Жел 31, 2016 19:29 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 88-ші бөлім, 143-148 аяттар

 

 

وَلَقَدْ كُنتُمْ تَمَنَّوْنَ الْمَوْتَ مِن قَبْلِ أَن تَلْقَوْهُ فَقَدْ رَأَيْتُمُوهُ وَأَنتُمْ تَنظُرُونَ ﴿۱۴۳﴾

 

"Сендер өлгенді көрместен бұрын өлім тілеуші едіңдер, енді (өлімді) нақ көрген кезде қарап тұрсыңдар ғой. (3:143)"

Бәдір соғысында мұсылмандардың кейбірі шәһид болғанымен, жеңіске жеткен мұсылмандар: "Шіркін, Бәдірде біз де шәһид болғанымызда ғой!",-деген еді. Дәл осы адамдар Ухуд соғысында жеңіліс белгілерін байқағанда, қашып, Алланың елшісін тастап кетеді. Осы аят оларды сынап: "Амал ететін кезде және жандарыңа қауіп төнгенде неге қарап тұрдыңдар? Алланың діні мен елшісіне неге қолдау көрсетпедіңдер?",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, үміттеріміз бен мақсаттарымызға алданбайық. Өйткені амалға келгенде Алланың сынағынан қалай өтіп шығатынымыз белгісіз.

Екіншіден, иман келтірдік дегендер көп болғанымен, өлімге дейін иманына берік болатындар шамалы.

"Әли-Ғимран" сүресінің 144-ші аяты:

 

وَمَا مُحَمَّدٌ إِلاَّ رَسُولٌ قَدْ خَلَتْ مِن قَبْلِهِ الرُّسُلُ أَفَإِن مَّاتَ أَوْ قُتِلَ انقَلَبْتُمْ عَلَى أَعْقَابِكُمْ وَمَن يَنقَلِبْ عَلَىَ عَقِبَيْهِ فَلَن يَضُرَّ اللّهَ شَيْئًا وَسَيَجْزِي اللّهُ الشَّاكِرِينَ ﴿۱۴۴﴾

 

"Мұхаммед тек бір елші ғана. Онан бұрын да талай пайғамбар өтті (олардың кейбірі өз ажалынан өлген, кейбіреуін басқалар өлтірген). Егер, ол (Мұхаммед) өлсе, не өлтірілсе, артқа шегінесіңдер ме (иманнан шығасыңдар ма)? Кімде-кім артқа шегінеді екен, Аллаға зәредей де нұқсан жеткізе алмайды. Алла шүкірлік етушілерді сыйлайды. (3:144)"

Ухуд соғысындағы оқиғалардың бірі пайғамбар (с) шәһид болды деген қауесеттің таралуы болды. Пайғамбардың (с) маңдайындағы жарадан қан аққанын көрген бір дұшпан айқайлап: "Мұхаммед өлді",-дейді. Осы қауесет бір жағынан кәпірлерді қуантып, рухын көтерсе, келесі жағынан кейбір мұсылманның күмәнін тудырып, қашуына себеп болады. Бірақ, олардың арасында: "Неге қашасыңдар? Мұхаммед өлсе де, Мұхаммедтің және Мұхаммедтің құдайының жолы өлген жоқ!",-дегендер болды. Осы аят мұсылмандарға: "Сендердің пайғамбарларыңнан бұрын да көптеген пайғамбарлар келді. Сонда олар өлгенде, оларға ерушілер діндерін тастады ма? Хазірет Мұхаммед (с) өлсе, сендер тез арада қалтырап, қашуды ойлайсыңдар ма? Бірақ, пайғамбар (с) әлі тірі. Бұл тек дұшпан жағынан таратылған қауесет қана. Пайғамбардан (ғ) бет бұрып, оның дінін тастайсыңдар ма?",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлар да табиғат заңдары бойынша басқа адамдар тәрізді өмір сүреді де, өледі. Олар мәңгі өмір сүреді деп ойламайық.

Екіншіден, пайғамбардың жолы емес, өмірі ғана шектеулі. Біз пайғамбардың (ғ) қайтыс немесе шәһид болуымен Ислам дінінен бас тартатындай адамға емес, Аллаға табынамыз.

Үшіншіден, адамдардың діннен бас тартуы Алла мен Оның дініне ешқандай зиян тигізбейді. Өйткені Алла адамдарға да, олардың ғибадаттары мен аз ғана амалдарына да зәру емес.

Төртіншіден, иманымызды пайғамбар секілді тұлға дүниеден өтсе де әлсіремейтіндей, күшейтуіміз керек.

