Жел 29, 2016 19:16 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 97-ші бөлім, 187-190 аяттар

 

وَإِذَ أَخَذَ اللّهُ مِيثَاقَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ لَتُبَيِّنُنَّهُ لِلنَّاسِ وَلاَ تَكْتُمُونَهُ فَنَبَذُوهُ وَرَاء ظُهُورِهِمْ وَاشْتَرَوْاْ بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا فَبِئْسَ مَا يَشْتَرُونَ ﴿۱۸۷﴾

 

"Кезінде Алла :"Кітапты (ондағы Алланың үкімдерін) адамдарға түсіндіріңдер, оны жасырмаңдар",-деп кітап иелерінен уағда алған еді. Бірақ, олар мұны қайырып қойды және арзанға салып жіберді. Олардың сатып алғаны, неткен жаман десеңізші! (3:187)"

Әр ұлт пен халықтың арасында, өздерінің өмір жолын, діни дәстүрлерін таңдау үшін ақсақалдар мен данышпандарға еретін қарапайым бұқара халық болады. Сондықтан ізгі ниетті данышпандар қоғамда түзетулер жүргізсе, бұзылған ғалымдар қоғамды аздырады. Алла тағаланың діни сауаты бар және діни ақиқаттармен таныс ғұламалар мен ойшылдарға жүктеген үлкен жауапкершіліктің бірі – осы ақиқаттарды халыққа түсіндіріп, жеткізу болып табылады. Ғалым адам өзіне ғана емес, барлық қоғамды дұрыс жолға бағыттауға жауапты. Ендеше діни ғұламалар білетін илаһи аяттарды жасыру, Құранда айтылған үлкен күнәлардың бірі болып саналады. Қазіргі заманда көріп отырғанымыздай, кітап иелерінің қатарына кіретін ғұламалар Тәурат пен Інжілдегі Ислам пайғамбарының (с) келетіні туралы сүйінші хабарды халықтан жасырып отыр. Олар өздерінің мансап-дәрежелерін сақтау үшін илаһи аяттарды дүниенің шамалы материалдық мүдделеріне айырбастаған. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, шындыққа жанаспайтын сөздің ғана емес, негісзіз үнсіздіктің де жазасы бар. Ақиқатты жасыру кез-келген халықтың ғұламаларына төніп тұрған қауіптердің бірі. Оның кері салдары бірнеше ғасыр сақталуы мүмкін.

Екіншіден, ғалымдар халықтың сауатын ашу мен оларды дұрыс жолға жолдау жауапкершілігіне ие.

Үшіншіден, дүниеқұмар ғалымдар қоғамға пайдасын тигізудің орнына, оның адасуына себеп болады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 188-ші аяты:

 

لاَ تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَواْ وَّيُحِبُّونَ أَن يُحْمَدُواْ بِمَا لَمْ يَفْعَلُواْ فَلاَ تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِّنَ الْعَذَابِ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۱۸۸﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Істеген (жаман) істеріне мәз болатын, істемеген істерімен мақталуды ұнататындарды, әсте есепке алма, сондай-ақ, оларды Алланың жазасынан құтылады деп есептеме. Оларға қатты азап бар. (3:188)"

Адамдар үш топқа бөлінеді; Біріншісі, істерін Алладан басқа ешкімнің білмеуін қалайды. Олар тіпті қайырымдылық жасаған кезде, басқалардың көзіне көрінбей жасайды. Екіншісі; өздерінің игі істерін, басқалар мақтасын деп, олардың көзінше істейді. Бұлар мақтаншақ адамдар. Ал, үшіншісі; өздері істемеген іс үшін басқалардың мақтауын күтетіндер. Немесе басқалардың істерін өз атына жазатындар. Бұл аят осындай адамдарға меңзеп, оларды "жұрттың алдында ғалым деп атанғысы келетін надандар, немесе батыр деп атанғысы келетін қорқақтар" тәрізді дейді. Мұндай мінездің түп-тамыры өтірік пен алдау болғандықтан, бұл адамдар ешқашан бақытты болмайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, істемеген іске алғыс айтылады деу негізсіз, өйткені ол адамды аздырады.

Екіншіден, қарапайым адамдардың зор лақабы бар бірақ іші бос кісілердің оларды бақытқа жеткізеді деп ойлауы, істемеген іске алғыс күтуден де қауіпті.

Үшіншіден, кез-келген жағынушылыққа тыйым салынады. Өйткені ол қоғамда істемеген іске алғыс күтуді жаяды.

Төртіншіден, күнәһар адам өкініп, тәубе етуі мүмкін. Бірақ мақтаншақ әрі өркөкірек адамдар тәубе еткісі келмейді. Сондықтан оларды құтқаруға жағдай жоқ.

"Әли-Ғимран" сүресінің 189-190 аяттары:

 

وَلِلّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاللّهُ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۸۹﴾ إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلاَفِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لآيَاتٍ لِّأُوْلِي الألْبَابِ ﴿۱۹۰﴾

 

"Көк пен жердің иелігі Аллаға тән. Алла барлық нәрсеге құдіретті. (3:189) Көк пен жердің жаратылысында, күн мен түннің кезекпен алмасуында ақыл иелері үшін айқын дәлелдер бар. (3:190)"

Құранның ерекшеліктерінің бірі – мұсылмандарды Алланың жаратқан әлеміне ой салуға шақыру. Құранға сенетін адам, шын мәнінде Алланың бар екендігін мойындайды. Дегенмен саналы түрде келтірген иманның қадірі зор. Мұсылман аяқ астындағы жерге ғана емес үстіндегі аспанға да зейін қойып, ой салуы тиіс. Ол, күн мен түннің ауысуы секілді жаратылыс әлемінің ең қарапайым құбылысына да ойлануы тиіс. Жыл бойы тәулік сағаттарының айырмашылығы да құдайтану сабағы. Осылар арқылы Алланың толық құдіретін және әлемге тек Ол ғана билік жүргізетінін түсінуге болады. Тәпсірлерде айтылғандай, бір күні түнде Ислам пайғамбары (с) демалып жатады. Әлі аса тыныға қойған жоқ еді, кенеттен, орнынан тұрып кетіп, таһарат алып, намазға тұрады. Намазда тұрып жылағаны сонша, тіпті киімі мен жер су болады. Одан осынша жылауының себебін сұрағанда: "Кеше түнде маған Алланың жаратқан әлеміне ой салуға шақырған аяттар түсті. Осы аяттарды оқи тұра, адам ойланбаса қандай өкінішті!",-дейді. Осыған орай "Әли-Ғимран" сүресінің 190-194 аяттарын күнде түнде құптан намазының алдында оқуға өсиет етілген. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, жер мен ондағы ақша мен мансап секілді нәрселер бізді алдандырмасын. Өйткені жер қандай үлкен болмаса да, зор аспанмен салыстырғанда түк емес. Жердің бір бөлігіне билік жүргізу қайда, Алланың көктер мен жерді толық билеуі қайда?

Екіншіден, жаратылыс әлемінің қыр-сырларын білу, Алла мен Оның құдіретімен танысудың бастамасы. Ендеше, табиғат ғылымдары адамдардың санасы мен иманын күшейтуге аса тиімді.

Үшіншіден, Алланы тану үшін жаратылыс әлеміне ой салу, ақылды болудың белгісі. Ал әлемді, оның не үшін жаратылғанын білмей пайдалану, надандықты білдіреді.