Жел 29, 2016 19:11 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 99-ші бөлім, 196-200 аяттар

 

 

لاَ يَغُرَّنَّكَ تَقَلُّبُ الَّذِينَ كَفَرُواْ فِي الْبِلاَدِ ﴿۱۹۶﴾مَتَاعٌ قَلِيلٌ ثُمَّ مَأْوَاهُمْ جَهَنَّمُ وَبِئْسَ الْمِهَادُ ﴿۱۹۷﴾

 

"Кәпірлердің (ақша, мал, абырой, мансап іздеп) қаладан қалаға кезіп жүруі, сені алдаусыратпасын. (3:196) Бұл (көз алдағы) кірарзымас пайда. Олардың ең соңғы орны – жаһаннам. Бұл не деген жаман бесік, ә! (3:197)"

Әдетте молшылықта өмір сүріп жатқан кәпірлердің жағдайын, мұсылмандардың қиыншылыққа толы ахуалымен салыстырған кезде, кәпірлер өздерінің күпірлігіне қарамастан неге жақсы тұрмыс кешеді, ал мұсылмандар иман келтіріп, игі істер жасағанымен неге ауыр жағдайға душар болады? деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сұрақ Ислам діні тарала бастаған алғашқы кезеңде де мұсылмандарды толғандырған болатын. Өйткені Меккенің мүшріктері мен Мәдина яһудилері сауда-саттықпен айналасқандықтан, олардың тұрмыс-тіршіліктері жақсы болатын. Алайда мұсылмандар бір жағынан Меккеден Мәдинаға қоныс аударған шақта, мал-мүліктерінен айрылса, келесі жағынан мүшріктердің экономикалық қоршауында болғандықтан, қиын жағдайда өмір сүрді. Құран осы сауалға жауап ретінде: "Кәпірлердің материалдық жағдайына алданып қалмаңдар. Өйткені, біріншіден, олардың осы табысы мен байлығы сендердің қиыншылықтарың тәрізді шектеулі және өтпелі. Екіншіден, олардың күпірлікке негізделген дүниедегі молшылығына ақыретте ауыр азап беріледі. Өз жағдайларыңды олармен салыстыратын болсаңдар, өздеріңнің амалдарың мен олардың істерінің нәтижесін салыстырыңдар. Сендер осылай ойлайтындай, өмірді тек осы пәни дүниемен ғана шектейсіңдер ме?",-деп ескертеді. Әрине кәпір болсын, мұсылман болсын әркім ерінбей еңбек етіп, білімді пайдаланса сәттілікке қол жеткізетінін естен шығармау керек. Ал кәпір немесе мұсылман қоғамнан бөлініп, білім мен талпыныстан алшақтап, қол қусырып отыратын болса, қиыншылық пен қорлыққа душар болатыны сөзсіз. Сондықтан кәпірлердің сәттілігінің сыры олардың күпірлігінде емес, талпыныстарында. Ал мұсылмандардың тұрмыстарының нашар болуы олардың иман келтіруінен емес, жалқаулық пен осалдықтары салдарынан. Ендеше кәпірлер мен мұсылмандардың сәттілігі немесе сәтсіздігінің себеп-салдарын талқылаған кезде, осы жағдайларға көңіл аударған жөн. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, осы дүниенің байлықтарына қол жеткізу үшін иманымыздан бас тартатындай кәпірлердің бекер байлығы мен тұрмысына алданып қалмайық.

Екіншіден, адамдардың жағдайын салыстырған кезде олардың дүние мен ақыреттегі күйлеріне бірдей назар аудару керек.

Үшіншіден, дүниенің жақсы тұрмысы өмір секілді ақырында аяқталады. Ендеше мәңгілік тіршілікке қол жеткізуге ұмтылайық.

"Әли-Ғимран" сүресінің 198-ші аяты:

 

لَكِنِ الَّذِينَ اتَّقَوْاْ رَبَّهُمْ لَهُمْ جَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا نُزُلًا مِّنْ عِندِ اللّهِ وَمَا عِندَ اللّهِ خَيْرٌ لِّلأَبْرَارِ ﴿۱۹۸﴾

 

"Бірақ, Раббыларынан абайлағандар үшін іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннаттар бар. Олар онда мәңгі тұрады. Бұл Алладан болатын күтіп алу болып саналады. Алланың құзырында болу абзал пенделер үшін тіпті де жақсы. (3:198)"

