Жел 29, 2016 19:23 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 91-ші бөлім, 159-163 аяттар

 

 

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللّهِ لِنتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لاَنفَضُّواْ مِنْ حَوْلِكَ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِي الأَمْرِ فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ ﴿۱۵۹﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Сен тек Алланың рахметімен оларға мүләйім болдың. Егер дөрекі, қатал болсаң, олар сенен алыстап, бет-бетімен кетер еді. Оларға кешірімді бол, және (Алладан) оларға кешірім тіле, олармен әрбір істе кеңесіп тұр. (Кеңескеннен кейін) бір іске бел байласаң, Аллаға сүйен. Алла сөзсіз өзіне сүйенгендерді сүйеді. (3:159)"

Осы аят пайғамбардың (с) ең жақсы ерекшелігі, яғни ол хазіреттің көркем мінезін баяндап, былай дейді: "Қатал әрі соғысқұмар араб халқының сенің қасыңа жиналып, саған иман келтіруіне себеп болған нәрсе – сенің көркем мінезің мен жұмсақтығың болып табылады. Егер сен де олар сияқты болғаныңда, саған ешкім жоламай, иман келтірмей, тарап кетер еді. Ухуд соғысынан бұрын олармен ақылдастың, бірақ келісімнің нәтижесі жеңіліспен аяқталды. Солай болса да бұйрыққа бағынбағандары үшін оларды кешіріп, оларға Алланың рақымдығын тіле. Өздеріне қатысты істерде олармен кеңесуді тоқтатпа, өйткені сен оларға үлгісің". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мейірімділік пен көркем мінез Алланың діни жетекшілерге берген сыйы болып табылады. Кімде-кім халық арасында ағартушылық жүргізіп, уағыз-насихат айтатын болса, осындай болуы тиіс.

Екіншіден, бізге жамандық жасағанымен, өзінің ісіне өкінгендерді кешірейік.

Үшіншіден, ақылдасып, кеңескен соң Аллаға тәуекел етуді естен шығармайық.

"Әли-Ғимран" сүресінің 160-шы аяты:

 

إِن يَنصُرْكُمُ اللّهُ فَلاَ غَالِبَ لَكُمْ وَإِن يَخْذُلْكُمْ فَمَن ذَا الَّذِي يَنصُرُكُم مِّن بَعْدِهِ وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكِّلِ الْمُؤْمِنُونَ ﴿۱۶۰﴾

 

"Алла сендерге медет берсе, сендерге тең келер ешкім болмайды. Егер (медет бермей) тастап қойса, онда сендерге кім жәрдем береді? Мүміндер тек Аллаға ғана сүйенсін! (3:160)"

Пайғамбарды (с) Аллаға тәуекел етуге шақырған бұрынғы аяттың жалғасында, бұл аят мүміндерді де тәуекел етуге шақырып, мұның дәлелі: "Абырой мен қорлық тек Алланың қолында. Оның қалауынсыз адам жақсылық та, жамандық та көрмейді. Ол біреуге жақсылық жасағасы келсе, бұған ешкім кедергі жасай алмайды. Ал егер біреуді жазалап, қорлағысы келсе, ол адамды ешкім қорғай алмайды. Егер адам осы ақиқатты түсінсе, Алладан басқадан күдер үзіп, Алланың жолында ғана әрекет етіп, Одан басқадан қорықпайды. Мұндай адам, Алладан басқаға сүйенбейді. Тәуекел дегеніміз міне осы",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, жеке және әлеуметтік істерде басқалардан гөрі, Аллаға тәуекел етейік. Өйткені барлық нәрсе Оның қолында.

Екіншіден, басқа факторлардың әсерінен болған әдеттегі жеңістер ақырында сәтсіздікке ұшырайды. Алайда илаһи көмек пен жәрдем тұрақты әрі мықты болады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 161-ші аяты:

 

وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَن يَغُلَّ وَمَن يَغْلُلْ يَأْتِ بِمَا غَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ تُوَفَّى كُلُّ نَفْسٍ مَّا كَسَبَتْ وَهُمْ لاَ يُظْلَمُونَ ﴿۱۶۱﴾

 

