Ниса сүресі,127-ші бөлім, 100-103 аяттар
Ниса сүресі,127-ші бөлім, 100-103 аяттар
"Ниса" сүресінің 100 аяты:
وَمَن يُهَاجِرْ فِي سَبِيلِ اللّهِ يَجِدْ فِي الأَرْضِ مُرَاغَمًا كَثِيرًا وَسَعَةً وَمَن يَخْرُجْ مِن بَيْتِهِ مُهَاجِرًا إِلَى اللّهِ وَرَسُولِهِ ثُمَّ يُدْرِكْهُ الْمَوْتُ فَقَدْ وَقَعَ أَجْرُهُ عَلى اللّهِ وَكَانَ اللّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۱۰۰﴾
"Кім Алла жолында ауа көшсе, көптеген кең қоныс және кеңшілік табады. Сондай-ақ біреу үйінен Аллаға, пайғамбарға бола шықса да, оған өлім жетсе, сонда оның бодауы Алланың өзіне тән болады. Алла аса жарылқаушы, тым мейірімді. (100)"
Мүмін адам туған жері мен қаласына ғана байланбауы тиіс. Оған отанды сүю емес, Аллаға құлшылық ету негіз болып табылады. Егер адам өз отанында діні мен сенімдерін сақтай алмаса, қоныс аударуға тиіс. Осы аят: "Жер беті сендердің қалаларыңмен ғана шектеледі деп ойламаңдар. Алланың жері өте кең. Сондықтан кімде-кім Алла үшін туған жерінен қоныс аударса, міндетті түрде оның істері сәтті болады және материалдық жағынан да кеңшілікке тап болады",-дейді. Бұған қоса егер ол осы қоныс аудару барысында қаза болса, Алланың сауабына бөленеді. Осылайша ол зиян көрмейді. Бұл аят дінді қорғау үшін қоныс аудару керектігін баяндағанымен, илаһи мақсатпен жасалатын білім алу немесе дінді уағыздау секілді кез-келген қоныс аударуды қамтиды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, біз өзімізге жүктелген тапсырманы орындауға міндеттіміз және оның нәтижесіне жауапты емеспіз. Мақсатқа жету емес, үйден шығып, сол мақсатқа қарай қозғалу маңызды.
Екіншіден, үйде отырғанмен іс бітпейді. Өркендеп даму үшін ұмтылыс пен әрекет жасап, қоныс аудару керек.
Үшіншіден, қай жолды таңдасақ та Алла жолында жан қиып, Оның сауабына ие болайық.
"Ниса" сүресінің 101-ші аяты:
وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَن تَقْصُرُواْ مِنَ الصَّلاَةِ إِنْ خِفْتُمْ أَن يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُواْ إِنَّ الْكَافِرِينَ كَانُواْ لَكُمْ عَدُوًّا مُّبِينًا ﴿۱۰۱﴾
"Жер жүзінде сапарда болған кездеріңде кәпірлердің қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқысаңдар да (төрт ракағатты екі ракағат етсеңдер де) оқасы жоқ. Шынында кәпірлер сендердің айдан ашық қас жауларың. (101)"
Осы аят мұджахеттер мен мұһажірлердің намазына қатысты үкімді баяндайды. Исламның алғашқы кезіндегі мұсылмандар намазға ерекше мән беріп, оны қысқартуды күнә деп санайтын. Алла тағала осы аятты түсіріп, оларға: "Джихад пен һижрат кезінде дұшпаннан қауіп төніп тұратын болғандықтан, олардың сендерге соққы беруіне жол бермеу үшін намазды қысқартып оқыңдар",-деді. Сол кезден бері исламдық үкімдерде бұл аят барлық сапарларды қамтитын болды. Осылайша әр жолаушы намазын қысқартып оқуға тиіс. Яғни төрт рәкағат намаз, екі рәкағат етіп оқылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, намаз кезінде де дұшпаннан ғапыл болмау керек. Мұсылман адам тек ғибадатын ғана ойламайды. Егер исламдық билікке қауіп төніп тұрса, дұшпаннан зардап шекпеу үшін қажет болса намазды да қысқартып оқу керек.
Екіншіден, адам кез-келген жағдайда намаз оқуы тиіс. Тіпті қауіпті жағдайда да намаз парыз етілген. Әрине оның қысқа түрі.
