Әли-Ғимран сүресі, 86-ші бөлім, 132-136 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 86-ші бөлім, 132-136 аяттар
وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَالرَّسُولَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ ﴿۱۳۲﴾ وَسَارِعُواْ إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ ﴿۱۳۳﴾
"Рақметке қол жеткізулерің үшін Аллаға, пайғамбарға бойсұныңдар. (3:132) Раббыларың, жарылқауына және тақуаларға арналған, кеңдігі аспан мен жердей келетін жұмаққа асығыңдар! (3:133)"
Ухуд соғысы мен өсім алу мәселесі қозғалған аяттардан кейін осы аяттар мұсылмандарға екі өсиет айтады. Біріншісі, илаһи жарылқау мен жәрдемге себепші болатын Алла мен пайғамбардың нұсқауларына толық бойсұну. Мұсылмандардың Ухудта жеңіліс табуының себебі - пайғамбардың (с) бұйрығынан жалтару болды. Екінші өсиет, игі іс істеу мен басқаларға көмекке асығу. Ол күнәлардың кешірілуі мен илаһи жұмаққа кіруге себеп болады. Ухуд соғысында мұсылмандар дұшпанның олжасын жинауға асығып, жеңіліске ұшырады. Базарда өсім алуға әсер ететін фактор – байлық жинауға асығу болып табылады. Алайда Құран мүміндерді Алланың рақымшылығы мен кешіріміне бөленуге асықтырады. Өйткені ол ақыретте аспан мен жерді қамтитын жұмаққа кіргізеді. Оған кіру үшін тақуа болу керек. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, әлсіздерге жаны ашып, оларға қарыз бергенде өсім алмайтын адам илаһи рақымшылыққа бөленеді.
Екіншіден, мүмін бір жерде тұрмауы тиіс. Ол үнемі жақсылықта дамып, өркендеуге және басқалардан озуға тырысуы тиіс.
"Әли-Ғимран" сүресінің 134-ші аяты:
الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاء وَالضَّرَّاء وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ﴿۱۳۴﴾
"Тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да (мал-мүлкін) Алланың жолына жұмсап тұратындар, (кек алуға құдіреті жете тұрып) ашу-ызасын баса алатындар, (қастандық еткен, қаралған) адамдарды кешіре білетіндер. Алла жақсы іс істегендерді ұнатады. (3:134)"
Өткен аяттар мүміндерді Алланың жарылқауына шақырса, осы аят кешірілу жолдарына тоқталады. Адамдардың қателігін кешіріп, оған кек сақтамау тақуалықтың ең маңызды ерекшелігі болғанымен, Алла тағала ең алдымен ақша мен байлығын қоғамдағы кедей-кепшіктердің мәселелерін шешуге жұмсаған кісіні кешіретінін айтады. Халық көбінесе қайырымдылықты тек байлар ғана жасай алады деп ойлайды. Алайда байлық жинау адам бойында жомарттық пен қайырымдылық сезімін емес, сараңдық пен тойымсыздықты арттырады. Сол себепті кедей кезінде шамасы келгенше қайырымдылық жасаған адамның байығанда да қайырымдылық жасайтыны сөзсіз. Сондықтан бұл аят: "Мүміндер кедейлікте де, байлықта да жомарт әрі қайырымды болып келеді",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, қайырымдылық жасау үшін байлық емес, жомарттық қажет. Өйткені сараң байлар да, жомарт кедейлер де баршылық.
Екіншіден, тақуа адам оқшауланбайды. Ол қоғамда белсенділік танытып, халықпен өзінің мал-мүлкі және көркем мінезімен байланыс жасайды.
Үшіншіден, Алланың сүйікті пендесі боламын деген адамның көңілі де ақ әрі жомарт болуы тиіс.
