяттар
Ниса сүресі, 129-ші бөлім, 110-114 аяттар
"Ниса" сүресінің 110-шы аяты:
وَمَن يَعْمَلْ سُوءًا أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللّهَ يَجِدِ اللّهَ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۱۱۰﴾
"Кімде-кім бір жамандық істесе немесе өзіне-өзі кесір істесе, сонан кейін (тәубе қылып) Алладан кешірім тілесе, Алланың асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді екенін аңғарады. (110)"
Алла тағала мүміндердің кез-келген қиянат жасауына, шындықты жасыруына немесе қиянат жасаған кісіні қорғауына тыйым салып, оларға қияметтің ауыр азабын ескертеді. Осы аят оларға тәубе етуге мүмкіндік беріп: "Әркім басқа біреуге жамандық істеп, немесе күнә жасап өзіне зиян келтірген болса, Алланың алдында тәубе етсе, Алла оны кешіреді",-дейді. Жасалған күнәнің кіші үлкен болуының ешқандай айырмашылығы жоқ. Өйткені Алланың алдында кешірім мен ілтипатқа ие болу үшін қалайша тәубе ету мен кешірім сұрау маңызды. Әрине тәубе қабыл болу үшін, сол күнәнің салдарынан біреу зиян көретін болса немесе өлімге ұшыраса, оның есесін қайтару керек. Өйткені онсыз ешқандай тәубе қабылданбайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, негізінде күнә - өзіне зиян келтіру болып табылады. Сондықтан адамның өзіне де зиян келтіруге хақы жоқ.
Екіншіден, Алла тағала жамандықты кешіріп қана қоймай, тәубе етушіні де жақсы көреді.
"Ниса" сүресінің 111-112 аяттары:
وَمَن يَكْسِبْ إِثْمًا فَإِنَّمَا يَكْسِبُهُ عَلَى نَفْسِهِ وَكَانَ اللّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۱۱۱﴾ وَمَن يَكْسِبْ خَطِيئَةً أَوْ إِثْمًا ثُمَّ يَرْمِ بِهِ بَرِيئًا فَقَدِ احْتَمَلَ بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا ﴿۱۱۲﴾
"Кімде-кім бір күнә істесе, оның зияны өзіне. Алла – барлық істі білгіш, асқан дана. (111) Кімде-кім кішігірім қателік немесе үлкен күнә өткізіп, оны екінші біреуге артса, ол шындығында, сол жаланы және айдан ашық ауыр күнәні өзі көтереді. (112)"
Осы аяттар күнәнің жағымсыз салдарын қуаттай отырып: "Күнәһар адам басқалар мен қоғамға зиян тигізбес бұрын, ең алдымен өзіне зиян келтіреді",-деп ескертеді. Өйткені ол Алланың берген пәк табиғатын ластап, рухани тазалықтан айрылады. Ал бұл ең үлкен зардап болып табылады. Сонымен қатар әлеуметтік илаһи дәстүрлер бойынша, халыққа жасалған кез-келген зұлымдықтың салдары ерте ме, кеш пе залымның өзіне тиеді және зұлымдығының жазасын осы дүниеде көреді. Осы аяттағы маңызды мәселе – өзін ақтап, басқаларды айыптау болып табылады. Құран мұны басқаларды басыну мен олардың абыройын төгудің бір түрі деп атайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, күнә дегеніміз – жасалған соң аяқтала қоятын нәрсе емес. Оның іздері адамның рухында қалады.
Екіншіден, жала жабушы адамдардың абыройын төгетін болғандықтан, оның күнәсі зор болады.
"Ниса" сүресінің 113-ші аяты:
وَلَوْلاَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكَ وَرَحْمَتُهُ لَهَمَّت طَّآئِفَةٌ مُّنْهُمْ أَن يُضِلُّوكَ وَمَا يُضِلُّونَ إِلاُّ أَنفُسَهُمْ وَمَا يَضُرُّونَكَ مِن شَيْءٍ وَأَنزَلَ اللّهُ عَلَيْكَ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَعَلَّمَكَ مَا لَمْ تَكُنْ تَعْلَمُ وَكَانَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكَ عَظِيمًا ﴿۱۱۳﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Саған Алланың кеңшілігі, мархаматы болмаса, олардың бір тобы адастыруға әрекеттенген болар еді. Бірақ олар өздерін ғана адастырады, саған қылдай зақым келтіре алмайды. Алла саған кітапты (Құранды), хикметті (Құрандағы үкімдерді) түсірді. Саған білмеген нәрселеріңді үйретті. Алланың саған сыйлаған кеңшілік, ілтипаты ерен мол болды. (113)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, мүшріктердің бір тобы Ислам пайғамбарының (с) қасына келіп: "Біз екі жағдайда сені қолдап, дініңе иман келтіруге дайынбыз. Біріншіден, пұттарды өз қолымызбен қиратпаймыз. Екіншіден, "узза" пұтына бір жылға дейін табынуға мұрсат бер",-дейді. Сонда осы аят түсіп, пайғамбарға (с): "Олар өздері тура жолға түсудің орнына, сені де адастырмақшы. Бірақ Алла тағала саған Кітап беріп, хикметін үйретті және өзінің мейірімімен сені адасудан сақтады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Алла тағала пайғамбарын кез-келген қателесу мен адасудан сақтады. Пайғамбарларға байланысты айтылатын "мағсұм" дегеннің мағынасы осы.
Екіншіден, Алланың өзі пайғамбардың мұғалімі болғандықтан, әрине бұл тәлімде ешқандай қателік болмайды.
"Ниса" сүресінің 114-ші аяты:
لاَّ خَيْرَ فِي كَثِيرٍ مِّن نَّجْوَاهُمْ إِلاَّ مَنْ أَمَرَ بِصَدَقَةٍ أَوْ مَعْرُوفٍ أَوْ إِصْلاَحٍ بَيْنَ النَّاسِ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ ابْتَغَاء مَرْضَاتِ اللّهِ فَسَوْفَ نُؤْتِيهِ أَجْرًا عَظِيمًا ﴿۱۱۴﴾
"Олардың құпия күңкілдерінің көбінде қайыр жоқ. Бірақ садақаға, ізгілікке, адамдарды жарастыруға бұйырса ғой, оның жөні бір басқа. Кім Алланың ризалығы үшін (сондай) істесе, оған үлкен сауап бағыш етеміз. (114)"
Осы аят "жасырын және құпия сөйлеудің" жағымсыз екендігіне тоқталып: "Жасырын сөйлеу қажет болған ерекше жағдайларда болмаса, басқа жерде "құпия сөйлеу" жағымсыз әрекет болып есептеледі",-дейді. Осы аятта айтылған жасырын әрекет жасауға болатын жағдайларға: кедей-кепшіктерге садақа беретін кездер жатады. Басқа аяттарда да садақаны жасырын түрде беруге өсиет етілген. Жақсылыққа бұйыру мен жамандықтан тыю кезінде оның жасырын түрде айтылғаны тиімді болатын кездер. Және бәрінен де маңыздысы – адамдар мен жанұяларды татуластыру мақсатымен адамдардың абыройын сақтау үшін жасалған жасырын әрекет. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлеуметтік қарым-қатынастарда адамдардың абыройын сақтау негіз болып саналады.
Екіншіден, әр істің қадірі ықыласқа байланысты. Ендеше ізгі істерді жасырын түрде жасау ықыласқа жақынырақ.