Ниса сүресі, 125-ші бөлім, 92-94 аяттар
Ниса сүресі, 125-ші бөлім, 92-94 аяттар
وَمَا كَانَ لِمُؤْمِنٍ أَن يَقْتُلَ مُؤْمِنًا إِلاَّ خَطَئًا وَمَن قَتَلَ مُؤْمِنًا خَطَئًا فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُّؤْمِنَةٍ وَدِيَةٌ مُّسَلَّمَةٌ إِلَى أَهْلِهِ إِلاَّ أَن يَصَّدَّقُواْ فَإِن كَانَ مِن قَوْمٍ عَدُوٍّ لَّكُمْ وَهُوَ مْؤْمِنٌ فَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُّؤْمِنَةٍ وَإِن كَانَ مِن قَوْمٍ بَيْنَكُمْ وَبَيْنَهُمْ مِّيثَاقٌ فَدِيَةٌ مُّسَلَّمَةٌ إِلَى أَهْلِهِ وَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُّؤْمِنَةً فَمَن لَّمْ يَجِدْ فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ تَوْبَةً مِّنَ اللّهِ وَكَانَ اللّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۹۲﴾
"Бір мүміннің бір мүмінді жазатайымда болмаса, әдейілеп өлтіруі дұрыс емес. Кімде-кім бір мүмінді жазатайым өлтіріп қойса, бір мүмін құлды азат етуі және өлтірілгеннің ақы иесіне құн төлеуі керек. Бірақ, олар жауласқан елден болса, онда өлтіруші бір мүмін құлды азат етуі керек (жау ел болғандықтан құн төлемейді). Егер, өлтірілуші шарт жасасқан кәпір қауымынан болса, онда өлтіруші бір мүмін құлды азат етіп, ақы иесіне құн төлеуі керек. Егер, құл азат етуге шарасыз болса, екі ай үзбей ораза ұстауы керек, тәубені қабылдау Алладан. Алла – бәрін білуші, хикмет иесі. (4:92)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, көп жылдар бойы Меккеде мүшріктерден азап шеккен бір мұсылман Мәдинаға қоныс аударған соң, өзін азаптаған кісіні көреді. Бірақ оның мұсылман болғанын білмеген ол, оны "азаптаушы кәпір" ретінде өлтіреді. Бұл хабар пайғамбарға (с) жетіп, осы аят түседі. Өткен аяттарда айтылғандай, мұндай кәпір әрі залым адамдарға тұтқындап, қажет болса өлтіру үкімі қолданылады. Әрине мұны исламдық қоғам басшысының қадағалауы аясындағы нақты тексеруден соң орындау керек. Әйтпесе әркім өзінің сенімі мен қалауы бойынша біреуді өлтіріп, қан төге алмайды. Сондықтан әлгі мұсылманның ісі қате болып, оның құнын төлеуге мәжбүр болады. Дегенмен осы аятта баяндалған ерекше жағдайлар мен үкімдерге назар аударатын болсақ, кісі өлтірушінің туған-туыстары Исламның жауларынан болса, дұшпан қаржы жағынан күшеймеуі үшін оларға өлгеннің құны төленбейді. Егер дұшпан мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасаған болса, оның жөні басқа. Мұндай жағдайда өлген кісінің жанұясына оның құны төленеді. Өлген кісінің туыстарына құнын төлеудің бірқатар оң әсерлері бар. Бір жағынан туыстың өлімі нәтижесінен пайда болған экономикалық қиындықтардың бір бөлігі қамтамасыз етіледі. Екінші жағынан, "мен қателікпен өлтірдім" деп әркім ақталатындай, адамдардың себепсіз қылмыс жасауына жол бермейді. Сонымен қатар адамның өмірі мен әлеуметтік қауіпсіздікке деген құрметті көрсетеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, адамдардың қанын төгу Аллаға иман келтіруге қайшы келеді. Егер кімде-кім біреуді қателікпен өлтірсе, ауыр құн төлеуі тиіс.
Екіншіден, Ислам құл ұстауды таратпай, оларды азат етуге жағдай жасады. Кісі өлтіруші өлген адамның орнына бір құлды азат ету арқылы оған жаңа өмір сыйлауы тиіс.
Үшіншіден, Исламның нұсқаулары тек ғибадатқа ғана байланысты емес. Ол қоғамды дұрыс басқарып, әділет пен қауіпсіздік орнату үшін құқықтық және қылмыстық заңдар да белгілеген. Осы аятта айтылған үкімдер соның мысалы болып табылады.
