Әли-Ғимран сүресі, 95-ші бөлім, 179-182 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 95-ші бөлім, 179-182 аяттар
مَّا كَانَ اللّهُ لِيَذَرَ الْمُؤْمِنِينَ عَلَى مَآ أَنتُمْ عَلَيْهِ حَتَّىَ يَمِيزَ الْخَبِيثَ مِنَ الطَّيِّبِ وَمَا كَانَ اللّهُ لِيُطْلِعَكُمْ عَلَى الْغَيْبِ وَلَكِنَّ اللّهَ يَجْتَبِي مِن رُّسُلِهِ مَن يَشَاء فَآمِنُواْ بِاللّهِ وَرُسُلِهِ وَإِن تُؤْمِنُواْ وَتَتَّقُواْ فَلَكُمْ أَجْرٌ عَظِيمٌ ﴿۱۷۹﴾
"Алла жақсыдан жаманды (мұсылманнан мұнафықты) айырмайынша, мүміндерді сендерді осы беттеріңмен қоя бермейді. Алла сендерге ғайып істерден де еш нәрсе білдірмейді, бірақ елшілерінен қалағанын таңдап, соған (мұнафықтардың жай-күйін Мұхаммедке білдіргендей) білдіреді. Сондықтан, сендер Аллаға, пайғамбарларға сеніңдер. Егер сенсеңдер, тақуа болсаңдар, сендерге үлкен сауап бар. (3:179)"
Осы сүредегі Ухуд соғысы туралы соңғы аят болып табылатын бұл аят, аталмыш соғыстың қайғылы-қуанышты оқиғаларын қорытындылай келе, мүміндерге: "Иман келтірдім деген әркімнің сөзін Алла әншейін қабылдайды және ол рахат өмір сүреді деп ойламаңдар. Алла тағала мұндай адамдардың ішкі ойын әшкерелеп, кімнің иманы рас, кімнің иманы өтірік екендігі анықталуы үшін оған түрлі қиындықтармен сынайды. Әрине Алла адамның ішкі дүниесін және ешқандай сынақсыз олардың жақсы-жаманын біледі. Мұны Алланың кейбір пайғамбарлары ғана біледі. Алайда адамдар іштегі нәрсесін әшкере етулері үшін небір жағдайлар орнатып, сол арқылы оларға сауап немесе жаза береді",-дейді. Ухуд соғысының арқасында мұнафықтар анықталып, халық олардың қастық ниеттерін түсінді. Негізінде, егер адамдар өз араларындағы жақсы-жаманын білсе, әлеуметтегі байланыстар ыдырап, өмір бейберекетке душар болатын еді. Ендеше, өмір әдеттегідей жалғаса беруі үшін адамдар бір-бірінің ішкі сырларын білмегені жөн. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, осы сүренің 178-ші аятында айтылғандай Алла тағала күпірлігін қоймайтын кәпірлерді қияметте бірақ жазалау үшін оларды өз бетімен қоя береді. Дегенмен осы аятта, иман келтірдім деген мүміндерді өз бетімен жібермейтінін айтады.
Екіншіден, халықтың ішкі сырларын білуге тырыспайық, өйткені Алла мұны қаламайды.
Үшіншіден, жасырын дүниені білу тек Аллаға тән. Тек кейбір пайғамбарлар ғана, оның өзінде Алланың рұқсатымен, ғайыптан хабардар бола алады.
Төртіншіден, бізге небір жаттығулар жасау арқылы, халыққа жасырын нәрселерді білетіндей деңгейге жетеміз деп тырысу емес, қайта иманымызды сақтап, тақуа болуымыз міндет.