"Әли-Ғимран" сүресінің 135-ші аяты:
وَالَّذِينَ إِذَا فَعَلُواْ فَاحِشَةً أَوْ ظَلَمُواْ أَنْفُسَهُمْ ذَكَرُواْ اللّهَ فَاسْتَغْفَرُواْ لِذُنُوبِهِمْ وَمَن يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلاَّ اللّهُ وَلَمْ يُصِرُّواْ عَلَى مَا فَعَلُواْ وَهُمْ يَعْلَمُونَ ﴿۱۳۵﴾
"Тақуалар бір жамандық істесе (күнәлі болса) және өздеріне-өздері кесір жасаса, дереу Алланы жадына алып, күнәларына бола кешірім сұрайды. Күнәні Алладан басқа кім кешіре алады? Олар біле тұра, күнәлі істе қасарыспайды. (3:135)"
Кейіреулер мүмінді өмірі күнә мен қателік жасамаған кісі деп ойлайды. Бірақ осы аят: "Тақуа адам да күнәға шалдығып, осылайша өзіне зұлымдық жасауы мүмкін",-дейді. Алайда оның басқалардан екі айырмашылығы бар. Біріншіден, ол күнә жасағанды қаламайды және өзінің қателігін түсінген кезде, одан бас тартады. Екіншіден, ол лезде тәубе етіп, Алладан кешірім сұрайды. Өйткені ол Алла тағаланың кешіруші және тәубені қабыл алушы екендігін біледі. Сондықтан өзінің табиғаты немесе шайтанның азғыруы салдарынан қателік жасап, оны түсінген кезде өкініп, Алладан кешірім сұрайтын кісінің, күнәні алдын-ала жоспарлап, оны саналы түрде орындайтын адамнан әрине айырмашылығы бар. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тақуа дегеніміз күнәдан толық ада болу емес, қайта жасалған күнәға қатысты тәубе етіп, оны қайталамау болып табылады.
Екіншіден, күнәдан гөрі оның жаман екендігінен ғапыл болу қауіпті. Егер адам күнәнің жамандығын сезбесе, тәубе етуді ойламайды.
Үшіншіден, күнә - адамның бойындағы Алланың берген рухына жасалатын ең үлкен зұлымдық.
Ал енді "Әли-Ғимран" сүресінің 136-шы аятына құлақ салайық:
أُوْلَئِكَ جَزَآؤُهُم مَّغْفِرَةٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَجَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَنِعْمَ أَجْرُ الْعَامِلِينَ ﴿۱۳۶﴾
"Міне осындай істердің сыйлығы – Раббыларынан кешірім және іргесінен бұлақ аққан жұмақ. Олар жұмақта мәңгі тұрады. Жақсылық істеушілердің алатын сыйлығы неткен жақсы десеңізші! (3:136)"
Осы сүренің 133-ші аяты мүміндерді илаһи кешірім мен жұмаққа бөленуге асықтырса, 134-135 аяттар оған жетудің жолы – басқаларға қайырымдылық пен игі істер жасау, оларға қатысты кешірімді болу және тәубе ету деді. Бұл аят та осы мәселелерді қуаттап: "Алланың рақымы мен кешіріміне тақуалар ғана бөленеді. Олардың күнәлары кешіріліп, жамандықтан тазарған соң жұмаққа кіруге жағдай пайда болады. Олар илаһи нығметке ие болады. Жұмақта уақыт пен мекен жоқ. Ол шексіз және мәңгі",-дейді. Осы аяттардың "муттақин" – тақуалар, "мухсенин" – қайырымдылар және "амелин" – амал етушілер деген сөздермен аяқталатынын айта кеткен жөн. Осының барлығы тақуалықтың қоғамда оқшаулануға апаратын ішкі сезім ғана емес, қайта тақуа болу үшін игі амалдардың да қажет екендігін көрсетеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, үміт артумен ғана Алланың ілтипатына бөлене алмаймыз. Ол үшін игі амалдар жасау керек.
Екіншіден, адам күнәдан тазармайынша, жұмақтағы пәк әрі шыншыл тұлғалардың қатарына қосыла алмайды.