Жел 29, 2016 19:20 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 94-ші бөлім, 174-178 аяттар

 

فَانقَلَبُواْ بِنِعْمَةٍ مِّنَ اللّهِ وَفَضْلٍ لَّمْ يَمْسَسْهُمْ سُوءٌ وَاتَّبَعُواْ رِضْوَانَ اللّهِ وَاللّهُ ذُو فَضْلٍ عَظِيمٍ ﴿۱۷۴﴾

 

"Олар, Алланың игілігіне және мейір шапағатына бөленіп қайта оралды, ешбір зиян-зақымға ұшырамады. Алланың ризалығын іздеді. Алла – дарқан кеңшілік иесі. (3:174)"

Ухуд соғысынан оралған жауынгерлер мен жаралылар пайғамбардың (с) бұйрығымен тағы да дұшпанға қарсы тұруға жиналды. Алайда мұсылмандардың дайындығы мен батылдығын көрген дұшпан үрейге түсіп, Мәдинаға шабуыл жасаудан бас тартып, кері қайтады. Сол уақытта осы аят түсіп, Ухуд соғысында жаралы болғандарды мақтайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, егер біз міндетімізді орындасақ, Алланың мейірімі мен жомарттығына бөленеміз. Міндетті орындамай тұрып Алланың мейіріміне үміттену – негізсіз үміт.

Екіншіден, Алланың жолында әрекет еткен ержүрек тұлғаға шәһид бола ма, жарақат ала ма бәрібір және оған тек Алланың ризалығы маңызды.

"Әли-Ғимран" сүресінің 175-ші аяты:

 

إِنَّمَا ذَلِكُمُ الشَّيْطَانُ يُخَوِّفُ أَوْلِيَاءهُ فَلاَ تَخَافُوهُمْ وَخَافُونِ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿۱۷۵﴾

 

"Сол бір шайтан өз достарын (кәпірлерді) қорқытады. Егер мүмін болсаңдар, шайтаннан қорықпаңдар, менен қорқыңдар. (3:175)"

Алла тағала осыған дейінгі аятта: "Алланың ризалығын тілейтін мұсылмандар ешқандай жаудан қорықпайды. Тіпті жарақат алған болса да, дұшпанның соңына түседі",-деді. Ал бұл аят шайтанның ықпалы мен оның азғыруларына түсіп, Алланың орнына шайтанға ергендіктен дін жолында жанын қиғысы келмейтін иманы әлсіз мұсылмандарға тоқталады. Құран мұсылмандарға: "Егер расында иман келтірсеңдер, Алладан ғана қорқыңдар. Оның бұйрығына бағынбаудан қорқыңдар. Дұшпанның күш-қабілетінен қорықпаңдар. Алланың күші олардан үстем",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, исламдық қоғамда үрей тудыруға бағытталған кез-келген үгіт-насихат немесе қауесет – шайтандық іс.

Екіншіден, соғыс майданындағы қорқыныш – иманның әлсіздігі мен шайтанға ерудің белгісі.

Үшіншіден, қорқыту мен қоқан-лоққы жасау – алпауыт биліктердің әлсіздердің үнін шығармай, олардың көтерілуіне жол бермеуге бағытталған шайтандық саясаттарының бірі.

"Әли-Ғимран" сүресінің 176-177 аяттары:

 

وَلاَ يَحْزُنكَ الَّذِينَ يُسَارِعُونَ فِي الْكُفْرِ إِنَّهُمْ لَن يَضُرُّواْ اللّهَ شَيْئًا يُرِيدُ اللّهُ أَلاَّ يَجْعَلَ لَهُمْ حَظًّا فِي الآخِرَةِ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ ﴿۱۷۶﴾ إِنَّ الَّذِينَ اشْتَرَوُاْ الْكُفْرَ بِالإِيمَانِ لَن يَضُرُّواْ اللّهَ شَيْئًا وَلهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۱۷۷﴾

 

"Күпірлікке ұмтылысқандар сені қамықтырмасын. Олар Аллаға әсте зәредей де нұқсан жеткізе алмайды. Алла оларға ақыретте ешқандай несібе бермеуді қалайды. Сондай-ақ, оларға (қияметте) азапты қинау бар. (3:176) Иманын күпірге айырбастағандар Аллаға зәредей де нұқсан жеткізе алмайды. Олар қатты азапқа душар болады. (3:177)"

