Ниса сүресі, 102-ші бөлім, 7-10 аяттар
Ниса сүресі, 102-ші бөлім, 7-10 аяттар
لِّلرِّجَالِ نَصيِبٌ مِّمَّا تَرَكَ الْوَالِدَانِ وَالأَقْرَبُونَ وَلِلنِّسَاء نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ الْوَالِدَانِ وَالأَقْرَبُونَ مِمَّا قَلَّ مِنْهُ أَوْ كَثُرَ نَصِيبًا مَّفْرُوضًا ﴿۷﴾
"Әке-шешесі, жақын туғандары қалдырған мирастан ерлердің сыбағасы бар. Сондай-ақ, әке-шешесі және туғандары қалдырған мирастан әйелдердің де сыбағасы бар. Қалдырған мирасы аз болсын, көп болсын, әр адам белгіленген үлесін алады. (4:7)"
"Ниса" сүресінің алғашқы аяттары түрлі отбасылық мәселелерді, оның ішінде жетім балалар мен қамқоршысы жоқ отбасылардың мәселелерін қамтыды. Рауаяттарда айтылғандай, пайғамбардың (с) жолдастарының бірі дүниеден өтіп, артында жұбайы мен кішкентай баласы қалады. Бірақ марқұмның ағасының балалары оның бар мүлкін өздері бөліп алып, жұбайы мен перзентіне үлес қалдырмайды. Өйткені жәһилият заманында тек еркектер ғана үлес алуға құқылы еді. Ал әйелдер мен балалар мұндай құқықтан мақрұм болатын. Осы аят түсіп, әйелдердің құқығын қорғауға байланысты: "Еркектердің мұрадан үлесі бар болғандай, әйелдердің де үлесі бар. Мұра аз болсын, не көп болсын, әрқайсысының үлесінің мөлшері Алла тарапынан белгіленіп, анықталған",-деп хабарлады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам тек ораза және намазбен шектелетін дін емес, қайта өмірге де мән береді. Сол себепті экономикалық мәселелерде әйелдер мен жетімдердің құқығын сақтауды иманның шарты деп есептейді.
Екіншіден, мұра қоғамда таралған салт-дәстүрлер бойынша немесе дүниеден өткен адамның өтінішіне сәйкес емес, илаһи нұсқаулар негізінде бөлінуі тиіс.
Үшіншіден, мұраны бөлген кезде оның мөлшері маңызды емес. Мұрагерлерге қатысты әділеттік пен олардың құқығын сақтау маңызды. Мұраның мөлшерін азсынып, мұрагерлердің құқығын бұзуға болмайды.
"Ниса" сүресінің 8-ші аяты:
وَإِذَا حَضَرَ الْقِسْمَةَ أُوْلُواْ الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينُ فَارْزُقُوهُم مِّنْهُ وَقُولُواْ لَهُمْ قَوْلًا مَّعْرُوفًا ﴿۸﴾
"Мирас бөлінген кезде, (мұрагер емес) туғандар, (туыстығы жоқ) жетімдер мен жарлылар басықасында болса, оларға да құр қол тастамай, аздап беріңдер. Оларға сыпайы сөйлеңдер. (4:8)"
Отбасылық және туысқандық байланыстарды сақтап, нығайту лайықты мінез-құлық пен сыпайылықты қажет ететін болғандықтан, мұраға қатысты ережелерді баяндаған осы аяттың жалғасында, мінез-құлықтық қос нұсқауға тоқталады. Мұраны бөлу жиынына одан үлесі жоқ туыстар, әсіресе туыс жетімдер мен жарлылар да қатысатын болса, ережеден тыс, бірақ мұрадан үлесі барлардың келісуімен оларға да бір нәрсе берген жөн. Өйткен ол болашақта жоқшылық салдарынан туындауы мүмкін көре алмаушылық пен қызғанушылыққа жол бермей, туыстық байланысты нығайтады. Екіншіден, олар "біз жарлы болғандықтан бізге көңіл бөлмейді" деген ой пайда болмауы үшін олармен сыпайы сөйлесу керек. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кедей-кепшіктердің табиғи талаптарына мән беруіміз керек. Сондықтан оларға бізге міндеттелген мөлшерден артық түрлі жәрдем беруіміз керек.
