Жел 29, 2016 19:06 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 103-ші бөлім, 11-14 аяттар

 

يُوصِيكُمُ اللّهُ فِي أَوْلاَدِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ الأُنثَيَيْنِ فَإِن كُنَّ نِسَاء فَوْقَ اثْنَتَيْنِ فَلَهُنَّ ثُلُثَا مَا تَرَكَ وَإِن كَانَتْ وَاحِدَةً فَلَهَا النِّصْفُ وَلأَبَوَيْهِ لِكُلِّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا السُّدُسُ مِمَّا تَرَكَ إِن كَانَ لَهُ وَلَدٌ فَإِن لَّمْ يَكُن لَّهُ وَلَدٌ وَوَرِثَهُ أَبَوَاهُ فَلأُمِّهِ الثُّلُثُ فَإِن كَانَ لَهُ إِخْوَةٌ فَلأُمِّهِ السُّدُسُ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصِي بِهَا أَوْ دَيْنٍ آبَآؤُكُمْ وَأَبناؤُكُمْ لاَ تَدْرُونَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ لَكُمْ نَفْعًا فَرِيضَةً مِّنَ اللّهِ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيما حَكِيمًا ﴿۱۱﴾ وَلَكُمْ نِصْفُ مَا تَرَكَ أَزْوَاجُكُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّهُنَّ وَلَدٌ فَإِن كَانَ لَهُنَّ وَلَدٌ فَلَكُمُ الرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْنَ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصِينَ بِهَا أَوْ دَيْنٍ وَلَهُنَّ الرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْتُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّكُمْ وَلَدٌ فَإِن كَانَ لَكُمْ وَلَدٌ فَلَهُنَّ الثُّمُنُ مِمَّا تَرَكْتُم مِّن بَعْدِ وَصِيَّةٍ تُوصُونَ بِهَا أَوْ دَيْنٍ وَإِن كَانَ رَجُلٌ يُورَثُ كَلاَلَةً أَو امْرَأَةٌ وَلَهُ أَخٌ أَوْ أُخْتٌ فَلِكُلِّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا السُّدُسُ فَإِن كَانُوَاْ أَكْثَرَ مِن ذَلِكَ فَهُمْ شُرَكَاء فِي الثُّلُثِ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصَى بِهَآ أَوْ دَيْنٍ غَيْرَ مُضَآرٍّ وَصِيَّةً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَلِيمٌ ﴿۱۲﴾

 

"Балаларың (олардың тиесілі мирасы) турасында Алла мынаны бұйырады: Бір еркекке екі әйелдің үлесіндей, егер, өлген адамның қызы екі не одан көп болса, оларға мирастың үштен екісі тиеді. Егер, мұрагер жалғыз қыз болса, оған мирастың жартысы тиеді. Егер, өлген адамның баласы бар болса, онда әке-шешесіне (өлгеннің әке-шешесіне) мирастың алтыдан бірі беріледі. Егер, оның баласы болмай, мирасқа әке-шешесі ғана мұрагерлік етсе, онда, шешеге үштен бірі беріледі. Егер, өлгеннің аға-іні, әпке-қарындастары бар болса, онда шешеге мирастың алтыдан бірі тиеді. (Бұл бөліс) өлген адамның өсиеті орындалып, қарызы төленіп болғаннан кейін орындалады. Сендер, әкелерің мен балаларыңның қайсысы, өздеріңе пайда жақтан жақынырақ екендігін білмейсіңдер. Бұлар – Алланың белгілемесі. Алла расында барлығын білуші, хикмет иесі. (4:11) Егер (әйелдерің өліп) бала қалмаса, онан қалған мирастың жартысы сендерге (ерлерге) тиеді. Егер, бала қалған болса, сендерге төрттен бірі тиеді, (бұл бөліс те) өлгеннің өсиеті өтеліп, қарызы төленгеннен кейін орындалады. Егер, сендердің балаларың болмаса, қалдырған мирастарыңнан әйелдеріңе төрттен бірі тиеді. Егер, бала қалса, онда, оларға (әйелдеріңе) сегізден бірі беріледі, бұл да өлгеннің өсиеті өтеліп, қарызы ада болғаннан кейін орындалады. Егер, ата-анасы, не ұл-қызы жоқ, мирас қалдырушының бір ғана ағасы, не бауыры яки әпкесі, не қарындасы болса, бұл панасыздың мирасынан алтыдан бірі беріледі. Егер, олардың саны бұдан көп болса, онда оларға мирастың үштен бірі беріледі. (Бұл бөліс те) өсиет орындалып, қарыз өтелгеннен кейін орындалады. Өсиет (мұрагерге) зиян жеткізбейтін болсын. Бұл – Алланың өсиеті. Алла – барлығын білуші, аса кең пейіл. (4:12)"