Мұсылмандар Ухуд соғысында жеңілген соң, олардың бір тобының еңсесі түсіп, тұла бойларын қам-қайғы басқандықтан: "Болашақта не болар екен?",-деседі. Бұл аят оларға жауап қайыра, пайғамбарға (с): "Кәпірлердің Ухудта жеңуі олардың мерейін арттырмай, қайта оларды күпірліктің иіріміне одан сайын батырады. Олар ақыреттің кез-келген пайдасынан құр қалады. Олардың күпірлігі Аллаға еш зиян тигізбейді және зардап шегетін өздері ғана. Қияметте оларға ауыр азап бар",-дейді. Осы аяттағы айта кететін жайт, иманнан айрылып, күпірлікке түсуді көрсету үшін "сатып алу" мен "сату" сөздерін қолдану. Негізінде Құран дүниені – базар, ал халықты – сол базардың сатушысы деп санайды. Олар өздерінің амалдары мен сенімдерін сатады. Бұл базарда сатуға мәжбүрміз. Өйткені өмірдің өтуі біздің қолымызда емес. Бірақ сатып алушы – құдай немесе құдайдан басқа болғандықтан, оны таңдауға еріктіміз. Құран, Алламен сауда жасап, мол табысқа, яғни илаһи жұмаққа кенелетін кісіні әрдайым мадақтайды. Ал өмірін саудалап, ешқандай пайда көрмей, үлкен зиянға ұшырайтын адамдарды сынайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, бізге және біздің амалдарымызға Алла зәру емес. Әркім өзінің міндеттерін орындамай, кәпір болса, оның өзі зиян көреді немесе кейбіреулердің күпірлігімен оның дініне нұқсан тиеді.

Екіншіден, күпірлік сенім мен шүкірсіз амал ақыретте адамды Алланың рақымынан құр қалдырады.

Үшіншіден, кәпірлердің қоғамын исламдық үмметпен салыстырғанда олардың тұрмысына ғана қарамайық. Олардың қияметте нығметтерден мақрұм болатынына көңіл аудару, ой-пікіріміз бен көңілімізді жұбатады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 178-ші аяты:

 

وَلاَ يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ أَنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ خَيْرٌ لِّأَنفُسِهِمْ إِنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ لِيَزْدَادُواْ إِثْمًا وَلَهْمُ عَذَابٌ مُّهِينٌ ﴿۱۷۸﴾

 

"Біздің оларға берген (өмірінің ұзақ болуы, қолдарының кең болуы сияқты) тиімділіктерімізді, кәпірлер әсте өз бастарына қайырлы деп есептемесін. Біздің орай беруіміз, олардың күнәларын үсті-үстіне арттыра түсу үшін болып отыр. Олар қияметте қорлық жазаға душар болады. (3:178)"

Алла тағала мүміндерге кәпірлердің жеңісіне мұңаймаңдар деп жұбатқан аяттардан кейін, осы аят: "Кәпірлерге уақыт беру – Алланың білместігі немесе оларға жаза бере алмаудың белгісі емес, қайта Алланың дәстүрі болып табылады",-дейді. Алла тағала жақсы-жаман және мүмін немесе кәпір адамдардың барлығына өздерінің істерін ерікті түрде орындауға және өмір жолын таңдауға мүмкіндік берді. Сондықтан адамдар таңдау хақына ие болып, әр нәрсені өз қалауынша істеулері үшін мұрсат беру керек. Әрине кәпірлер осы илаһи мұрсатты кері мақсатта пайдаланып, жағымсыз істер істейді. Осының салдарынан олардың күнәлары көбейе береді. Алайда ерікті түрде орындалған амалдың қадірі орасан зор болғандықтан, Алла тағала адамды еркінен айырмай, күнәһар адамға да қалағанын істеуге уақыт береді. Кәпірлер берілген уақытты өздерінің қалағанынша пайдаланып, бұл мерзім олардың өздері мен істерінің жақсы болғандығы үшін деп ойлағанымен, қияметте күпірлік пен күнәнің жазасы ауыр болатыны анық. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың берген мұрсаттары оның сүйіспеншілігінің белгісі емес. Осы мұрсаттарға алданбайық, кеш болмай тұрғанда күпірліктен бас тартайық.

Екіншіден, ғұмырдың ұзақтығы емес, оны тиімді пайдалану маңызды. Имам Саджад (ғ) "Макарем-ул-Ахлақ" дұғасында Алла тағаладан: "Егер менің өмірім шайтанның жайлауына айналатын болса, оны қысқарта гөр!",-деп тілейді.

Үшіншіден, кәпірлердің жағдайын көріп, асығыспен төрелік етпейік. Олардың өмірінің соңы мен ақыреттегі жағдайын көрейік.