Жел 29, 2016 19:09 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 101-ші бөлім, 4-6 аяттар

 

 

وَآتُواْ النَّسَاء صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِن طِبْنَ لَكُمْ عَن شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْسًا فَكُلُوهُ هَنِيئًا مَّرِيئًا ﴿۴﴾

 

"Әйелдердің мәһірін (көңілділікпен) тарту етіп беріңдер. Егер, олар, ол мәһірдің бір бөлімін сендерге өз разылығымен өтініп берсе, онда сендер қабыл алып, оның қызығын көріңдер. (4:4)"

Осыдан бұрын айтқанымыздай "Ниса" сүресі отбасы мәселелері мен оған байланысты нұсқаулармен басталады. Сол мәселелердің бірі - жанұя құру. Барлық ұлттар мен халықтар арасында үйленген кезде ер адамның әйеліне сый тарту салты бар. Өкінішке орай кейбір халықтар арасында, атап айтқанда жеке және әлеуметтік тұрмыста әйелдердің мәртебесі бағаланбаған пайғамбар (с) кезіндегі арабтар әйелге мәһір беруден бас тартатын немесе тарту еткен соң оны күшпен қайтарып алатын болған. Құран отбасындағы әйелдің құқығын қорғап, ерлерге: "Әйелдің мәһірін бұлданбай, ризашылықпен беріңдер",-деп бұйырады. Сонан соң: "Әйелдерге тарту еткен нәрсені толығымен, немесе оның бір бөлігін қайтарып алуларыңа болмайды. Әйелдер ол нәрсені өздерінің қалауы бойынша қайтаратын болса ғана сендерге халал болады",-деп ескертеді. Бұл арада "нехле" сөзінде көркем мағына жасырынған. Тіл мамандарының айтуы бойынша; "нехле" сөзі, "нехл" яғни "бал арасы" деген сөзден алынған. Өйткені бал арасы адамдарға ешқандай міндет артпай бал сыйлап, оларды қуанышқа бөлендіретіндей, мәһір де еркектің әйелге тарту етіп, оны қуандыратын сыйлық болып табылады. Сондықтан оны қайтарып алуды ойлау дұрыс емес. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мәһір - әйелдің құны емес, қайта еркектің әйелге сүйіспеншілік пен құрмет білдіруінің белгісі болып саналады. "Седақ" сөзі "мәһір" деген мағынаны білдіреді. Ол "седқ", яғни "шындық" деген сөзден шығады.

Екіншіден, мәһір – әйелдің ие болатын хақы. Сондықтан оны әйелден аяуға да, қайтарып алуға да болмайды.

Үшіншіден, сыйлық берген кезде сырттай ризашылық көрсету жеткілікті емес, шын көңілмен риза болу керек. Егер әйел өзінің мәһірін бағыштауға мәжбүр болатын болса, ол сырттай риза болып көрінгенмен, оны алуға болмайды.

"Ниса" сүресінің 5-ші аяты:

 

وَلاَ تُؤْتُواْ السُّفَهَاء أَمْوَالَكُمُ الَّتِي جَعَلَ اللّهُ لَكُمْ قِيَامًا وَارْزُقُوهُمْ فِيهَا وَاكْسُوهُمْ وَقُولُواْ لَهُمْ قَوْلًا مَّعْرُوفًا ﴿۵﴾

 

"Тіршіліктеріңнің негізі етіп Алла берген малдарыңды ақымақтарға ұстатып қоймаңдар. Оларды тамақтандырып, киіндіріп тұрыңдар, оларға сыпайы сөйлеңдер. (4:5)"

Осыдан бұрынғы және одан кейінгі аяттарға қарап, осы аяттың мағынасы: "Жетім балалар ақыл мен шаруашылық жағынан балиғатқа толмайынша, олардың мал-мүлкін өздеріне тапсырмау керек. Ал егер кейбір жетім балалардың ақыл-есі толмай, надан болып қалса, олардың мал-мүлкін өздеріне қайтармай, сол мүлікті сақтап, оларды азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз етіп тұру керек",-дегенді білдіреді. Алла тағала бір өте маңызды ахлақтық мәселеге өсиет айтып: "Надан және ессіз адамдарға өздерінің мал-мүлкін бермесеңдер де, оларға дөрекі сөйлемей, жақсы сөз сөйлеңдер. Оларды құрметтеңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мал-мүлік пен байлық қоғамды талпыныс пен қимыл-әрекетке салудың құралы болып табылады. Бірақ ол ақ ниетті, ақылды адамдардың қолында болуы тиіс.