"Ниса" сүресінің 93-ші аяты:
وَمَن يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُّتَعَمِّدًا فَجَزَآؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللّهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا ﴿۹۳﴾
"Кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы мәңгілік жаһаннам. Ол Алланың кәріне және қарғысына ұшырайды. Алла оған ауыр азап әзірлеп қояды. (4:93)"
Тарихи рауаяттарда жазылғандай, Ухуд соғысы кезінде бір мұсылман өшпенділікпен басқа бір мұсылманды өлтіреді. Ислам пайғамбары (с) аян арқылы бұл оқиғадан хабардар болып, Ухудтан оралған жолда, оның кешірім сұрағанына қарамастан кісі өлтіргенге қатысты "қысас" үкімін орындауды талап етеді. Қателікпен кісі өлтірудің үкімін баяндаған өткен аятты жалғастыра келе осы аят қасақана өлтіргеннің жазасына тоқталады. Біреуді қасақана өлтірген кісі Алланың қаһарына ұшырап, мәңгі-бақи тозақта азап шегеді. Оның осы дүниедегі жазасы "қысас" туралы өткен бағдарламаларда айтып өткенбіз. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қылмыскерлерді жазалауда қылмысты қателікпен жасағанның және біле тұра қасақана жасағанның жазасы бөлек.
Екіншіден, қоғамдағы тәртіпсіздік пен қылмыстың алдын-алу жолдарының бірі – қатаң қылмыстық заңдар қою болып табылады.
"Ниса" сүресінің 94-ші аяты:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِذَا ضَرَبْتُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ فَتَبَيَّنُواْ وَلاَ تَقُولُواْ لِمَنْ أَلْقَى إِلَيْكُمُ السَّلاَمَ لَسْتَ مُؤْمِنًا تَبْتَغُونَ عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا فَعِندَ اللّهِ مَغَانِمُ كَثِيرَةٌ كَذَلِكَ كُنتُم مِّن قَبْلُ فَمَنَّ اللّهُ عَلَيْكُمْ فَتَبَيَّنُواْ إِنَّ اللّهَ كَانَ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرًا ﴿۹۴﴾
"Ей, мүміндер! Алла жолында жорыққа аттанғанда, тексеріп анықтап іс істеңдер. Сендерге мұсылманшылығын білдіріп сәлем бере келгендерді дүние-мүлікке (олжаға) қызығып: "мұсылман емессің",-демеңдер. Олжа Алланың алдында өте көп. Бұрын сендер де сондай (кәпір) едіңдер, кейін Алла сендерге иман бағыштады. Сондықтан, тексеріп анықтап іс істеңдер. Алла істеген істеріңді әбден біліп тұрады. (4:94)"
Келесі бір тарихи рауаяттарда жазылғандай, Мәдинаның маңайында мұсылмандар мен яһудилер арасында болған Хейбар соғысынан кейін, пайғамбар (с) оларды Исламды қабылдауға немесе исламдық билікті мойындауға шақыру үшін мұсылмандардың бір тобын аймақтағы бір ауылға жібереді. Ислам жасағының келе жатқанын естіген бір яһуди өзінің жанұясы мен мал-мүлкін тауда жасырып, бір құдайға табынатынына және Ислам пайғамбарының (с) растығына куәлік айтқан бойда мұсылмандарды қарсы алады. Сонда мұсылмандардың біреуі, ол Исламды қорыққандықтан қабылдады деген оймен оны өлтіріп, дүние-мүлкін олжаға алады. Сонда осы аят түсіп, бұл әрекетті айыптап: "Исламның мақсаты - соғыс ашып, олжа мен мал-мүлік жинау емес, қайта Исламға шақыру немесе мұсылмандар мен кәпірлер арасында бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату",-деп бұйырады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, соғыс пен джихад ашу-ызаның немесе дүние-мүлік жинау негізінде емес, дұшпанның мақсаты мен жағдайынан нақты ақпараттар мен мәліметтер бойынша болуы тиіс.
Екіншіден, Исламды қабылдадым деген кісілерді олардың өтірігі мен теріс пиғылдары дәлелденбейінше, жылы қарсы алу керек.
Үшіншіден, билікке ие болған кезде оны кері мақсатта пайдаланбайық. Қарсыластарды негізсіз қырып-жойып, мал-мүлкін тартып алуға болмайды.
Төртіншіден, дүниеқұмарлықтың қаупі соғыс майданында жанын қиюға дайын күрескерлерге де төніп тұрады. Негізгі мақсатымыздан айрылмайық.
Бесіншіден, біреуге жаман қарайтындай да, аңқау да болмайық. Барлық істерде ортаны ұстанып, дұшпанымызбен де әділ болайық.