"Әли-Ғимран" сүресінің 145-ші аяты:

 

وَمَا كَانَ لِنَفْسٍ أَنْ تَمُوتَ إِلاَّ بِإِذْنِ الله كِتَابًا مُّؤَجَّلًا وَمَن يُرِدْ ثَوَابَ الدُّنْيَا نُؤْتِهِ مِنْهَا وَمَن يُرِدْ ثَوَابَ الآخِرَةِ نُؤْتِهِ مِنْهَا وَسَنَجْزِي الشَّاكِرِينَ ﴿۱۴۵﴾

 

"Алланың қалауынсыз ешкім де өлмейді, өйткені (Алла), әр адамның ажал күнін белгілеп қойған. Кім дүние сауабын көздесе, оған оны да береміз (оған ақыреттен сыбаға жоқ), кім ақырет сауабын көздесе, оған да береміз. Шүкірлік етушілерді сыйлаймыз. (3:145)"

Соғыстан қашудың маңызды себептерінің бірі – өлімнен қорқу болып табылады. Сондықтан бұл аят: "Сендердің өлімің Алланың қолында. Өлім белгілі уақытта келеді. Соғысқа барып, тірі оралған қарттар мен соғыстан қашып, түрлі оқиғаның салдарынан қаза болған жастар қаншама?",-дейді. Сонан соң Құран соғысқа қатысушылардың ниеттеріне тоқталып: "Біреулер соғысқа олжа жинау және ортақ қазынадан үлес алу ниетімен барып, мақсаттарына жетеді. Енді біреулер майданға ақыреттің сауабына бөлену немесе шәһид болу ниетімен шығады. Олар да көздеген мақсатына жетеді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, соғыстан қашқанмен, өлімнен қаша алмайсың. Соғысқа қатысқанның барлығы да өлген жоқ, үйде қалғанның барлығы да тірі қалған жоқ.

Екіншіден, өлім біздің қолымызда емес, бірақ істеріміздің ниеті өз еркімізде. Пәни дүниені көздегенше, ақыретті мақсат тұтайық. Өйткені өлім мәңгілік өмірдің соңы емес, басы болып табылады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 146-147-148 аяттары:

 

وَكَأَيِّن مِّن نَّبِيٍّ قَاتَلَ مَعَهُ رِبِّيُّونَ كَثِيرٌ فَمَا وَهَنُواْ لِمَا أَصَابَهُمْ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَمَا ضَعُفُواْ وَمَا اسْتَكَانُواْ وَاللّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ ﴿۱۴۶﴾ وَمَا كَانَ قَوْلَهُمْ إِلاَّ أَن قَالُواْ ربَّنَا اغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَإِسْرَافَنَا فِي أَمْرِنَا وَثَبِّتْ أَقْدَامَنَا وانصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ ﴿۱۴۷﴾ فَآتَاهُمُ اللّهُ ثَوَابَ الدُّنْيَا وَحُسْنَ ثَوَابِ الآخِرَةِ وَاللّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ﴿۱۴۸﴾

 

"Талай пайғамбар және көптеген құдайшыл ғұламалар бірлікте соғыс ашты. Олар құдай жолында кездескен қиындықтарға босаңсымады. Әлсіздік істемеді, бас имеді. Алла шыдамды қайсарларды жақсы көреді. (3:146) Олар тек: "О, Раббымыз, күнәларымызды, қиғаштық істерімізді кешіргейсің. Бізді (соғыста) табанды еткейсің, кәпірлермен ұстасқанда медет бергейсің",-дегеннен басқа сөз айтпады. (3:147) Сондықтан, Алла оларға дүние сыйлығын да, ақыреттің тамаша сауабын да арнады. Алла ізгі іс істегендерді сүйеді. (3:148)"

Ухуд соғысындағы мұсылмандардың әлсіздігі мен бұйрыққа бағынбауын және майданнан қашуын сынаған бұрынғы аяттардан кейін осы аяттар пайғамбарлардың тарихына тоқталып: "Сендерден бұрын да мүмін әрі табанды серіктерімен Алланың жолында соғысқан пайғамбарлар көп еді. Олар соғыстың ауыртпалығын көріп, жарақат алғанымен Алланың дінінен бас тартып, әлсіздік танытқан жоқ. Сендер, мұсылмандар неге солардан үлгі алмайсыңдар? Ислам пайғамбарын (с) дұшпан әскерінің ортасында неге жалғыз тастап кетесіңдер?",-дейді. Сонан соң Құран Алланың жолындағы күрескерлердің маңызды ерекшеліктерінің біріне тоқталып: "Олар барлық талпыныстары мен күрестеріне қарамастан ешқашан Аллаға жалбарынуды ұмытқан емес. Олар үнемі Алладан кешірім сұрап, Одан ақиқаттың жеңісі мен кәпірлердің жойылуын тілейтін. Алла тағала да олардың дұғасын орындап, кәпірлерді жеңді және соғыс олжасы мен ақыреттің сауабына кенелтті",-дейді. Осы аяттардан үйренетеніміз:

Біріншіден, тарихтағы ержүрек тұлғалардың өмірі мен олардың ақиқат жолындағы күресінен үлгі алайық, осалдық танытпайық.

Екіншіден, Аллаға сеніп, иман келтіру соғыста табандылық пен шыдамдылық береді.

Үшіншіден, пайғамбарлар тарихы олардың рахат тұрмысына емес, Алланың жолындағы күрестерге толы.

Төртіншіден, жеңсек те, жеңілсек те міндеттерімізді толық орындап, төзімділік таныту маңызды.

Бесіншіден, күнә мен ысырапшылдық - соғыста жеңіліске ұшырататын факторлар. Ендеше нағыз күрескерлер кешірім сұрап, осындай кедергілерді жоюлары тиіс.