"Әли-Ғимран" сүресінің 180-ші аяты:
وَلاَ يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَبْخَلُونَ بِمَا آتَاهُمُ اللّهُ مِن فَضْلِهِ هُوَ خَيْرًا لَّهُمْ بَلْ هُوَ شَرٌّ لَّهُمْ سَيُطَوَّقُونَ مَا بَخِلُواْ بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَلِلّهِ مِيرَاثُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاللّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ ﴿۱۸۰﴾
"Алланың өз молшылығынан берген дәулетіне сараңдық еткендер сараңдықты пайдалы екен деп есептемесін. Қайта, бұл оларға зиянды. Олардың сараңдық еткен нәрселері қиямет күні мойындарына ажырғы етіліп кигізіледі. Көқ пен жердің мұрагерлігі Аллада. Алла істегендеріңнен әбден хабардар. (3:180)"
Алла жолында соғысу мен жан қию жайлы сөз қозғаған осыдан бұрынғы аяттардан кейін осы аят пен келесі аяттар Алла жолында садақа беруді баяндайды. Өйткені мүмін адам өз басын ғана ойлап, қоғамдағы кедей-кепшіктерге немқұрайлы бола алмайды. Осы аятта айтылған илаһи сынақтардың бірі – адамның кедей-кепшіктерге жолыққанда садақа беру немесе сараңдық таныту мәселесі. "Өз келешектеріңді ойласаңдар – қайырымдылық жасаңдар. Оның пайдасы сендерге тиеді. Ал егер сараңдық етсеңдер, дүниеде де, ақыретте де зиян көріп, азапқа душар боласыңдар",-дейді осы аят. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, егер мал-мүлкімізден қайыр-садақа бермесек одан сайын байып шығамыз деп ойлау дұрыс емес. Өйткені мал-мүлік пен байлық Алланың кеңшілігінен. Сондықтан Алла қаласа байлық садақамен де көбейеді.
Екіншіден, Алла жолында жұмсалмаған байлық жақсылық бермей, тіпті жамандыққа апарады.
Үшіншіден, осы дүниедегі барлық нәрсе Алланың иелігінде. Біз құр қол келіп, құр қол кетеміз. Ендеше неге сараң болайық?
Төртіншіден, қиямет – амалдардың көрініс табатын орны. Дүниеде мал-мүліктің тұтқыны болсақ, ақыретте де тұтқын боламыз.
"Әли-Ғимран" сүресінің 181-182 аяттары:
لَّقَدْ سَمِعَ اللّهُ قَوْلَ الَّذِينَ قَالُواْ إِنَّ اللّهَ فَقِيرٌ وَنَحْنُ أَغْنِيَاء سَنَكْتُبُ مَا قَالُواْ وَقَتْلَهُمُ الأَنبِيَاءَ بِغَيْرِ حَقٍّ وَنَقُولُ ذُوقُواْ عَذَابَ الْحَرِيقِ ﴿۱۸۱﴾ ذَلِكَ بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيكُمْ وَأَنَّ اللّهَ لَيْسَ بِظَلاَّمٍ لِّلْعَبِيدِ ﴿۱۸۲﴾
""Алла расында кедей, біз баймыз",-дегендердің (яһудилердің) сөзін Алла гәп жоқ естіді. Біз олардың айтқандарын және пайғамбарларды нахақ өлтіргендіктерін (ғамал дәптеріне) жазып қоямыз. (Кезі келгенде) оларға: "Күю азабын бір татып көріңдер",-дейміз. (3:181) Бұл – сендердің өткізген қылмыстарыңның сазайы. Өйткені Алла пенделеріне зұлымдық істеуші емес. (3:182)"
Тәпсірлерде айтылғандай, Ислам пайғамбары (с) Мәдина маңайында тұратын бір яһуди тайпасына хат жазып, оларды Ислам дінін қабылдауға, намаз оқуға, зекет беруге және Алланың жолында садақа беруге шақырады. Тайпа ақсақалы бұған мысқылдап: "Шақыруларыңа қарағанда біз мұқтаж емес, құдай бізге мұқтаж екен. Ол бізден мал-мүлік сұрап, қияметте молшылық уәдесін береді екен",-дейді. Сонда осы аят түсіп, пайғамбарға (с): "Олардың мына арсыз сөздері мен олардың бабаларының пайғамбарларды нахақ өлтіргеніндей жауапсыз қалмайды. Қияметте күйдіретін азапқа душар болуына себеп болады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Алланың қайыр-садақа немесе тапшыларға қарыз беруге шақыруы – Алланың мұқтаждығының белгісі емес. Өйткені біз бағыштайтын мал-мүліктің нағыз иесі – Алла. Осы мал-мүлік бізге тек аманатқа ғана берілген.
Екіншіден, діни қасиеттердің қадірі сақталуы тиіс. Дін мен діни қасиеттерге құрметсіздік жасаудың жазасы ауыр.
Үшіншіден, иманды жандарды балағаттаудың күнәсі пайғамбар өлтірудің күнәсінан кем емес.
Төртіншіден, қияметтегі жаза илаһи зұлымдық немесе кек алу емес, қайта өз амалдарымыздың нәтижесі.