Кәпірлердің қияметтегі жағдайына тоқталған осыдан бұрынғы аяттардан кейін, бұл аят пәк және ізгі адамдардың соңында жақсылыққа жететіндіктеріне меңзеп: "Өмірде тақуа болу мен діни ережелерді ұстану бірқатар шектеулер тудырып, байлық жинау мен үстемдік жүргізуге жол бермегенімен, Алла тағала қияметте Өзінің достарын ерекше жақсылыққа бөлейді",-дейді. Алла тағала мүміндерді қасында бұлақтар ағып жатқан пейіш ағаштарының арасындағы жұмақтық сарайларға орналастырады. Дегенмен Алланың мүміндерге беретін жоғары сыйы – рухани нығметтер. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, иман мен ізгі амалдың қабылдануы тақуалыққа байланысты. Тақуа емес адамның игі істері қоғамға пайдалы болғанымен, оның өзіне пайдасыз.

Екіншіден, мүміндер қияметте Алланың қонағы болады. Келген қонаққа сусын ұсынылатын тәрізді, Алла мүміндерге ең алдымен пейішті ұсынады. Игі іс істегендер үшін Алланың берген сыйынан артық ештеңе жоқ.

"Әли-Ғимран" сүресінің 199-шы аяты:

 

وَإِنَّ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ لَمَن يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَمَا أُنزِلَ إِلَيْكُمْ وَمَآ أُنزِلَ إِلَيْهِمْ خَاشِعِينَ لِلّهِ لاَ يَشْتَرُونَ بِآيَاتِ اللّهِ ثَمَنًا قَلِيلًا أُوْلَئِكَ لَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ إِنَّ اللّهَ سَرِيعُ الْحِسَابِ ﴿۱۹۹﴾

 

"Кітап иелері арасында анығында Аллаға сенетін, соған түскенге (Құранға), өздеріне түскенге (Тәурат пен Інжілге) иланатын, Алладан именетіндер бар. Олар Алланың аятын болмашы ақшаға сатпайды. Оларға Алланың алдында сауап бар. Алла расында тез есеп алушы. (3:199)"

Пайғамбар (с) Меккеден Мәдинаға хижрат еткен соң, Мәдина мен оның маңайында тұратын яһудилер мен христиандар Ислам дінімен танысты. Олардың кейбірі Ислам пайғамбарына (с) иман келтіріп, негізсіз жауласуын қояды. Тіпті Абиссиния патшасы Наджаши де Ислам дінін қабылдаған еді. Ол қайтыс болғанда пайғамбар (с) мұсылмандармен бірге алыстан жаназа намазын оқып, оның кешірілуін тілейді. Сонда кейбір мұнафықтар: "Пайғамбар өмірі көрмеген кәпірге намаз оқыды",-дегенде осы аят түсіп, олардың жауабын береді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мұсылман емес адамдармен әділ болып, олардың жақсыларын құрметтейік.

Екіншіден, кез-келген тәкәппарлықтан аулақ болып, Аллаға толық бойсұнған иманның ғана қадірі бар.

"Әли-Ғимран" сүресінің 200-ші аяты:

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ ﴿۲۰۰﴾

 

"Ей, мүміндер! (Қиыншылыққа) шыдаңдар, (жаумен) табандап күресіңдер, қорғанысқа дайын тұрыңдар. Мақсаттарыңа жету үшін, Алладан қорқыңдар. (3:200)"

"Әли-Ғимран" сүресінің соңғы аяты болып табылатын осы аят, бірінен соң бірі келетін төрт нұсқауды қамтиды. Олардың мазмұны жеке және әлеуметтік міндеттерді орындауға берік болу мен илаһи бұйрықтарға бойсұну керектігін білдіреді. Осы аяттан оның мүміндерге арналғанын және сабыр мен төзімділіктің иманның шарттары екенін түсінеміз. Өмірдегі қиын-қыстау жағдайлары мен жеке және отбасындағы түйткілдерге төзімді болу, мұсылмандарды жоюды көздейтін сыртқы жауларға қарсы табандылық көрсету және бәрінен де маңыздысы - ой-пікір мен сенімді қорғау, исламдық мемлекеттердің жері мен суын қорғау, осының барлығы тақуалық пен Алладан қорқудың арқасында ғана жүзеге асады. Осылай ғана дүние мен ақыреттің бақытына жетуге болады. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дұшпан өзінің бекер жолынан бас тартпай, қасарысатын болса, біз неге Алланың жолында берік болып, дінімізді қорғауда табандылық танытпаймыз.

Екіншіден, Алла үшін және тақуалық жолында табандылық қана бағалы. Керісінше жағдай жөнсіз қырсықтыққа бастайды.