Жел 29, 2016 18:34 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 121-ші бөлім, 80-82 аяттар

 

 

مَّنْ يُطِعِ الرَّسُولَ فَقَدْ أَطَاعَ اللّهَ وَمَن تَوَلَّى فَمَا أَرْسَلْنَاكَ عَلَيْهِمْ حَفِيظًا ۸۰﴾

 

"Кімде-кім пайғамбарға бойсұнса, оның анық Аллаға бойсұнғаны. Кімде-кім (сенен) бет бұрса, (оның өз еркі), біз сені оларға бақылаушы етіп жібермедік. (4:80)"

Қоғамды басқарудағы ең күрделі мәселе – үкімет органдарын құру және халықтың оған бағынуы болып табылады. Ислам тек жеке адам мен ғибадатқа қатысты үкімдерден ғана тұрмайды, қайта адамның бақыты оның өмір сүретін қоғамының бақытымен тығыз байланысты. Ислам дініндегі әлеуметтік нұсқаулардың айқын мысалдарына - зекет, қажылық және джихад жатады. Сондықтан осы үкімдердің орындалуын қадағалайтын атқарушы орган қажет, ол Исламның билік жүйесі болып табылады. Құран тұрғысынан пайғамбар тек илаһи нсұқаулар мен үкімдерді халыққа жеткізуші ғана емес, ол исламдық қоғамның басқарушысы. Сондықтан оған еру Аллаға ерумен тең болғандықтан, оған бағынбау Аллаға күпірлік ету болып саналады. Пайғамбардың басқарушылық бұйрықтары ғана емес, оның сөздері де Алланың сөздерінен тұратын Құранмен қатар ерекше орынға ие. Оның сөздері "пайғамбардың сүннеті" деп те аталады. Осы аят пайғамбардың қоғамға байланысты бір жауапкершілігіне меңзейді. Ол, пайғамбардың халықты ақиқатты мойындауға мәжбүр ете алмауы. Ол халықты илаһи үкімдерді орындауға мәжбүрлеуге емес, қайта қоғамды басқарып, оған тура жол көрсетуге ғана міндетті. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Аллаға бойсұну дегеніміз намаз оқу мен ораза ұстау ғана емес, қайта қоғамда Алланың тағайындаған жетекшілеріне бойсұну болып табылады.

Екіншіден, пайғамбарлардың міндеті дінге мәжбүрлеу емес, оны үгіттеу болып табылады. Адам дінді өз еркімен қабылдауы тиіс.

"Ниса" сүресінің 81-ші аяты:

 

وَيَقُولُونَ طَاعَةٌ فَإِذَا بَرَزُواْ مِنْ عِندِكَ بَيَّتَ طَآئِفَةٌ مِّنْهُمْ غَيْرَ الَّذِي تَقُولُ وَاللّهُ يَكْتُبُ مَا يُبَيِّتُونَ فَأَعْرِضْ عَنْهُمْ وَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ وَكَفَى بِاللّهِ وَكِيلًا ﴿۸۱﴾

 

"Олар (екібеткей мұнафықтар): "Әміріңе құлдық",- дейді. Ал сенің қасыңнан былай шыға берсе, олардың бір бөлігі (айтқанынан танып) астыртын кеңес құрады. Алла олардың күңкіл сөздерін (періштелер арқылы) жазып тұрады. Сен олардан өзіңді тарт, Аллаға тәуекел ет. Алла кепілдікке кәміл. (4:81)"

Бұл аят тағы да мұнафықтардың қауіп-қатеріне байланысты ескерту жасап, пайғамбар (с) мен мұсылмандарға: "Абай болыңдар, сендердің араларыңда иманы әлсіз екібеткей бір топ бар. Олар сөз жүзінде сендермен бірге екенін айтады. Бірақ өздерінің түнгі, құпия жиындарында басқа шешімдер қабылдап, сендердің жоспарларыңды бұзуға тырысады",-дейді. Сондықтан мұндай кісілерді танып, олардан аулақ жүру керек. Олардың астыртын жоспарларынан қорықпау керек, өйткені Алла тағала олардың сөздері мен ойларын бақылап тұрып, оны кешіктірмей залалсыздандырады. Ендеше Аллаға тәуекел етіп, Одан жәрдем сұрау керек. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ішкі дұшпанның қастандықтарынан ғапыл болмайық. Дұшпан тек шетте жүреді деп ойламайық.

Екіншіден, кез-келген достық ұсынысты қабылдай беретіндей аңқау болмайық. Сондықтан әрдайым біреу шектен тыс мақтап жағына бастаса оның ықпал етуге тырысып жатуы мүмкін.

Үшіншіден, мүміндердің нағыз қолдаушысы мен қорғаушысы – Алла. Ол мұсылмандарға айқын және жасырын қолдау көрсетеді.

"Ниса" сүресінің 82-ші аяты:

 

أَفَلاَ يَتَدَبَّرُونَ الْقُرْآنَ وَلَوْ كَانَ مِنْ عِندِ غَيْرِ اللّهِ لَوَجَدُواْ فِيهِ اخْتِلاَفًا كَثِيرًا ﴿۸۲﴾

 

"Олар Құран туралы ой жүгіртпей ме? Егер Құран Алладан басқа біреуден келген болса, олар сөзсіз ол Құраннан түрлі қайшылықтарды кездестірген болар еді. (4:82)"

Исламның дұшпандары пайғамбардың (с) қисыны мен айқын дәлелдеріне жауап қайтара алмаған соң, түрлі жала жабуға кіріседі. Бірде олар: "Құранды Мұхаммед өз ойынан шығарды немесе басқалардан үйренген",-деп шығады. Осындай жалаға Алла тағала: "Құран аяттарын оқып, оған неліктен ой жүгіртпейсіңдер?",-дейді. Құран жиырма жыл бойы пайғамбарлық кезінде және бейбітшілік пен соғыстың түрлі жағдайларында түсті, сондықтан егер ол адамның ойынан шықса, оның мазмұнында көптеген қарама-қайшылықтар табылар еді. Негізінде Құранның мұғжиза болуының дәлелі де оның аяттарының мықты әрі мызғымас болуында. Өйткені мықты жазушылардың қазіргі жазғаны мен жиырма жыл бұрын жазғанының айырмашылығы көп болады және үнемі өзгеріп тұрады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дінді білім мен ой-пікірге қайшы деп ойлайтындарға керісінше, осы аят Исламның ақиқаттығын түсіну үшін барлығын илаһи аяттарға ой жүгіртуге шақырады.

Екіншіден, Құран барлық ғасырлар мен замандардағы халықтарға түсінікті. Сондықтан барша мұсылмандар оған ой салуға міндетті.

Үшіншіден, егер халық Құран аясында жиналса олардың арасындағы қарама-қайшылықтар шешіледі. Өйткені Құранда бір-біріне қайшы келетін мәселе жоқ.