"Ниса" сүресінің 102-103 аяттары:
وَإِذَا كُنتَ فِيهِمْ فَأَقَمْتَ لَهُمُ الصَّلاَةَ فَلْتَقُمْ طَآئِفَةٌ مِّنْهُم مَّعَكَ وَلْيَأْخُذُواْ أَسْلِحَتَهُمْ فَإِذَا سَجَدُواْ فَلْيَكُونُواْ مِن وَرَآئِكُمْ وَلْتَأْتِ طَآئِفَةٌ أُخْرَى لَمْ يُصَلُّواْ فَلْيُصَلُّواْ مَعَكَ وَلْيَأْخُذُواْ حِذْرَهُمْ وَأَسْلِحَتَهُمْ وَدَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ لَوْ تَغْفُلُونَ عَنْ أَسْلِحَتِكُمْ وَأَمْتِعَتِكُمْ فَيَمِيلُونَ عَلَيْكُم مَّيْلَةً وَاحِدَةً وَلاَ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِن كَانَ بِكُمْ أَذًى مِّن مَّطَرٍ أَوْ كُنتُم مَّرْضَى أَن تَضَعُواْ أَسْلِحَتَكُمْ وَخُذُواْ حِذْرَكُمْ إِنَّ اللّهَ أَعَدَّ لِلْكَافِرِينَ عَذَابًا مُّهِينًا ﴿۱۰۲﴾ فَإِذَا قَضَيْتُمُ الصَّلاَةَ فَاذْكُرُواْ اللّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَى جُنُوبِكُمْ فَإِذَا اطْمَأْنَنتُمْ فَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَّوْقُوتًا ﴿۱۰۳﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Сен (соғыста) мұсылмандар ішінде болып, олармен бірге намаз оқымақ болған кезіңде, олардың бір бөлегі сенімен бірге намазға тұрсын, қаруларын жанынан тастамасын. Сәжде қылып болғаннан кейін, олар сендердің арттарыңа барып тұрсын (күзетшілік етсін), намаз оқымаған екінші бір топ адам қару-жарағын ала келіп, сақтықты күшейте, сенімен бірге намазға тұрсын. Кәпірлер сендердің құрал-жарақ, керекті бұйымдарыңның жоқ кезінен пайдаланып, оқыстан тап беруді ойлайды. Егер жаңбыр әуресімен немесе ауру себебімен қаруларыңды қойып қойсаңдар оқасы жоқ. Бірақ сақ болыңдар. Алла кәпірлерге қорлық азаптарды дайындап қойды. (102) Намаз өтеп болған кездеріңде, Алланы түрегеп те, отырып та, жамбастап жатып та еске алыңдар. Бейбіт кездеріңде намаздарыңды толық өтеңдер. Намаз мүміндерге сөзсіз уақыты белгіленген парыз. (103)"
Алла жолындағы сапарларда намазды қысқартып оқуға нұсқау берген өткен аяттардан кейін осы аят соғыс шебінде жамағат намазын қалай оқуды түсіндіріп: "Ислам әскері екі топқа бөлінеді. Бірінші топ қаруларын бірге алып, имамға ұйып жамағат намазына тұрады. Бұлар екі рәкағаттық намаздың бірінші ракағатының екінші сәждесін орындаған соң, намаздың қалған бөлімін жеке оқиды. Сонан соң олардың орнына екінші топ келіп, намаздың екінші рәкағатында имамға ұйып, жамағат намазының сауабына бөленеді",-дейді. Осылайша жауынгерлер намазды әрқашан және шама келгенше жамағатпен оқу керектігін түсінеміз. Сондай-ақ дұшпанның кенеттен шабуыл жасауына жол бермеу үшін, қаруды тастамай, үнемі одан абай болу керек. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жамағат намазының маңыздылығын көрсету үшін соғыс кезінде оның бір рәкағаты болсын оқылуы тиіс десек жеткілікті.
Екіншіден, үнемі қырағы болу керек. Сондықтан мұсылмандар намаз кезінде де жаудан ғапыл болмауы тиіс.
Үшіншіден, намаздың уақытын белгілеу оны бір жүйеге түсіріп, мұсылмандардың жоспармен жүруіне үлгі болып табылады.