Жел 31, 2016 19:34 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 84-ші бөлім, 121-125 аяттар

 

 

وَإِذْ غَدَوْتَ مِنْ أَهْلِكَ تُبَوِّئُ الْمُؤْمِنِينَ مَقَاعِدَ لِلْقِتَالِ وَاللّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ﴿۱۲۱﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Сен үйіңнен ерте шығып, мүміндерді соғыс шебіне (Ухудқа) орналастырған едің. Алла (сөздеріңді естіп, жәй-күйіңді) біліп тұрды. (3:121)"

Бұл аят Ухуд соғысы және ондағы қиындықтар мен сәтсіздіктерді баяндайтын аяттардың басы. Хижри жыл санауы бойынша екінші жылы Меккенің қасында болған Бәдір соғысында мүшріктердің басым бөлігі мерт болып, тұтқынға түскен соң, Мекке ақсақалдарының бірі Әбу-Суфян: "Мұсылмандардан кегімді алғанша дейін күресті жалғастырамын",-дейді. Осылайша келесі жылы құрайыш кәпірлері жаяу және атты әскерден тұратын жақсы қаруланған үлкен қолмен Мәдинаға қарай аттанады. Дұшпанның әрекет еткені туралы хабар пайғамбарға (с) жеткенде, ол мұсылмандардың басын қосып, дұшпанға қарсы тұру тәсілдері жайлы ақыл-кеңес сұрайды. Мәдина қарттары мен ақсақалдары қалада қалып, үйлерде бекінуді жөн көреді. Бірақ белсенді жастар пайғамбардан (с) Мәдинадан шығып, дұшпанға батылдықпен төтеп беруді сұрайды. Пайғамбар (с) ұсыныстарды дауысқа салғанда, көпшілік жастардың ұсынысын қолдайды. Пайғамбардың (с) өзінің пікірі қалада қалу болғанымен, жастардың пәк сезімін құрметтеп, райынан қайтады. Осылайша пайғамбар (с) жұма намазының құтпасында халыққа оқиғаның мән-жайын айтып, намаздан соң "мұхажір" мен "ансарлардан" тұратын мың адам Ухуд тауының етегіндегі соғыс алаңына бет алады. Әрине жол бойы Мәдинадан шығуға келіспегендердің бір бөлігі кері қайтып, мұсылмандардың саны азайып жеті жүз адам қалады. Дұшпан да Мәдинаға жақындап, екі әскер Ухуд тауының етегінде біріне-бірі қарсы сапқа тұрады. Осылайша соғыс мұсылмандардың "Аллаһу Акбар!" ұраны мен кәпірлердің дауылпаз, кернейінің дабылымен басталады. Бастапқыда мұсылмандардың жылдам шабуылынан құрайыш әскері жеңіліп, кәпірлер қаша жөнелді. Кейбір мұсылмандар кәпірлерді толық жеңдік деген оймен, бекінген жерлерді тастап, соғыс олжаларын жинауға кіріседі. Кенеттен дұшпан мүмкіндікті пайдаланып, Ислам әскеріне арт жақтан соққы береді. Нәтижесінде мұсылмандардың бей-берекетсіздігі салдарынан олардың бір бөлігі қазаға ұшырап, біразы жараланып, тағы біреулері бас сауғалап қашады. Оның үстіне пайғамбардың (с) өлімі жөнінде қауесет тарап, олардың үрейін күшейтеді. Мұсылмандардың жеңісімен басталған Ухуд соғысы жеңіліспен аяқталып, мұсылмандарға ғибрат болады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбар илаһи нұсқауларды жеткізуші ғана емес. Ол осы нұсқауларды жүзеге асырып, дінге қарсы дұшпандармен күресуге де міндетті. Мұсылмандар өздерінің жеке міндеттерін орындаумен қоса, Ислам діні мен мұсылман қоғамын қорғауға міндетті.

Екіншіден, отбасын басқару және бала-шағаға қарасу маңызды болғанымен, дінді қорғау отбасын қорғаудан да маңыздырақ.

"Әли-Ғимран" сүресінің 122-123 аяттары:

 

إِذْ هَمَّت طَّآئِفَتَانِ مِنكُمْ أَن تَفْشَلاَ وَاللّهُ وَلِيُّهُمَا وَعَلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ ﴿۱۲۲﴾وَلَقَدْ نَصَرَكُمُ اللّهُ بِبَدْرٍ وَأَنتُمْ أَذِلَّةٌ فَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ ﴿۱۲۳﴾

 

"Өз кезінде сендерден екі топ (Сәлама тобы мен Хариса тобы, әлсіздік істеуге қорқып соғыс майданынан) шегінуге бет алды. Алла олардың медеткері еді. Мүміндер (барлық жағдайда және барлық істе) Аллаға сүйенсін. (3:122) Алла сендерге Бәдірде (Бәдір соғысында) расында көмек берді, ал сендер әлсіз едіңдер (сандарың да, құралдарың да аз еді). Аллаға шүкір етер болсаңдар, Алладан қорқыңдар. (3:123)"

