Әли-Ғимран сүресі, 96-ші бөлім, 183-186 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 96-ші бөлім, 183-186 аяттар
الَّذِينَ قَالُواْ إِنَّ اللّهَ عَهِدَ إِلَيْنَا أَلاَّ نُؤْمِنَ لِرَسُولٍ حَتَّىَ يَأْتِيَنَا بِقُرْبَانٍ تَأْكُلُهُ النَّارُ قُلْ قَدْ جَاءكُمْ رُسُلٌ مِّن قَبْلِي بِالْبَيِّنَاتِ وَبِالَّذِي قُلْتُمْ فَلِمَ قَتَلْتُمُوهُمْ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ ﴿۱۸۳﴾
"Олар (яһудилер): "Алла бізге (аспаннан түскен) от жеп кететін бір құрбандық келмейінше, ешбір пайғамбарға иман келтурмеуге бұйырды",-деді. (Ей, Мұхаммед!) оларға: "Бұрын да сендерге мұғжизамен және өздерің айтқан мұғжизамен көп пайғамбар келген еді, егер сөздеріңде тұрсаңдар, сол пайғамбарларды неге өлтірдіңдер?",-деп айт. (3:183)"
Яһудилердің бір тобы Ислам пайғамбарына (с) иман келтірмеу үшін үнемі сылтаулар келтіреді. Бұл аят солардың біріне тоқталады. Олар: "Біз, жануарды құрбандыққа шалып, сол құрбандықтың қабыл болуының белгісі ретінде аспаннан найзағай түсіп, жұрттың көзінше жағып жіберетін пайғамбарға иман келтіреміз. Хазірет Адамның (ғ) ұлдары Абыл мен Қабылдың оқиғасында, Алла Абылдың құрбандығына найзағай түсіріп, жағып жіберіп, қабылдап, ал Қабылдың құрбандығын қабылдамай тастағандай",-дейді. Алла тағала яһудилердің осы сылтауына жауап ретінде: "Біріншіден барлық пайғамбарлардың кереметтері бірдей болудың қажеті жоқ. Әр пайғамбардың өзінің мұғжизасы бар. Екіншіден, сол мұғжизаларды келтірген пайғамбарларды да мойындамадыңдар. Тіпті олардың кейбіреуін сендердің қауымдарың өлтірді. Бұл мәселе Тәуратта да жазылған",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, ақиқатты мойындаудан қашу үшін өз ісімізді діннің атымен және құдайға байланыстырып ақтамайық.
Екіншіден, Алла жолында жануарды құрбандыққа шалудың тарихы ұзақ және кейде пайғамбардың (с) мұғжизасы ретінде қолданылған.
"Әли-Ғимран" сүресінің 184-ші аяты:
فَإِن كَذَّبُوكَ فَقَدْ كُذِّبَ رُسُلٌ مِّن قَبْلِكَ جَآؤُوا بِالْبَيِّنَاتِ وَالزُّبُرِ وَالْكِتَابِ الْمُنِيرِ ﴿۱۸۴﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Олар сені өтірікке ұйғарса, (оған мұңайма), сенен бұрынғы өткен, мұғжизалар мен кітаптарды (Ибраһимге түскен сахифа сияқты кітаптарды) және нұрлы кітаптарды (Тәурат, Інжіл сияқты кітаптарды) әкелген пайғамбарларды да мойындамаған еді. (3:184)"
Осы аят пайғамбарға (с): "Ақиқатты мойындамай, оны жоққа шығару қарсыластардың бұрыннан келе жатқан тәсілі. Адамдардың бір тобы тек саған ғана қарсы тұрды деп ойлама. Сенен бұрын да пайғамбарлар өздерінің растығына дәлел-дәйектер ұсынғанына қарамастан, ақиқатты мойындамай қойған",-дейді. Негізінде Алла тағала адамға ықтияр мен таңдау хақын бергендіктен, қарама-қайшылық әрине болады. Егер адамдардың барлығы бірдей пайғамбарға иман келтіретін болса, олардың растығына күмән пайда болады. Мұндайда біз: "Бұл жақсы-жаманына қарамастан кез-келген ой-пікірмен сәйкесетін қандай дін?-дер едік. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, бұрынғы халықтардың тарихы және ақиқат пен жалғанның үнемі күресімен танысу адамның шыдамдылығы мен сабырын күшейтіп, көңілін жайландырады.