Екіншіден, отбасы мен қоғамның экономикалық мәселелерінде өтпелі сезімдерді емес, адам мен қоғамның пайдасын ойлау керек.

Үшіншіден, исламдық қоғамның қаржы-экономикалық сала басшылары білімді, әрі тәжірибелі болуы тиіс.

Төртіншіден, Ислам тұрғысынан дүниенің байлығы жаман нәрсе емес, қайта экономикалық жүйені нығайтушы фактор болып саналады. Ол үшін байлық надандардың қолында болмауы керек.

"Ниса" сүресінің 6-шы аяты:

 

وَابْتَلُواْ الْيَتَامَى حَتَّىَ إِذَا بَلَغُواْ النِّكَاحَ فَإِنْ آنَسْتُم مِّنْهُمْ رُشْدًا فَادْفَعُواْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَأْكُلُوهَا إِسْرَافًا وَبِدَارًا أَن يَكْبَرُواْ وَمَن كَانَ غَنِيًّا فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَن كَانَ فَقِيرًا فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ فَإِذَا دَفَعْتُمْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ فَأَشْهِدُواْ عَلَيْهِمْ وَكَفَى بِاللّهِ حَسِيبًا ﴿۶﴾

 

"Жетімдерді балағатқа толғанға дейін сынап тұрыңдар. Егер, олардан (мал-мүлкіне ие боларлық) естиярлық байқасаңдар, оларға мал-мүлкін тапсырып беріңдер. Олар есейгенше мал-мүлкін шашып, тездетіп жеп алмаңдар. Бай болғандар (жетімге иелік еткендігіне бола) жетімнің малын жемесін, ал кедейлер (оны бағып-қаққан еңбегі үшін) лайығымен жесін. Жетімдердің мал-мүлкін тапсырып берген кезде айғақшы қойыңдар. Есеп алуға Алла жеткілікті. (4:6)"

Осы аят жетімдердің мал-мүлкін сақтау мен оны оларға қалайша қайтару тәсілдерін толық баяндап, қоғамдағы әлсіз жандардың құқықтарын қорғау үшін бірқатар нұсқаулар береді. Соның бірі, жетімнің мал-мүлкін оның балиғатқа толып, экономикалық істерді ажырата алатын қабілетке жеткенін сынаған соң қайтарып беру. Келесі бір мәселе мал-мүлікті қайтарған уақытқа дейін оны жұмсамай, толық сақтау болып табылады. Сонымен қатар жетімнің қамқоршысына оның мүлкін жұмсауға рұқсат берілмейді. Ал егер қамқоршының өзі кедей болса, сол мал-мүліктен еңбегі мен қажетіне сәйкес мөлшерде ғана пайдалана алады. Сондай-ақ жетімнің мал-мүлкін оған қайтарған кезде, кейін ешқандай қарама-қайшылық туындамас үшін куәгер алғаны жөн. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, өзіңнің мал-мүлкіңді жұмсау үшін балиғатқа толумен қатар, қабілетке ие болу қажет. Сондықтан жасөспірімдер мен жастарға олар экономикалық істерді ажырата алған кезде ғана мал-мүлкін қайтарып беру керек.

Екіншіден, қаржы-экономикалық мәселелерде әр нәрсенің алды-артын ойлау керек. Алланың нұсқауларына да мән беру керек және қоғамда өз абыройыңды сақтау үшін куә алу қажет.

Үшіншіден, бай және ауқатты адамдар әлеуметтік істерді кедейлерден пайда көру мақсатымен емес, қайта ешқандай міндет артусыз атқарғаны жөн.