Діни ережелер мен нұсқаулар адам баласын жаратушы Алла тарапынан болғандықтан, Оның ережелері адам баласының табиғи қажеттіліктерімен үйлесімді. Біздің басқа дүниеге кіруіміздің дәлізі болып табылатын өлім адам баласының материалдық нәрселерге иелік етуінің үзілуіне себеп болады. Алайда, адамның өмір бойы жинаған нәрселері не болмақ және кімге қалады? деген сұрақ туындайды. Кейбір халықтарда өлген адамның дүние-мүлкі оның әкесі, аға-бауыры мен ұлы секілді жақын туыстары арасында ғана бөлініп, жұбайы мен қыздары еркектің қалдырған мирасынан үлес ала алмайтын. Қазіргі кезде де кейбір елдерде, өлген адамның барлық мал-мүлкі қоғамдық мүлік болып саналып, оның перзенттері мен туысқандарына ештеңе берілмейді. Дегенмен Ислам табиғи іс болып табылатын және ата-ананың табиғи және рухани қасиеттерін балаларына жеткізетін мұрагерлік заңға сәйкес, адамдардың дүние-мүлкін әділ түрде бөліп, марқұмның мүлкі оның балалары, жұбайы мен туған-туысқандарына тиесілі деп санайды. Әрине марқұм өзі өлген соң мал-мүлкінің үштен бір бөлігін қалауынша өсиет ете алады. Осылайша тіпті өмір сүруге жетерлік қаржысы бар адамдар да, ғұмырының соңына дейін еңбек етуден бас тартпайды. Өйткені тіпті өлген жағдайдың өзінде, жинаған мал-мүлкінің оның ұрпағының жалғасы болып табылатын өз перзенттеріне қалатынын біледі. Сол себепті Ислам мирасты ең алдымен перзенттер арасында, сонан соң туған-туысқандар арасында бөледі. Осы бөлуде ұлдардың үлесі қыздардың үлесінен екі есе көп. Өйткені тұрмыс шығындарын қамтамасыз ету еркектің мойнында. Кәсібін ашып, табыс табу үшін оларға көбірек ақша қажет. Сырттай қарағанда бұл заң әйелдерге тиімсіз болып көрінгенімен, басқа діни ережелерге назар аударатын болсақ, шын мәнінде осы заңның әйелдердің мүддесіне негізделгенін көреміз. Өйткені Исламдағы отбасы жүйесі бойынша әйелге ешқандай шығын жүктелмеген. Оның киім-кешегін, азық-түлігін, тұрғын үйі мен басқа қажеттілігін қамтамасыз ету еркектің мойнында. Ендеше әйел мирастағы өз үлесін толық жинап немесе өзіне қатысты істерге жұмсай алады. Ал еркек мирастағы өз үлесінің кемінде жартысын мәһір мен күнделікті шығын түрінде әйелге жұмсайды. Шындығында әйел мирастағы өз үлесіне де ие болып, еркектің бір бөлігін жинап, бір бөлігін жұмсайтын үлесінің жартысына да серік бола алады. Ал еркек болса, әйелдің үлесін қолданбай, оны толық қамтамасыз етуі тиіс.