"Ешбір пайғамбар ғаниметке (олжаға түскен малға) қиянат етпейді. Кімде-кім қиянат қылса, қиямет күні қиянат еткен нәрсесімен келтіріледі (мойынына көтерткізіп әкелінеді). Сонан соң, әр адамның істегеніне қарай толық сыбаға беріледі. (жақсылардың сауабы кемітілмейді, күнәкарлардың жазасы көбейтілмейді), нахақтық істелмейді. (3:161)"

Ухуд соғысында мұсылмандардың бір тобына осы таудың кіре берісін қорғауды тапсырып: "Біз жеңсек те, жеңілсек те сендер осы жерден кетуші болмаңдар, сендердің олжадан үлестерің сақтаулы",-дейді. Алайда мұсылмандар басымдық көрсеткен кезде, олардың көбісі күзетуге тапсырылған жерді тастап, олжа жинауға кіріседі. Сонда осы аят оларға: "Күзетуге тапсырылған жерді, пайғамбар сендердің олжадағы үлестеріңе қиянат жасайды деп ойлап, тастап кеттіңдер ме? Пайғамбарлық қиянат жасаумен сәйкеспейді. Пайғамбарлар Алла мен халықтың аманатын сақтаушы болып табылады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбардың (с) кейбір сахабалары онымен бірге өмір сүріп, оның пәктігі мен аманатқа қиянат жасамайтынын көрсе де, сенімдері толық болмай, Алланың елшісі қиянат жасауы мүмкін деп ойлады. Ендеше біз осындай шайтандық ойға түсуден абай болайық.

Екіншіден, кейбір адамдар Алланың елшісіне (с) байланысты жаман ойда болғанда, халық біздің істерімізге жақсы ойда деу негізсіз. Барлық адамдардың көңілінен шығу мүмкін емес, сондықтан Алланың ризалығына ие болуға тырысайық.

Үшіншіден, қияметте тартатын жазалар Алланың пенделерге жасаған зұлымдығы емес, өз амалдарымыздың нәтижесі.

"Әли-Ғимран" сүресінің 162-163 аяттары:

 

أَفَمَنِ اتَّبَعَ رِضْوَانَ اللّهِ كَمَن بَاء بِسَخْطٍ مِّنَ اللّهِ وَمَأْوَاهُ جَهَنَّمُ وَبِئْسَ الْمَصِيرُ ﴿۱۶۲﴾ هُمْ دَرَجَاتٌ عِندَ اللّهِ واللّهُ بَصِيرٌ بِمَا يَعْمَلُونَ ﴿۱۶۳﴾

 

"Алланың ризалығын тілеген адам Алланың кәріне тап болған адаммен тең бе? Оның (Алланың кәріне тап болған адамның) барар жері – жаһаннам, бұл неткен сұмдық жәй десеңізші! (3:162) Алланың алдында олардың дәрежелері түрліше болады. Алла олардың істегендерін көріп тұрады. (3:163)"

Осы екі аят қысқа сөз тіркесімен мүміндер мен мұнафықтардың істерінің нәтижесін салыстырып: "Өз істерінде басқаның емес, Алланың ризалығын көздейтіндер, Алланың алдында өздері де жақсылықтың үлгісі болатындай бір дәрежеге жетеді. Ал керісінше, Алланың жолында тек өздерінің мақсат-талаптарына жету үшін жүретіндер, Алланың қаһарына ұшырайды. Олар осы дүние мен ақыретте зиян шегеді",-дейді. Рауаяттар бойынша Алланың елшісі (с) Ухудқа қарай әрекет ету бұйрығын берген кезде, мұнафықтардың бір тобы негізсіз сылтау айтып, Мәдинада қалады, ал иманы әлсіз мұсылмандардың бір тобы солардың сөзіне еріп, соғысқа қатыспайды. Сондықтан осы аят мұндай адамдарды сипаттай келе, олардың орны тозақта дейді. Бірақ соғысқа қатысқандар, әлсіздік танытқанымен осы істеріне өкінген соң кешірілді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, ең қасиетті мақсат – Алланың ризалығы. Ол бәрінен де артық және Алланың алдында адамды жоғары дәрежеге жеткізеді.

Екіншіден, исламдық қоғамда Алланың жолында соғысқандар мен соғыстан жалтарушылар бірдей емес. Өйткені қасиетті соғыстан жалтару Алланың ашуын тудырады.