Әли-Ғимран сүресі, 98-ші бөлім, 191-195 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 98-ші бөлім, 191-195 аяттар
الَّذِينَ يَذْكُرُونَ اللّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىَ جُنُوبِهِمْ وَيَتَفَكَّرُونَ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ رَبَّنَا مَا خَلَقْتَ هَذا بَاطِلًا سُبْحَانَكَ فَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿۱۹۱﴾
"Олар (ақыл иелері) отырса да, тұрса да, жантайып жатса да Алланы еске алады. Көк пен жердің жаратылысына ой жүгіртеді де, (былай дейді): "О, Раббымыз! Бұларды бекер жаратпадың, біз сені барлық нұқсаннан пәк деп білеміз. Бізді тозақ отынан сақтағайсың!". (3:191)"
Көктер мен жер және әлемдегі барлық жаратылыс иелері Алланың бар екендігінің белгілері деп айтқанбыз. Осы аят: "Ақыл иелері үнемі жаратылысқа ой салады және оны көріп, әлемнің мақсатты түрде жаратылғанын түсінеді. Бұл әлемнің жаратушысы бар және белгілі бір жоспармен жаратылған",-дейді. Қарапайым адамдар да үй салған кезде, оны не үшін салып жатқанын анықтап алады және бөлмелерін жоспарлайды. Сондықтан Жаратушы осы зор әлемді мақсатсыз жаратқанын қабылдауға бола ма? Егер әлемнің босқа жаратылмағанын қабылдасақ, осы кешендегі біздің мақсатымыз қандай екенін білу керек. Осы жаратылыстан пайдаланған мөлшерде, жаратушының алдында біздің жауапкершілігіміз қандай? Құранның айтуынша нағыз ақылдылар үнемі осыны ойлайды. Олар өздерінің олқылықтарына кешірім сұрап, Алладан тозақтан қорғауын тілейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлемнің барлық жерінде Алланы еске алу ақылды болудың белгісі. Ақыл иесі Алланы есінен шығармайды.
Екіншіден, ойланып және саналы түрде келтірген иманның қадірі бар. Алланы ақылмен еске алу керек.
Үшіншіден, жаратылыс әлемінің мақсаты бар. Оның мақсаты Аллаға жақындау. Сондықтан бұл мақсаттан алыстаған сайын, тозаққа жақындай түсеміз.
"Әли-Ғимран" сүресінің 192-ші аяты:
رَبَّنَا إِنَّكَ مَن تُدْخِلِ النَّارَ فَقَدْ أَخْزَيْتَهُ وَمَا لِلظَّالِمِينَ مِنْ أَنصَارٍ ﴿۱۹۲﴾
"О, Раббымыз! Кімді тозаққа түсірсең, сол қор болады. Залымдарға ешқандай медетші жоқ. (3:192)"
Бұл аят илаһи жазаның салдарына тоқталып: "Тозақтың оты күйдіруші және ауыр болғанымен, ақыл иелерін толғандыратыны – қияметте рәсуа болу. Оған тозаққа түскендер душар болады",-дейді. Адамдардың көбі тозақтың күйдіретінінен қорқады, ал ақыл иелері қияметте рәсуа болудан қорқады. Өйткен қияметте тарихтағы пәк тұлғалардың көзінше рәсуа болу тозақтың отын татудан да ауыр екенін ақыл иелері біледі. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жаратылыс әлемін түсінбеу мен оны мақсатсыз деп санау өз-өзіңе зұлымдық жасаумен бірдей.
Екіншіден, қияметте илаһи әулиелер залымдарға шапағат жасамайды.