Екіншіден, сыйлық беріп, немесе сыпайы қарым-қатынас орнату арқылы туыстық байланыстарды нығайтуымыз керек. Мейірімге толы рухани және материалдық қайырымдылық жасау арқылы туысқандар арасында көре алмаушылық пен қызғанышқа жол бермейік.
"Ниса" сүресінің 9-шы аяты:
وَلْيَخْشَ الَّذِينَ لَوْ تَرَكُواْ مِنْ خَلْفِهِمْ ذُرِّيَّةً ضِعَافًا خَافُواْ عَلَيْهِمْ فَلْيَتَّقُوا اللّهَ وَلْيَقُولُواْ قَوْلًا سَدِيدًا ﴿۹﴾
"Кімде-кім артында қалған ұсақ балаларынан қандай қамықса, басқалардың жетім қалған ұсақ балалары үшін де сондай қамықсын; (Жетімдер туралы) Алладан қорқып, турасын айтсын. (4:9)"
Құран жетімдердің жағдайына халықтың назарын аудару үшін, олардың өздерінің балаларының панасыз қалып, тас жүрек адамдардың қамқорлығына өткен күйін суреттейді. Олар өз қамқорлығындағы жетімдердің сезімдеріне де мән бермейді, мал-мүлкін пайдалануда да әділетті сақтамайды. Сонсоң: "Өздеріңнен кейін перзенттеріңе өзгелер қалай қарайтынына алаңдасаңдар, Алланы басшылыққа алып, жетімдерге қарайласыңдар. Оларға қорлық көрсетпей, қайта жылы сөйлеп, жағымды мінез көрсетумен олардың жүрегін баурап алыңдар. Оларға мейірімділік білдіріп, олардың рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етіңдер",- деп ескерту жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, өзгелер біздің балаларымызға жақсы қарасын десек, қоғамдағы жетімдер мен жарлыларға да солай қарайық.
Екіншіден, қоғамда біздің игі істеріміздің нәтижесі қалады. Ол тек біздің өмірімізге ғана емес, баларымызға да әсерін тигізеді. Ендеше, өз істеріміздің әлеуметтік салдарын естен шығармайық.
Үшіншіден, жетім балалар тек тамақ пен киім-кешекке ғана мұқтаж емес, олардың сезімдеріне де көңіл аудару маңызды.
"Ниса" сүресінің 10-шы аяты:
إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْمًا إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَارًا وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيرًا ﴿۱۰﴾
"Жетімдердің малын зұлымдық істеп жеп алғандар, ішіне толтыра от жұтып алған болады, олар сөзсіз тозаққа тасталады. (4:10)"
Осы аят жетімдерге зұлымдық етудің ішкі көрінісіне тоқталып былай дейді: "Жетімнің малын жеген адамның іші қияметте отқа толады". Негізінде, осы дүниедегі істеріміздің көзге көрінетін сыртқы сипаты бар. Ал оның нағыз сипаты бізге құпия болғанымен, қияметте көрінеді. Шын мәнінде, қияметтегі жазалар біздің істеріміздің көрінісі. Жетімнің малын жеу, оның жүрегін жаралап, жанын қинаған тәрізді, осы істің нағыз көрінісі зұлымдық жасағанның ішін күйдіргенмен бірдей болады. Осыдан бұрынғы аят жетімге зұлымдық көрсетудің әлеуметтік салдарына тоқталса, осы аят оның нақты салдарын баяндайды. Ондағы мақсат жетімдердің малына қол сұққан кезде, оның салдарына қарап, мұндай істен бас тарту болып табылады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, харам етілген малды, әсіресе жетімдердің малын жеу сырттай дәмді болып көрінгенімен, адамның жан-дүниесін қорлап, бойындағы игі қасиеттерді жояды.
Екіншіден, тозақтың оты - біздің қияметке алып барған жағымсыз істеріміздің оты. Алла тағала өз пенделерін отқа тастауды қаламайды. Күнәларымыздың отына түсіп, күйетін өзіміз.