Мұраны өлген адамның жұбайы, ұлдары мен ата-анасы арасында бөлу ережесін баяндайтын "Ниса" сүресінің 11-12-ші аяттары мұраға қатысты ережелердің тек бір бөлігіне ғана тоқталған. Сондықтан бұл мәселені толық түсіндіру үшін беделді рауаяттарға жүгінуіміз керек. Сонымен қатар мирас өлген адамның қарызы төленіп, оның өсиеті орындалғаннан кейін ғана бөлінетінін естен шығармау керек. Өйткені оның және халықтың құқығы мұрагерлердің құқығынан басым. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, перзент - әкенің жалғасы болғандықтан, әкенің мүлкіне ең алдымен перзенттері мұрагер болып есептеледі. Сондықтан басқалар перзенттерді мұрадан мақрұм ете алмайды және ата-аналар да оларды үлестен айыра алмайды.

Екіншіден, мұрадағы әйелдердің үлесі еркектер үлесінің жартысы болғанымен, бұл айырмашылық өмірдегі жағдайға сәйкес және Алланың үкіміне негізделген. Иманның шарты Алланың нұсқауларына бойсұну болып табылады.

Үшіншіден, халықтың еншісін беру мен адамдардың құқығына мән беру өте маңызды болғандықтан, мұрагер халық алдындағы борышын ұмытпауы үшін осы екі аятта төрт рет айтылған.

"Ниса" сүресінің 13-14 аяттары:

 

تِلْكَ حُدُودُ اللّهِ وَمَن يُطِعِ اللّهَ وَرَسُولَهُ يُدْخِلْهُ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَذَلِكَ الْفَوْزُ الْعَظِيمُ ﴿۱۳﴾ وَمَن يَعْصِ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَيَتَعَدَّ حُدُودَهُ يُدْخِلْهُ نَارًا خَالِدًا فِيهَا وَلَهُ عَذَابٌ مُّهِينٌ ﴿۱۴﴾

 

"Міне, бұлар заң белгілемелері. Кімде-кім, Аллаға және оның елшісіне бойсұнса, Алла оны іргесінен бұлақтар ағып жатқан жұмаққа кіргізеді, олар онда мәңгі тұрады. Мұның өзі ұлы табыс. (4:13) Кімде-кім Аллаға және оның пайғамбарына қарсы шығып, Алланың заңдарынан аттаса, Алла оны тозаққа кіргізеді, олар, онда мәңгі қалады да, қорлық азап шегеді. (4:14)"

Мұра ережелері жөніндегі аяттардан соң, осы аяттар мүміндерді қаржы, әсіресе мұра мәселесінде Алланың нұсқауларын дұрыс орындауға шақырады. Өйткені илаһи ереже мен шектеуді бұзудың күнәсі зор, әрі жазасы тым ауыр. Бұл аяттар: "Аллаға бойсұну тек ғибадат ету ғана емес. Құдайға құлшылық ету мен діндарлықтың шарты әлеуметтік және экономикалық мәселелерде адамдардың құқығын сақтау болып табылады. Сондықтан жеке және отбасылық өмірде осы ережелерді басшылыққа алған кісі мен қоғам бақытқа жетеді",-деп айқын баяндайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, дүние мен ақыреттің бақытына жету үшін нәпсінің азғыруына немесе пенделік заңдарына салынбай, діни ережелерді ұстанған жөн.

Екіншіден, адамдардың құқығын бұзушылар, кәпірлермен бірге ауыр азапқа душар болады.

Үшіншіден, өзінен қалған дүние-мүлікті дұрыс бөлуге немесе қарыздарын төлеуге марқұм қатыса алмағанымен, оның Жаратушысы қатысып тұрады. Халықтың және мұрагерлердің құқығын бұзушыларды Алла қатаң жазалайды.