"Әли-Ғимран" сүресінің 193-194 аяттары:
رَّبَّنَا إِنَّنَا سَمِعْنَا مُنَادِيًا يُنَادِي لِلإِيمَانِ أَنْ آمِنُواْ بِرَبِّكُمْ فَآمَنَّا رَبَّنَا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَكَفِّرْ عَنَّا سَيِّئَاتِنَا وَتَوَفَّنَا مَعَ الأبْرَارِ ﴿۱۹۳﴾ رَبَّنَا وَآتِنَا مَا وَعَدتَّنَا عَلَى رُسُلِكَ وَلاَ تُخْزِنَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ إِنَّكَ لاَ تُخْلِفُ الْمِيعَادَ ﴿۱۹۴﴾
"О, Раббымыз! Біз, бір шақырушының (Мұхаммедтің (с)): "Раббыларыңа иман келтіріңдер!",-деп шақырған айғайын естідік те, иман келтірдік. Раббымыз, күнәларымызды кешіргейсің, жамандықтарымызды жойғайсың! Жақсылар қатарында жанымызды алғайсың! (3:193) О, Раббымыз! Бізге пайғамбарлар арқылы уағда еткен нәрсеңді (Аллаға, пайғамбарға бойсұнғандарға берілетін жұмақты) бергейсің. Қиямет күні бізді қор қыла көрме! Сен сөзсіз уағдаңа беріксің. (3:194)"
Парасат иелері әлемнің жаратушысына өздерінің ақылы мен табиғатына еріп қана жетпейді, олар халықты Аллаға шақырған пайғамбарларға да еріп, иман келтіреді. Олар өздерінің үлкен-кіші күнәлары үшін кешірім сұрайды. Алладан өмірін жақсы аяқтауды тілейді. Ақыл иелері өздерінің жақсы істері үшін сауап сұрамайды, қайта Алла оларға сауап туралы уәде бергендіктен, Оның рақымдылығына бөленеді. Олар үнемі Алладан өз уәдесін орындауын тілейді. Әрине Алла уәдесін бұзбайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ақиқатты тыңдап, қабылдау ақылдың белгісі.
Екіншіден, өзіміздің күнәларымызға ой салып, оның жамандығын түсіну иман мен ақылды қажет етеді.
Үшіншіден, иманды ақыл иелері болашақты ойлайды.
"Әли-Ғимран" сүресінің 195-ші аяты:
فَاسْتَجَابَ لَهُمْ رَبُّهُمْ أَنِّي لاَ أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِّنكُم مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى بَعْضُكُم مِّن بَعْضٍ فَالَّذِينَ هَاجَرُواْ وَأُخْرِجُواْ مِن دِيَارِهِمْ وَأُوذُواْ فِي سَبِيلِي وَقَاتَلُواْ وَقُتِلُواْ لأُكَفِّرَنَّ عَنْهُمْ سَيِّئَاتِهِمْ وَلأُدْخِلَنَّهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ ثَوَابًا مِّن عِندِ اللّهِ وَاللّهُ عِندَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ ﴿۱۹۵﴾
"Сонда олардың дұғасын Раббылары қабыл етіп: "Ер болсын, әйел болсын, мен жақсылық істеушінің амалын зая қылмаймын. Өйткені, сендер бір-біріңнен өсіп-өнгенсіңдер. (Дін жолында) Қоныс аударғандардың, мекендерінен қуылғандардың, менің жолымда жапа шеккен, соғысқан, соғыста шәһид болған адамдардың жаманшылықтарын сөзсіз жойып жіберемін, іргесінен бұлақтар ағып жататын жаннаттарға кіргіземін. Бұл Алладан берілген сауап. Алланың алдында сауаптың жақсысы бар",-деді. (3:195)"
Осыдан бұрынғы аяттар ақылды әрі дана мүміндер жайлы және олар саналы түрде иман келтіргендерін баяндады. Олар өздерінің жеке және қоғамдық міндеттерін атқаруда олқылық жасаса, кешірім сұрайды. Бұл аятта Алла тағала олардың тілектерін орындап, дұғаларын қабылдайтынын айтады. Сонан соң "ешбір игі істің зая болмайтындығы" туралы бір жалпы ережені баяндайды. Бұл істе әйелдер мен еркектердің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Өйткені, тақуалығы мен пәктігі болмаса, ер мен әйелдің бір-бірінен артықшылығы жоқ. Сонан соң Құран Ислам қоғамының абыройы болып саналатын діннің зор қырағылығына яғни хижрат пен джихадқа тоқталып: "Ақыл мен білімнің құр өзі жеткілікті болмағанындай, иманның бір өзі жеткілікті емес, Алла жолындағы ізгі амал да қажет. Осының арқасында ғана дүние мен ақыреттің бақытына жетуге болады. Сондықтан иман келтірумен қатар, игі іс істегендер Алланың зор сауабына ие болады",-дейді. осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи дүниетанымда ешбір ізгі амал сауапсыз қалмайды. Бұл амал тек Алла жолында болуы шарт.
Екіншіден, жоғары адами дәрежеге жетуде Алланың алдында әйел мен еркек бірдей.
Үшіншіден, адам күнәдан тазармайынша пәк тұлғалардың жұмағына кіруге лайықсыз.