Мәдинадан пайғамбармен (с) бірге шыққан "әус" пен "хазрадж" тайпаларының адамдары, дұшпанның көп әскерін көргенде, қорқып кетеді. Олар пайғамбар (с) өткізген ақылдасу отырысында пікірлері еленбеді деген сылтаумен, соғыстан кері қайтпақшы болады. Бірақ Алланың мейірімімен және пайғамбардың (с) сөздерінен соң, олар шешімін өзгертіп, шайтанның арбауына түспейді. Осы аят оларға және басқа да мұсылмандарға: "Сендер Бәдір соғысында илаһи жәрдемді көрдіңдер. Сендердің күштерің мен мүмкіндіктерің аз болса да, Алла тағала сендерге дұшпанды жеңдірді. Ендеше осы соғыста неге осалдық танытып, дінді қорғауда табандылық көрсетпейсіңдер? Жаудан емес, Алланың бұйрығынан жалтарудан қорқыңдар! Алладан басқаға сүйенбей, бір Аллаға ғана тәуекел етіңдер! Осындайда ғана Алланың нағыз ризалығы мен нығметіне бөленесіңдер",-дейді. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла тағала мүміндерді далаға тастамайды, қайта қамқорлығына алып, оларды дұшпаннан қорғайды.

Екіншіден, соғыстан қорқу – соғыста осалдық білдіріп, қашуға себеп болады. Оның жалғыз дауасы – Аллаға иман мен тәуекел болып табылады.

Үшіншіден, Алла тағала біздің істерімізден ғана емес, мақсат-ниеттерімізден де толық хабардар. Осы аяттарда Алла өзінің пайғамбарына кейбір мұсылмандардың соғыстан қайта оралуды ойлағанын айтты.

Төртіншіден, тақуалық - илаһи жәрдемге шүкірлік білдірудің жолы. Тақуалықты сақтамаса, ол тәкәппарлыққа ұласып, соғыста жеңіліске себеп болады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 124-125 аяттары:

 

إِذْ تَقُولُ لِلْمُؤْمِنِينَ أَلَن يَكْفِيكُمْ أَن يُمِدَّكُمْ رَبُّكُم بِثَلاَثَةِ آلاَفٍ مِّنَ الْمَلآئِكَةِ مُنزَلِينَ ﴿۱۲۴﴾ بَلَى إِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ وَيَأْتُوكُم مِّن فَوْرِهِمْ هَذَا يُمْدِدْكُمْ رَبُّكُم بِخَمْسَةِ آلافٍ مِّنَ الْمَلآئِكَةِ مُسَوِّمِينَ ﴿۱۲۵﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) сол кезде сен мүміндерге: "Раббыларың сендерге үш мың періште түсіріп, медет берсе жетпей ме?",-деген едің. (3:124) Әрине, жетеді. Егер (соғыста) шыдамды болып, (Алладан) именсеңдер, жау дереу сендерге шабуылға өткенде, Раббыларың сендерге бес мың нысаналы періштемен көмек береді. (3:125)"

Алланың жәрдем беру туралы уәдесін баяндайтын бұл аяттар, кәпірлерге қарсы соғыс майданына Алланың арнайы періштелерінің қатысқанын айтады. Шын мәнінде біз, ет пен сүйектен жаралған адам баласы рухани тұрғыдағы періштелерді сезе алмаймыз. Бірақ біздің Құранға деген сеніміміз, олардың бар екендігін қабылдап, сенуге мүмкіндік береді. Ухуд соғысына Ислам әскерінің рухын нығайту үшін періштелердің қатысуы, мұсылмандардың әскерін үлкейтіп көрсетіп, дұшпан әскеріне үрей салады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, мүмін Аллаға тәуекел етуі тиіс. Өйткені барлық әлем, соның ішінде Алланың әскері болып табылатын періштелер оны қолдайды. Сондықтан дұшпан мұсылмандарға емес, Аллаға қарсы шығатынын біліп, Исламмен қарсыласудан қорқуы тиіс.

Екіншіден, илаһи көзқарас бойынша адамның өмірі періштелермен байланыста.

Үшіншіден, күрескерлер шыдамдылық пен табандылық көрсеткен жағдайда Алла тарапынан илаһи жәрдем келіп жетеді.

Төртіншіден, соғыс майданында да тақуалықты сақтау керек. Мұсылман күрескер барлық жағдайларда тақуа болуы тиіс.

Бесіншіден, илаһи періштелер – жаратылыстың істеріне қатысушылар. Олардың әр тобының белгілі бір міндеттері бар. Солардың бір тобы мұсылман күрескерлеріне жәрдем көрсету қызметін атқарады.