Екіншіден, пайғамбарлардың қозғалысы – сөз бен қаламды пайдаланған мәдени қозғалыс болған. Ал дұшпанға қарсы соғыс, олардың үстемдігімен күресу үшін осындай шаралардан кейін тұрады.
"Әли-Ғимран" сүресінің 185-ші аяты:
كُلُّ نَفْسٍ ذَآئِقَةُ الْمَوْتِ وَإِنَّمَا تُوَفَّوْنَ أُجُورَكُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ فَمَن زُحْزِحَ عَنِ النَّارِ وَأُدْخِلَ الْجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ وَما الْحَيَاةُ الدُّنْيَا إِلاَّ مَتَاعُ الْغُرُورِ ﴿۱۸۵﴾
"Әрбір жан иесі өлім дәмін бір татады. Сендердің сыбағаларың (істеген жақсылықтарыңның сауабы) қияметте толық беріледі. Кімде-кім тозақтан аулақтап, жұмаққа кіреді екен, бұл оның мұратына жеткені. Дүние тіршілігі, құр алданыштан басқа нәрсе емес. (3:185)"
Бұл аят пайғамбарға (с) және қарсыластардан үнемі қорлық көрген оның серіктеріне арнап: "Сабырлы әрі табанды болыңдар. Олардың қырсықтығы уақытша. Олар да, ақыреттеріңді ойлайтын сендер де, тозақтан құтылып, жұмаққа баратындар да өлесіңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жақсылықты жаятын пайғамбар да, жамандықты жаятын кәпір де өледі. Бұл дүниеде кәпір де, мүмін де мәңгі қалмайды. Барлығы келіп, біраз уақыттан кейін кетеді.
Екіншіден, өлім – жойылу емес, бір әлемнен басқа әлемге өту. Сондықтан оны әркім татады.
Үшіншіден, дүниеде кәпірлердің байлығы сендерді алдамасын. Өйткені мәңгілік нығмет бұл дүниеде емес, ақыреттегі жұмақта.
"Әли-Ғимран" сүресінің 186-шы аяты:
لَتُبْلَوُنَّ فِي أَمْوَالِكُمْ وَأَنفُسِكُمْ وَلَتَسْمَعُنَّ مِنَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ مِن قَبْلِكُمْ وَمِنَ الَّذِينَ أَشْرَكُواْ أَذًى كَثِيرًا وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ فَإِنَّ ذَلِكَ مِنْ عَزْمِ الأُمُورِ ﴿۱۸۶﴾
"Сендер (садақамен, жұтау апатымен) малдарың жайлы сыналасыңдар, кітап иелерінен және мүшріктерден көп қиянат естисіңдер. Егер (ондайға) шыдамдылық істесеңдер, Алладан қорықсаңдар, онда осының өзі берік ниетпен істелген іс болады. (3:186)"
Тарихта жазылғандай, мұсылмандар Меккеден Мәдинаға хижрат еткен (көшкен) соң, мүшріктер олардың мал-мүлкіне қол салып, мұсылмандарға қорлық көрсетіп, тіл тигізеді. Келесі жағынан Мәдина яһудилері де мұсылмандарға тіл тигізіп, немесе олардың әйелдеріне құрметсіздік етіп, қорлық көрсетті. Олардың мұндай қылықтары шектен тыс шыққан соң, пайғамбар бұл әрекеттің жетекшілерін өлтіруге бұйырды. Осы аят Алланың ұлы дәстүріне, яғни тексеріп, сынауына тоқталып, мұсылмандарға: "Исламды қабылдап, рахат өмір сүреміз деп ойламаңдар. Дұшпанның қастандықтарына үнемі даяр болыңдар. Оларды өз бетімен қоя берсеңдер, олар сендерге тыныштық бермейді. Олар кез-келген әдіспен өздерінің күпірлігі мен арсыздығын көрсетеді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мал-мүлік пен жан үнемі сынаққа салынады. Сондықтан жанымыз бен мал-мүлкімізді Алланың жолында жұмсауға дайын болатындай өмір сүрейік.
Екіншіден, Исламның жаулары Ислам мен мұсылмандарға соққы беру үшін бірігеді. Тіпті басқа дінге ерушілер Исламмен күресу үшін мүшріктермен де бірігеді.
Үшіншіден, тақуалық пен сабыр жеңіске жеткізеді. Әйтпесе тақуалықсыз шыдамдылық қырсық жандарда да кездеседі.